Терапевтикалық техника малдәрігерлік тәжірибеде. Кіріспе


Мал ауруларын физикалық табиғи



жүктеу 1.35 Mb.
бет6/8
Дата04.03.2018
өлшемі1.35 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8

Мал ауруларын физикалық табиғи

күштермен емдеу және сақтандыру әдістерінің техникасы.

Жарық сәулелерімен емдеу техникасы.
Жоспары:

  1. Жарық сәулелері туралы.

  2. Жарық сәулелерінің биологиялық әсерлері.

  3. Ултракүлгін сәулесінің мөлшерін (дозасын) анықтау техникасы.

  4. Жарық сәулелерінің аппаратуралары.

Жарық сәулелерімен емдеу үшін табиғи күн көзінен және өндірісте шығарылатын аппаратуралар арқылы алынатын жарық сәулелерінің энергиясы қолданылады.

Жарық энергиясы дегеніміз ауасыз кеңістікте 300 000 км/сек жылдамдықпен тарайтын сәулелердің энергиясы. Оның негізінде тербелу жиілігі мен ұзындығы әртүрлі электромагниттік толқын жатыр. Толқын ұзындығы белгілі бір өлшемдермен өлшенеді: µ - 0,001 мм; mµ - 0,001 µ немесе 0,000 001 мм; Aº - 0,1 mµ немесе 0,000 0001 мм.

Жарықтың табиғаты туралы көптген теориялар өмірге келді:



  • Ньютонның корпускулярлық теориясы – бөлшектердің ағымы туралы;

  • Гюгенстің толқын ағымы туралы теориясы;

  • жарықтың түзу сызық арқылы таралу теориясы;

  • жарықтың дифракциясы – қарсы кедергіден айналып өту қасиеті;

  • жарықтың интерференциясы – жарық сәулелері қабаттасқанда оның күшеюі немесе әлсіреуі;

  • фотоэффект құбылысы – жарықтың әсерінен заттардан электронның жұлынып алынуы;

  • квант теориясы – корпускулярлық және толқын ағыны теорияларының біріккен түрі.

Қазіргі қағида бойынша жарық дегеніміз кеңістікте электромагниттік толқын заңымен тарайтын бөлшектердің ағымы.

Толқын ұзындығы 759 mµ мен 400 mµ аралығындағы сәуле көзге көрінетін сәуле деп аталады.

Толқын ұзындығы 759 mµ - 343 µ аралығындағы сәуле инфрақызыл сәулесі деп, ал толқын ұзындығы 400 mµ - 180 mµ аралығындағы сәуле ультракүлгін сәулесі деп аталады.

Неғұрлым толқын ұзындығы ұзынырақ болса, солғұрлым жарық сәулесінің жылулық қасиеті басымырақ, ал неғұрлым толқын ұзындығы қысқарақ болса, оның химиялық қасиеті басымырақ болады.



Жарықтың биологиялық әсері. Жарық организмге тері және көру аппараты арқылы әсер етеді. Ол әсері сәуленің энергиясы терімен, оның астыңғы тіндерімен және жүйке талшықтарымен сіңірілгеннен кейін ғана білінеді. Әсіресе белсенді әсер ететін ультракүлгін сәулесі.

Көзге көрінетін сәуленің әсерінен малдардың организмінде жыл мезгілдеріндегі өзгерістер туындайды. Мысалы, қоянның қыста ақ, ал жазда сұр болуы. Негізінен көз арқылы әсер етеді.

Жүйке талшықтары арқылы ішкі секрет бездеріне әсері бар. Мысалы, гипофизді алып тастағанда жарықтың ішкі секрет бездеріне әсері болмайды.

Тері арқылы организмге жылулық әсер етеді.

Сүт сауылатын малдарға, жұмыртқа салатын құстарға күн сәулесінің көбірек болғаны керек. Ал малдарды бордақылауға қойған кезде, керісінше, аз болғаны дұрыс.



Инфрақызыл сәуленің басты әсері жылулық. Әсер еткен жері жылдам қызарады, жылдам қайтады. Тіндерде қан айеалысы жақсарады, зат алмсу процесі белсендендіріледі. Организмнің ауруларға қарсы тұру қабілеттілігі жоғарылайды. Әсері созылмалы ауруларға тиімдірек. Ал жіті ауруларда керісінше ісік пайда болып, жергілікті қан айналу процесінің бұзылуы мүмкін.

Компресс, парафин, озокерит, шипалы балшықтармен емдеу әдістеріне қарағанда жылулық әсері тереңірек орналасқан тіндерге толық жетеді.

Дененің ылғалданған жеріне кептіру әсері есекжем, бөртпе, күйік, үсік сияқты ауруларды емдеу үшін пайдаланылады.

Әсер ету нүктесінен алыс орналасқан ағзаларға рефлекс арқылы әсер етеді.



Ультракүлгін сәулесі (УКС) тіндерде физико-химиялық өзгерістер тудырады және организмге жан-жақты, күшті биологиялық әсер етеді.

Терінің жүні мен мүйізді қабаты ультракүлгін сәулесінің өтуіне кедергі жасайды. Әсер еткеннен кейін ол сәуленің жасырын (латентті) уақыты 5-12 сағатқа созылады. Содан кейін ғана теріде эритема пайда болады. Ол эритема 4-6 күнге дейін сақталады. Гистологиялық зерттеу арқылы қабыну процесінің барлық белгілерін анықтауға болады.



Эритеманың механизмі: УКС-нің фотохимиялық әсерінен терінің сыртқы қабаты – эпидермисі бүлінеді де, одан белсенді заттар (белсенді белок заттары, гистамин және соған ұқсас белсенді заттар) түзіледі. Сол заттар белгілі бір мөлшерде шоғырланғанда қабыну процесіне ұқсас қызару – эритема пайда болады.

Теріні сәулемен қыздырғанға дейін немесе қыздыру кезінде салқындатса оның әсері бәсеңдейді, ал сәуле алғаннан кейін салқындаса – артады. Соның салдарынан малдың жүнінің өсуі жылдамдайды.

УКС эгростеринді белсендендіреді, Д-витаминнің организмге сіңуі реттеледі. Тері майларының бактериоцидтік қасиеті жоғарылайды. Ондағы белсенді оттегінің мөлшері көбейеді.

Сәуле жүйке жүйесіне екі фазада әсер етеді: бірінші фазасында симпатикалық, екінші фазасында парасимпатикалық жүйелердің тонустары жоғарылайды.

Ішкі ағзаларға рефлекс арқылы әсері бар. Қанның құрамын қалпына келтіреді, иммундық қасиеттерін жақсартады, организмнің резистентілігі жоғарылайды.

Организмдегі зат алмасу процесіне жан-жақты әсер етеді. Ферментердің функциялары артады, тотығу-тотықсыздану процесі жақсарады. Мешел, сүйек дистрофиясы сияқты ауруларды емдеуде маңызы өте зор.

УКС-тің организмге зиянды әсерлері де бар: жүні, мүйізді қабаттары жұқа жерлерді күйдіреді; малдың көзін қабындырады. Қабыну 5-7 күнге дейін созылады, бірақ сәуленің әсері көздің тор қабатына өтпейді, көру процесі бұзылмайды, тек аздап нашарлайды.

Жарық сәулелерімен емдеуді қолдануға болатын жағдайлар:



  • бас ми қуыстарының аурулары;

  • тыныс алу жүйесінің аурулары;

  • ас қорыту жүйесінің аурулары;

  • зәр шығару ағзаларының аурулары;

  • жүйке жүйесінің қабынуы;

  • зат алмасуының бұзылуынан болатын аурулар;

  • қан жүйесінің аурулары;

  • терінің аурулары.

Жарық сәулелерімен емдеуге болмайтын жағдайлар:

  • толықтырылмайтын жүрек ақаулары;

  • залалды ісіктер;

  • бауырдың жіті түрдегі қабынуы;

  • бас миға қан құйылғанда, ол суға толғанда;

  • жылулық пен күн көзі өткенде;

  • ауру процесс қалпына келмейтін жағдайда нәтиже жоқ.


УКС-нің дозасын анықтаудың негізіне сәуле әсер еткен жердің эритемасы алынады. Көрсеткіші эр деп белгіленеді.
1 эр = толқынының ұзындығы 297 mµ, қуаты 1 вт болатын

УКС-нің эритемдік ағымы.

Эритемдік ағымның денеге түскен тығыздығы эритемдік сәулелену деп аталады. Ол эр/сағат/м²; мэр/сағат/м² деп өлшенеді.

УКС-нің малдың организміне тигізетін биологиялық әсерін екі түрлі әдіспен анықтауға болады:



  1. Биологиялық әдіс – Горбачевтің әдісі деп аталады;

  2. Физикалық әдіс – арнайы аппарат УФД – 2,4,5 арқылы анықтау.

1 биодоза = 4 эритемдік дозаға. Биодоза (δ) = t : R², бұл жердегі t – сәулемен әсер ету уақыты; R – сәуле мен әсер ететін нүкте арақашықтығының 0,5 метрмен есептегендегі қайталану саны.

Эритемдік сәулеленудің мөлшерін эритемдік сәулеленуді сәулелену уақытына көбейту арқылы анықтауға болады. Оны эрметрмен өлшейді.

УКС-мен емдеген кезде малдың жүнінің қалыңдығы, әртүрлі малдардың сәулеге сезімталдығының ерекшеліктері және терінің қалыңдығы көп кедергі келтіреді. Ол көрсеткіштерді есепке алмаса тағайыдалған дозаның әсері тиімді болмайды.

Ғылыми деректерге сүйенсек, жүні қырқылған қойға қарағанда жүні қырқылмаған қойға УКС-нің дозасы 30 есе артық болуы керек екен.

Шаруашылықтарда қазірде қолданылып жүрген әдістерде УКС рефлекс арқылы көздің тор қабығына және иондалған ауа арқылы әсер етеді.

Малдарға УКС-нің дозасын біртіндеп бастаған дұрыс. Алғашқы 5 күнде дозаның төрттен бір мөлшерін, одан кейін жартысын, содан соң ғана толық дозасын тағайындайды. Өте жоғарғы дозасы (5-10 биодоза) 5-6 күн аралатып, ал 1-2 биодоза 3-5 күн аралатып тағайыдалады.

УКС-і мен инфрақызыл сәулені қатарынан қолданғанда жақсы нәтиже алуға болады.

Ауру малдарды емдеу үшін және аурудың алдын алу үшін төмендегідей аппаратуралар қолданылады:


  • инфрақызыл сәуле шығаратын лампалар;

  • жарық пен жылуды қатарынан беретін лампалар;

  • УКС-ін беретін лампалар;

  • бактериоцидтік лампалар – қуаттылығы 15-30 вт болатын, қысқа толқынды БУВ-15, БУВ-30 лампалары бар:

  • эритемдік лампалар – қуаттылығы 15 вт – ЭУВ -15 лампасы бар:

  • Мининнің лампасы – 50,70,100 вт, күніне 1-2 рет, 20-30 минуттан;

  • Соллюкс лампасы – үлкен (500-1000 вт) және кіші (200-300 вт) түрлері бар;

  • жарық-жылу ваннасы – әрқайсысы 100 вт-тық 20 лампадан тұратын 2 квт-тық ванна;

  • инфраруж лампасы – үлкен (қуаттылығы 300-600 вт, t = 500-700ºC) және кіші – столға қоятын, түрлері бар;

  • сынап пен кварц арқылы ерекше сәуле шығаратын ПРК, АРК лампалары.

Сынап-кварц лампасының құрылысы мен жұмыс істеу принціпі:

Лампа – ішінен ауасы шығарылып, аз қысыммен инертті аргон газы және 0,25 г сынаппен толтырылған кварц шынысынан тұрады.

Лампаны тоққа қосқанда аргон газының иондары арқылы ауасы сиретілген ортада разряд пайда болады. Ондағы электр өрісінің әсерінен иондар белгілі бір жылдамдықпен қозғалып газ атомдарымен соғылысқанда жылулық бөлінеді. Ал иондар сынапты атқылаған кезде сынап буға айналады да, доға разряды пайда болады. Бұл құбылыстар физика заңдарына сәйкес болатын құбылыстар. Лампаның ішіндегі қысым жоғарылайды, лампа жұмыс режіміне келеді.

Былай қарағанда лампаның жұмысы кәдімгі конденсатордың жұмысына ұқсас. Лампаның сыртындағы металл пластинка конденсатордың сыртқы қабатының рөлін атқарса, газ және электродтар бар лампаның іші конденсатордың ішкі қабатының рөлін атқарады. Ал кварц шынысы – диэлектрик.

Шынылардың ішінде өз қасиетінің ерекшелігіне байланысты тек кварц шынысы ғана УКС-ін өткізе алады. Лампалар тоққа қосылғаннан кейін 12-15 минуттан соң ғана жұмыс режіміне келеді.

Малдәрігерлік тәжірибеде жиі қолданыс тапқан лампалар: ПРК-2, ПРК-4, ПРК-5, ПРК-7. Малдарды топтап емдеу үшін айналмалы УКС-інің лампасы қолданылады.

Малдарды УКС-імен емдегенде оның зиянды әсерлерінен сақтық үшін малдың көзіне сәуленің түспеуін қадағалау керек. Ал дәрігерлер арнайы көзілдірікпен жабдықталуы тиіс.

Ауру малдарды электр тоғын пайдаланып

емдеу әдістерінің техникасы.
Жоспары:


  1. Тұрақты Гальвани тоғымен емдеу және электрофорез техникасы.

  2. Айналмалы және жоғарғы жиіліктегі тоқтармен емдеу техникасы (Фарадей, Дарсанваль, диатермия тоқтары).

  3. Ультражоғарғы жиіліктегі тоқпен (УЖЖ) емдеу техникасы.

  4. Ультрадыбыспен емдеу техникасы.

Тірі организм күрделі электролит болып саналады. Организм органикалық емес тұздардың, қышқылдардың, негіздердің ерітілген радикалдарынан тұрады. Осындай күрделі электролитте үнемі молекулалардың диссоциациялық және рекомбинациалық процестері жүріп тұрады. Жануарлар организмі екінші қатардағы өткізгіштер тобына жатады. Бірінші қатардағы өткізгіштерде электрондар белгілі бір бағытта қозғалатын болса, екінші қатардағы өткізгіштерде белгілі бір бағытта иондар қозғалады. Иондардың қозғалысы әртүрлі сұйықтарда бірдей болмайды. Сондай-ақ организмнің ағзалары мен ұлпаларының тоқты өткізуі әртүрлі болып келеді.



Гальвани тоғымен емдеу

Гальвани тоғы бір бағыттағы, күші өзгермейтін тұрақты тоқ. Тоқтың негізгі физиологиялық әсерлері төмендегідей:

  • тоқтың терідегі және кілегей қабықтардағы рецепторларды тітіркендіруі;

  • электролиз процессі;

  • электрофорез, катофорез, анафорез құбылыстары;

  • жылулық әсері.

Тоқтың тітіркендіру әсері тоқтың күшіне тура пропорционал, әсер ету уақытына кері пропорционал болып келеді.

Мал организмі күрделі электролит болғандықтан, онда иондардың қозғалысы, бейтарап атомдар мен молекулалардың түзілуі, жаңа химиялық қосылыстардың пайда болуы үнемі жүріп тұратын процесс.

Электр тоғының организмге тигізетін әсері әртүрлі валентті химиялық қосылыстардың шоғырлануларына да байланысты болады. Мысалы, бір валентті металл иондары шоғырланған жердегі торшаның қабығы ыдырап, оның өткізгіштік қабілеті жоғарылайды. Ал екі валентті иондар, керісінше, оны тығыздап, өткізгіштік қабілетін нашарлатады.

Гальвани тоғын гальвани элементтері, аккумуляторлар, динамомашиналар және айнымалы тоқтарды түзету арқылы алуға болады.

Малдәрігерлік тәжірибеде қолданылатын АГН-2 аппараты бар. Ондағы тоқ күші 50 ma ± 5 ma; толықсуы 0,5 %; тоқ “0”-ден жоғарғы көрсеткішке дейін жәйлап көтеріледі; қуаты 20 вт-қа дейін.

Аппараттың электродтары өте жұмсақ қорғасыннан, қалайыдан, станиолдан жасалады. Бауы өте жұмсақ, сырты қапталған, әртүрлі түсті сым.

Қалыңдығы 0,5 см фланелден немесе бумазейден жасалған сұйық сіңіргіш төсеніші бар.

Тоқты ауру малға тағайындау үшін малдың денесіне электродтарды орналастыру әдістерін білу керек. Оның 3 түрі бар: түзу-көлденең, диагоналды-көлденең және ұзынынан. Электродтардың белсенді және индиферентті түрлері болады. Электродтың аноды малды тыныштандырып, жайландырады, ал катод – тітіркендіріп, сіңіру процесін жылдамдатады.

Гальвани тоғының ең жоғарғы дозасы 1 см² көлемге 0,5 ma. Малдәрігерлік тәжірибеде белсенді электродтың көлемімен есептегенде 0,2-0,3 ma/см². Әрбір малдың электр тоғына сезімталдығын ескере отырып, күніне 1 реттен 20-60 минутқа тағайындайды. Созылмалы ауруларды емдеу үшін 20-30 процедураға дейін тағайындайды.

Малдәрігерлік тәжірибеде гальвани тоғын сал болған малдарға, невралгияда, созылмалы қабыну процестерінде, қалқан безінің ауруында, гайморит, фронтиттерде, сүт бездерінің қабынуында қолданады.

Малдың электр тоғына сезімталдығы жоғары болғанда, жіті түрдегі іріңді процестерде, залалды ісіктерде қолдануға болмайды. Мал организміндегі өзгерістер қалпына келмейтін жағдайларда тоқты қолданғаннан пайда болмайды.
Электрофорез – дәрілік заттарды тұрақты электр тоғымен ион түрінде организмге еңгізу арқылы емдеу.

Дәрілік заттарды тері, кілегей қабық, тіпті жаралар арқылы да еңгізуге болады. Бұл әдістің ерекшелігі – организмге жіберілген дәрілік заттардың әсерімен қоса тоқтың әсері де өз пайдасын тигізеді. Ал дәрілік заттардың тиімділігі олардың белсенді электродтардың төсеніштеріндегі концентрациясына байланысты болады.

Ерітіндінің құрамында паразитті иондар болмауы керек. Еріткіште дәрілік зат толық еруі шарт және дәрілік заттардың таза кристаллды түрін пайдаланған дұрыс. Мысалы, таблеткаларда толықтырғыш заттар болатындықтан олар таза болмайды.

Электрофорездің ерекшеліктері: дәрілік заттарды бірден ауырған жерге жіберуге болады, теріні зақымдамайды, дәрілік зат пен тоқтың әсерлері кешенді түрде болады, дәрілік зат үнемделеді, дәрігердің жұмыс уақыты ұтымды пайдаланылады.

Электрофорезді дұрыс тағайындау үшін төменгі мәселелерді шешу керек:


  • электр тоғының полюсын дұрыс таңдау;

  • белсенді электродтың төсенішін дұрыс дайындау;

  • ерітіндінің концентрациясын дұрыс дайындау;

  • емдеу мерізімі мен оның ара жиілігін дұрыс тағайындау.

Сеанстың жиілігі дәрілік заттардың мал организмінде сақталу ұзақтыныа байланысты болады. Қолдану және қолдануға болмайтын жағдайлар гальвани тоғындағыдай.

Фарадей тоғы – бірде төмендеп, бірде жоғарылап тұратын, өте төменгі жиіліктегі айнымалы тоқ. Бұл тоқтың ерекшелігі бұлшық еттердің жирылуын қоздыруында. Әртүрлі күшпен әсер ететін тоқ бұлшық еттердің бірде қатты жирылуын, ал бірде кенеттен босаңсуын туындатады. Мұндай жағдайда оларға келетін қан мен лимфаның айналуы реттеледі. Осының әсерінен еттердегі зат алмасу процесі жақсарып, ауырған бұлшық еттердің жазылуына жақсы жағдай туады.

Фарадей тоғын АСМ-2 және АСМ-3 аппараттары арқылы алады.

Емдеу кезінде ескеретін жағдайлар:


  • жирылу ритмі минутына 40-тан аспауы керек;

  • бұлшық еттердің жирылуы малды тынышсыздандырмауы керек;

  • емдеу уақыты күніне бір рет, 20 минут пен 1 сағаттың аралығында болуы керек;

  • аурудың даму процесіне байланысты тағайындау режімін өзгертіп отырады.

Бұлшық еттерде зат алмасу процесі нашарлағанда, сал ауруларында, күйіс қайыратын малдардың алдыңғы қарыншақтарының жирылуы нашарлағанда қолданады.

Жедел қабыну процестерінде, тоққа сезімталдығы жоғары малдарға, ауру процесі асқынған жағдайда қолдануға болмайды.


Дарсонваль тоғымен емдеу.

Өте жоғарғы жиіліктегі (200-300 кГц), жоғарғы кернеулі (жүз мыңдаған в.) және күші (ондықтың жүзден бір бөлігіндей) әлсіз тоқпен мал организміне әсер ету арқылы емдеу.

Электр тоғы жүретін, оң және сол зарядтарға қосылған, конденсатор тектес металлдарды белгілі бір қашықтыққа жақындатқанда олардың арасында от ұшқыны пайда болады. Осы ұшқынның секундтық жиілігін белгілі бір мөлшерге дейін жеткізуге болады. Осындай жоғарғы жиіліктегі тоқты алу үшін электродты лампалар қолданылады.

Малдәрігерлік тәжірибеде Дарсонваль тоғын ауырған жерге тікелей бағыттау арқылы немесе мал организміне жалпы әсер ету арқылы қолданады. Бірінші әдісте вакуумды электродтар, ал екінші әдісте соленоидтан жасалған торшалар пайдаланылады.

Вакуумды электродтар әртүрлі пішінді, ішіндегі ауа 0,1-0,5 мм сынап бағынасына сиретілген, бір жақ басында металл қосқышы бар шыны түтікшелер. Осындай электродты малдың денесіне белгілі бір қашықтыққа жақындатқанда конденсаторда жүретін тоқ тәрізді онда от ұшқыны пайда болады. Мұнда конденсатордың бір бетін малдың денесі атқарса, екінші бетін ауасы сиретілген, иондалған заряды бар түтікшенің қуысы атқарады. Ал диэлектриктің рөлін түтікшенің шыны қабырғасы атқарады.

Тоқтың электродын ауырған жерге тікелей бағыттау арқылы емдегенде оны 3 түрлі әдіспен қолданады:



  1. Электродты мал денесіне тигізу, жабыстыру арқылы қолданғанда электрод тиген жерде бастапқыда жылулық, артынан жансыздану пайда болады.

  2. Электродты 2-3 мм қашықтықта ұстағанда нәзік тітіркендіру және қызару пайда болады.

  3. Бір нүктеге бағыттағанда күйдіру әсері байқалады.

Әрбір процедураның ұзақтығы 10-20 минуттан, 12-15 процедураны күніне немесе күн аралатып тағайындау керек.

Тоқтың физиологиялық әсерлері:



  • жүйке жүйесінің қозу процесін төмендетеді;

  • жергілікті ауырсынғандықты басады;

  • терінің сезгіштігін төмендетеді, көбірек әсер еткенде анестезия байқалады;

  • бастапқыда қан тамырларының өзегі тарылады, артынан ол кеңейіп, қан айналысы жақсарады, ұзақ уақыт қызару пайда болады, зат алмасу процесі жақсарады;

  • от ұшқындары ауаны иондайды, озон түзіледі де, тотығу-тотықсыздану процесі жақсарады;

  • организмге жылулық әсер етеді.

Дарсонваль тоғын ауру малды емдегенде дұрыс пайдалану үшін:

  • аурудың жағдайына байланысты тиісті электродты таңдап алады;

  • электродты орналастыратын жерді мұқият тазалайды;

  • Электродты жәйлап жылжыта отырып, одан шығатын от ұшқынының интенсивтігі арқылы, ең жақсы әсер ететін қашықтықты анықтайды;

  • Организмге жалпы әсер еткенде малдың торшаның неғұрлым ортасында тұруын қамтамасыз етеді.

Тоқпен емдеуді көпке дейін жазылмайтын созылмалы жараларды, жергілікті есекжем мен бөртпелерді, жүйке жүйесінің ауруларын; ал жалпы емдеу әдісін зат алмасуының бұзылуынан болатын ауруларды, шаншу құбылысымен сипатталатын аурулардың кейбір түрлерін емдеу үшін қолданады.

Залалды ісіктерді емдеуге және қан аққан жағдайларда қолдануға болмайды.


Диатермия – индукциялық жылулықпен емдеу. Организмнің ішкі тіндері мен ағзаларын жоғарғы жиіліктегі тоқ арқылы қыздыру.

Тоқтың жиілігі 0,5-1 млн. герц; күші 3 а; кернеуі – 200-250 в.

Айнымалы тоқ белгілі бір жиілікке дейін организмді тітіркендіреді. Себебі ондай жиіліктегі тоқ тіндердің иондық және коллоидты құрылыстарын бүлдіреді.

Жоғарғы жиіліктегі тоқта иондар, басқа да зарятталған бөлшектер бағытты қозғалысқа келіп үлгермейді, олар бір орында теңселіп қана тұрады. Сондықтан да тіндердің иондық құрылысы бұзылмайды, бөлшектердің кинетикалық энергиясы артады, жылу бөлінеді. Тітіркену болмайды.

Мұндай жағдайда падйа болтан энергия сырттан келмейді, ағзалар мен тіндердің өзінен бөлініп шығады. Оның мөлшері Джоуль-Ленц заңына байланысты.

Малдардың организміндегі тіндері бірыңғай емес. Олардың меншікті кедергілері мен қызуы әртүрлі болып келеді.

Диатермия тоғының физиологиялық әсері:


  1. Жылулық әсері. Жылу тіндердің өз ішінде түзіледі. 20-30 минутта ішкі ағзаларда температура 5-7º-қа дейін көтеріледі. Осымен байланысты жалпы организмнің де қызуы көтеріледі.

  2. Жоғарғы жиіліктегі тоқтың электр өрісі әсер етеді.

  3. Лимфа, қан тамырларының өзектері кеңейеді, организмдегі зат алмасу процесі жақсарады, ферменттердің әсері реттеледі, ақ қан түйіршіктері көбеіп, фагоцитоз жақсарады.

  4. Ауырсынғандықты басады, спазмалар болмайды.

  5. Ас қорыту жүйесінің ағзаларының тазалануын жылдамдатады.

  6. Жүрек пен қан атмырларының ритмі реттеледі.

Клиникалық тәжірибеде катодты қысқа толқынды диатермия тоғы кеңінен қолданылады. Ондай тоқ жоғарғы қуатты, организмге біркелкі әсер етеді. Оның қыздыру күші басқа тоқтарға қарағанда әлдеқайда жоғары.

Диатермия тоғының аппаратуралары: УДЛ-350, ДКВ-1, ДКВ-2. Бұл аппараттар жоғарғы жиіліктегі лампалы генератордан тұрады және электр көзіне арнайы дайындалған фильтр арқылы қосылады.

Процедураны жүргізу үшін алдымен элетродтарды орналастыратын жерлерді мұқият дайындайды. Теріні күйгізіп алмас үшін дене қуыстарын ватамен толтырады. Дозасын белсенді электродтың 1 см² көлеміне 5-10 ma мөлшерінде анықтайды. Малдың жағдайын үнемі қадағалап отыру керек.

Диатермия тоғын тахия қарыншақтың жарақатты қабынуын анықтау үшін қолданатын әдіс бар. Ол үшін 500 см² көлемді электродтарды тақия және кітапша қарыншақтардың тұсына малдың денесінің екі жағынан орналастырып барып тоқ жібереді. Егерде тақия қарыншақта металл бөгде заты болса, онда тоқтың күші 0,2-1,5 а болғанда мал 10-15 минутқа шыдамай ауырсынған, тынышсызданған күйге келеді. Ал сау малда 3 амперге дейінгі тоқ күші ешқандай реакция тудырмайды.

Диатермия тоғын ас қорыту жүйесінің созылмалы ауруларында; тыныс алу, зәр шығару, жүйке жүйелерінің ауруларында; шаншу құбылысымен сипатталатын ауруларда қолдануға болады.

Жедел іріңді процестерде, залалды ісіктерде, геморрагиялық диатез ауруларында қолдануға болмайды.

Малдәрігерлік тәжірибеде диатермия тоғының хирургиялық түрі жиі қолданылады. Ондай тоқ тіндерді құрғату (электродессикация) үшін, тіндерді кесіп бөлу (электротомия) үшін және сүйелдерді кесіп ыдырату (электрокоагуляция) үшін қолданылады.
Ультражоғарғы жиіліктегі (УЖЖ) тоқпен емдеу техникасы. Ауру малдардың организміне ультражоғарғы жиіліктегі тоқтың электромагниттік өрісімен әсер ету.

Тоқтың жиілігі 30-300 мгц; ұзындығы 10-1 µ. Ондай тоқты алу үшін стационарлық УЖЖ-300, ықшамды УЖЖ – 4 және УЖЖ – 66 аппараттары бар.

Емдеу процедурасын жүргізгенде аппараттың электродтары малдың денесіне тимейді, денемен арадағы ара қашықтығы 2 см-дей болады. Осындай жағдайда организмге толық электромагниттік өріс әсер етеді.

Процедураны жүргізі техникасы: алдымен электродты таңдап алып, оны аппаратқа бекітеді. Электромагниттік өрісті неон лампасы арқылы реттейді. Малды мүмкіншілігінше ағаш станокқа бекітеді де, тоқты қосады.

УЖЖ тоғының биологиялық әсері тоқтың жиілігіне және кернеуіне, дене мен электродтың ара қашықтығына, әсер ету көлеміне және ұзақтығына, малдардың жеке ерекшеліктеріне байланысты болады.

УЖЖ тоғының таңдамалы – селективті әсері бар. Әрбір тіннің, әрбір заттың өзіне тән диэлектриктік тұрақтылығы болады. УЖЖ тоғының өткізгіштігі тіндердің сол көрсеткіштеріне тура пропорционал болады. Сондықтан, тіндердің УЖЖ тоғын өткізгіштігі төменгі формуламен анықталады:

2δ = V x E, ондағы δ – тіндердің өткізгіштігі, V – толықсу жиілігі, E – диэлектриктік тұрақтылық.

Мысалы, осы заңға сәйкес, судың ішіндегі май су қайнамай тұрып одан бұрын қайнайды. Мұздың ішіне орналастырылған жұмыртқаның белогі мұз ерімей тұрып ұйып қалады.

УЖЖ тоғы сүйек пен буын аппараттарының ауруларында жиі қолданылады.

Жүрек пен қан тамырларының қызметтеріне әртүрлі әсер етеді: аз уақыт әсер еткенде жүректің соғысы бәсеңдейді, ал көбірек әсер еткенде – жиілейді. Жылулықтың әсерінен қан тамырларының өзегі кеңейеді.

Қан элементері, ондағы қант, альбуминдер көбейеді.

Иммунитет, бактериялар мен уларға әсері:



  • қояндардың қандарында агглютиндер көбейеді;

  • улы заттар усызданады, улылығы әлсірейді;

  • әлсіз әсер еткенде микробтардың өсуіне жақсы жағдай туындайды, күштірек әсер еткенде керісінше.

  • Үлкен дозамен әсер еткенде лабораториялық жануарларды, микробтар мен паразиттерді, уақ саңырауқұлақтарды өлтіреді.

УЖЖ тоғының осындай әсері өндірісте ағаштарды, тағамдарды тазарту үшін кеңінен қолданылады. Сондықтан-да ультрақысқа толқынды тоқтар көрінбейтін өлім сәулесі деп текке аталмаған.

УЖЖ тоғы қабыну процесінің жазылуына оң әсер етеді. Қан мен лимфа, фагоцитоз жақсарады. Жарақаттанған жер тез жазылады. Жабық іріңді процестерді ашу үшін қолданылады.

УЖЖ тоғы мен диатермия тоғының арасында айырмашылық бар: олардың толқу ұзындықтары әртүрлі, диатермиядағы сіңірілетін энергия эндогенді энергия, тіндердің меншікті кедергісіне байланысты. УЖЖ тоғы тіндердің меншікті кедергісіне байланысты емес. Ол тоқ өзінің бағытындағы барлық қабаттарға бірдей әсер етеді. Ешқандай заңдылыққа бағынбайды. Электрод денеден белгілі бір қашықтықта орналастырылады.

УЖЖ тоғын диатермиятоғымен емдеуге болатын барлық ауруларда қолдануға болады. Бірақ ол тоқтың ерекше көрсеткіштері бар:



  • жедел іріңдеген сыздауық, шихан, жараларды емдеуге болады;

  • күйіктерде, үсікте қолданылады;

  • бас сүйек қуыстарының, қан тамырларының ауруларында қолданылады;

Қолдануға болмайтын жағдайлар:

  • таз қарын, іш қуысы, жүрек қабы темір заттарымен жарақаттанғанда;

  • залалды ісіктерде;

  • геморрагиялық диатезде; орны толмайтын жүрек ақауларында;

  • бас ми, өкпе ісігіктерінде, сепсисте.


Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Ќазаќстан республикасыныњ білім жєне ѓылым министірлігі
umkd -> Ќазаќстан Республикасы Білім жєне ѓылым министрлігі
umkd -> Бағдарламасы «Мектептегі атыс дайындығы»
umkd -> Семей мемлекеттік педагогикалыќ институты
umkd -> «Кәсіптік қазақ тілі» ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Ќазаќстан республикасыныѕ білім жјне єылым министірлігі
umkd -> Ќазаќстан республикасы
umkd -> «Инженерлік-технологиялыќ факультеттіњ»
umkd -> Ќазаќстан республикасыныњ білім жєне ѓылым министрлігі
umkd -> «Таңдап алған спорт түрінің техникалық, тактикалық және дене дайындығы» пәні бойынша


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет