Жамбыл облысында 1 миллиард 273 миллион теңгенің тендерін алған мердігерге ауылдықтар іздеу жариялады. Шулаған жұрт Базақ ауданындағы бес ауылға су жүйесін тартуға тиіс компания ісін аяқсыз қалдырған дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро 31 арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан кадр

Екі жыл бұрын басталған жұмыс Құсақ және Аққия ауылдарында сол күйі тоқтап тұр. Халық бюджеттен бөлінген қаржыны кімнен сұрарын білмей дал.

"2022 жылы желтоқсан айында басталған. Содан бері әлі келе жатыр. Былтыр күзде, тамыз айының соңында су кіреді деген, әлі жоқ. Құжат бойынша ауылдарыңызға су кіріп қойған деп айтты", –  деді Құсақ ауылының тұрғыны Қанат Боранбаев. 

Тұрғындар су ғимараты қараусыз қалды дейді. Жоспар бойынша бұл нысан екі жыл бұрын берілуге тиіс еді. Бірақ бірде мердігер табылмай, табылғаны істі бастамай, соңы таусылмайтын жұмысқа айналыпты.

  • "Терезеден жел соғып, төбеден су ағады": Атырауда 60 жыл бұрын салынған аурухана апатты жағдайда тұр
  • Толассыз жауған жаңбыр салдарынан Түркістан облысы мен Шымкент көшелерін су басып қалды

Ал аудан басшылары серіктестіктің салғырттығынан екі елдімекендегі нысан жылма жыл өтпелі жобаға айналғанын жасырмады. Ендігі жерде мерзімінен кешіккен мердігер мәселесін майшаммен қараймыз деп сендірді. 

"Бірінші сәуірде жұмыс толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Бірақ олар жұмысты уақытылы істемегені үшін тиісінше құзырлы органдарға, сотқа берілген. Айыппұл салынады", – деді Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Дулат Жақыпбеков.

Алайда бұл айыппұлды қай мердігер арқалайтыны белгісіз. Өйткені алғаш тендер ұтып алған компания былтыр ауысып кетіпті. Ал жаңа басшылық бұған дейінгі кешіккен жұмысқа бас ауыртпайтынын жеткізді. 

"Бізге дейінгі құрылтайшылардың кезінде болған тірлік. Қазір жаңа құрылтайшы, бұл нысандардың барлығын өз қалтамыздан қаржыландырып жатырмыз. Ауылды толықтай бітіріп береміз. Бүгіннен жұмыс басталды", – деді "Жаңарту" ЖШС директоры Нұрталап Асылбеков. 

Осылай созылған су жүйесі ауылға салынар асфальт жолды да кешіктірген. Ендігі жерде тұрғындар жергілікті әкімдік әрекетсіздік танытса Астанаға барып арызданбақ. 

Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында су жүйесіне 760 миллион бөлінсе де, әлі күнге дейін іске қосылмағаны туралы жазған едік. 


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.