Тараз мыңжылдық өркениеттер тарихының тоғысында



Дата21.04.2019
өлшемі94 Kb.

Тараз мыңжылдық өркениеттер тарихының тоғысында



Тараз на стыке тысячелетней истории цивилизации






ӘОЖ 940.5(534)

ТАРАЗ ҚАЛАСЫ ТАРИХЫНЫҢ ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН

КЕЗІНДЕГІ ЗЕРТТЕЛУІ
Төлегенова Г.Т.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз


Қазақ тарихын жазуда тарихы тереңде жатқан Орталық Азияның кіндік қалаларының саусақпен санаулыларының бірі—Көне Тараз тарихының алатын орны ерекше. Оның сонау замандардан бергі тарихы жайлы материалдық және жазба ескерткіштер, ғылыми-зерттеу туындылары жетерлік. Мысалы, Тараз тарихы туралы Ресейдің В.В.Бартольд, А.И.Веселовский, О.Г.Большаков, И.Бичурин, Кеңестің А.Н.Бернштам, С.Г.Агаджанов, С.Л.Волин, В.В.Григорьев, С.Каллаур, Ю.А.Зуев, С.Г.Кляшторный, О.Караев, Д.Р.Кочнев, А.Бацевич, О.Прицак, С.П.Толстов, Қазақстанның Ә.Марғұлан, Х. Алпыспаев, К.М.Байпаков, А.Б.Ерзакович, Т.Қожекеев, М.Елеуов Т.Сенигова, А.Қадырбаев және т.б. ғалымдар өз еңбектерінде жан-жақты қарастырды.

Бұл мәселе сонымен бірге, жергілікті тарихшы-археолог және өлкетанушы ғалым-зерттеушілердің қаламдарына арқау болды. Тараз тарихының қыр-сырларын жан-жақты ашуға ат салысып жүрген жергілікті ғалымдарымыздың қатарында К.Байбосынов, М.Мырзахметұлы, Т.Молдақынов, Б.Әбілдаев, К.Рыспаев және т.б. бар.

Енді осы проблеманың Тәуелсіз Қазақстан жағдайында зерттелуі жайында біраз сөз қозғайық.. Қазақстан мемлекеті тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін 1997 жылы 7 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен қаламыздың ежелгі аты қайтарылып, Тараз атанды. Тараз қаласының салынғанына 2000 жыл толуы әлемдік деңгейде 2002 жылдың 25-26қыркүйегінде тарихтағы мәні зор оқиға ретінде кең көлемде атап өтілді. Бұл торқалы той қатардағы тойлардың бірі емес. Өйткені, Тараз қаласы Еуропа мен Шығыс елдерінің мәдениетін жалғастырып жатқан, қазақ елін әлемге танытқан «Алтын көпір» іспеттіСауран, Сығанақ, Баласағұн т.б. сияқты көне көз қалалардың бірі. Олардың осы күнге дейін жеткен әрбір кірпішінде бабаларымыздың бостандық аңсаған мұңы мен шері жатқан тәрізді. Олай болса, тәуелсіздікке ие болған мемлекетіміздің бұл ұлы тойға үлкен саяси астар беруі де осыған байланысты болар. Яғни, мұның өзі бостандық бұғауынан босанған Егемен еліміздің мәдениеті мен өркениеті жөнінен әлемдегі байырғы елдермен терезесі тең екендігін, Қазақстан сияқты жас мемлекетіміздің тарихи тамыры тереңде жатқанын ресми түрде танығандығының белгісі, тәуелсіздігіміздің жемісі деуге болады.

Тараз қаласының 2000 жылдығына орай көптеген тарихшы-ғалымдар ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, көп жылдар бойы белгісіз болып келген тарихтың жаңа беттерін ашып, қала тарихының дамуына елеулі үлес қосты.

Қайталанбас ғұмырды басынан кешірген көне Тараз бірде гүл жайнаса, бірде жермен жексен болып, тағдыр тәлкегіне түскенімен, бәрібір өз тарихи ізін әлем тарихының беттерінде қалдырды. Араб, Парсы, Қытай, Грек және Еуропалық тілдердегі азды-көпті дерек-мағлұматтар осының айғағы. Ол деректерді іздеп табу, біртіндеп жүйеге түсіру енді ғана қолға алынып, толыса бастады.

Осы тәрізді алғашқы көрінісі ретінде бірқатар зерттеуші ғалымдардың еңбектері жеке кітап болып басылып шықты. Атап айтсақ, Қ.Рыспаевтың «Древний Тараз», А.Әбдуалиев, И.Жеменей, М.Мырзахметұлы «Көне Тараз», Б.Әбілдаұлы «Талас. Айша бибі. Қарахан» және «Талас-Тараз» (тарихи роман), Т.Қожекеевтың «Керімсал кент», сондай-ақ, Таразға—2000 жыл (фотошежіре), К.Байбосыновтың «Жамбыл өңіріндегі тас мүсіндер» атты фотоальбомы. Ал, бертін келе «Тараз. Жамбыл облысы» энциклопедиясы, Д.Қыдырәлі, М.Кәтімханның «Тараз тарихы» атты жаңа кітаптары басылып шықты.

Сонымен қатар, 2000 жылдық мерейтойға байланысты М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде екі бірдей, яғни, 2002 жылдың 4-5 сәуір күндері өткен «Көне және қазіргі Тараз: тарихы және әлеуметтік-экономикалық дамуының болашағы», деген тақырып бойынша Республикалық Ғылыми-практикалық конференция және 26-27 қыркүйек күндері өткен «Тараз: Мыңжылдықтар және өркениет сұхбаты» деген тақырып бойынша халықаралық ғылыми-теориялық конференциялар өткізілді. Екінші конференцияда ЮНЕСКО бас хатшысының мәдениет жөніндегі орынбасары М.Бушинакидің құттықтауы оқылып, Білім және Ғылым министрі Ш.К.Беркімбаева, М.А.Құл-Мұхаммед, С.Ж.Дәукеева, Ә.Б.Дербісәлі, В.С.Верма (үнді елшісі), Н.Саффари, Ф.Альберт, сондай-ақ Қытай, Бельгия, Италия, АҚШ, Ресей және тағы басқа елдердің ғалымдары қатысып Тараз тарихына қатысты көптеген деректерді жариялады. Әрине, бұл халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда Қазақстандық ғалымдар жасаған баяндамалардың шоқтығы биік болды.

Осы жоғары да аталған жеке авторлардың еңбектеріне тоқтала кетсек: М.Мырзахметұлы, И.Жеменей, А.Әбдуалиев сынды жерлес ғалымдарымыздың «Көне Тараз» деп аталатын еңбектері осы саладағы тұңғыш ізденістердің бірі деп атап өтуге болады. Бұл кітап көне Тараз туралы өз ой-пікірлерін білдірген Иран ғалымдары мен жиһанкездерінің, парсы тіліндегі көне қолжазба деректеріне негізделіп жазылған. Мұнда бұрындары ғылыми айналымдарға түспеген парсы тілінде жазылған дерек көздері талдауға алынған. Сонымен қатар көне Тараз қаласының тұрғындары, олардың қала тұрғындарына тән—сәнмен киіну мен мінез-құлықтағы ерекшеліктері және қала арулары, сауда, сөйлеу тілі, мәдениеті жайлы тың дерек көздерін пайдаланған. Авторлар бұл ғылыми тың еңбектерін көне Тараз қаласының 2000 жылдық мерей тойына арнаған.

Бұл еңбекте парсы тілінде жазылған Тараз қаласының тарихына қатысты нақты дерек көздерін бірнеше топтарға жіктеп қарастырады.

Бірінші топ, негізінен, тарихи жылнамалық сипаттағы қара сөздер жазылған туындылар. Олардағы атап айтсақ, Әлем шекарасы, Сұлтан Мұхаммед Мотреби Самархандидтің «Таркәрә-толшо арасы», Хожа Әбу-л-фаз Мұхаммед ибн Хосейін Бейһәш Дәбирдің «тарихи–бәйһәш» кітабы; Рашид-ад дин Фызолла Хамаданидің «Жәмиат таварихы»; Шараор-ад-дин әли Иаздидің «Зафарнамасы»; Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди»; Әбубәкір Мұхаммед ибн-Жафәр әл-Нәрмаһидің «Бұхара тарихы».

Екінші топтағылар, негізінен, сөздіктер. Мысалы, түсіндірме сөздік ретінде берілетін «Фәһәнг-е-шяс-ол-лұғат» және тағы басқа.

Үшінші топтағыларға, негізінен, дастан түрінде немесе өлеңмен жазылған поэзиялық туындыларды жатқызған. Мысалы, Фирдаусидің «Шаһнамасы» және тағы басқалардың өлеңмен жазылған жинақтарында Тараз қаласының әр қырынан алынып, мадақтала жырланған.

Ал, төртінші топтағыларға, негізінен, парсы тілінде жазылған ғылыми зерттеу жұмыстарын жатқызған. Мысалы, доктор Мұхаммед Абади Бсавидің «Исламдық қалаларға тиісті мекендер жөніндегі «еңбегі мен Аббас Ахбал Аштияни—«Моғол тарихы». Ең соңғы, бесінші топқа басқа тілдерден парсы тілінде аударма еңбектерін жатқызған [1].

Б.Әбілдаұлы өзінің «Талас. Айша бибі. Қарахан» атты еңбегін Тараздың 2000 жылдығына арнап жазған. Бұл кітапта екі мың жылдығы бар Тараз қаласының айтулы белестері мен оқиғалары нақты тарихи дерек негізінде баяндалады. Негізінен, автор тарихи тақырыптарға қалам тартқан зерттеуші-журналист. Автор Қазақстан тәуелсіздік алмай тұрғанда-ақ Айша бибі, Қарахан, Ақыртас туралы зерттеулері негізінде аңыздар мен тарихи мағлұматтарды да қалың оқырманға жеткізген болатын. Автор кешегі Кеңес Одағы мен Қытай арасындағы жағдай шиеленісіп тұрғанда Тараздың тарихын республика Ғылым Академиясы Византия деректеріне сәйкес 568 жылдан бастау керек деген сараптамасына қарсы шығып, Қытай жылнамалары негізінде Қазақстандағы ең ежелгі қаланың іргетасы бұдан 2000 жыл бұрын қаланғандығын дәлелдеген. Осы деректердің Қазақстанның Президенті Н:Ә.Назарбаев тарапынан қалай қолдау тапқандығы кітапта жақсы көрсетіледі. Мұнда Тараздың сан ғасырлық тарихын, Айша бибі мен Қарахандар тегін, заманның өмірін сатылай, сабақтастыра көрсетеді [2]. Бұл кітапта келтірілген нақты тарихи дерек көздері жұмыс барысында пайдаланылды.

2005 жылы «Бауыржан мұрасы ХХІ ғасыр кезінде» аталатын ғылыми орталықтың жетекші, аға қызметкері Мұхамеджан Кәтімхан мен тарихшы Дархан Қыдырәлінің «Тараз тарихы» деп аталатын кітабы жарыққа шықты. Бұл кітап шежірелі Тараз қаласының тарихын Жамбыл облысы мемлекеттік мұрағат деректері бойынша қарастырып, негізінен бұрын ғылыми айналымға түспеген дерек көздерін пайдаланып жазған. Бұл еңбек облыстық архив сөресінде сүрленіп жатқан тарихи құнды дерек—мағлұматтар көзін жаңғырта танытуымен дараланады.

Авторлар Тараз қаласының басынан өткерген сырға толы көне тарихын қазбалай отырып, бұл жүйеге түсірген. Мұнда Көне Тараз тарихына, Тараздан шыққан ұлы тұлғаларға, Тараз қаласында орын алған діндер тарихына аса көңіл бөлінген.

Ал, Қараханидтер тұсындағы Тараз бен Хорезшах, Шыңғысхан қоластында қалған қала тарихын қысқаша баяндап өткен. Сондай-ақ, бұл еңбекте қанша рет қирап, қайта жаңарған Тараз қаласына Қалмақтар мен Қоқан хандығының иелену заманы, Патшалық Ресейдің Әулие-Атаны жаулап алуымен отарлау жылдары туралы тың дерек көздерін пайдаланған [3, 107-137-бб].

Тараздың 2000 жылдығынан кейін жарық көрген «Тараз. Жамбыл облысы: энциклопедиясы». Бұл кітап та Тараз өңірінің бай тарихын, оның жасампаз адамдарының бүгінгі тыныс-тіршілігін көрсетуге арналған. Шежіре іспетті бұл кітапта аймақтың табиғаты, әкімшілік-аумақтық құрылымы, экономикасы мен өнеркәсібі, ауылшаруашылығы мен өндіріс ошақтары, қазба байлықтары мен кен орындары, географиялық атаулары, өркен жайған ғылымы мен білімі, әдебиеті мен мәдениеті, туризмі мен спортына қатысты атаулар, облыстың танымал адамдары, мемлекет және қоғам қайраткерлері туралы мәліметтер берілген.

Басылымда 20 ғасырлық тарихы бар талайға Тараздың ежелгі замандардан қазіргі кезеңге дейінгі бай тарихы баяндалып, қала мен облыс аумағындағы әйгілі мәдени ескерткіштер әліпбилік жүйе бойынша сипатталған. Жамбыл облысының қазіргі шаруашылық-экономикалық әлеуеті туралы мағлұмат берілген. Жамбыл облысының бұл энциклопедиясында қазіргі Тараз қаласын былай сипаттаған: «Тараз Қазақстанның оңтүстігіндегі ежелден келе жатқан қала. Жамбыл облысының әкімшілік орталығы. Тұрғыны 330000 адам. Талас өзенінің сол жағалауында орналасқан Тараз қаласымаңызды экономикалық, мәдени орталықтарының бірі. Қалада 40-тан астам ірі кәсіпорындар жұмыс істейді. Таразда 4 жоғарғы оқу орны, 4 колледж, жалпы білім беретін мектептер (51), 24 бала бақша, 11 аурухана, емханалар, санаторийлер (7), кітапханалар (20-дан астам), мәдениет үйлер мен театрлар (2), саябақтар бар. Талас өзенінің батыс жағалауындағы Талас-Аса жазығында аса үлкен аумақты алып жатыр. Қаланың батыс және оңтүстік-батыс жағында 10-20км жерде Талас Алатауы орналасқан. Сол түстігі мен Шығысында Мойынқұм құмы жатыр. Жалпы Тараз теңізден 490-700м биіктікте тұр. Қаланың қысы жылы, жазы—ыстық және құрғақ» [4].

Сондай-ақ, жоғарыда атап өткен конференция материалдарының ішінен құнды да дәйекті деректермен ерекшеленетін мақалаларды атап өтуге болады. Оларға ежелгі қала орны мен елді мекендерге археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген тарихшы-археолгтар мен зерттеушілердің мақалаларын жатқызуға болады. Мысалы, т.ғ.д., профессор М.Елеуовтың «Ортағасырлық Тараздың және оның қала аймақының қорғаныс жүйесі» деген мақаласында Тараз қаласының тарихи-топографиялық құрылымына, қорғаныс жүйесіне (цитадель, шахристан, рабад) тоқталады, яғни, ортағасырлық Тараз қаласы мен оның қала аймағының қорғаныс жүйесі жан-жақты ойластырылған және өз заманының соғыс өнері талаптарына сай етіп ұйымдастырылғандығын баяндайды [5].

Ғ.К.Батырханов, Е.Бимурзаевтың «Ортағасырлық Тараздың экономикалық және саяси мәдениеті», - атты мақаласында археологиялық қазба жұмыстарына сүйене отырып, ортағасырлық Тараз қаласының экономикалық жағынан жоғары, саяси мәдениетінің жақсы дамығандығын айтады. Сондай-ақ, археологиялық деректер Қазақстан мен Орта Азия жеріндегі басқа қалалармен Тараз қаласының экономикалық және саяси, мәдени байланысының тығыз болғандығын көрсетеді [5].

М.Қасеновтың «Ортағасырлық Қостөбе қаласы» атты мақаласында Тараз қаласының оңтүстігінде 15 шақырым жерде Сарыкемер ауылының шығысында орналасқан Қостөбе қаласында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, толық зерттеу жасалған. Қазба жұмыстары кезінде табылған бұйымдар арқылы оның VI-Xғғ. өмір сүргендігін дәлелдеген. Сондай-ақ, мұнда Қостөбе қаласының қорғаныс жүйесіне және т.б.-ларына толықтай сипаттама беріледі [7, 82-б].

Ө.Қалиевтың «Шу мен Талас өңірлері ортағасырлық қалаларының қорғаныс жүйесінің зерттелу тарихы», - атты мақаласында аталған өңірге В.В. Бартольдтың 1893-1894 жылдары келуінен бастап, 1980-1997 жылдарға дейінгі жүргізілген зерттеу жұмыстарын баяндайды. Соңғы зерттеу барысында Шу-Талас өңірлерінде орналасқан 403 ортағасырлық елді-мекендер мен қалаларды тарихи-топографиялық құрылымына қарай ұзын қорғанды қалалар, төрткүлдер және төбелер болып жіктеп, әр топтағы ескерткіштеріне тоқталған.

М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік Университетінің Ғылыми кітапханасы да 2000 жылдық тарихы бар, киелі Көне Таразға өз үлестерін қосты. Атап айтса: «Тараз ғасырлар куәсі», «Тараз-2000», «Тараз—тамыры тереңде», «Тараз—білім мен өркениеттің алтын бесігі», «Тараз—тарихымыздың темірқазығы», «Әулие өлкеге тағзым», «Қайырымды істеріміз—Тараздың 2000 жылдығына», «Тараздың бүгіні мен ертеңі», «Тараз және руханият», «Тараз туралы археологиялық-географиялық зерттеулер», «Ежелгі және ортағасырдағы Тараз», «Ұлы Жібек жолының орталығы—Тараз», «Туған жерім—Таразым», «Ғасырдан сыр тартқан—Тараз» және т.б. көрмелер мен жазбаша, ауызша анықтамалар, шолулар, библиографиялық көрсеткіш тізімдері ұйымдастырылды. Баспадан: «Тараз ғасырлар куәсі» анықтамалық-библиографиялық көрсеткіші. Алматы, 2002. -64 бет. Екі мың жылдық тарихы бар киелі көне Тараз. Алматы, 2002. -16 беттен тұратын күнтізбе шығарылды. Оқытушылар-профессорлар қауымы 22 ғылыми мақалалар, монографиялық оқулықтар жазды.



Қорыта айтқанда, Тараз қаласының 2000 жылдығына арнайы жүргізілген зерттеу жұмыстары негізінде, біріншіден, қазақ халқының жай көшпенділер емес, ерте заманнан отырықшылығы да және мемлекеттік құрылымы да бар ел екендігін танытты. Екіншіден, Ұлы Жібек жолы арқылы Еуропа мен Азия елдерінің көне заманнан-ақ саяси-экономикалық байланыста болғанын дәлелдеді. Үшіншіден, көне мәдениет ошақтары болған Отырар, Сығанақ, Сауран, Баласағұн, Тараз және т.б. қалалардан табылған сәулет өнерінің үлгілері мәдениеттің ошағы болағанын дәлелдейді. Жастарға тәрбие беруде осындай үздік мәдениет үлгілерін уағыздау - Тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматының борышы.
Әдебиет


  1. Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 7-том. Алматы, 2005.

  2. Мырзахметұлы М., Жеменей И., Әбдуалиев А. Көне Тараз. Алматы, 2001. 131-бет.

  3. Байбосынов К. Жамбыл өңіріндегі тас мүсіндер. Фотоальбом. Алматы. Өнер. 1996.

  4. Тараз - Ұлы Жібек жолының темірқазығы. Жамбыл-Тараз. 2001, 13 сәуір.

  5. Ердәулетов С. «Тараз- Әулие-Ата -Жамбыл». Алматы, 1983. 107-137-бб.






Каталог: rus -> all.doc -> Konferencia -> Dulaty2014
Dulaty2014 -> Ғалым а. ҚЫраубаева зерттеулеріндегі алтын орда кезеңі мен түркі тілді әдебиет
Dulaty2014 -> Тараз қаласының МӘдени тарихы көшербаева А. Ж., Иманбекова Г. М
Dulaty2014 -> Қытай деректемелеріндегі қазақ тарихының Өзекті мәселелері шолпанқұлова Қ. А
Dulaty2014 -> Қазақ мемлекеттілігі тарих толқынында
Dulaty2014 -> Әож 82-94: 930. 1: 929 М. Х. Дулатидің «тарих-и рашиди» ЕҢбегіндегі тарихи танымдық деректер
Dulaty2014 -> Әож 821. 512. 122. 091 «тарихи-и рашиди» Қазақ тарихының этникалық дерегі
Dulaty2014 -> М. Х. Дулат шығармасындағы сопылық таным көріністері мырзахметұлы М
Dulaty2014 -> Әож 82-94: 297 МҰхаммед хайдар дулати «тарих-и рашиди» ЕҢбегіндегі ислам дініне деген сенімі
Dulaty2014 -> Әож 342. 22: 323 тараз аймағындағы архитектуралық ескерткіштер тарихы
Dulaty2014 -> Ежелгі тараз тарихының жаңа беттері даурембеков Қ. К


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет