Италияның Бусто-арсицио қаласында өтіп жатқан әлемдік лицензиялық турнирдің ширек финалына шыққан боксшыларымыздың қарсыластары анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Олимпиада комитеті

Лицензиялық турнирде тамаша өнер көрсетіп жатқан Қазақстан құрамасының 7 бірдей боксшысы ширек финалға шығып, олимпиада жолдамасын иеленуге бір қадам жақындады. Олардың осы турнирдегі басты қарсыластары да белгілі болды. Осы орайда, боксшыларымыздың жартылай финалға шығу мүмкіндігі мен қарсыластарының әлеуеті жайлы жазуды жөн көрдік. 51 келі салмақта сынға түсетін Сәкен Бибосынов ұлыбританиялық Киран Макдональдке қарсы жекпе-жек өткізеді. Киран отандасымыз үшін қауіпті қарсылас болуы әбден мүмкін. 26 жастағы боксшы 2021 жылғы әлем чемпионатында Сәкеннің салмағында жұдырықтасып, колумбиялық Юберхен Мартинеске есе жіберген болатын. Сол Юберхенді Сәкен ширек финалда жеңіп, артынша чемпиондыққа дейін жетті. Киран 2022 жылы екі бірдей үлкен турнирде үздіктер қатарынан көрінді. Әуелі “Достық ойындарында” финалға дейін жетсе, артынша Еуропа чемпионатында да дәл жетістікті қайталайды. 2023 жылғы Еуропа ойындарында жартылай финалына дейін жеткен Макдональд француз Биллал Беннамаға есе жіберіп, қола жүлдені қанағат тұтты. 

57 келі салмақтағы Махмұд Сабырханның қарсыласы да өте мықты боксшылардың бірі.  Махмұд қазақстандық жанкүйерлерге етене таныс тәжікстандық Асрор Вохидовпен жұдырықтасады. Асрор 2011 жылы Астанада өткен жастар арасындағы өткен әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмеген еді. Асрордың әуесқой бокстан гөрі кәсіпқойлар арасындағы жетістігі жақсырақ. Ол кәсіпқойлар арасында 13 жекпе-жек өткізіп, соның 12-сінде жеңіске жетсе, тек бір қарсыласына есе жіберген. Сондай-ақ 7 жекпе-жегін уақытынан бұрын аяқтаған. Асрор 2020 жылы RCC тұжырымының ұйымдастырған бокс кешінде отандасымыз Ержан Залиловты жеңген еді. 

Ұлттық құрама капитаны Аслан Шымбергенов ширек финалда әзірбайжандық Сархан Алиевпен жұдырықтасады. Сархан да бұл турнирдегі басты фавориттерінің бірі ретінде келді. Сархан 2021 жылы Белградта өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған. Сархан ширек финалда Аслан ұтылған Юрий Захарьеевке жартылай финалда есе жіберді. Әзірбайжандық боксшы 2023 жылғы Еуропа ойындарының да ширек финалына жеткен болатын. Айтпақшы, Сархан кәсіпқойлар арасында да екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде де жеңіске жеткен. 

2023 жылғы әлем чемпионы Нұрбек Оралбай ирландиялық Келин Кессидимен сайысқа түседі. Келиннің әуесқой бокста ауыз толтырып айтарлықтай жетістігі жоқ. 2021 жылғы әлем чемпионатының ширек финалына дейін жеткен. Нұрбек те сол додада ширек финалда сүрінген еді. Жалпы Келин маңызды додалардың бәрінде ширек финалдан аса алмаған. 2023 жылғы Еуропа ойындарында да ширек финалда Александр Хижнякқа тегеуірін көрсете алмады.

92 келідегі Айбек Оралбай америкалық былғары қолғап шебері Джамар Таллимен жұдырықтасады. Джамар 2021 жылғы әлем чемпионатының ширек финалына дейін жетіп, Энмануэль Рейеске ұтылды. Джамардың әуесқой бокста жетістігі аз болғанмен, лицензиялық турнирде әжептеуір өнер көрсетіп жатыр. Ол морокколық Аюб Мани мен Армения елінің өкілі Нарек Манасяннан басым түсті. 

Айта кетейік, боксшылар олимпиадаға жолдама алуы үшін тек жартылай финалға шықса жеткілікті. Бұған дейін төрт боксшымыз олимпиада лицензиясынан айырылған еді.

  


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.