Қазақстандықтардың зейнетақы жинағындағы қаражатын Ұлттық банк БЖЗҚ-дан "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ облигацияларына салған болатын. Салынған инвестиция көлемі — 173 миллиард теңге.  Банк зейнетақы қорының қаржысы ірі жобаларды инвестициялауға жұмсалатынын айтқан. Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін журналистер осы жобаның халық үшін қаншалықты тиімді екенін сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың айтуынша, әлемде көптеген елдерде зейнетақы қоры ақшасына бағалы қағаз сатып алу үрдісі бұрыннан бар.

“Бүкіл әлем зейнетақы жинақтарын бағалы қағаздарға немесе басқа жобаларға салады. Біз әрбір тиынның тиісті кірістілік деңгейін қамтамасыз етуіміз керек.

Жыл сайын жинақтар белгілі бір сомаға артады. Ұлттық банк кірісті көрсетеді. Егер ол инфляциядан төмен болмаса, онда бұл азаматтардың пайдасына шешіледі. Егер инфляциядан төмен болса, онда мемлекет тиісті деңгейді қамтамасыз етеді”,- деді ол.

Журналистен “бұған дейін ұлттық банктің берген кірістілік төлемінен халық ұтылған жоқ па?” деп сұрады.

“2014 жылдан бері ұлттық банк зейнетақы қорындағы ақшаны инвестициялап келеді. Сол уақыттан бері бізге 10%-дан жоғары табыс беріп отырады. Мәселен, алдыңғы жылы 7-8% инфляция болғанда, біз 11-12% табыс алып келдік. Өткен жылы 14-15% табыс алдық. Халық ұтады”,- деді ол.

Ал су жаңа ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров БЖЗҚ ақшасынан қандай салалар инвестицияланатынын айтты.

“Үкімет бағыттарды анықтады. Инфрақұрылым, өңдеу өнеркәсібі. Айтпақшы, біз энергетиканы жобалар тізіміне әлі енгізген жоқпыз. "Бәйтерек" қоры әрбір жобаны зерттеп жатыр, мақұлдағаннан кейін ғана БЖЗҚ қаражатын алу үшін Ұлттық Банкке жүгіне аламыз", — деді ол.

Сондай-ақ ел азаматтарының зейнетақы қорындағы ақшасына вагондар сатып алынып жатыр екен.

“Вагондарды, жүк және жолаушылар вагондарын жаңартуға қаржы бөлінді. Қаражат игеріліп жатыр. Вагондарды жеткізу жалғасып жатыр”,- деді ол.

Айта кетейік, қордағы ақша 15 жыл айналымда жұмыс істейді.

Бұған дейін МӘМС жүйесін не күтіп тұрғанын жазған едік. 


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.