Павлодар облысы Екібастұз қаласында ер кісі жедел жәрдем келгенше әйелін өзі босандырып алған. Ал жедел жәрдем қызметі ер адамға телефон арқылы кеңес берген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: pixabay.com

Аталған жағдай 28 қаңтарға қараған түні болған. Қазір сәби мен ананың жағдайы қалыпты. Медициналық бригада толғатып жатқан әйелге жеткенше, күйеуі жедел жәрдем қызметі берген нұслаулықты ретімен орындап, әйелін босандырып алған. Келіншек жүктіліктің 41-аптасында босанған. 

"103 пультіне жүкті әйелдің аяқ астынан толғағы басталғаны туралы хабарлама түсті. Біздің бригада жеделділіктің бірінші санаты бойынша шұғыл жіберілді. Олар көрсетілген мекенжайға 9 минутта жетті. Дейтұрғанмен осы уақыт ішінде жедел жәрдем диспетчері келіншектің жұбайына босандырудың барлық тәсілін телефон арқылы түсіндіріп отырған. Ер адам еш асып-саспастан оның нұсқауларын орындап, әйелін аман-есен босандырып алды. Қазір дүниеге келген ер бала мен оның анасының денсаулығы қалыпты. Олар перзентханаға жатқызылды", — делінген хабарламада. 

  • Атырауда әйелін өзі босандырып алған азамат жедел жәрдемнің жұмысына наразы
  • "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы бойынша қаржы 1 ақпаннан кешікпей аударылады: Оны қалай тексеруге болады

Облыстық жедел жәрдем стансасы басшысының орынбасары Ольга Вербоваяның айтуынша, босандыру шараларын 103 қызметінің кез келген қызметкері жүзеге асыра алады. Былтыр неонатология бойынша 100 қызметкер біліктілігін арттырған.

Сондай-ақ былтыр павлодарлық жедел жәрдем қызметкерлері 22 әйелді үйде босандырған. Ал биыл жыл басынан үйде толғатып жатқан 6 әйелге шақырту түскен. Көп жағдайда "қоңырауды ұстап тұру" әдісі, яғни 103 диспетчерінің ақыл-кеңесі пайдаланылған.

Айта кетейік, бұған дейін Атырауда ер адам жедел жәрдем келгенше әйелін босандырып алғаны туралы жазған едік. 


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.