Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев және  өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин құрылыс саласын техникалық қадағалайтындарға қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Бүгін мәжілісте жаңа Құрылыс кодексінің жобасын таныстыру барысында депутат қазір заңнамада құрылысқа тапсырыс берушінің қылмыстық жауапкершілігі қарастырылғанын, ал техникалық қадағалау тек айыппұлмен ғана құтылатынын және іс бойынша куәгер болып шығатынын айтты.

"Қылмыстық кодекске олардың да жауапкершілігін күшейтуді ұсынамын", – деді Мұрат Ергешбаев.

Өз кезегінде өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин депутаттың ұсынысын қолдайтынын және аталған жауапкершілікті күшейту керек екенін айтты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, құрылыс саласындағы рұқсат құжаттарына ревизия жасалады.

Сонымен қатар парламент мәжілісінде жаңа Құрылыс кодексінің жобасын таныстыру кезінде өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин алаяқ құрылыс компанияларымен күрес тәсілдері туралы айтты.

"Лицензиаттардың бірыңғай цифрлық тізілімін енгізу – барлық берілген рұқсатнаманың тиісті талаптарға сәйкес келуіне қатысты ревизия жасауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде нарықты өз қызметіне адал қарамайтын компаниялардан тазартуға ықпал етеді", – деді Т.Қарағойшин.

  • Электр сымдарын кәрізбен бірге тартқан: Алматыда тұрғындар шағын аудандағы құрылысқа шағымданды

  • Астанада сегіз құрылыс компаниясы лицензиясынан айырылды

 

Оның айтуынша, тізілімде нақты субъекті туралы ақпарат, яғни тәжірибесі мен құзыреті, материалдық ресурстары, салалық сарапшылардың болуы және басқа да мәліметтер қамтылады.

"Бұл тұрғыда құрылыс нарығында субъектілердің ашық бәсекелестігін қамтамасыз етуге және сарапшылардың құзыретін арттыруға мүмкіндік береді", – деді вице-министр.

Заң жобасын таныстырған өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин "құрылыс" кәсіпорындары тиісті жұмыс істемегені үшін жауап береді деп баса айтты.

"E-Qurylys жүйесінде техникалық қадағалау кезінде салғырттық болса, қалай да жауапқа тартылады. Ал қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін жұмыс тобы да қолдап отыр", – деді вице министр.

Айта кетейік, жаңа құрылыс кодексінде келесідей көрсетілген:
•    жедел әрекет ету, бұл құрылыс саласындағы ықтимал бұзушылықтарды анықтауға және алдын алуға жедел әрекет етуден тұратын бақылаудың жаңа түрі;
•    жоспарлы инспекциялау тетігі және ГАСК және ТЖ органдарының объектілерді пайдалануға қабылдауға қатысуы;
•    барлық берілген рұқсатқа тексеру жүргізу.
•    сонымен қатар ұлттық заңнаманың ерекшеліктерін ескере отырып, Еуроодақ тәжірибесіне ұқсас құрылыс саласының инженерлерін сертификаттауды енгізу жоспарланып отыр. 

Сертификаттау функциясы бәсекелестік ортаға беріледі.

Еске салайық, 2024 жылдың 7 ақпан күні мемлекет басшысы құрылыс саласына ауқымды өзгеріс қажет екенін айтып, құрылыс кодексін қайта қарап, жетілдіруді тапсырған еді. 


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.