Мереке қарсаңында әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның 25 жылдығына орай ауқымды форум өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен өз саласының алдыңғы шебінде жүрген 500-ден астам әйел жиналды. Олардың қатарында белгілі саясат және қоғам қайраткерлері, журналистер, кәсіпкерлік, білім және ғылым салаларының өкілдері және көпбалалы аналар бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Астана қаласы ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметі

Іс-шараның негізгі мақсаты  – әйелдердің қазіргі қоғамдағы рөлін талқылау, олардың өзін-өзі дамытуға және елдің саяси өміріне қатысуын қамтамасыз ету, тәжірибе алмасуға бағытталған бастамалар ұйымдастыру.

Форум танымал суретші Лейла Махаттың халықаралық әйелдер күніне арналған заманауи бейнелеу өнер көрмесімен басталды. Суретші әйел бейнесін түсіріп, оған ерекше сипат пен мағына берген. 

Іс-шараға Қазақстан Республикасының президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы, Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, "Amanat" партиясының хатшысы, Қазақстан Республикасының президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Шолпан Каринова, "Самұрық-Қазына" АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов және басқа да түрлі сала өкілдері қатысты.

“90 мың шағын және орта бизнес субъектісін әйел басқарады”

Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазір әйелдің қоғамдағы орнын айқындап, аса маңызды мәселенің бірі болған тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдердің құқығы мен мүмкіндігін кеңейту бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. 

Фото: Астана қаласы ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметі

Ал Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен Астана әйелдері қаланың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өміріне үлкен үлес қосып жүргенін тілге тиек етті. 

“Елорданың еңбек нарығының жартысынан көбі, яғни 51% астамы әйелдерге тиесілі. Шамамен 90 мың шағын және орта бизнес субъектісін арулар басқарады. Елордада 75 мыңнан астам әйел медицина мен ұрпақ тәрбиелеу саласында жұмыс істейді. Мемлекет басшысының бастамасымен әйелдерді саяси және қоғамдық өмірге араластыруға ерекше назар аударылып келеді . Қазір қала әйелдерінің 50% жуығы мемлекеттік қызмет атқарады. Қалалық мәслихаттағы әйелдер үлесі – 24% (8 әйел), қоғамдық кеңесте – 20% (6 әйел)”, – деп атап өтті әкім орынбасары. 

“Әйел бұзылса – қоғам бұзылады”

“Бұл іс-шара комитет құрылған 25 жыл ішінде әйелдер не істегенін көрсетеді” дейді әйелдерге арналған “Бақытты отбасы” республикалық орталық жетекшісі, “Алтын орда” авторлық дизайн орталығының негізін қалаушы, этносәнгер және жемқорлыққа қарсы күрес республикалық кеңесінің мүшесі Ырза Тұрсынзада.  

“Қазақта “Әйел бұзылса – қоғам бұзылады” деген сөз бар ғой, яғни әйелдің қоғамдағы орны дұрыс болмаса, әйелдің сөзі өтпесе ол қоғам деградацияға ұшырайды. Мен әйелдерге арналған республикалық орталық директорымын. Біз әйелдерді 16 бағыт бойынша тегін оқытамыз, бизнес бастауға көмектесеміз ”, – дейді Астана қаласындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі. 

Фото: Астана қаласы ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметі

Іс-шараға Батыс Қазақстаннан келген қолөнер шебері Тоғжан қоғамдық қызметке белсенді араласады. Ол – өңірдегі іскер әйелдер кеңесінің мүшесі.

“Орал қаласынан келдік. Бізді форумға қоғам қайраткері Ырза Тұрсынзада шақырды. Форум ұнап жатыр, өз ісінің алдыңғы қатарында жүрген әйелдер жиналған. Көп ақпарат алып, ресурс жинап жатырмыз.

Біздің әйелдерге шектеу көп. “Ұят болады” деп қана өсіреміз. Меніңше, қазір ер балаларды тәрбиелеу керек. Әйелдің киімі, түрі, сөзіне қарамастан оған ешкімнің қол көтеруге құқығы жоқ деп ойлаймын”, – дейді текемет шебері Бабиева Тоғжан. 

“Педофилизм, зорлық-зомбылық туралы айта берсек, адамдар соны норма деп қабылдайды”

Бұл форумға қатысушылардан бөлек сарапшы мамандар да шақырылған екен. Олар әйелдер қоғамда қандай мәселені көтеріп жатқанын, олар үшін не нәрсе өзекті болып отырғанына талдау жасайды. 

“Форумдағы өзекті мәселелерді тыңдауға келдік. Әр кезеңнің өзіндік проблемасы болады. Қазір ең өзекті мәселе – зорлық-зомбылық пен отбасыдағы тәрбиенің жұтаңдап кетуі. Медиа-кеңістікте де жағымсыз ақпарат көп, соны азайтуды ұсынамын. Педофилизм, зорлық-зомбылық туралы айта берсек, адамдар соны норма деп қабылдайды. Керісінше, біз ұлттық құндылықтарды дәріптеп, сол туралы айтуымыз керек. Адамның санасын өзгерту үшін жұмыс істеу керек. Әлеуметтік желілерде 10 ақпараттың сегізі позитив болса, мәселен жақсы әйелдің образын  қалыптастыру, бір-бірін сыйлау, отбасын қадірлеу секілді дүниелерді көрсетсек, адам соны істейді”, – деп атап өтті “Басқару” қоғамдық қорының жетекшісі Марғұлан Ермағанбетұлы. 

Фото: Астана қаласы ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметі

Ал “Қазақ радиолары” редакторы Бағдагүл Рахметқызы әр ер азамат өз орнын білсе, әйелді құрметтесе дейді.

“Әйелге көңіл бөлгеннен, жылы сөзден артық нәрсе керек емес. Біз жанымыздағы азаматтан шынайы махаббатты сезіне алсақ аштыққа да, тоқтыққа да шыдаймыз”, – дейді журналист. 

“Біздің қоғам әйел өз күшімен жоғары қызметке жете алатынына сенбейді”

Форумның екінші бөлімінде спикерлер TEDX форматында сөз сөйледі. 

Қазақстан президенті жанындағы ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарья ғылым мен инновациядағы әйелдерге тоқталып, “әйелдерде логика жоқ” деген пікірді жоққа шығарып, ғылымдағы әйелдер ойлап тапқан жаңалықтар туралы баяндаса, Астанадағы “Ырыскелді қажы” мешітінің бас имамы Нұрлан Байжігітұлы исламдағы әйелдің рөлі туралы айтып берді. 

Сонымен қатар Қазақстандағы ең жас ректор Лаура Қарабасова үш жыл бұрын осы қызметке тағайындалғанда көптің өсегіне іліккенін айтты. Оның сөзінше, әлеуметтік желі “ағашкасы кім”, “қай дөкейдің қызы”, “бұл қызметке қандай жолмен жетті” деген пікірге толып кеткен. “Біздің қоғам әйел өз еңбегімен жоғары қызметке тағайындала алатынына сенбейді” дейді ол. 

Сонымен қатар Лаура Қарабасова тұрмысқа шықпағаны үшін де сынға іліккенін. Одан университет оқытушыларының бірі “сіздің балаңыз, отбасыңыз жоқ, бізге қатал қарайтын шығарсыз” деп сұраған. Оның сөзінше, қоғам әйелдің бақытын тек еркекке байланысты етіп қояды. 

Форум соңында жиналған арулар бір-бірін мерекемен құттықтап, “Ана” әнін халықаралық байқау жеңімпаздарымен бірге шырқап, көңілді тарқасты. 


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.