Терапевтикалық техника малдәрігерлік тәжірибеде. Кіріспе



бет4/8
Дата04.03.2018
өлшемі1.35 Mb.
#19915
1   2   3   4   5   6   7   8

Клизмалар.

Клизма – сұйықтарды немесе дәрілік заттардың ерітінділерін тік ішек арқылы еңгізу әдісі. Көбінесе емдік әдіс ретінде қолданылады. Малдың артқы бүйен ішектерін жуып тазалау үшін, оған дәрілік заттарды жіберу үшін, ішектерді рентген арқылы тексеруде оларға контрасты заттарды жіберу үшін таптырмайтын әдіс.

Жіберілетін дәрілік заттардың мөлшеріне байланысты макро- және микроклизмаларды ажыратады. Макроклизмада ірі малдарға 20 литрге дейін, ал ұсақ малдарға 3 литрге дейін ерітінділер жіберуге болады. Ондай әдіспен жіберілген ерітінділердің әсерлері бірінші күннен бастап-ақ білінеді және ешқандай кері әсері байқалмайды.

Жіберілген сұйықтардың сіңу тереңдігі олардың мөлшеріне, әр малдың организмінің өзіне тән физиологиялық ерекшеліктеріне, ерітіндінің концентрациясы мен температурасына, жіберу техникасына тікелей байланысты болады.

Клизмалардың жіберу әдістеріне қарай екі түрі бар:


  1. Гидравликалық клизмалар. Мұндай жағдайда сұйық резервуары малдың денесінен жоғары орналастырылады да, ерітінді өз салмағымен түтікше арқылы ағып, бағытталған жерге барады. Резервуар ретінде әртүрлі ыдыстар: кәтел, бак, воронкалар, металл резервуарлар және т.б. қолданылады. Ұсақ малдарға Эсмарх кружкасы қолайлы.

  2. Айдамалау клизмалары. Бұл жағдайда арнайы аппараттың көмегімен жіберілетін ерітіндіге белгілі бір деңгейде қысым түсіріледі.

Клизманы табиғи жағдайда тұрған малдарға жасайды. Оны белгілі бір себептермен орнынан тұра алмай жатып қалған малға да жасауға болады. Жіберілетін ерітіндіні күні бұрын дайындап алу керек. Клизма қояр алдында малдың тік ішегін нәжістен тазартып алған дұрыс. Оны тазалау клизмасы арқылы, оған мүмкіншілік болмағанда тіпті қолмен де істеуге болады. Одан кейін залалсыздандырылған дармтампонаторды (Darm – неміс тілінде «ішек», tampon – француз тілінде «тығын»), егер ол жоқ болса, онда бас жағында ұштығы бар резина түтікшені вазелинмен майлап, тік ішекке 25 – 30 см тереңдікке еңгізеді де, күні бұрын дайындалған ерітіндіні жібереді. Егер ерітіндіні жіберген кезде кедергі сезілсе, онда түтікшені аздап кері тартып барып қайтадан жібереді. Жіберген кезде ыдыстағы сұйықтың деңгейін қадағалап отырады. Оның деңгейі бірден кетіп қалмай баяу азаюы керек. Егерде клизма кезінде мал нәжіс бөлуге ыңғайланса, онда ерітіндіні жіберуді тоқтатып, аз уақытқа малдың құйрығын қысып ұстап тұру керек.

Жылқыларға терең клизма қою үшін ішек дармтампонаторлары қолданылады. Олардың 3 түрі бар:


  1. С.Г.Меликсетян ұсынған резинадан тұратын;

  2. Мейер ұсынған металлдан тұратын;

  3. М.З.Андрейцев ұсынған пластмассадан жасалған түрлері.

Резинадан жасалған дармтампонатор ұзындығы 18 см қапшық. Оны ерітіндіге толтыру үшін қолданылатын түтікшелері бар. Тампонатор тік ішекке қапшықтың сыртында орналасқан 3 тесікті резинка фланец арқылы бекітіледі.

Мейер ұсынған металлдан істелген тампонатордың сыртқы диаметрі 11,5 см, ортасында кішкентай шарикпен аяқталатын түтікшесі бар, кәдімгі қоңырауға ұқсас аспап. Оны малдәрігерлік тәжірибеде қолайлы болғандықтан жиі қолданады.

Пластмассадан тұратын дармтампонаторды кәдімгі су құятын пластмасса бөтелкелерінен оңай дайындап алуға болады. Ол үшін бөтелкенің жоғарғы жағын кесіп, пайда болған ауызға тығын дайындайды. Ол тығынның ортасынан пластмасса түтікшесі сиятындай тесік теседі де, сол жерге тік ішекке кіргізілетін түтікшені бекітеді. Осыдан кейін дармтампонаторларды залалсыздандырып, майлап, қолдануға дайын етеді. Оны ерітінді құйылған резервуармен қосып, ерітіндіні тік ішекке жібергенде тампонаторды қолмен ұстап тұрады.

Дармтампонаторлар арқылы клизманы зәр шығару жолында тас түзілгенде, капростаз болғанда, бүйен ішектер бұралып қалғанда қолдануға болады. Оны жылқыларға қолданғанда оларды станокқа бекітіп барып, өте сақтықпен клизма қояды.

Сондай-ақ, дармтампонаторларды тік ішекке жібергенде жылдам айналдырып, қатты қимылмен жіберуге болмайды. Ондай жағдайда тік ішектің жарылып кетуі мүмкін.

Айдамалау, қысым арқылы қойылатын клизманы жасау үшін ыстық және суық су құбырларының шүмегін пайдаланған дұрыс. Ол үшін судың қажетті температурасы мен белгілі бір уақытта ағу көлемін реттеу керек. Қалай болғанда да судың қысымы онша жоғары болмағаны дұрыс.

Клизмалар оларды тағайындау себептеріне байланысты жіктеледі:


  1. Тазалау клизмасы;

  2. Жуу клизмасы;

  3. Босаңсыту клизмасы;

  4. Қоректік клизма;

  5. Дәрілік клизма;

  6. Субаквалдық клизма.

Тік ішекке жіберілген су механикалық түрде ғана әсер етіп қоймайды. Суық су ішектердің жирылуын күшейтеді, су мен химустың бөлінуін жылдамдатады. Өте суық судан ішектің түйілуі мүмкін. Суық су клизмасы ішектерде метеоризм болғанда, нәжіс қатып қалғанда қолданылады.

Жылы су жүйке жүйесін тыныштандырады, аздап болса да ішектердің жирылуын үдетеді. Ал ыстық су ішектердің жирылуын әлсіретеді, кілегей қабықтарын жақсы тазалайды.

Ас тұзының изотоникалық, гипотоникалық ерітінділері рецепторларды аз тітіркендіреді. Ал гипертоникалық ерітіндісі ішектердің жирылуын күшейтеді. Кілегейлі ерітінділер, тұнбалар ішектердің жирылуын бәсеңдетеді. Дистілденген суға қарағанда, су құбырындағы судың тітіркендіру күші жоғары болады.

Тазалау клизмасын уақытша немесе ұзақ уақытқа нәжіс тоқтап қалғанда жылы сумен Эсмарх кружкасы арқылы іске асыруға болады. Жіберілген су ішектердің қабырғасына қысым түсіреді, оны созады, тітіркендіреді және нәжісті сұйылтады. Ішектің жирылуы күшейеді де, нәжіс жақсы бөлінеді. Ішектің жирылуы мен нәжістің сұйылуын жақсарту үшін су,а сабын немесе глицерин қосуға болады.

Кейде дені сау малдардың бөксе жағын рентгенге түсіріп зерттеу үшін тазалау клизмасын жасайды. Ондай жағдайда су резервуарын малдың денесінен 0,5 – 1,0 биіктікте ұстаса болғаны.



Жуу (сифонды) клизмасының тазалау клизмасынан артықшылығы онда тек нәжіс қана шығарылып қоймайды, онымен қоса, ұзақ уақыт жуғанда, кілегей қабықтағы ірің, улы заттар тазаланады.Ондағы патологиялық қоспалар жақсы еруі үшін әртүрлі ерітінділерді (физиологиялық, марганец қышқыл калий – 1:1000) қолдануға болады.

Ол үшін (40ºС) жылы ерітіндіні тік ішекке воронка арқылы жібереді де, воронканы төмен түсіру арқылы ішектің химусын шығарып, төгеді. Бұл процедураны бірнеше рет қайталауға болады. Артынан қолданылған инструменттерді жақсылап залалсыздандырады.



Босаңсыту клизмасы ішектердің жирылуын орташа реттейді, экссудат пен транссудаттың бөлінуін үдетеді, іш өткізеді. Алдыңғы клизмаларға қарағанда ішекті тітіркендірмейді, оның жирылуын күшейтпейді. Бұл клизма үшін өсімдік және минералды майларды, орта тұздардың гипертоникалық ерітінділерін қолдануға болады.

Майды жіберер алдында 30ºС-қа дейін қыздырып алады. Ірі малдарға 1,5 литрге дейін жіберуге болады. Әсері жақсы болуы үшін малдың құйрығын 15-20 минуттай анусқа қысып ұстап тұрады.

Ұсақ малдарға 50-300 мл мөлшерінде жайлап шприц-катетр немесе воронка-катетр арқылы жіберуге болады. Жібергеннен кейін 20 минуттай малды жатқызып ұстап отырады. Іш өткізу әсері 12-24 сағаттың аралығында білінеді.

Қоректік клизма. Малдәрігерлік тәжірибеде малдардың тәбеті болмағанда, ауыз қуысының әртүрлі жарақаттарында, малға танау-өңеш зондын жіберуге мүмкіншілік болмаған жағдайда қоректік заттарды тік ішек арқылы жібереді. Тік ішек арқылы жіберілген қоректік заттардың организмге сіңуі ауыз қуысы арқылы терілген азықтармен салыстырғанда көп төмен. Оның негізгі себебі бүйен ішектерде қажетті биохимиялық орта жоқ және қоректік заттар ондағы ірің бактерияларының әсеріне ұшырайды.

Қоректік клизманы қою үшін алдын ала тазалау клизмасы арқылы тік ішекті тазалап алады. Қоректік заттарды жібергеннен кейін малдың құйрығымен анусты қысып, 15-20 минуттай жауып тұрады.

Қоректік заттар ретінде көбінесе глюкоза, хлорлы натрий ерітіндісі; күріш,бидай, арпа, сұлы тұнбаларына және сүтке жұмыртқаның сары уызын қосып, күніне 2-3 реттен жіберіп отырады.

Қоректік клизманы қолдана отырып иттің қоңдылығын бірнеше жұма бойы бірқалыпта сақтауға болатын көрінеді.



Дәрілік клизма. Бұл әдіс малдәрігерлік тәжірибеде кеңінен қолданылатын клизманың түрі. Дәрілік заттарды тік ішек арқылы аз мөлшерде (20 мл-ге дейін) жібереді. Оны қояр алдында міндетті түрде тазалау клизмасын жасайды. Дәрілік затты резина түтікшесі арқылы шприцпен жәйлап, аз қысыммен, 30-40ºС температурада жіберген дұрыс. Дәріні жібергеннен кейін малдың құйрығын анусқа қысып 10-15 минуттай ұстап тұрады.

Дәрілік ерітінділерді тамшылату әдісімен де жіберуге болады Мұндай жағдайда дәрі жақсы сіңеді, ішектің қабырғасы созылмайды, оның жирылуына әсер етпейді, ауырсынғандық байқалмайды. Арнайы аппарат арқылы 1 минутта 40-80 тамшы дәрілік ерітіндіні жіберуге болады.

Бауырда, ас қорыту жүйесінде қан айналысы бұзылғанда – оймақ гүл, кофеин, диуретин ерітінділерін; ауырсынғандықты басу үшін – хлоралгидрат ерітіндісін; өкпелердің қабынуларында – хлорлы кальций ерітіндісін жіберуге болады.

Субаквалды клизма. Асқазан мен ішектер қабаттаса қабынғанда – гастроэнтеритте, оларды біртұтас жуу үшін иттерге қолданылатын клизма.

Алдымен тазалау клизмасын жасағаннан кейін 30 минут өткен соң Эсмарх кружкасына 30-40ºС температурадағы суды тік ішекке еңгізеді. Су қайта төгілмес үшін тік ішекке кіретін түтікшені жақсылап тығындайды. Эсмарх ыдысын 1,5-2,0 метр биіктікке көтеріп суды ит құсқанша жібереді. Егер ит тынышсызданса, онда суды жіберуді тоқтатады да, иттің тынышталуын осады.

Клизмадан кейін иттер 2 сағаттай тамақ қабылдамайды, ал одан кейін тәбеті қалпына келіп, жалпы жағдайы жақсарады.

Клизма уақытында иттің жалпы жағдайын үнемі қадағалап отыру керек.

Жүрек, бауыр, бүйректердің ауруларында; асқазанның ойық жарасында бұл клизманы қолдануға болмайды. Онда оны терең клизмамен немесе асқазанды жуумен алмастыруға болады.
Құстардың жұмыыртқасын шығару. Құстардың, көбінесе тауықтардың, жұмыртқаларын шығаратын әртүрлі әдістер бар: пенициллин мен стрептомицин ерітіндісін еттің ішіне жіберу; клоакаға спринцовка арқылы қысыммен тұзды ерітіндіні немесе өсімдік майын жіберу және т.б. әдістер. Егер мұндай әдістер нәтиже бермесе, онда жұмыртқаны қолмен шығаруға болады. Ол үшін дәрігердің көмекшісі құсты артқы аяқтары мен қанаттарының түбінен бекітіп, тік, салақтатып ұстап тұрады. Дәрігер құстың сол жағынан тұрып, сол қолының 4саусағын оның арқасына салады да, үлкен саусағымен ақырындап жұмыртқаны клоакаға қарай жылжытады. Залалсыздандырылған және майланған оң қолдың сұқ саусағын клоакаға еңгізіп, жұмыртқаның шығуына көмектеседі.

Қаздар, үйректер және күрке тауықтарда жұмыртқаны екі алақанның арасына салып қысып шығарады. Егер жұмыртқаның жолында жұмыртқаның қабы болса, онда оны қолмен алып тастайды.

Жұмыртқаны шығару техникасы онша қиын емес және нәтижесі әрқашанда оң болады.
Малдардың ішкі ағзаларының ауруларын

емдеу әдістерінің техникасы.
Жоспары:


  1. Месқарынды, құрсақ қабырғасын, жалбыршақ қарыншақты және кеуде қуысын тесу техникалары;

  2. Жылқының соқыр ішегін және шошқаның асқазанын тесу техникалары;

  3. Малдың тістерін қайрап тегістеу техникасы;

  4. Компресс қою техникасы.

Малдың жіті түрде іші кепкенде немесе жайылымда көп мал бірден ауырып, оларға жедел жәрдем көрсету керек болған жағдайда месқарынды тесу әдісін қолдануға болады.

Алдымен месқарынды тесетін жерді дайындап алады. Ол жер күйіс қайыратын малдарда сол жақ аш шұңқырының ортасы немесе сергек пен соңғы қабырғаның ортасын қосатын сызықтың ортасы.

Ірі малдардың месқарынын тесу үшін үш жақты, өткір, троакардың гилзасына тығыз орналасқан стилеті бар троакар қолданылады. Тесер кезде стилеттің үшін оң жақ шынтақ сүйекке қарай бағыттайды. Тесу үшін стилетті белгілі бір күшпен соғып кіргізеді. Тескеннен кейін стилетті еппен, ақырын шығарып алып, троакардың гилзасының аузын бармақпен басып тұрып, газды біртіндеп шығарады. Газды бірден көп шығарып жібергенде бас миға қанның баруы азайып, мал талып қалуы мүмкін. Егер троакардың гилзасы ас қалдығымен бітеліп қалса, онда стилетті қолдану арқылы оны ас қалдығынан тазалайды. Троакардың гилзасын оның құлақшасындағы тесігі арқылы теріге бекітіп, месқарында 3-5 сағатқа дейін қалдыра тұруға болады. Гилза арқылы месқарынға залалсыздандыратын, ашу процесін болдырмайтын дәрілік заттардың ерітінділерін (креолин, ихтиол, лизол және т.б.) жіберуге болады. Месқарынды троакардан босатарда гилзаны тазалап, оған стилетті қайта кіргізеді. Одан кейін бір қолдың алақанымен гилза тұрған жерді басып тұрады да гилзаны ақырындап суырып алады.

Бұзауларға және басқа да ұсақ күйіс қайыратын малдарға жіңішке троакарлар бар немесе иандренімен Бобровтың инесін қолдануға болады.

Троакарды шығарғаннан кейін ол жерді йодтың спирттегі ерітіндісімен залалсыздандырып барып коллодиймен жауып тастайды.


Құрсақ қабырғасын тесу малдың ауруын анықтау, ондағы жинақталған сұйықты шығару және оған емдік дәрілік заттарды жібер үшін қолданылады. Тесу үшін ұзындығы 5-6 см инені қолданады. Тесу нүктесі қарын ақ сызығынан 2-3 см қашықтықта, төс шеміршегі мен кіндіктің ортасы. Тесетін нүктені анықтап, ол жерді залалсыздандырып дайындағаннан кейін теріні аздап орнынан жылжытып барып инені кіргізеді. Тері мен ет қабаттарын тескеше аздаған кедергі байқалады. Ал құрсақ қуысына енген ине еркін жылжи бастайды және инеден сұйық шығады. Жиналған сұйық өз қысымымен де аға бастайды, бірақ толық және жәйлап шығару үшін шприцті қолданған дұрыс. Егерде операция кезінде малдың жағдайы нашарлай бастаса, онда процедураны тоқтатып, малдың терісінің астына кофеин ерітіндісін жіберуге болады. Процедура біткеннен кейін инені оның тұрған жерін басып тұрып шығарып алады да, оның орнын йодтың спирттегі ерітіндісімен залалсыздандырып, коллодий жағып қояды.
Жалбыршақ қарыншақты тесу ол асқа толып бітеліп қалғанда және оны емдеу үшін басқа қолданылған әдістерден нәтиже болмағанда істелетін іс-шара. Ол үшін жіңішке троакар немесе Бобровтың инесі қолайлы. Тесетін нүктені анықтау үшін иық-жауырын көлденең сызығын жүргізеді де сол сызықтың бойымен немесе одан 2-3 см төменірек, малдың оң жағынан 8-9-шы қабырғалардың арасынан, иненің үшін 10-шы қабырғаға қарай бағыттап, 5-8 см тереңдікке еңгізеді. Ендігі кезекте шприц арқылы 50-100 мл залалсыздандырылған физиологиялық ерітіндіні жіберіп, оны жалбыршақ қарыншақтағы ас қалдығымен аралас қайта сорып алады. Оның құрамы арқылы иненің дұрыс барған-бармағанын анықтайды. Егер ине дұрыс жалбыршақ қарыншаққа барған болса, онда сол ине арқылы дәрілік ерітінділерді, майлы эмульсияны жібереді. Инені шығарып алу, орнын залалсыздандыру жоғарыда келтірілгендей.
Кеуде қуысын тесу.

Операциясы малдың ауруын анықтау, кеуде қуысында жиналған патологиялық сұйықты шығару және ол жерге дәрілік заттарды еңгізу үшін қолданылады. Егерде кеуде қуысында патологиялық сұйық көп жиналған болса, онда оның жоғарғы шекарасын анықтап алып барып, тесетін нүктені белгілейді. Инені 7-8 қабырғалардың арасынан 3-5 см тереңдікке еңгізеді де, күні бұрын дайындалған дәрілік ерітіндіні жібереді.

Процедура біткеннен кейін инені шығарып алу, оның орнын залалсыздандыру жоғарыда баяндалғандай.

Жылқының соқыр ішегін тесу ол кенеттен жіті түрде газға толып керілгенде және малдың өміріне қауіп төнгенде істеледі. Ол үшін соқыр ішектің бас бөлігін мандренді ұзын инемен немесе жіңішке троакармен теседі. Тесу нүктесі малдың оң жағында, аш шұңқырдың ортасында, сергек пен ақырғы қабырғаның ортасын қосатын сызықтың бойында орналасады.

Ине кіретін жердің терісін аздап жылжытып, иненің үшін кеуде шеміршегіне қарай бағыттап еңгізеді. Инеден мандренаны шығарып алып, соқыр ішекті газдан босатады. Газ шығып болғаннан кейін сол ине арқылы залалсыздандыратын, газды сіңіретін дәрілердің ерітінділерін жібереді. Ине кірген жерде тіндердің өлі еттенуі болмас үшін оны бір сағаттан ерте шығармайды. Иненің орнын йодтың спирттегі ерітіндісімен залалсыздандырып, коллодиймен желімдейді.


Шошқалардың асқазанын тесу. Шошқаларға ауыз қуысы арқылы дәрілік затты беру кей кезде оңайға соқпайды және берілген дәрілік заттың толық мөлшері асқазанға түсті ме, жоқ па? Оны анықтау да оңай емес. Сонымен қатар ауыз қуысы арқылы берілген дәрілік заттың әсерінен аспирациялық бронхопневмония пайда болуы мүмкін. Олардың асқазанына зонд жіберу, оларға езуліктерді таңдау да оңай шаруа емес. Дәріні азыққа қосып берудің де нәтижесі айтарлықтай емес, себебі ауру шошқалар азыққа қарамайды. Міне, осындай жағдайларды ескерсек, онда дәрілік заттарды бірден асқазанға жіберудің маңызы айқындала түседі. Асқазанды төс шеміршектің тұсынан тесу малдың өміріне қауіпті емес және асқыну байқалмайды.

Бұл операцияны зертханалық тәжірибеде малдардың улануын анықтау үшін де қолдануға болады.

Шошқалардың асқазанын тесу онша қиын операция емес, шаруашылық жағдайында әрбір малдәрігері орындай алады. Ол үшін залалсыздандырылған Бобровтың немесе соған ұқсас инекциялық инелерді қолдануға болады.

Ұсақ малдарды арқасына жатқызып, ал ірі шошқаларды сол жақ жамбасына жатқызып бекітеді. Инені еңгізу нүктесі – малды арқасына жатқызғанда қарынның ақ сызығы мен ақырғы қабырғаның алдындағы қабырғаның доғасы арқылы жүргізілген сызықтың қиылысқан жері. Ал сол жақ жамбасына жатқызған малда бұл сызық осы нүктеден солға қарай 3-5 см ойысады. Ол жатқан малда ішкі ағзалардың орындарының аздап ауысуына байланысты.

Инені залалсыздандырылған нүктеден малдың сол жақ иық сүйегіне бағыттап, төмен және алға қарай еңгізеді. Иненің асқазанға дұрыс барған-бармағанын тексеру үшін инеден шығатын иіске көңіл аударады және шприц арқылы асқазанның жынын алып тексеруге де болады. Ине дұрыс орналасқан жағдайда оған шприцті қосып дәрілік заттарды, эмульсия ерітінділерін жібереді.

Малдың тістерін қайрап тегістеу көбінесе жылқы малдарында қолданылады. Олардың тістерінің анатомиялық құрылыстарында өз ерекшеліктері бар. Үстіңгі және астыңғы жақ сүйектерінің тістерінің шайнау беттері шайнау кезінде бір-біріне бірден түйісе кетпейді. Себебі жоғарғы жақ сүйегінің тізбегі (аркадасы) төменгі жақ сүйегінікінен ұзындау. Осының салдарынан малдың азу тістері дұрыс қажалмайды да, олардың шеттері өткірлене түседі. Ол барып малдың ұртының, тілінің кілегей қабықтарын жарақаттайды. Мұндай патология шайнау кезінде ауырсынғандық тудырып, жалпы ас қорыту процесінің бұзылуына апарып соғады. Тістердің өткір үштерін тегістеу үшін тіс егеулері қолданылады. Олар үш бөліктен тұрады: ағаштан жасалған қолмен ұстайтын тұтқадан, стерженнен және пластинканы орналастыратын егеудің басынан. Пластинканың ішкі жағанда кертештер бар.

Алдымен малдың клиникалық көрсеткіштеріне көңіл аудара отырып, тістердің шеттерін мұқият тексереді. Ауыз қуысын езулікпен ашып тұрғанда тістің шеттерін саусақпен де тексеруге болады. Малдың аузын жарық жақсы түсетін жаққа қарай бұрып, езулікпен оны ашады. Одан кейін азудың тіссіз шетімен қолды кіргізіп малдың тілін сыртқа шығарып орамалмен ұстап тұрады. Енді тіс егеуін тістің өткір жақтауына белгілі бір бұрыша тигізіп, бірнеше рет орташа күшпен егесе жеткілікті. Процедура барысында жұмсақ таңдай мен қызыл иекті жарақаттап алмауға тырысу керек. Ол үшін тіс егеуінің басын сыртқа қарай шығарыңқырап ұстаған жөн.

Тісті егеп болғаннан кейін ауыз қуысын антисептикалық ерітіндімен шаяды.
Компресс қою техникасы.

Жылулық процедурасын кез келген жағдайда және өте оңай іске асыратын әдіс – ол компресс қою. Организмді жылытатын компресс барлық ағзалардағы қан тамырларын біркелкі, ұзақ уақытқа кеңейтеді. Зат алмасу процесіне ферменттердің әсері жақсарады, фагоцитоз құбылысы артады, сұйықтардың жиналуы, тіндерге сіңуі бәсеңдейді. Компресстің организмді тыныштандыратын, керексіз сұйықтарды сіңдңретін, ауырсынғандықты басатын организмге тиімді әсерлері бар.

Компресстің бірнеше түрлері бар: ыстық, жылытатын, суық, спиртті, приснецепт, скипидарлы және термокомпресстер. Сондай –ақ қарапайым және қоздырғыш болып та жіктеледі.

Компресс 4 қабаттан тұрады:



  1. сіңіргіш-сорғыш қабаты;

  2. ылғалдылықты өткізбейтін қабат;

  3. жылулықты сақтайтын қабат;

  4. бекіту қабаты.

Ыстық компрессті қою үшін тығыз бұлдан алынған материалды бірнеше қабаттап, температурасы 70-80ºС сумен ылғалдап аздап сығады да, малдың терісінің сыртынан күні бұрын дайындалған жеріне орналастырады. Сыртынан саңылаулы резинкамен жабады. Оның сыртынан жылы затпен орап бекітеді. Ыстық компрессті 30 минутқа дейін ұстауға болады.

Тері қабынғанда, шихан, сыздауық, қотыр, ісік пайда болғанда қолдануға болмайды.



Жылытатын компрессте бірінші сіңіргіш қабаты жылы сумен ылғалданып, оның сыртынан су өткізбейтін қабатпен (клеенка, целлофан, хлорвинилді пленка және т.б.) жабады да, оның сыртынан жабылған жылуды ұстап тұратын қабатты бинтпен бекітеді. Бұл компресстің түрі жітілеу және созылмалы қабыну процестерінде қолданылады. Компрессті 5-7 сағат сайын ауыстыра отырып, күніне 2-3 рет қоюға болады. Процедура біткеннен кейін оның орнын құрғақ материалмен сүртіп кептіреді.

Кейбір созылмалы ауруларда приснецепті компресс қолданылады. Оның жылулық компресстен айырмашылығы онда су өткізбейтін қабат жоқ. Сондықтан жылу денеге өте жәй тарайды.

Бұл компресстерді де тері ауруларында қолдануға болмайды.

Спиртті компресс те жылулық компрессіне ұқсас. Тек оның сіңіргіш қабаты 30-80º спиртпен немесе арақпен ылғалданып, 5-7 сағатқа қойылады.

Суық компрессті қою үшін күні бұрын дайындалған бірнеше материалдарды мұзды сумен ылғалдап, ауырған жерге әрбір 5 минут сайын ауыстыра отырып басады. Мұндай компресс жіті қабыну процестерінде, қан аққанда қолданылады.

Іріңді өлі еттенген процестерде, абсцесс, флегмоналарда қолданбайды.



Скипидарлы компресстің тітіркендіру, көңілді басқа жаққа аудару қасиеттері тыныс алу жүйесінің ауруларын емдегенде жақсы нәтиже береді. Бірақта бүйректер мен қуықтың ауруларында кері әсер етеді.

Термокомпресстер сірке қышқылды натрий тұздарының ерітіндісімен толтырылған резинка қапшықтан тұрады. Қайнап тұрған суға салғанда тұз ериді де, ал суытқанда кері жүретін реакцияның әсерінен 6-8 сағаттай жылу бөлінеді. Міне, осы қасиеті малдәрігерлік тәжірибеде ауру малдарды емдеу үшін пайдаланылады.
Малдардың ішкі ағзаларының ауруларын

емдеу әдістерінің техникасы. Экзотермиялық процедуралар.
Жоспары:

  1. Жылытқыштар, қыздырғыштар, ыстық басу техникасы;

  2. Қышалар, банкілер қою техникасы;

  3. Вапоризацияны қолдану техникасы;

  4. Қан ағызу әдісінің техникасы.


Жылытқыштар.

Малдәрігерлік тәжірибеде мал ауруларын жылумен емдеу үшін қолданылатын жылытқыштардың екі түрі бар: электрлі және резиналы жылытқыштар.

Электрлі жылытқыштар резинамен қабаттаса жасалған материалдан тұратын қапшық. Олардың қабырғасының арасына электр спиралі орналастырылған. Электр тоғын реттейтін аспабы бар жылытқыш малдың денесіне бинтпен бекітіледі. Процедураның ұзақтығы 5-7 сағат. Қолдануға өте қолайлы. Жүйке жүйесінің, тыныс алу ағзаларының ауруларын, қабыну процестерін емдеу үшін қолданылады.

Тік ішекті, жыныс жолдарын қыздыру үшін қолданылатын С.Г.Меликсетян ұсынған жылытқыш бар. Оның ұзындығы 30 см, диаметрі 12 см металл цилиндр. Оның ортасына диаметрі 8 мм жекеленген металл түтікше орналастырылған. Соның ішінде электр спиралі мен парафин бар. Жылытқыш малдың құйрығының түбіне бекітіледі. Тік ішекті, жыныс жолдарын 40-48º-қа дейін қыздырады.

Малдың организміне жылулықпен немесе суықтықпен әсер ету үшін жұмсақ металлдан жасалған түтікшелерді де пайдалануға болады. Ол үшін түтікшелерді спираль тәрізді етіп иіп материалдардың немесе резинканың арасына салып бекітеді де, түткше арқылы не ыстық су, не су буын, не суық су жібереді.

Мал организміне жылулықпен немесе суықтықпен әсер ету үшін кәдімгі резина қапшықтарды немесе медициналық жылытқыштарды да пайдалануға болады.


Кыздырғыштар

Малдәрігерлік тәжірибеде құрғақ және ылғалды қыздырғыштар жиі қолданылады. Бұл қыздырғыштардың жылулық компресстерден айырмашылығы олардың емдік тиімділігі малдың организміне олармен бірге қолданылатын кебектің, құмның, шөптің, ағаш үгінділерінің, дәрілік заттардың әсерлерімен кешенді түрде қабаттаса жүреді.

Құрғақ қыздырғыштарды қолданарда олардың әсер ететін жерлеріне алдымен вазелин жағып алу керек. Мысалы, құмды аса ыстық болғанда 3-4 қабатты материал арқылы, ал жылылау болғанда бірден теріге салады.

Ылғалды қыздырғыштарды пайдалану үшін кендір дәндерін, емен, қарағай үгінділерін және т.б. соларға ұқсас заттарды кенеп қапшықтарға салады да, оған қайнаған су құйып, аздап сығып алады. Оның температурасы 45-50ºС болғанда оны күні бұрын дайындаған жерге орналастырады. Жылулығын ұзағырақ сақтау үшін үстінен жылу мен ауа өткізбейтін қабатпен жауып қояды. Осындай әдіспен дайындалған қыздырғышты ол әбден суығанша ұстауға болады.

Ботқа тәрізді жабысқақ, тұтқыр қыздырғыштарды 40-45ºС температурада малдың терісінің вазелин жағылып дайындалған жеріне жабыстырып бекітеді.

Қыздырғыштар малдың сыртқы бездері қабынғанда, буындардың, сіңірлердің қуыстарының ауруларында жақсы әсер етеді.



Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Ќазаќстан республикасыныњ білім жєне ѓылым министірлігі
umkd -> Ќазаќстан Республикасы Білім жєне ѓылым министрлігі
umkd -> Бағдарламасы «Мектептегі атыс дайындығы»
umkd -> Семей мемлекеттік педагогикалыќ институты
umkd -> «Кәсіптік қазақ тілі» ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Ќазаќстан республикасыныѕ білім жјне єылым министірлігі
umkd -> Ќазаќстан республикасы
umkd -> «Инженерлік-технологиялыќ факультеттіњ»
umkd -> Ќазаќстан республикасыныњ білім жєне ѓылым министрлігі
umkd -> «Таңдап алған спорт түрінің техникалық, тактикалық және дене дайындығы» пәні бойынша


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©kzref.org 2023
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет