Терапевтикалық техника малдәрігерлік тәжірибеде. Кіріспе



жүктеу 1.35 Mb.
бет5/8
Дата04.03.2018
өлшемі1.35 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8

Қышалар
Қышалар терінің рецепторларына, қан тамырларына әсер етеді. Малдың организмін нақтылы емес қуаттаныдрушы емдеу әдістерінің негізінде белсендендіреді. Малдәрігерлік тәжірибеде қышаның талқандалған ұнтағы мен майсыздандырылған ұрығынан қышаның қамырын дайындап барып қолданады.

Қышаның ұрығының құрамында эфир майы, синигрин глюкозиды және мирозин ферменті бар. Жылу мен ылғалдылықтың әсерінен мирониз ферменті глюкозид синигринді ыдыратады, одан қышаның эфир майы түзіледі. Қышаны теріге жапсырғанда бастапқыда күйдірген тәрізді әсер етеді де, артынан ұзаққа созылатын қызару пайда болады.

Малдың терісінің қыша қойылатын жерін жақсылап тазалап, сумен ылғалдайды. 400 граммға жуық қышаның ұнтағын алып, жылы суға илеп қамыр жасайды. Қамырды щетка арқылы, малдың жүнінің жығылысына қарсы бағытта жұқа етіп жағады. Оның үстін суланған орамалмен жауып, сыртынан су өткізбейтін қабатты (клеенка, целлофан, полиэтилен пленкасы) орналастырады да, жылулық қабатымен орап тастайды. Осындай жағдайда қамыр тез кеппейді және қышаның эфир майы ұшудан сақталады.

Қышаны терілері қалың ірі малдарда 20-25 минут, ал ұсақ малдарда 10-15 минуттай ұстайды. Уақыт біткеннен кейін қышаны жылы сумен жуып, орнын құрғатып сүртеді де, малдың үстін жылылап қояды.

Егер қыша дұрыс қолданылған болса, онда қыша қойылған жерде 4-6 сағаттан кейін қабыну ісігі пайда болады да, ол ісік 2-3 күндей сақталады. Қышадан кейін қыздырғыш аспаптарды қолданған пайдалы.

Қышаны малдың өкпелері, плеврасы, бронхылары қабынғанда; жарақатты және ревматикалық миозиттерде; малдың сіңірі созылғанда; жүйке жүйесінің ауруларында қолдануға болады.

Терінің, емшектердің ауруларында, геморрагиялық диатезде, ісіктерде қолдануға болмайды.
Банкілер

Банкілер ауру малдың көңілін басқа жаққа аудару үшін қолданылады. Олар мал организмінде десенсибилизация процесін тудырады және нақтыланбаған қуаттандырушы емдердің қатарына жатады.

Ірі малдарға сиымдылығы 250-400 мл, ал ұсақ малдарға 50-100 мл немесе медициналық банкілер қолданылады. Банкілердің шеті доғал қалың болып келеді. Процедура тұрған малдарға істеледі және малдың процедура кезінде қозмалмағаны дұрыс. Ол үшін ірі малдарды станокқа бекітеді. Банкі қою үшін малдың кеуде тұсының жүректің тұсынан басқа жерлерін пайдаланады.

Банкіні қоятын жерді жақсылап тазалайды. Жасыл сабынмен немесе вазелинмен мол етіп майлайды. Осындай жағдайда қойылған банкінің ішіне ауа кірмейтін болады. Банкінің ішіндегі ауаны спиртпен ылғалданған ватаны жағу арқылы ығыстырып шығарады да, теріге жабыстырады. Ішінде ауасы жоқ банка теріні 1-2 см-ге дейін өзіне тартып, сорып алады. Банкіні 15-25 минуттай ұстайды. Банкін алу үшін оны бір жағына қарай қисайтып саңылау шығарады да, оның ішіне ауа кіргізеді. Осындай жағдайда банка өзі босап қалады. Артынан малдың үстін жылылап жауып қояды. Ірі малдарға кезекпен ауыстыра отырып 10 банкіге дейін қоюға болады.

Банкі қойған жерде белсенді емес гиперемия пайда болады. Ол жерге қанның, лимфаның құрамындағы элементтер шоғырланады да, ары қарай ыдырайды. Сол ыдыраудан пайда болған заттар организмге қуаттандырушы әсер етеді. Гемопоэз жақсарады, организмнің қорғаныс күштері белсендендіріледі.

Банканы кіші қан шеңберінде қанның қысымы жоғарылағанда, тыныс алу жүйесінің ауруларында, бұлшық еттің жіті және созылмалы қабынуларында, жүйке жүйесінің ауруларында қолдануға болады.
Вапоризация.

Малдың сыртқы тіндеріндегі асқынған жараларды, қабыну процестерін емдеу үшін судың буын қолдануға болады. Сол су буын белгілі арнайы аппарат арқылы қолдану вапоризация деп аталады. Су буы әсер еткен жер қызарады, қабыну процесі кезінде жинақталған сұйықтар тез тарайды.

Аппаратты металл резервуардан оңай жасап алуға болады. Металл резервуар герметикалық түрде жабық болуы керек. Одан тек түтікше шығып, оған күні бұрын дайындалған резина түтікше кигізіледі. Шығар аузы үнемі ашық күйінде тұрады. Суды қайнатқанда жарылып кетпес үшін. Резервуардағы суды электр плиткасымен қыздырып, қайнатады. Электр плиткасы өзімен бірге жабдықталған зауодтан шыққан вапоризаторлар бар. Ол арқылы су буына дәріні қосып та шашыратуға болады.

Вапоризатор ретінде ықшамды автоклавты да пайдалануға болады.

Вапоризатордың шығар аузының диаметрі 10-15 мм болғанда 90ºС температурада су буы 1 атм. Қысыммен шығады. Ол 10 см қашықтықта 68ºС, 40 см қашықтықта 32ºС болады. Вапоризацияны 40-50 см қашықтықта, 30 минуттан, күніне 1-2 рет жүргізуге болады.

Вапоризацияны ойық жараларда, іріңді өлі еттенген процестерде, маститте, ринитте, трахеитте, брохиттерде және тері ауруларында қолдануға болады.


Қан ағызу әдісі

Қан ағызу әдісінің техникасы. Организмдегі қанның тұтқырлығын, қысымын төмендету үшін және организмдегі улы заттарды, зат алмасу процесінің метаболизмдерін шығару үшін қан ағызу әдісі қолданылады.

Қан ағызуға болатын жағдайлар:



  • жүрек пен қан атмырлары жүйесінің қызметтері нашарлағанда, үлкен және кіші қан шеңберлерінде қанның қысымы жоғарлағанда;

  • жүрек пен өкпелердің қызметтерінің жеткіліксіздіктерінде;

  • әртүрлі улануларда;

  • миға қан құйылғанда және т.б. жағдайларда.

Емдеу мақсатында ірі малдардан 2-4 литр, ұсақ малдардан 200-400 мл қан ағызуға болады. Бірақта аққан қанның көлемінің орнын толтыру үшін сол мөлшерде венаға изотоникалық ерітінді (мысалы, 4-5 %-ды глюкоза ерітіндісін) жібереді.

Арнайы зертханаларда қанның сары суын алу үшін де қан ағызады. Ол қанның сары суы ем ретінде, аурулардан сақтандыру үшін және организмді қуаттандырушы зат ретінде қолданылады.

Ағызылатын қанның мөлшері қойылған мақсатқа, малдың түріне, жасына, салмағына, қоңдылығына, күтіп-бағу және азықтандыру жағдайларына байланысты болады.

Жылқылардан және ірі қара малдарынан 3-6 л, ұсақ малдардан 300-600 мл, шошқалардан 200-300 мл, иттерден 300-500 мл, тауықтардан 10-40 мл қан алуға болады.

Қан ағызудың техникасы: малдан қанды сыртқары орналасқан вена қан тамырларынан, мөлшері белгілі шыны ыдыстарға алады. Қан алатын жерді мұқият дайындайды. Қан алатын венаны саусапен немесе жгутпен қысып тұрып, инені қанның ағысына қарсы бағытта еңгізеді. Егер ине бітеліп қалса, онда оны заласыздандырылған басқа инемен ауыстырады. Қан алып болғаннан кейін қан тамырының қысылған жерін босатады да, инені суырып алады. Орнына аздап массаж жасап, йодтың спирттегі ерітіндісімен залалсыздандырып барып, коллодиймен ылғалданған ватамен аз уақытқа жауып қояды.

Қанды көбінесе жылқылардың, ірі қара және ұсақ малдардың мойын күре тамырынан; шошқалардан құлақ, бет, алдыңғы иық вена қан тамырларынан немесе құйрығының үшін кесу арқылы; иттердің алдыңғы және артқы аяқтарының вена қан тамырларынан; құстардың қанатының астындағы вена қан тамырынан алады.

Қанды «Рекорд» шприцінің инесінің муфтасына ұзындығы 5-6 см резинка түтікше жалғастырып барып алған дұрыс. Резинка түтікшенің бір үші шыны ыдысқа орналастырылады.

Қан алып болғаннан кейін инені, резина түтікшені тазалап жуып, залалсыздандырады.


Мал ауруларын физикалық табиғи

күштермен емдеу және сақтандыру әдістерінің техникасы.
Жоспары:

  1. Физикалық емдеу туралы түсінік;

  2. Сумен емдеудің негізі, техникасы.


Физиотерапия

Физиотерапия – (гр. physis – табиғат; therapeia – емдеу) организмге сыртқы ортаның кейбір табиғи күштерінің немесе қолдан жасалған физикалық факторлардың әсерлерін ауруларды емдеу және олардан сақтандыру үшін қолдану әдістерін оқытатын ілім.

Табиғи физикалық факторларды ем ретінде қолдану өте ерте кезде қолға алына бастаған. Бірақ ол кезде емдеу әдістеріне ғылыми негіз қаланбаған. Ол факторлардың негізін түсініп, ғылыми тұрғыдан дәлелдеп қолдану біздің эрамыздың XVII ғасырынан басталады. Ал физиотерапия жеке пән болып оқу орындарында XX ғасырдан бастап оқытыла бастады.

Мадәрігерлік тәжірибеде физикалық факторларды мал ауруларын емдеу және олардан сақтандыру шаралары ретінде қолдану туралы деректер XX ғасырдың 30-шы жылдарында жарыққа шықты.

Физикалық факторларды пайдаланудың негізі:


  • физикалық факторлар мал организміне терінің және кілегей қабықтардың рецепторлары арқылы әсер етеді;

  • кез келген физикалық факторларда энергияның қоры болады, ол мал организміне беріледі;

  • энергия организмге сіңірілгенде тітіркену пайда болып, рефлекс құбылысы іске қосылады.

Физикалық емдеу әдісін таңдап алу аурудың жағдайына байланысты жүргізіледі. Малдәрігерлік тәжірибеде жиі қолданылатын әдістер:

  • ыстықтық-суықтықпен емдеу;

  • сумен, шипалы балшықпен, шымтезекпен, парафинмен, озокеритпен, құммен және басқа да механикалық әдістермен емдеу;

  • электр тоғымен емдеу;

  • жарық сәулесімен емдеу.

Ауруларды емдеуде ыстықтық пен суықтықты пайдалану өте көп тараған, ертеден келе жатқан әдістердің қатарына жатады. Бұл әдістің негізгі мақсаты – мал организмінде олар ауырған кезде болатын ауытқуларды қалпына келтіру.

Ыстықтық-суықтық ең бірінші кезекте терінің рецепторларына әсер етеді де, ол әсер шартты және шартсыз рефлекстер арқылы барлық организмге тарайды. Мал организмінің сыртқы ортаның ерекшеліктеріне бейімделуіне жағдай туғызады.

Емдік ретінде су мен жылулықтың табиғи және жасанды түрлерін пайдаланады. Суды пар, мұз, қар ретінде де қолдануға болады. Міне сондықтан да, сумен емдеу әртүрлі температурадағы суды емдік ретінде пайдалану әдісі. Кей кезде бұл әдіс механикалық және химиялық тітіркендіру әдістерімен қабаттаса жүргізілгенде жоғарғы нәтиже алуға болады.

Сумен емдеу оның төмендегідей физикалық және химиялық қасиеттерінің ерекшеліктеріне сүйене отырып жүргізіледі:



  • су – тітіркендіргіш (бұл жерде оның температуралық факторының әсерінің рөлі зор);

  • су – еріткіш және температураны жеткізуші;

  • судың жылу сиымдылығы жоғары (1 грамм затты 1 градусқа жылытуға кететін жылудың мөлшері, грамм/каллория);

  • Судың жылу өткізгіштігі жоғары (1 º температурада көлдененң кесінің көлемі 1 см² заттан 1 секундта өтетін жылулық - каллория).

Сумен емдеудің жалпы және жергілікті процедуралары бар.

Сумен және жылулықпен емдеудің биологиялық негізі:



  • жылулықты рефлекс арылы реттеу;

  • терінің рецепторларына және тері астына жиналатын экссудат, транссудаттардың таралуына оң әсер ету арқылы ісікті болдырмау;

  • жүрек-қан тамырлары жүйесінің қызметтеріне оң әсер ету: суықтықты жүрек тұсына басқанда жүрек сирек және күштірек соғады, ал жылулық керісінше әсер етеді;

  • жүйке жұмысына оң әсер етеді: аз уақыт әсер еткенде оны қоздырады; көбірек әсер еткенде, керісінше, әлсіретеді. Судың жергілікті жансыздандыру әсері осыған байланысты;

  • бұлшық еттерге әсері: аз уақыт әсер еткенде бұлшық еттердің жирылуы күшейеді, көбірек әсер еткенде әлсірейді. Невралгиялық шаншуларда ыстықтық пен суықтықты қолданғанда судың осы әсеріне сүйенеді;

  • қанның құрамына әсері: қан элементерінің саны иен гемоглобиннің мөлшері көбейеді; жылулықтың әсерінен қарсы денелер жақсы түзіледі, ал суықтық оны әлсіретеді;

  • тыныс алу жолдарына әсері: суықтық аз уақыт әсер еткенде дем алу сирек және толық болады. Ал жылулықпен әсер еткенде дем алу жиі және үстіртін болады;

  • зат алмасу процесіне әсері: суықтықпен қалыпты жағдайда әсер еткенде организмде химиялық энергияның түзілуі жақсарады, ал жылулықта - әлсірейді;

  • тер мен зәр шығаруға әсері: тер су ваннасында 40º, су буында одан жоғарырақта, жарықта 50-60º, құрғақ ауада 60-70º болғанда жақсы шығады. Температура бұл көрсеткіштерден жоғары болғанда тердің шығуы азаяды. Ыстықтық пен суықтықтың әсерлерінен зәр шығару уақытша молаяды.

Ыстықтық пен суықтықты төмендегідей жағдайларда қолдануға болады.

Суықтық процедураларын:


  • әртүрлі қабыну процестерінде: жіті және іріңді түрлерінен басқа;

  • бұлшық еттердің жирылуын күшейту үшін;

  • зат алмасуын жақсарту үшін;

  • қан тамырларының өзегін тарылту үшін;

  • капиллярлардан аққан қанды тоқтату үшін.

Жылулық процедураларын:

  • қабыну процесінде түзілетін зиянды, токсикалық заттарды таратып, сіңіру үшін;

  • іріңді процестердің жетілуін жылдамдату үшін;

  • жарақаттанған тіндердің жазылу процесін жақсарту үшін;

  • тер шығару үшін;

  • бүйректердің жұмысын реттеу үшін;

  • жергілікті қан мен лимфаның айналысын жылдамдату үшін.

Жылулық және суықтық процедураларын төмендегідей жағдайларда қолдануға болмайды.

Суықтықты:



Жылулықты:

  • қатерлі ісіктерде;

  • қан аққан кезде; аневризмдерде;

  • жүректің орны толтырылмайтын жеткіліксіздіктерінде.

Сумен байланысты процедураларды тері жарақаттарында (ылғалды экзема, гангрена) қолдануға болмайды. Мысықтар су процедурасына шыдамсыз келетінін ескеру керек.
Сумен емдеу

Сумен емдеудің негізгі тәсілдері. Сумен емдеуді анықтап, оның дозасын белгілеу үшін 3 жағдайды ескеру керек:



  1. Судың тітіркендіру күші мен механикалық қысымының мөлшерін;

  2. Әсер ететін уақытының ұзақтығын;

  3. Әсер ететін дененің көлемін.

Малдәрігерлік тәжірибеде сумен емдеу үшін жиі қолданылатын әдістер:

  • сумен жуу – арнайы аспаптарды пайдалану арқылы орындалады;

  • Суды белгілі бір биіктіктен малдың желке тұсына, арқасына, ішіне, аяғына құю;

  • Сулы компресс- суланған затты денеге басу, таңып қою;

  • Майер, Меликсетян, Андрейцевтердің дармтампонаторларын қолдана отырып, тік ішек арқылы клизма қою;

  • арнайы щеткаларды, жөкені және т.б. заттарды пайдалана отырып сумен ысқылау;

  • әртүрлі зондтармен малдың асқазанын, алдыңғы қарыншақтарын жуу;

  • акушерлік-гинекология ауруларында малдың жатыры мен қынабын жуу;

  • жалпы және жергілікті ванналарды пайдалану.

Малдәрігерлік тәжірибеде ванналардың бірнеше түрлері бар:

  • емдеу ваннасы – ваннаға емдік дәрілік заттарды салып малды шомылдыру;

  • тұзды ванна – 300 литр суға 1-5 кг ас тұзын салып ерітеді;

  • креолин ваннасы -  100 литр суға 2,5 кг тазаланған креолинді қосады;

  • лизол ваннасы - 100 литр суға 2 литр лизол қосады;

  • күкіртті натрий ваннасы;

  • темекі ваннасы - 50 литр суға 7,5 кг темекі салып қайнатады да, суыған ерітіндіге 1 кг карбол қышқылы мен 1 кг натрий сілтісін қосып, көлемін 250 литрге жеткізеді;

  • Гауффе ванасы.

Жергілікті ванна малдың аяқтарына, емшектеріне қолданылады.



  • Душтар денеге температуралық және механикалық әсер етеді. Олардың судың температурасына байланысты бірнеше түрлері бар: суық (16-23º), индиферентті (28-33º), жылы (33-40º), ыстық (40º-тан жоғары). Душтағы судың қысыма байланысты: төменгі қысымды (0,3-1 атм.), орташа қысымды ( 1,5-2 атм.) және жоғарғы қысымды (3-4 атм.) болып бөлінеді. Душтағы судың шашыратылу түрлеріне байланысты: жаңбырлатқыш, циркулды, шанышқылайтын, шаңды, жоғары бағытталған, жылулықты реттейтін душтар бар. Кейбір душтар оларды ұсынған авторлардың аттарымен аталады. Мысалы, малдәрігерлік тәжірибеде Шарко – шапшып ағатын, Шотланд – желпіп шашырататын душтар қолданылады.

  • Малдың денесін сергітіп, организмнің тонусын жоғарылату үшін шомылдыру әдістерін қолданады;

  • Жоғарыда айтылып кеткен вапоризация әдісі;

  • Құрғақ жылулық пен салқындату процедуралары қолданылады. Ол үшін әртүрлі фендер және электр қыздырғыштары пайдаланылады. Әртүрлі фендер ылғалды экземада, үсікте, жатыр ауруларында және ісіктерде пайдаланылады. Электрогрелкаларды плевраның, өкпелердің, бұлшық еттердің, буындардың қабынуларында қолдануға болады.


Мал ауруларын физикалық табиғи

күштермен емдеу және сақтандыру әдістерінің техникасы.
Жоспары:

  1. Шипалы балшықтармен, шымтезекпен және саз балшықтармен емдеу техникасы.

  2. Парафинмен емдеу техникасы.

  3. Озокеритпен және құммен емдеу техникасы.


Шипалы балшықтармен емдеу

Шипалы балшықтармен емдеу ертеден келе жатқан су, минералды және органикалық заттардан тұратын қоспалармен емдеу әдістерінің қатарына жатады. Шипалы балшықтардың құрамында антибиотиктерге, витаминдерге, гормондарға, ферменттерге, бактериофагтарға, гистаминдерге ұқсас қосылыстар болады. Кейбір газдар мен радиоактивті заттардың болуы да мүмкін. Олардың емдік қасиеттері осы қосылыстардың организмге тигізетін оңды әсерлерімен түсіндіріледі.

Шипалы балшықтардың 4 түрлері бар. Олар:



  1. Лай немесе өлі балшық – ил – ащы және тұщы көлдердің, теңіздердің түбінен алынады;

  2. Сапропель немесе өлі балшықтың шіріген түрі. Ашық су қойнауларында, көлдерде кездеседі;

  3. Шым тезек – торф – тұщы су қойнауларында, батпақты жерлерде өсімдіктердің ыдырап, шіруінен пайда болады;

  4. Вулканнан, жанар таулардың қопарылыстарынан пайда болатын шипалы балшықтар. Олар ыстық күкіртті су көзі бар жерлерде кездеседі.

Шипалы балшықтарда олардың 3 бөлігін ажыратуға болады:

  1. Кристалл қаңқасы – минералды заттардың ерімеген ұсақ бөлшектері;

  2. Коллоидты фракциясы – кристалл қаңқасының ұсақ бөлшектерін біріктіріп тұратын жартылай сұйық зат;

  3. Шипалы балшықтың ері тіндісі – рапа – минералды заттардың судағы ерітіндісі. Шипалы балшықтардың химиялық құрамы осы ерітіндінің мөлшеріне тікелей байланысты болады.

Әртүрлі шипалы балшықтарда олардың осы бөліктері өзара проценттік қатынаста болады. Ол қатынас төмендегідей.

3 кесте.

Шипалы балшықтардың бөліктерінің проценттік қатынасы




Шипалы балшықтың бөліктері

Ил

Торф

Сапропель



Кристалл қаңқасы

10

39

-

Коллоидты фракциясы

20


13

-


Рапа

70

48

90 – 96

Шипалы балшықтармен қатар малдәрігерлік тәжірибеде шым тезек те ауру малдардың кейбір ауруларын емдеу үшін пайдаланылады.



Шым тезек батпақты жердегі өсімдіктердің тереңде, ауаның жеткіліксіздігінен шіруінен пайда болады. Осы процесті гумификация процесі деп атайды.

Ауру малдарды емдеу үшін қолданылатын сапасы жақсы шым тезекті алақанға салып қысқанда ол саусақтардың арасынан шығып тұрады. Ондай шым тезектің құрамында су болмайды. Шым тезектің емдік және биологиялық қасиеттері ондағы механикалық, жылулық және химиялық факторлардың жүйке жүйесі арқылы организмге тигізетін әсеріне байланысты. Ондағы механикалық әсер микромассаж ретінде, жылулық қасиеті - өткізгіштік түрінде, химиялық қасиеті құрамындағы химиялық заттардың әсерімен түсіндіріледі. Ол жылулықты өте нашар өткізетіндіктен өте жоғарғы температураны пайдалануға болады.

Бұл әдістерді бұлшық еттердің, буындардың, сіңірлердің созылмалыауруларында; ревматизмдерде; сүт бездерінің ауруларында; іріңдеген, өлі тіндер пайда бола бастаған процестерде; жүйке жүйесінің, сүйектердің ауруларында; аяқ жараларында қолдануға болады.

Қолдануға болмайтын жағдайлар:



  • жүрек пен қан атмырларының қызметтерінің жеткіліксіздіктерінде;

  • бүйрек ауруларында;

  • өкпе, сүйек және буын түберкүлездерінде;

  • жыныс ағзаларының ісіктерінде;

  • жүйке жүйесінің органикалық өзгерістерінде;

  • жедел қабыну процестерінде;

  • қан ағуға бейімділік байқалғанда;

  • өте арық малдарға.

Шипалы балшықтармен емдеу үшін әртүрлі ванналар; жапсыру-аппликация, орау әдістері; тік ішек, қынап арқылы тампондар ретінде қолданылады.

Емдеу мекемелерінде табиғи жағдайға жуық, балшықтарды дұрыс сақтауға болатын арнайы, көлемді орындар болуы керек. Оларды әдейілеп жасалған ағаш күбілермен, бет жағына рапа - тұздығын құйып сақтайды және тасымалдайды. Қыста жылы жерде сақтайды. Қолданар алдында су ваннасында 55º-қа дейін қыздырып барып емдік процедураны тағайындайды.

Малдың терісін жылы сумен жуып, тазалайды да, құрғатып сүртеді. Қолданылатын шипалы балшықты бөгде заттардан тазалағаннан кейін 50-52º-қа дейін қыздырады да, оны суық балшықпен араластырып, температурасын 45º-қа жеткізеді. Бір рет қолданылған шипалы балшықты екінші рет қайта қолданбайды. Қолдану ұзақтығы 1-1,5 ай, күн аралатып қолданады. Әрбір процедураның ұзақтығы 30-40 минут.

Процедурадан кейін малды жылы сумен жуып, құрғатып, үстін жылылап ұстайды.



Саз балшықпен емдеу. Саз балшық организмге физикалық, химиялық және биологиялық тиімділігі бар, жылу сиымдылығы мен жылу өткізгіштігі өте төмен, созылмалы зат. Оның созылмалылығы құрамындағы коллоидты қосылыстарға байланысты. Сұр және сарғыш балшықтардың қасиеттері мен әсерлері шипалы балшықтардың әсерін жуық. Құрамында Na, K, Ca, Mg – катиондары; Cl, SO4 – аниондары; HCO3 , Fe – қоспалары кездеседі.

Биологиялық әсері олардың жылулық, компрессорлық және химиялық факторларының қасиеттеріне байланысты. Емдік ретінде оларды ыстық және суық түрлерінде қолдана беруге болады. Ол үшін саз балшықты кілегей тәрізді етіп езеді де, денеге аппликация ретінде немесе брезент дорбаға салып аяққа кигізу арқылы емдеуге болады.

Буын ауруларында, қатты соқыдан болған жараларда, сүт бездерінің жіті түрдегі қабынуында, малдардың тұяқтарының ревматизмінде қолданады.

Саз балшықты әрбір 30 минут сайын ауыстырып отырады және 48 сағаттан артық қолданбайды.


Парафинмен емдеу

Парафинмен емдеу жылулықпен емдеудің бір түріне жатады. Ол мұнайдан алынатын, аморфты, жоғарғы молекулалы көміртег қоспасы. Оның жеңіл балқитын (44-48º) және ауыр балқитын (52-56º) түрлері бар.

Парафиннің қасиеті оның өте жоғары жылу сиымдылығы мен өте нашар жылу өткізгіштігіне байланысты. Оны 100º-қа дейін қыздырып барып қолданады.

Парафинмен әсер ететін жердің жүнін қырқып тазалайды. Ол жерде су тамшысының болмауын қадағалайды. Парафинді аппликация ретінде жағу марлі салфетка арқылы, ванна түрінде және парафин дәрісі ретінде қолданады. Парафинмен сылағаннан кейін оның үстінен жылы қабатпен жауып қояды. Қолданған уақытта парафиннің температурасы 80 º-тан 45º-қа дейін төмендейді де, суыған сайын оның көлемі азайып теріні құрыстыру арқылы микромассаж жасайды және ол қойылған жерде тер көп бөлінеді.

Созылмалы қабыну процестерінде, көпке дейін жазылмайтын жараларда, парез-параличтерде, бұлшық еттердің және буындардың қабынуларында, жабық сынықтарда, сіңірлер тартылғанда, гинекологиялық ауруларда қолданылады.


Озокеритпен емдеу. Оны тау балауызы деп те атайды. Ол мұнай иісті, қара-қошқыл түсті, қоймалжың зат. Балқу температурасы 52-86ºС. Оның құрамында 68-85 % церезин, 3-7 % парафин, 40% минералды майлар, 1-33 %-ға дейін механикалық қоспалар болады.

Емдік әсерінің негізінде оның қабыну процесіне қарсы әсер ететін, экссудаттардың сіңуін жылдамдататын, ауырсынғандықты басатын қасиеттері жатыр. Оның әсер еткен жерінде ұзақ уақытқа созылатын белсенді қызару пайда болады да, жергілікті қан айналысы, тіндердің қоректенулері, патологиялық сұйықтардың сіңіп, таралуы жақсарады; ауырсынғандықты басады.

Озокеритті клеенкаға салып ауырған жерге басады. Сыртынан жылулық қабатымен жауып қояды. Парафинмен емдеуге болатын барлық ауруларда қолдануға болады.
Құммен емдеу – псамотерапия дегеніміз құм арқылы организмге жылулықпен әсер ету. Көбінесе табиғи, күн көзіндегі құм ваннасы пайдаланылады.

Шипалы балшықпен, шым тезекпен, саз балшықпен емдеуге болатын ауруларға қолдануға болады.


Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Ќазаќстан республикасыныњ білім жєне ѓылым министірлігі
umkd -> Ќазаќстан Республикасы Білім жєне ѓылым министрлігі
umkd -> Бағдарламасы «Мектептегі атыс дайындығы»
umkd -> Семей мемлекеттік педагогикалыќ институты
umkd -> «Кәсіптік қазақ тілі» ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Ќазаќстан республикасыныѕ білім жјне єылым министірлігі
umkd -> Ќазаќстан республикасы
umkd -> «Инженерлік-технологиялыќ факультеттіњ»
umkd -> Ќазаќстан республикасыныњ білім жєне ѓылым министрлігі
umkd -> «Таңдап алған спорт түрінің техникалық, тактикалық және дене дайындығы» пәні бойынша


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет