Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі


Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің тәрбиелік негіздері



жүктеу 1.1 Mb.
бет2/6
Дата13.09.2017
өлшемі1.1 Mb.
1   2   3   4   5   6

2 Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің тәрбиелік негіздері
Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Елімізге бойынаата-бабамыздың ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті дарыған, егеменді елімізге аянбай қызмет ететін, ой-өрісі кең, алғыр да жүректі, сауатты да салауатты азаматтар қажет», – деп атап көрсеткені белгілі.

Ол азаматтар – бүгінгі мектепте білім алып жатқан оқушылар десек, олардың жан-дүниесінің еліне деген сүйіспеншілікке толы, ой-өрісі кең болуы әдебиет сабағына, оның ішінде тәуелсіздікті жыр еткен әдебиетті оқытумен тікелей байланысты.

Қазіргі мектептерде қазақ әдебиетін оқытудың мақсатына айналған ерекше парыз – тәуелсіз елде дүниеге келіп, тәуелсіздіктің саф ауасымен еркін тыныстап өсіп келе жатқан, болашағын осы тәуелсіз елдің болашағымен тығыз байланыстарған өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік қазынасын тәрбиелеп қалыптастыру.

Бүгінгі күні мейірімділік, мейірбандылық, патриоттық, қайтарымын күтпейтін жақсылықтар жасау деген асыл қасиеттер адам бойынан көп табыла бермей, оларды өзінің өзінің өмірлік мақсатына айналдырған адамдардың қоғамда «қызық адам екен» дейтін категорияға түсіріліп жатқаны айқын проблема.

Бірақ дәл осы айтылған мәселенің шешілуі немесе күрмеле түсуін шешім ету – барлық елдің болашағының қандай болатынынан да айқын хабар береді.Оқушыларға әдебиетті оқыту барысында рухани-адамгершілік тәрие беру туралы айтардың алдында «мұғалімнің тұлғасы» туралы мәселе жайы да маңызды болып табылады. Мұғалім өзінің болмысымен оқушыларға өзі үйрететін тәрбиелік құндылықтардың иегері болуы керек.

Әдебиет мұғалімінің интеллектуалдық деңгейі тек әдеби туындылармен қазақ тілін білуден ғана емес, қазақ халқының тарихын, мәдениетін, «тәуелсіздік» деп ғасырлар бойы аңсап, соның жолында күрескен тұлғалар туралы білімдік ақпараты мол болуы керек.

Осындай мұғалім ғана «Тәуелсіз Қазақстан әдебиеті» жөнінде білім беріп, оқушыларды адамгершілік отансүйгіштік, патриоттық, сүйіспеншілік деген киелі тәрбие тұмаларынан нәрлендіре алады. Бірақ тек сабақтың барысында тәрбиелік мақсаттарға қол жеткізе алу қиын екендігі де белгілі. Сондықтан әдебиетші мұғалім «Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті» тақырыбында факультативтік сабақтар жүргізіп, үйірме құруы керек болады.

Осындай жан-жақты жұмыстардың бір арнада жүйелі жоспармен жүргізілуі арқылы оқушылардың өзінің туған тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне, тарихына дүниетанымдық көзқарасы қалыптастырылып, жан-дүниесінің қай иірімінен болса да, адамгершіліктің сәулесі табылатындай етіп тәрбиелеуге болады.

«Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті» саласының өте жақсы деңгейде оқытылуы арқылы оқушылардың жаңа, ерекше, болашаққа жол тауып беретін мәдени аяны қалыптастыратынын әдебиетші мұғалім әрдайым есінде тұтқаны дұрыс.

«Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінің» өкілдері кімдер? Олардың көркем шығармаларының өзегі нені ту етеді?

Олардың мазмұнында неден арылып, нені қасиет етіп бойымызға сіңіруіміз керек? Тәуелсіздікті жырлаға көркем шығармалардың кейіпкерінің асыл қасиеттері қандай?

Жас құрақ өкілдер оларды оқыған кезде нені үйрене, неден жирене алады?

Тәуелсіздік орнағанша құндылық болған әдеби қазынамыздан қайсысы қазіргі заманның емес, өткен тарихтың еншісінде қалып қойды?

Әдебиетші мұғалімнің санасындағы өзіндік болмысын танытатын дүниетанымдық көзқарастары оның тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті туындыларын оқытуға кедергі келтірмей ме деген сауал туындайды.

Өйткені кеңес дәуіріндегі коммунистік ұранның қазіргі «Алла, Адам, Иман, Ұлтым, Халқым, Қазағым, Атамекенім, Ата-бабам» деп жырланатын ұғымдармен бітіспес алшақтығы айқын емес пе?

Неліктен қаламгерлер тарихи тұлғаларды көптеп жазып, қазіргі қазақстандық азаматтың бейнесі әдеби жанрларда неліктен аз суреттеледі? Жас ақындар мен жас жазушылардың «жастық шағы» әлі неше жасқа дейін ұзаруы мүмкін? Әдебиетіміздің көрнекті өкілдерінің шоғырлы жұлдыздары қашан танымал болады?

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқытудың тәрбиелік негіздері осындай сандаған сұрақтардың шешімін анықтауы керек. Ең алдымен, әдебиетті оқыту барысында «субъект–субъектілік» қарым-қатынастың басты дидактикалық талап болуын назарда ұстау керек.

Қазақ әдебиетінің «Тәуелсіздік жылдарындағы әдебиет» деген маңызды тарауы 1991 жылдан бері әлі де бір арнаға тоғыстырмай, сала-саласымен даму барысы туралы жүйелі зерттеген еңбектер көбеймей, оны оқыту әдістемесінің мүлде дерлік қолға алынбай келе жатқандығы – ойландыратын мәселе.

Әдебиет – өнер болғандықтан, диалогтік әдіс негізгі орында болатыны белгілі. Бір көркем шығармаға түрлі көзқарастың болуын мүмкін ететін және өзіндік таным тұғырын қалыптастыруды міндет ететін диалог әдісі қазіргі әдебиет сабақтарының басты әдістерінің бірі болуы тиіс.

Оқушының рухани-адамгершілік тәрбиесін жалпыадамзаттық, тәуелсіз қазақстандық, ерікті жеке тұлғалық бағытта қалыптастырып дамыту үшін осы мақсатқа лайық іріктелініп сұрыпталған білім мазмұнын меңгерту барысы әдебиет сабағының тәрбиелік барлық әлеуетін потенциалын танытады.

Қазақ халқының тарихында кеңестік және одан бұрынғы ресейлік патшалық отаршылдық саясаттың қазақтың ұлттық, тарихи, патриоттық санасын, адамгершілік туралы құндылықтарын тұмандатып, бүркемелеп, мемлекеттік деңгейдегі болмысының дұрыс қалыптаспауына барын салып баққаны белгілі.Ұлттық құндылықтарымыздың белі бүгілсе де, тізе бүкпегенін 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ жастарының намысы мен ерліктері айқын көрсеткені белгілі. Оны қазақ әдебиетінің ұлттық сананы қалыптастырып, тәрбиелеудегі қуаттылығы деп түсіну керек.

Қазақ әдебиетінің тәрбиелік әлеуетінде болашақ Қазақстанның іргетасын сенімді қалыптастыратын тілдік-идеялық қуат болуы міндетті болып табылады. Сондай сенімді іргетас ретінде партиоттық тәрбие, Отанды сүю, жеке бастың қамын емес, ең алдымен елдің амандығын, тұтастығын ойлауға тәрбиелеу алынады.

Қазақстан Республикасының көпұлтты болмысын біртұтас елдік болмысқа айналдыруға қазақ әдебиеті мүдделі, ол құндылықтарды тек қазақ мектебінде ғана емес, қазақ әдебиетін оқытатын қазақстандық барлық мектептерде меңгертуге мұғалімдер мен әдіскерлер өздерінің ғылыми және әдістемелік, тәрбиеші ретіндегі күш-қуатын жұмсауы тиіс.

Әдебиетті оқыту барысында оқушыларды экологиялық тәрбиелеу. Біздің қоғамымызда да дүние жүзінде болып жатқан қоғамдық-әлеуметтік үдерістер бел алып отыр. Оның ішінде, атап айтқанда, адамдардың өзін қоршаған ортаға, өзінің ана тіліне, өзінің рухани-адамгершілік дүниесіне салғырттықпен қарау, оларды сақтау мен қорғау туралы білімі мен біліктерінің жеткіліксіздігі күннен-күнге өсіп келеді.

Осымен байланысты, экологиялық тәрбиенің қоршаған ортаның экологиясы, ана тілінің экологиясы, адамның рухани-адамгершілік жан-дүниесінің экологиясы деген мәселелері әдебиетті оқытумен, әсіресе, байланысты болуы керек.

Эстетикалық тәрбиелеу мәселелері.Оқушыларды эстетикалық тәрбиелеу – оларды шындық болмысқа деген эстетикалық қарым-қатынасты, көзқарасты мақсатты түрде қалыптастыру жүйесі екендігі белгілі.

Әдебиетті оқыту барысында оқушыларды эстетикалық тәрбиелеудің өзегі – оқушының жеке тұлғасы және оның табиғи туа бітті болмысындағы қабілеттер мен шығармашылық әлеуеттердің жүзеге асырылуына арналған тәрбие жұмыстар жүйесі.

Әдебиет – өнердің бір түрі ретінде оқушының жеке тұлғасын эстетикалық тәрбиелудің қуатты құралы болып табылады. Әдеби шығармалар оқушыға тек білім мазмұнын меңгертіп қана қоймайды, сонымен бірге оқушының сол эстетикалық әлемде өзінің ой-пікірін, танымын, талғамын жүзеге асыратын қабілеттер мен білік-дағдыларды қалыптастырып, дамытуға арналады.

Әдеби шығармалар оқушының сұлулыққа, мейірімділік пен адамгершілікке, әділдікке деген ұмтылысы, құштарлығын нақты әдеби шығармадағы өмірлікке жақын келетін суреттемелерді меңгерту арқылы оятады.

Тәуелсіз еліміздегі ұлттық құндылықтар мен салт-сананың қайта жаңғыруы барысында әдебиеттің аса қуатты рухани байытқыш мүмкіндігін қолдан шығарып алмай, мұғалім барынша мол-мол етіп пайдалана алуы керек.

Ақын-жазушыларымыздың еркін елде шығармашылықпен жазылған әдеби шығармаларының өз оқырманына, оның ішінде жасөсіпірімдерге беретін тәрбиелік күші көркем туындының әр сөйлемінен, әрбір сөзі мен сөз тіркесінен көрініп тұратыны анық.

Мұғалім өз оқушыларын сол биік пафосты сезімді тани білуге, қазақ тіл мәдениетінің тамаша маржандарын тани және қолдануға баулуы керек.

Прозалық шығарманың тәрбиелік әлеуетін танытуда көркем туындының тақырыбын, идеясы мен ондағы негізгі проблеманы айқындап алудың маңызы зор.

Оқушыларды тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген прозалық шығармаларды саналылықпен талдап оқуға дағдыландыру үшін, оқушылардың «тәуелсіздік» идеясын қастерлі де аса қасиетті ұғым екендігін түсініп, осы түсінікпен өмір сүруге қалыптастыру үшін және оларға көркем мәтінді талдау білік-дағдыларын меңгеруі үшін мұғалім көп жұмыс жасауы тиіс. Олардың ішінде мынадай маңызды амал-тәсілдерді атап көрсету керек.

Біріншіден, оқушыларға көркем мәтінді талдау үшін аса керекті құрал және тірек білім болып табылатын әдебиеттану теориясынан, терминдерден толыққанды мағлұмат беру керек.

Екіншіден, осы тірек білімдерін көркем мәтінді талдау барысында қолдану тәсілдерін үйрету керек.

Үшіншіден,оқушыларға көркем прозалық мәтінді өз бетімен талдау жолдарын байыппен меңгерту керек.

Төртіншіден, сабақ үстінде сыныптағы оқушылардың жеке басының дамуы мен психологиялық ерекшеліктерін аса мән бере отырып көркем мәтінді талдау тапсырмаларын орындату керек.

Р. Отарбаевтың «Біздің ауылдың амазонкалары» атты жинағына енген (2012 ж.) «Мона Лиза» әңгімесі бойынша мұғалім ерекше интеграциялық сабақ та өткізе алады, болмаса арнайы тәрбие сағатын да өткізе алады.

«Аяғымды аттап баса алмай қалдым. Бойымды бір беймәлім сезім билеп: «Кездестік-ау, ақыры»,- дедім. Өтіп кеткен өкпе де, өшіп қоламтасы қалған өкініш те осы екі ауыз сөзге сыйып жатты.

Сонда да оның көзіне қарағым келген. Тіпті де мүмкін емес. Бұл фәниден түңілген сынды. Мен де торыққам.

Күз лебі келді. Теңіз самалы боп жеткен. Жапырақ жауа қоймаған шақ.

  • Келіңіз, фотоға түсейік.

  • Өмірлік естелік!

  • Полковник, сізді де кезінде суретпен әуестенген деп естідік.

Жүрегім шанышты. Алаңға ағылған қалың тобырға қарағым келмеді. Теріс айналдым. Леонардо да Винчидің мүсіні алыстап бара жатты. Санта Мария көшесіне жеткенде алқындым. Жанымның бір жіңішке жібі дірілдеп барып үзіліп кетті білем. Тәлтіректеп, қалт-құлт басып келіп отырдым.

  • Сеньор, көмек керек пе? – деген сөздер ауаға сіңіп жатты. Алыстан бұлдырап Мона Лиза бейнесі елес берді. Әдемі келбеті, төгілген қолаң шашы,қоңырқай көзі ... Баяғыдай құпия жымияды» (169 бет).

Бұл әңгімені интеграциялық әдісті қолдана отырып өткізетін болса, Леонардо да Винчидің «Джоконда немесе Мона Лиза» деген атақты картинасының көшірмесін алып келіп, оқушыларға суреттің тарихы туралы айтып беретін болса, Р.Отарбаевтың осы әңгімесінің танымдық, тәрбиелік,эстетикалық әлеуеті танылады.

Поэзиялық шығармалардың қайсысының да болса тәрбиелік әлеуеті мол екені белгілі. Қазақтың «Өнер алды – қызыл тіл» деген қағидасына сүйенетін болсақ, Абайдың «Өлеңге әркімнің де бар таласы» дегені рас болса, онда оқушылардың барлығы дерлік Тәуелсіз Қазақстанның поэзиясын оқып-білуге деген үлкен құштарлықпен ұмтылатыны анық.

Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген қазақ ақындарының жырлары – оқушылардың патриоттық, адамгершілік, отаншылдық сезімдерін дамытып, эстетикалық талғамын ұштай түсуге әлеуеті зор деп айта аламыз. Атап айтканда,К.Ахметованың «Тәуелсіздік сөзі», Ә.Дастанұлының «Мың сөз», О.Асқардың «Тәуелсіздік тартулары», Б.Айболатұлының «Көзмоншақ», Р.Есдәулеттің «Бөрінама», Н.Бердалының «Жаңбырлы түн» т.б. туындылардың тәрбиелік әлеуеті зор.

Ыбыраев Маралтай ақынның «Ай» атты өлеңінің талдау үлгісін көрсетейік.
«АЙ»
Түпсіз дүние, түбің толса, мен ертең,

Келмес жаққа жан сәулесін жөнелтем.

Ай толғанда күрсініп қап көкірек,

Сүрінгенде күрең түсті көлеңкем.
Мен – тірі жан, ол – тірі жан – тәні гүл,

Табсып ек, сәтсіз болды бәрібір.

Өз басымдай көруші ем ғой мен оны,

Көз жасымдай тамып кеткен сары нұр.
Мен сезбеген ішінде бір күнә қап,

Мазаңды алса пәк махаббат кіналап,

Басымдағы айға тигіз ерніңді,

Көктегі Айға мінажат қып, мінажат!..
Түн ортасы. Түннің түріп түндігін,

Жұлдыз ақты.. Анау жұлдыз кімдікі...

Түптің-түбі – біз жолығар нүктеміз,

Көктегі Ай мен жерлегі Айдың кіндігі.
Маралтайдың өлеңіндегі керемет сезім – оның лирикасының қуаттылығын танытады. Сөздердің үйлесіммен тіркесімі, сөйлемдері – ана тіліміздің адамға қанат бітіріп, ой-сезімін шарықтататын мүмкіндігін таныта түседі. «Көктегі Ай» мен «жердегі Айдың» үндесуін тілеген ақынның арманы – оқырманның тыңнан табатын жаңашыл бейнесі.

Бұл ретте Мұқағали ақынның «Жапырақ жүрек жас қайың» өлеңімен үндес шабыт пен буырқанған сезімнің мұңайған әдемі келбетін танытады.

Драмалық шығармалардың тәрбиелік қуатын меңгерту үшінмұғалім, міндетті түрде, театрмен байланысын, мектептегі драмалық үйірменің жұмысын күшейтуі керек болады. Өйткені, тек драмалық шығарманың мәтінін мұалімнің оқып беруі немесе оқушының өз бетімен танысып оқып қоюы- драмалық шығарманың адамның жан-дүниесін байыту құралы ретіндегі қызметін сенімді атқара алмайды.

Драмалық шығарма – театрмен тығыз байланысты бола отырып, сол күші арқылы оқырманын, көрерменін ерекше әсерге бөлейтін жанр.

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ драматургиясының даму қарқыны мен жай-күйі туралы жоғарыда айтылып кетті. Бұл ретте Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Н.Оразалиннің: «Театр өнері арқылы Республикамызды бүкіл әлем таныған ел дәрежесіне көтеріп, бүгінгі заманға сай өркендеуімізге толық мүмкіндік бар. Бұл іргелі міндеттің жүзеге асуына қаламгер-драматургтеріміз де өз үлестерін қосып келеді. Болашақта да қоса бермек. Қосуға тиіс. Өйткені, театр өнерінің қайнар көзі мен арқауы – ұлттық драматургия», – деген пікірін келтіру орынды болмақ.

Қазақ қыздарының өр әрі еркін бейнесі – тек ауыз әдебиеті мен поэзия, прозаның ғана емес, драматургияның да өзекті тақырыбы. Қазақтың батыр қыздары дегенде, әрққайсымыздың көз алдымызға бірден Әлия мен Мәншүк келетіні белгілі.

Негізінде, қазақ қыздарының батырлық жолы Томирис – Тұмар анамыздан бастау алатыны белгілі. Тәуелсіздік алған Қазақстанның драматургиясында тарихи бейнелер мол-мол сруттеле бастаса, соның бір шырайын шығарған туынды – Шахмардан Құсайыновтың «Томирис» драмасы.

Бұл пьеса – Томирис анамыздың өмір сүрген б.э.д 503 жылдардағы ата-бабамыздың атамекенді қалай сүйгенін, қалай қорғағанын, қалай сақтағанын суреттеген биік парасатқа жетелейтін көркем туынды. Томирис туралы Геродот жазбаларынан жеткен мәлімет парсының елдерді бағындыруға бет алған Кир патшаның қан аңсаған басын қанға бөктіріп, «іздеп келгенің қан болса, қанып іш!» деп, дүниені сақ қызының әлемді дүр сілкіндірген қайратты ерлігі арқылы қайталанбайтын бейнесін танытады. Томиристің осындай ерлігі қазіргі қазақ қызының әрқайсысының бойынан табылатыны сөзсіз.

Мұғалім осы пьесамен таныстыру барысына қазақ қызы туралы ән, өлең-жыр, тарихи деректер, суреттерді тұтастыра отырып, Томиристің ерлігі – ұрпақтар санасында әлі де берік орын алып отырғанын түйсіктеріне жеткізе түсіндіргені дұрыс.

Қазақ үшін қыз – ұлттық намыстың бір белгісі. Қыздың пәктігі, өрлігі мен батырлығы – ұлттың болашағының мықты болуының сенімді тірегі. Осындай тәрбиелік маңызы үлкен «Томирис» пьесасына қоса оқушыларға өз бетімен Б.Жандарбековтың «Томирис», «Сақтар» дилогиясын оқуға ұсынуға болады.

Осы ретте ғаламтор арқылы М.Әуезов атындағы театрдың веб-сайтын интерактивтік тақтаға қосып, пьесаның мәтіні мен театрдағы «Томирис» спектаклінің қойылымын байланыстыра көрсетуді ұсынамыз. Тәрбиелік әлеуеті өте күшті Шахмардан Құсайыновтың «Томирис» спектакіленен үзінді келтіріп, Интернеттен көрсетуге болады.

«Біздің дәуірімізге дейінгі 5030 жылдар шамасында өсір сүрген, біздің арғы тегіміз сақтар туралы, біздің қазіргі өмір сүріп отырған жерімізді сол кездегі ең құдіретті қолбасшы парсы патшасы Кирдің шапқыншылығынан қорғап қалған, жалғыз ұлынан, күйеуінен айрылған сақ патшайымы – Томирис – Тұмархан – Шұғыла туралы сіз не білесіз, көрермен?» (1 сурет).

1 сурет


Исраил Сапарбайдың Қазақстан Республикасының Әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқовқа арналған «Сыған серенадасы» драмасы – тәуелсіздік еліміздің қазақ әдебиетінің алтын қазынасына қосылған маржан туындысы (2 сурет).

2 сурет



Бұл драманы оқыту барысында да мұғалім оқушыларды театрға алып баруына немесе веб-сайт арқылы театрмен интерактивтік байланыс жасауына мүмкіндіктер мол.

Қазақтың рухани дүниесі тарих шаңынан арылып, жаңа заманға өзінің қуатын беру үшін аршылып жатқанда, нарықтық экономика барлық әлемге билік құратын өзінің заңдарын да қазақ қоғамына ендете бастағаны белгілі.

Әлімжанұлы Еленнің «Тақталас» драмасы – қазақтың материалдық дүние мен рухани дүниенің арпалысына түсіп жатқан психологиялық болмысы керемет суреттелген туынды.

Осы пьесаның мазмұнындағы патриоттық сезімнің, өз ұлтының болашағы үшін алаңдаушылықтың, туған халқын бірлікке, бәтуаға шақыруының ерекше психологиялық портреттер арқылы берілуін оқушыларға талдап-танытып, спектакльге апарып, мектепте оқушылардың драмалық үйірмесін ұйымдастырып санасына жеткізу керек.

«Тақталас» пьесасының басталуының өзі – оқушылардың алға қойған болашақ мамандығының тек «креслоға-таққа» отырумен байланысты болмауын байқатады.
«І бөлім

Төрде бос орынтақ. Жауғабай кіреді. Ол орынтақты көріп тамашалап көріп жүр.

Жауғабай.Пай-пай-пай! Иесі жоқ кездің өзінде айбынды екен-ау бұл тақ дегенің! Тақ қой бұл, иә, тақ! Баяғыда атқа мінген қазақтың арқасы қозып, әруақтанып кетеді деуші еді. Бүгінде креслоға отырған қазақ қоқырайып шыға келеді.

Алдына кірген адамға емес, аспанға қарайды. Басынан көкірегі биіктеп кетеді. Биіктемей қайтсін. Не кием, не ішем демейді. Біздің де аштан өлетін халымыз жоқ, бірақ қанша тамағың тоқ, киімің көк болса да оның қызығы мансаптың қызуындай қайдан болсын. Орынтаққа қолы жеткеннің ақ дегені алғыс, қара дегін қарғыс...».

Пьесаның қазақ қоғамына жат, бірақ жаңа заманның өз талаптарының ішіндегі бастысына айналып бара жатқан «мансап» пен «тақыт», «бастық» деген ұғымдарды комедия жанрында күлдіре отырып күңірентетін күші бар екенін мұғалім талдап түсіндіріп береді.

Сонымен бірге пьесадағы авторлық қолданыстарға тілдік талдау жүргізіледі.

Драматургтің «тақ» пен «орындық» деген сөздерді біріктіріп, оқушыларға «орынтақ» деген сөзге талдау жасату арқылы ерекше қолданыс екендігіне көздерін жеткізу керек.

3 Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі
Қазақ әдебиетін оқыту үдерісінде оқушылардың ойлау және сөйлеу мәдениетін қалыптастыру – негізгі міндетболып саналады. Дұрыс ойлау және сөйлеуге үйретуде оқушылардың интеллектуалдық даму деңгейі, өзін-өзі ұстау тәртіптері, жан-дүниесіндегі мәнді болып саналатын рухани құндылықтары жетілдіруі аса маңызды.

Оқушының интеллектуалдық даму деңгейі оның өзін-өзі және басқа адамдарды тани білуі арқылы танылады. Адам баласы бір-бірімен алдымен, ТАНЫСАДЫ, сонан соң БІЛІСЕДІ, үшінші кезекте – ТАНИДЫ.Бұл – дүниені тану барысындағы теориялық ойлаудың қалыптасу үдерісі.

ТАНЫСУ сатысында оқушы заттың, құбылыстың сыртқы белгілерін танып-меңгереді.

БІЛІСУ сатысында оқушы заттың, не құбылыстың құраушы компоненттерінің өзара байланысы мен одан туындайтын қатынастарының түрін және мәнін танып-меңгереді.

ТАНУ сатысында оқушы алғашқы екі сатыдатанып-меңгерген заңдылықтары негізінде өзіндік ой-тұжырымдар құрап, жаңа зат немесе құбылыстарды танып, аша алатын қабілетін ашады.

Әдебиетті оқыту әдістемесінің маңызды тармағы оқушылардың әдеби шығармаларды оқуын ұйымдастырумен байланысты. Көркем шығарма мәтінін оқу , әрине, күрделі де көпқырлы үдеріс.

Мәтінді оқи отырып, оны тақырыбына, идеясына, мазмұндық көркемдігіне, композициясы мен сюжетіне талдау жасау – арнайы үйретуді қажет ететін біліктілік.

Ал қазіргі кездегі оқушылардың ақпараттық технологияның сан түрін күнбе-күн тікелей өмірлік қолданысында пайдаланып жүргендігін ескеретін болсақ, оқушыларды кітап оқуға отырғызудың өзі – соншалықты қиын мәселе екендігі таныла түседі.

Қазіргі оқушылардың көркем шығармаларды оқуға бет бұра алмай жүруінің, психологиялық тұрғыдан да, әдістемелік, тіпті әлеуметтік тұрғыдан да күрмелген проблемалары көп.

Олардың қатарында оқушылардың Ұлттық бірыңғай тестілеуге даярлану арқылы өзінің рухани дүниесін байытатын көркем шығармаларды оқуға толыққандылықпен бет бұруға уақытының шектеулігі; қазақ тілінде сөйлеу мәдениетінің төмендігі; кітап сатып алу немесе кітапхана жазылып кітап сияқты маңызды шаруаның екінші деңгейге түсіп қалғандығы; ата-ана тәрбиесінің қай тілде басым болып жатқандығы; болашақ өмірін қандай модельде құрып алуымен (Англияда оқимын, Америкада тұрғым келеді т.б.) байланысты мәселелер орын алып отыр.

Негізінде, оқушылардың оқырман ретінде тәрбиелеудің бірнеше кезеңі бары белгілі. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті шығармаларын оқытуда осы кезеңге бөлу ерекшелігін басты назарда тұтқан дұрыс. Кезеңдер:

  1. 5-6 сыныпта оқыту; бұл кезеңде оқушыларды көркем әдебиеттің сезімді, сезімталдықты тәрбиелеудегі ролі өте күшті; бұл жаста әдеби шығармалар мазмұны аса әсерлі болып қабылданады. Шығармашылықтан яғни автордан гөрі бұл жастағы оқушылардың ішкі сезімдері мен қабылдау әсерлеріне кейіпкер ықпал етуші басты рольге ие болады.

  2. 7-8 сыныпта оқыту; бұл кезеңдегі оқушылар, көп ретте, адамгершілік ұстанымдарын таразыға салып, өзіне, достарына, ата-анасына, ұстаздарына, тұтас қоғамға адамгершілік нормаларын қалай ұстап келе жатқандағы тұрғысынан сынай және ойлана қарайды; өзіндік санасы өсіп қалыптаса бастаған осы жастағы оқушының талғамына лайық қазақ әдебиетінің жаңа буынын сұрыптау – маңызды дидактикалық шешім болып табылады; осы жастағы оқушылар репродуктивтік қабылдаудан аналитикалық талдауға көше бастайды.

  3. 9-11 сыныпта оқыту; бұл жастағы оқушыларда кез келген құбылыстың, оқиғаның нәрсенің СЕБЕБІ мен САЛДАРЫН білуге деген ұмтылысы және құлшынысы өседі; әдеби шығарманың өнер туындысы ретіндегі қасиеті мен қадірін авторымен, ұлтымен, қоғаммен тарихи және эстетикалық тұрғыдан байланыстыра түсінуге талпынады. Осы жастағы оқушы өзінің оқырмандық талаптарын жүйеге түсіріп, «жақсы» мен «жаманды» айыратындай дәрежеге әбден жетеді.

Міне, осындай сипаттамаға сүйене отырып, мұғалім оқушыларға әдеби шығармаларды меңгерту үдерісін ұйымдастырады.

Әдебиетті оқытуда мәнерлеп оқытуға көп мән бере қарау керек.

Мәнерлеп оқу – әдебиетті талдаудың негізі, бастау көзі болып табылады. Әрбір әдеби шығарманы оқып-меңгерудің басы көркем мәтінді мәнерлеп оқудан басталады.

Мәнерлеп оқу – әдеби талдаудың ешқайсысымен алмастырымайтын ерекше қабылдау үдерісі болып табылады. Әр буында, әр сөзде, сөз тіркесінде, әрбір сөйлемде орныққан интонация сол сөзді айтып тұрған кейіпкердің жан-дүниесін мәнерлеп оқып тұрған оқушыға бірден ұғындыратыны сөзсіз.

Әрине, оқушы сол интонацияларды айқын беруге ұялатыны белгілі, бірақ, мұғалімнің міндеті – шынайы мәнерлеп оқу мен дұрыс оқымауды салыстыра көрсетіп, сөздің мәнісін сол сөзді қалай айтуы арқылы ғана беруге болатынын барынша түсіндіре алса дұрыс болады.

Әдеби шығармаларға түсініктеме бере отырып (комментарий беріп) оқу – мұғалімнің оқушыға көркем шығарманың терең мазмұнындағы мәнді қабаттарды тани білуіне көмектесетін тамаша әдіс. Көркем әдебиетті алғашқы оқу – көркем шығарманың тақырыптық-идеялық мазмұнын бірден түсіндіре алмасы белгілі. Екінші оқу – талдай оқудың жаңа сатыға көтерілген, сезімге ғана емес, ақыл-ойға әсер етуге бағытталған және басқа әдістермен араластырыла қолданылатын әдіс болып табылады.

Түсініктеме бере отырып оқудың лексикалық түсініктеме беру деп аталатын тәсілі – автордың көркем шығарма мазмұнындағы дәуірге сай қолданған сөздерін немесе автордың өзіндік дүниетанымдық деңгейіне лайықталған сөздерге лексикалық түсініктеме беру – тек көркем мәтіннің байлығын түсіндіріп қана қоймайды, сонымен бірге оқушының сөз байлығын да дамытады.

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқытуда дәстүрлі оқу түрлері – кітапты мұғалімнің оқуы, рольге бөліп оқу, өз бетімен оқу сияқты әдістермен ғана шектеуге болмайды.

Жаңа инновациялық технологияларды шеберлікпен және көбірек қолдану арқылы тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін жаңа және сапалы жүйеде оқыту дәстүрін қалыптастыру керек.

Қазақ әдебиетін оқытдың жаңа технологиялары – қазақ әдебиеті бойынша оқу бағдарламасында берілген тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінен берілетін білім мазмұнын жүзеге асырушы тәсілдері жүйесі.

Бұл жүйеде білім берудің көздеген мақсат-міндеттеріне сәйкес формалары, әдістері мен құралдары өзара байланыспен орналасып, мұғалімнің шеберлігінің арқасында оқушылардың бірізділікпен білім алуы ұйымдастырылады.

Педагогикалық технология дегеніміз – жүзеге асырылатын педагогикалық іс-әрекеттің түбінде жемісті болуына арналған жүйені ғылыми тұрғыдан жобалау және оны практикада сәйкесінше қолдану. Педагогикалық технологияда кездейсоқтық деген болмайды.

Онда стандарттан бастап, оқу бағдарламасы, күнтізбелік бағдарлама, оқулық, оқу-әдістемелік құралдар, әдіс-тәсілдер – барлығы таңдалған әдіснамалық негіздерді басшылыққа ала отырып, пәннің әдістемелік ұстанымдарына сай, білім беруші тұлға – мұғалім мен білім алушы тұлға – оқушының жеке тұлғалық қасиеттеріне сәйкес жүйелік жиынтыққа біріктіріледі.

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқытудың жаңа педагогикалық технологиялары – қазақ әдебиетін оқыту сапасын жаңа деңгейге көтеріп, оқушылардың дамуына заман деңгейіне жауап бере алатын білім беру жүйелері.

Осындай технологиялардың бірнеше түрін атап кетуге болады.

  1. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқытудың ОЙЫН ТЕХНОЛОГИЯСЫ.

  2. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін ПРОБЛЕМАЛЫҚ ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ.

  3. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқытудың АҚПАРАТТЫҚ-КОММУНИКАТИВТІК ТЕХНОЛОГИЯСЫ.

  4. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін САРАЛАЙ ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ.

  5. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін ДАРАЛАЙ ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ.

  6. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ-КРЕАТИВТІК ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ.

  7. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін ЖОБА ӘДІСІ АРҚЫЛЫ ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ.

  8. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін СЫНИ ТҰРҒЫДАН ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ.

  9. ТЕСТІЛЕУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ.

Жаңа педагогикалық технологиялармен бірге, сабақ берудің де жаңа инновациялық формаларын қолдану арқылы Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін сапалы оқытуды ұйымдастыру жолдары көп.

Негізінде, дидактикада әдебиетті оқыту сабақтарының түрлері көп болғанымен үш топқа жинақталған, олар:

  • көркем туындыларды меңгерту сабақтары;

  • әдебиет теориясы мен әдебиет тарихын меңгерту сабақтары;

  • тіл дамыту сабақтары.

Әдебиет сабақтарының жалпы МОДЕЛІНІҢ мынадай жүйесін анықтадық.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет