Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы гимназия директоры Гүлжайнар Нұрманова ақтөбелік журналистер Асқар Ақтілеу мен Ардақ Ерубаеваның үстінен “жала жапты” деп арызданған. 9 қаңтарда Ақтөбе қаласының әкімшілік соты Tilshinews.kz (Tilshi.kz) сайтының редакторы Ақтілеудің үстінен қозғалған істі қарады. Stan.kz тілшісі айыпталған журналистермен байланысып, оқиғаның ақ-қарасын біліп көрді. 

Журналист Асқар Ақтілеудің үстінен әкімшілік кодекстегі "Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекомуникация желілерін пайдалана отырып жала жабу" бабымен іс қозғалған. Бұл айып бойынша жаза жеке тұлғаға 180 АЕК (551 340 теңге) айыппұл салуға немесе 20 тәулік әкімшілік қамаққа алуға алып келеді. Журналисті сотқа тартуға оның әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жарияланған жазбалар әсер еткен.

Журналистің облыс әкімі Асхат Шахаровпен Ырғыз ауданына сапары барысында гимназияның еден жуушысы Мөлдір Ғапиз оқу орнындағы мәселелерді көтерген. Асқар Ақтілеудің айтуынша, араға шамамен бір ай уақыт салып, кіші қызметкер Мөлдір Ғапиз жұмыстан шығып қалғанын айтып хабарласқан. Журналист осы ақпаратты желіде таратты, көптеген ақпарат құралдары да Ақтілеудің ақпаратына сүйеніп, бұл туралы жазған. Кейін Ғапизді қызметіне қайта алды.

Алайда гимназия басшылығы бұл сөзді жоққа шығарып, Мөлдір Ғапиздің еңбек заңнамасын бұзғаны үшін шығарылғанын айтады. 

“Асқар Ақтілеу мектептің кіші қызметкері Мөлдір Ғапиздің жұмыстан қуылуын Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Ырғызға барғанда мектептің мәселесін баяндауымен байланыстырған. Ал шын мәнінде еден жуушы еңбек заңдылығын бұзды. 2023 жылы 13-14 қарашада жұмысқа келмеді. Сол себепті 22 қарашада жұмыстан шығарылды. Асқар Ақтілеу мен Ардақ Ерубаева маған жала жауып, абыройымды көпшіліктің алдында түсіріп, жалған ақпараттарды халыққа таратып отыр, – дейді директор.

Журналист өзіне тағылған айыппен келіспейді. Сөзінше, облыс әкіміне мектеп проблемасын айтып, жұмыстан қуылған әйел журналистен көмек сұраған. Журналист болған жайтты Instagram парақшасында жариялап, құзырлы мекемелерді белгілеген.

“Мөлдір Ғапиз әкім алдында проблемаларды айтқанында әйел осы үшін қудаланып кетпесе екен деп жаздым. Кейін шығып кеткенін айтты. Дауға журналистер араласқаннан кейін ол қайтадан жұмысқа алынды. Бірақ жұмысқа алынса да, қысым жалғасып жатқанын айтты. Біресе, басқа еден жуушылардан бөлек отырғызған, біресе бөлмесін тартып алған. Мен ешкімге жала жапқан жоқпын. Еден жуушы тазалыққа қажетті жабдықтарды өз ақшасына алатынын, мектеп дәретханасында су жоқ дегенін естідім, – дейді айыпталушы. 

Ол 15 жылдық тәжірибесі бар журналист ретінде барлық ақпаратты сараптап салғанына сенімді. Сонымен қатар арызданушылардан нақты қай сөзде немесе қалай жала жабылғанын көрсетуді сұрайды. Директор Ардақ Ерубаеваның да үстінен шағымданған. Бірақ ол жазбасын бір ғана директорға меңзеп емес, жалпы шенеуніктерге бағыттағанын айтып, шағымды негізсіз деп тануды сұраған екен.

Асқар Ақтілеу өзіне қатысты іс алдын ала хабарланбағандықтан, сотқа дайындалып, адвокаттарға жүгіне алмағанын айтады.

“№1 Ақтөбе полиция бөлімі әкімшілік хаттаманы 8 қаңтар 20:46-да толтырды да, соттың 9 қаңтар сағат 11:00-де болатынын хабарлады. Сотқа дайындалуға мүмкіндік болмай, дәлел жинап, заңгерлермен ақылдасуға үлгермедім. Бірінші отырысқа жалғыз қатыстым”, – дейді ол.

Оқиға резонанс тудырғаннан кейін журналиске құқықтық медиа орталық көмекке келген. Одан бөлек “Әділ сөз”, “Интерньюс”, т.б. ұйымдар адвокат тауып береміз деп қолдау ұсыныпты.

Істі қарап жатқан судья Гүлзира Ақмолдина хабар таратуға келген журналистерді залға кіргізгісі келмепті. Кейін тараптарды тыңдап, соттың 15 қаңтар жалғасатынын хабарлады.

Соттың баспасөз қызметі Stan.kz тілшісіне бір журналистке ғана қатысты іс сотқа түскенін мәлімдеді.

“Ерубаваеға қатысты іс сотқа түскен жоқ. Ақтілеуге қатысты іс қаралуда, ресми ақпарат іс аяқталған соң жарияланады”, – деп мәлімдеді баспасөз хатшысы.

Еске салсақ, Ақтөбеде әкімге мектеп дәретханасында су жоқ екенін жасырмай айтқан еден жуушыны жұмыстан шығарып жібергені хабарланған еді.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.