Т¦ЛЃа философиясы



жүктеу 190.24 Kb.
Дата29.04.2019
өлшемі190.24 Kb.

ТҰЛҒА ФИЛОСОФИЯСЫ


Егемен Қазақстан, 14 Мамыр 2010 | Замана

Заман деген атадан балаға мирас болып келе жатқан халқымыздың байыр­ғы сөзі. Ол бүгінде ғылыми дискурске түсіп, жиі қолданылатын ұғымға айналған. Ертеде Қазақ ордасы ту тіккенде, сол дәуірдің ұраншысы Асанқайғы билік басындағыларға қарата айтқан екен: “Қилы-қилы заман болады, Судағы ақ шортан қарағай басын шалады”, – деп. Жыраудың айтқаны дәл келді. Қазақ халқы судағы шортанның қарағай басын шалғанын әлденеше рет басынан өткерді. Оның бәрі өткен тарих десек, біздің өзіміз-ақ жыраудың айтқанындай, социализм деген әлемнен егеменді елге айналып, ата-бабамыздың түсіне енбеген өркениет, мәдениет өрісіне еніп отырмыз.



Сондықтан болса керек, заманына қарай адамы деген пікір қалыптасқан. Бұл, әрине, адам және заман дегенге сыйымды түсінік. Бірақ, хакім Абай бұл түсінікке жаңалық енгізген, ол “Әркімді заман сүйремек”, – деп қалыптасқан түсінікпен келісе отырып, “Заманды қай жан билемек?” – деп сұрақ қойған. Сонда адам және заман деген формулаға сай, әркімді заман сүйремек дегенмен келісіп, заманына қарай адамы дегенді қабыл­даймыз, мұнымыз шындыққа сыйымды, бірақ “Заманды қай жан билемек?” деген мәселеге келсек, сөз Тұлға және Заман туралы болмақ. Абайдың қазақ жұртына үнемі айтып өткен: “Берекеңді қашырма, ел тыныш болса, жақсы сол” деген өсиеті бар. Ел тыныш болуы үшін ол: “Көп шуылдақ не табар, билемесе бір Кемел” – деп ой түйген. Абайдың Кемел деп отырғаны, біздің лексикадағы Тұлға деген ұғым.

Абай өз дәуірінде Тұлға туралы мүм­кін­дік ретінде айтты, ол жағдайда көшбасшылық қасиеттері бар адамның саяси тұлға ретінде кемелденуіне әлеуметтік-саяси кеңістік жоқ еді. Қазақ елін сырт күш губерния-губернияларға бөлшектегендіктен, ол біртұтас ел болудан қалған заман-тұғын. Бүгінде Қазақ елі – біртұтас мемлекет, енді Кемел адамға, Тұлғаға қажеттілік бар. Бағымызға орай сондай тұлға бар, ол – Қазақ елінің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.



* * *

Тұлға деп халықтың бойындағы қуатты ізгілікті мақсатқа бағыттап, оның жетекшісі әрі орындаушысы қызметін атқаратын Елбасын айтамыз. Ол үшін қажетті жағдай, Елбасының халыққа және халықтың Елбасына сенімі болуы керек. Себебі, билік басына келу билікке ие болу деген сөз емес, ол билікке ие болудың мүмкіндігі ғана. Билікке ие болу осал шаруа емес. Адамзат тарихында көптеген ел басшыларының билікке келгендерімен, сол билікке ие болу мүмкіндігіне жете алмай, жолда қалғандары қаншама. Мұндай тәжірибені қазіргі замандағы алыс-жақын елдерде болып жатқан оқиғалардан көріп отырмыз.



1991 жылы тәуелсіздік жарияланған­нан кейін Елбасының алдында халқымыз­дың бұрынғы тарихында болып көрмеген, тәжірибемізде шешімі ізделмеген екі үлкен мәселе тұрды. Біріншісі, мемлекет­тік меншікке негізделген социалистік халық шаруашылығынан кейін жеке меншікке негізделген нарық және нарық­тық қатынастарға өту мәселесі. Бұған көпшілік халықтың кәсіби де, психоло­гиялық та білімі, даярлығы жоқ еді. Кезінде Қазан төңкерісінен кейін қираған халық шаруашылығын көтеру үшін большевизм көсемдері НЭП саясатын (Жаңа экономикалық саясат) жүргізген еді. Сол кезде Ресей аймағындағы халықтың тұрмысы, ұсақ және орта шаруашылық жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай күрт өсіп шыға келді. Ал Қазақ елінде 90-шы жылдың басында сол жаңа экономикалық саясатқа мазмұны жағынан ұқсас саясат жүргізілгенімен, халық тұрмысы, ұсақ және орта бизнес ойдағыдай, аяғынан қаз тұрып кете алмады, оның себебі неліктен десеңіз, НЭП саясаты кезінде ұсақ және орта шаруашылықты жүргізе алатын, соған дағдыланған дәстүрлі кәсіби істермен әбден айналысып, пісіп-жетілген адамдар бар болатын. Оларға тек еркіндік керек еді. Сондықтан олар нарықтық қаты­нас­тарды бірден үйіріп алып кетті. Ал жетпіс жылдай социалистік меншік негізіне дағдыланған еңбекші қауым нарық қатынастарына бірден ене алмай, тосыла берді, оған сай кәсіби біліктілік­тері, икемділіктері жеткіліксіз болып шықты. Бұл социализмнің саяси мағына­да күн тәртібінен түсіп жойылғанымен, оның әлі де сақталған зардаптары бола­тын. Сол кезде халықтың ішінде өткен социализм­ді көксеушілік психологиясы белең алғанын да айтпасқа болмайды. Міне, осындай өтпелі кезеңде Елбасының алдында жаңа тәуелсіз елдің экономика­лық, мәдени, саяси өмірін қандай арнаға түсіру керек деген үлкен мәселе тұрды.

Екінші мәселе, халықтың дені тәуел­сіздікке, яғни егеменді, еркін ел болып өмір сүруге де даярлығы әрі дағдылары жоқ еді. Сондықтан кейбір ағайын тәуел­сіздік идеясын қоя салып, социализмнің тоталитарлық жүйесін көксегенді әдетке айналдырды. Міне, осындай жағдайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірден-бір дұрыс бағыт ұстанды. Ол халық қуатын ең алдымен экономикаға, яғни елдің тұрмысын көтеруге арнады. Бұл егеменді елдің тарихындағы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған жаңа экономикалық саясат еді. Халық бұл саясатты қабыл алды. Сөйтіп, күнкөріс қамына, яғни нарық және нарықтық қатынастарға бірте-бірте еніп, адамдар асырап-сақтаушы мемлекет емес, өздерінің бойындағы қуаты, жігері, кәсіби білімі екенін түсініп, нарыққа сай жаңа психологиялық әдет, дағдылар қалыптаса бастады. Социализм кезінде мемлекет асырап-сақтаушы ұжымға айналған еді, ал нарықтық қатынастар жағдайында мемле­кеттің қызметі мүлдем өзгерді. Мемлекет асырап-сақтаушы емес, ол адамдардың нарықтық қатынастардағы іс, әрекет, қимыл, тәжірибе және т.б. қарекеттеріне мүмкіндік және жағдай жасаушы институт­қа айналды. Мемлекет халыққа мейлінше мүмкіндік жасай отырып, халықтың шығармашылығына сүйенуі қажет болды. Президент ұстанған, ең алдымен – эконо­мика, содан кейін – саясат деген сөздің мәнісі осында болатын. Әрине, мұндай жағдай біршама уақытты қажет етті. Қалыптасқан әдет, дағды, дәстүрлердің өзгеріп, нарықтық қатынастарға сай бейімделуі осал шаруа емес-ті. Бұл кезде Елбасының еліміздің бейімделуіне сай аса қажетті заңнамалық бастамаларының орны ерекше болды. Осындай аса күрделі экономикалық саясатты жүргізу үшін, сөзсіз, қажетті билік формасы президент­тік институт болатын. Егер де сол кездегі кейбір саясатшылардың айтқанымен, билікті парламенттік жүйеде негіздегенде, біз сәтсіз әлеуметтік тәжірибеге душар болар едік. Бір ғана мысал. 1995 жылы наурызда Парламентті таратып (Қазақ­стан­ның Конституциялық соты 1994 жылғы парламенттік сайлау нәтижелерін заңсыз деп мойындады), екінші парла­менттік сайлау болғанға дейінгі аралықта Президент өз жарлығымен аса қажетті ондаған заңдарды шығарды. Егер сол заңдарды Парламентке салып, ұзақ дискурсқа түсірсек, елдің экономикалық жағдайы, оны қорғау мәселесі, яғни азаматтар құқығын қорғау мәселелері дер кезінде тәжірибеге енбей, қоғамда айтулы алаңдаушылық орын алған болар еді. Президенттік басқару негізінде мәселелер шұғыл түрде және көбінесе тиімді шешіліп отырды. Мұндай тәжірибенің дұрыстығын біз күн өткен сайын айқын көріп отырмыз. Заң шығарушылық қызметті Президент өз жауапкершілігіне алғанда, сол кездегі оппозициялық және де өздерін демократиялық үрдісте деп санайтын азаматтар тарапынан не қилы сындар айтылды. Олар бұл авторитаризм, тіпті одан да асқан нәрсе деген сөздерге барды. Алайда, қай істі болмасын уақыт өз елегіне салып, ол тәжірибеде анықтал­мақ. Бүгінде Елбасының бұл қадамдары­ның дұрыс болғанына жұртшылықтың көзі анық жетіп отыр. Халықтың эконо-микалық әл-қуаты жетіліп, көтерілгеннен кейін 2007 жылы Конституцияға өзгеріс­тер енгізілу қажеттілігі туды. Сөйтіп, еліміздің өміріне, қоғам өміріне жаңа саяси күш – партиялардың енуі заңдас­тырылды. Экономикадан саяси жаңғыр­туға көшу мүмкіндігі туған жағдайда, оны іске асыру мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламентке 18 мамырда “Қазақстан Республикасы Конститу­циясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын ұсынды, оны депутаттар талқылап, қабылдады, ол заңды 21 мамырда Президент мақұлдап қол қойып бекітті.

Сөйтіп, қоғам өмірінде жаңа кезең бас­талды. Бұл Заңда Президент, Парламент, Үкімет, жергілікті басқару органдары, мәслихат және партия туралы жаңа толықтырулар жасалды. Бұл мәселелер қоғамда айтылып, талқыланып, талас-пікірлер болып жүр еді, енді құқықтық негізге ие болды. Бұл қоғам өмірінде айшықты бетбұрыс жасады. Заманның өскелең талабына сай саяси жаңғырту осылай жүрді. Осы жерде баса айтатын мәселе – Конституцияға жасаған түзету­лер мен толықтырулардың тікелей қоғам ісіне қатыстылығы.

Қоғам ісі Ел, Халық деген түсініктер­мен нақтыланады. Қоғамның қуаты халықта, қоғам болу да оңай шаруа емес, мемлекеті болып, бірақ қоғамы қалыптас­паған да елдер бар. Қоғам қоғам болуы үшін, оның елдік санасы болуы табиғи жағдай. Бұл тарихи жағдай Астана төрінде “Қазақ елі” монументінде нақтылы шешімін тапқан. Елдік сана – қоғамның бірлік қуатының өлшемі. Осындай мемле­кеттің субстанциясы, яғни қоғамға қатысты Президентіміз батыл саяси қадамдар жасап, өзінің реформаторлық кемеңгерлігін танытты.

Тұлға әр ұрпаққа ұстаз болмақ, сондықтан Тұлғаны құрметтеу – әрбір адамның өзін, туған жерін, елін, бүгінгі өмірі мен ертеңгі болашағын құрметтеу. Осы мағынада “Қазақ елі” монументі кешеніндегі Тұңғыш Президенттің барельефінің бейнеленуі де нақтылы тарихи шындықтың көрінісі.

Сонымен бірге айтарым, тұлға дегеніміз кешеден бүгінге, бүгіннен болашаққа жететін хат. Ол ұрпақтар сабақтастығының алтын көпірі. Тұлға халықтың тарихи жады, есі. Ол болмаса тарих жоқ. Ол заманнан заманға ауыса­тын халқымыздың азбас-тозбас құнды­лығы. Міне, “Қазақ елі” монументінің қадір-қасиетін осы тұрғыда түсінген абзал.

Тұлғалар болғанда халық өзінің кім екенін, қайдан бастау алатынын және болашағын болжай алмақ. Тұлғаларын ұмытқан халық ел болмай, халық болмай, тобырға айналмақ. Мысалы, әлемге белгі­лі Латын Америкасында “майя өркениеті” деген бар. Бірақ, бүгінгі майя тайпасының халқы ата-бабасының өркениетінен бейхабар. Ғажап майя өркениетін жасаған тұлғаларын, олармен қоса төл тарихын ұмытқан.

Сол майя өркениетімен уақыт жағынан шамалас, ІХ-Х ғасырларда өмір сүрген Қорқыт баба. Оның “Қайда барсаң Қорқыттың көрі” деген философиясын халық он бір ғасыр бойы ұмытпаған, жадында сақтаған. Ұрпақтан-ұрпаққа құн­дылық ретінде жеткізіп отырған, сондық­тан ғана дана Қорқыт тұлғасы ұмытыл­маған, сабақтастық үзілмеген, қазақ халқы – міне, осындай мыңдаған жылдың тарихын да, тарихи тұлғаларын да ұмыт­паған халық. Сонда кім дана, Қорқыт ата ма, әлде оны он бір ғасыр бойы жадында сақтаған қазақ халқы ма? Ел данасы – ел есінде, мұндай тарихи жады сақталған халықты керемет деуден басқа сөз жоқ.

Қазақ халқы өз басынан нендей оқиғаларды өткермеді. Табиғатынан төзімді халық бәріне шыдады, бүгінде Қазақ елі болып ренессанстық дәуірін басынан кешіріп, еңселі ел болды.

Қазақ елінің үш бақыты бар. Бірінші бақыты – ата-бабасынан мұра болып қалған кең байтақ, бай атамекені – қазақ даласы. Бұл ұғымға атамекеніміздің жер асты, жер үсті табиғи қазына-байлығы, мыңдаған жылғы тарихы, жыры, дүниетанымы, қайғы-қасіреті, қуанышы, мемлекеті, қалалары, т.б. сыяды.

Екінші бақыты – әлемдік деңгейдегі ойшылы – Абайы. Хакім Абай.

Үшінші бақыты – социализмнен Тәу­ел­сіздікке 1991 жылға аман-есен жеткізіп, өткен он сегіз жылдың ішінде елді өр­ке­ниет­ті елдер қатарына қосып, кезінде тары­дай шашылып кеткен қазақтарды ата жұртына жинап, керемет сәулетті жаңа қала Астана салып, елдің шекарасын мәңгілікке құқықтық негізде бекітіп, тақыр жерге тау тұрғызғандай теңдесі жоқ ерлік, яғни мемлекет құрып, әлем жұрты аңтарылып дағдарысқа түскенде, дағда­рыстан шығудың кілтін ұсынған, шын мәнінде әлемдік деңгейдегі саяси тұлға, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев!

* * *


Бейбіт өмірдің қадірі – әлемдік мәселе. Оны түсіну үшін саяси басшының жаны ізгі болуы керек. Ізгілік аспаннан даяр түсетін қасиет емес, ол – адамның жаратылысымен бірге өсіп-өнетін феномен. Ізгілік жан жылуы, ол адамды ке­ле-келе жомарттыққа, одан көрегендік­ке, яғни көшбасшылыққа бастамақ. Тарихта ізгілік жолын мақсат еткен саяси тұлға, ел басшысы сирек құбылыс. Қо­лында әлем бойынша төртінші деңгейдегі ядролық қару тұрып, одан өз еркімен бас тартуы – саяси басшының тек көрегендігі ғана емес, оның жаны ізгі екендігінің айқын көрінісі болатын. Ақыры, осы ізгілік философиясы Қазақ елінің әлемге атақ-даңқын шығарудың ең дұрыс жолы болып шықты.

Мұны шетелдік саяси сарапшылар “қазақстандық жол” деп атаған еді. Бейбіт өмірді қадірлеу саясаты дегеннің мәнісі осы. Вашингтонда АҚШ Президенті Барак Обама өткізген саммитте, Жеңістің 65 жылдығына орай Мәскеуде Ресей Президенті Дмитрий Медведев өткізген парадта Елбасының ерекше құрметке ие болуы да осы бейбіт өмірді қадірлеу философиясынан туындаған жағдай болатын. Бейбіт өмір сүру адамзаттың асыл арманы. Өкінішке орай, сол арманның кейбір аймақтарда күлі көкке ұшып тұр. Кейбір ел басшылары ядролық қаруға ие болуға жанталасуда, қайсыбі­реулері сол ядролық қарумен өзгелерді өзіне қаратып, қажет болса қорқытып ұстамақшы. Бұл адамзаттың ақыл-санасы, дүниетанымы толысқан ХХІ ғасырға тән еместігін Президент саммиттегі сөзінде күллі әлемге жария етті. Онда Елбасы халықаралық қоғамдастыққа маңызды төрт ұсыныс енгізді.

Біріншіден, біздің еліміз уранның ірі өндірушісі ретінде әрі жоғары байытылған уранды төмен байытылған формасына қайта өңдеу мүмкіндігіне ие бола отырып, бейбіт ядролық энергетиканы дамытуға өз үлесін қосу ниетінде.

Екіншіден, біз ядролық қарусыз ай­мақтар үшін, қатысушы елдердің қауіп­сіздігіне теріс кепілдіктерді қоса алғанда, халықаралық-құқықтық нормалар қабылдау қажет деп санаймыз.

Үшіншіден, біз Әскери мақсатта бөлшектенетін материалдарды өндіруге тыйым салу туралы шартты жедел қабылдау қажеттігіне сенімдіміз.

Төртіншіден, біз Ядролық сынақтарға баршаны қамтитын тыйым салу туралы шарттың іс-әрекетке кірісуі тәуелді бо­ла­тын барлық мемлекеттерді оны рати­фи­ка­циялауға шақырамыз және Президент Барак Обаманың аталған шартты Се­наттың бекітуіне ұсыну шешімін құп­тай­мыз дей келе, мұның өтеуіне “Қауіпсіздік Кеңесі қуаттай­тын, бүкіл “Ядролық клуб­тан” оларға ядролық қаруды қолданбау және шабуыл жағдайында қорғау кепілін алуы тиіс. Бұл үдеріске біріккісі келмейтін елдерге қатысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі санкциялар мен мәжбүрлеуге дейінгі шешуші шаралар қолдануы тиіс”, – деп ойын тұжырымдады.

Елбасы ядролық қарудан бас тартуды күн тәртібіне қойып отыр. Мұндай ынта әдетте жеке адамдардан шығатын, ал бұл жерде жаңадан мемлекеттік құрып жатқан елдің Президентінен мұндай қарекеттің болуы әлем жұртшылығы үшін тосын оқиға болып отыр.

Жанталаса қарулану ешқашан да жақсы­лыққа бастамайтын саясат. Алайда, амал қанша, бүгінгі әлем шындығы – жанталаса қарулануға тіреліп тұр. Саяси ойыншылар, басқа да өктемдікті жақтау­шы күштер үшін дүниенің бейбіт болуы­нан текетірес болғаны қолайлы. Өкінішті, бірақ басқа амалдардың шешімдері тым күрделі болып тұр. Күні кеше дүние не­гізінен екіге жарылып, капиталистік және социалистік лагерьлер қарама-қайшылығы сол кездегі заман мазмұнын айқындаса, бүгінде социалистік лагерь күйрегенімен әлемде өзге проблемалар туындады, оның айтулысы – лаңкестік әрекеттер. Бұл ұлт­тық шаралардан өтіп, әлемге кеңінен жай­ылып бара жатқан қауіп­ті дерт. Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаев саммиттегі сөзінде ядролық қарудың сол лаңкестер қолына түсіп қалу қаупінен сақтандырды. Ядролық клуб мүшелерінің бір-бірін біліп, әрекеттерін айқындап отыруы қажеттілік. Міне, осындай жағдайда бейбіт өмір қадірі сақталынбақ.

* * *

Саяси тұлға ретінде Нұрсұлтан Назар­баев әлемдік қауымдастыққа үнемі жаңа-ша ойлау үлгісін ұсынумен келеді. Соның алғашқысы – 1991 жылдың 29 тамызында өз жарлығымен ядролық қарудан бас тартуы. Бұл күн біздің елдің ұсынуы бой­ын­ша БҰҰ-ның шешімімен ядролық қа­ру­сыздану күні болып анықталды. Бұл қа­дамның әлемдік мәнісі бүгінде мейлін­ше айқындалып, өзге ядролық қаруы бар не­ме­се оған ұмтылған елдерге үлгі болып отыр. Ядролық қару ізгі ниеттегі адамдар­ға терең ой салды. Ағылшын қоғам қай­рат­кері, ғалым, философы Бертран Рас­сел былай деп еді: “Мен сіздердің алда­ры­ңызда ағылшын да, еуропалық та емес, Батыс демократиясының өкілі де емес, бұ­дан әрі өмір сүруіне қатер төнген адам­зат ұрпағының өкілі ретінде сөйлеп тұр­мын. Бүкіл әлем қайшылықтарға толы: дү­ниеде арабтар мен еврейлер, үнділер мен пәкстандықтар, Африкада ақ нәсіл­дер мен негрлер, қала берді, коммунизм мен антикоммунизм арасындағы алапат тартыстар жүріп жатыр. Әрбір саяси сана­лы адам қазіргі жағдайда, мүмкіндік бол­ғанша, осы қарама-қарсы күштердің бір жа­ғына шығып кетпек, тамаша биология­лық тарихы бар жан иесінің өкілі ретінде іс-әрекет жасап, өзінің жойылып кет­пеуіне күш жұмсау керек. Жер бетіндегі барша халыққа біркелкі қауіп-қатер төніп тұр (астын сызған автор – Ғ.Е.). Тек со­ны түсіну қажет. Сол үшін бәріміз бірігіп, тізе қосып, күш жұмсап, апаттан аман сақтаудың жолын іздестіргеніміз жөн”.



1955 жылы Лондонда қабылданған Рассел-Эйнштейн манифесінің қарарында мынандай сөздер жазылған еді: “Келе­шек­те әлемдік соғыста ядролық қарудың міндетті түрде қолданылатынына және бұл қарудың адамзат өміріне қауіп тудыратынына байланысты, біз барлық елдің басшылары мемлекеттер арасында-ғы дау-дамайлар әлемдік соғыс ашу жолымен шешілмейтіндігін түсініп, мә­лім­деме жасаулары керек деп ақыл айта­мыз. Барлық талас туғызатын мәселелерді шешудің бейбіт амалын табуларын талап етеміз”.

Бертран Рассел, Альберт Эйнштейн сияқты ғалымдар адамзатқа төнген қауіпті гуманитарлық мәселе негізінде қарас­тырса, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл істе батыл саяси шешімге барған әлемдегі жалғыз Тұлға.

Елбасының жаңаша ойлау үлгілері, оның әлемдік қаржы дағдарысына қатысты жазған мақалаларынан айқын көрініс тапты.

Бірінші мақала “Дағдарыстан шығу кілті” деген атпен “Российская газетада” (02.02.2009) жарық көрді. Бұл мақалада қалыптасқан дәстүрлі, күні өткен түсініктерге талдау жасалып, мүлдем тың ұсыныстар айтылды. Ол туралы мен арнайы екі мақала жазғанмын (Акме-қоғам – “Нұқ кемесі”. “Егемен Қазақстан” газеті. 27.02.2009; Акме-қоғам болмысы. “Егемен Қазақстан” газеті. 18.03.2009).

Елбасының екінші мақаласы – “Бе­сін­­­ші жол” “Известия” газетінде (22.09.2009) жарияланды. Бұл мақаладағы ай­тылған ойларға, ұсыныстарға әлемдік қауымдастық үн қатуда, бұл үрдіс әлі де бола бермек (“Бесінші жол” – елдік рух фи­лософиясы. “Егемен Қазақстан” газеті. 21.10.2009).

Енді, міне, “ЕҚЫҰ тағдыры және перспективалары” деген мақаласы “Известия” газетінде (29.01.2010) жарық көрді. Мұндағы идеялар Вашингтонда өткен саммитте өз өрістерін тапты.

Бұл мақалаларды мұқият оқыған адам қазіргі әлем және Қазақ елі туралы жүйелі ойлар желісіне тап болады. Қазіргі за­ман­ды түсіну үшін автор алғашқы мақа­ла­сында мүлдем жаңа өлшем қажет деп еді. Расы сол, қоғам, мемлекет, нарық, демо­кратия деген келелі ұғымдар­ға жаңа көз­қарас қажет. Оларды осы мақалалардан табуға болады, сондықтан отандық қо­ғамдық, гуманитарлық білім салаларына, “Адам және қоғам” атты мектеп оқулықтарына осы жаңа көз­қарастарды енгізіп, көпшілік зердесіне ұсынатын қажеттіліктің барлығын айтқым келеді.

* * *


Заман өтер, сол кезде Елбасы кім болды, оның төңірегі, замандастары кімдер болды, олар не айтты екен дегенде, осы айтылып отырған сөздерді де теріп алып, келер ұрпақ талқыға, дискурске са­лар, ойланар, мүмкін қалайша коммунис­тік режім болған қоғамнан қысқа арада тәуелсіз Қазақ елінің өсіп-шыққаны, оның көшбасшысының әлемдік саясатқа белсенді араласқанына таң қалар. Ұрпақ­тардың не айтарын дөп басып білу қиын шаруа, бірақ біздің ғасырлар тоғысында, құндылықтар алмасу заманын­да өмір сүргеніміз оларды ойландырар. Қайсысы заман сөзі, қайсысы мәңгілікке қатысты сөздер, оны да келер ұрпақ өз санасына салар. Осы тұрғыда ойлансақ, Елбасының “Қазақстан-2030” Бағдарламасы тарих, Қазақ елі үшін аса маңызды, құнды құ­жат. Мәселе не туралы дегенде айтарым, Нарық өрісіне, Тәуелсіздік кеңістігіне енген ұрпақ, міне, құдай қаласа, жиырма жасқа толмақ. Бұл ұрпақтың алғашқы легі студенттер қатарына өтті, отбасын құрып үлгергендері де бар. Елбасының “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауында 2010 жылға дейінгі Қазақ елінің іске асатын мүмкіндіктері дегенде, соны орындаушы осы ұрпақ, себебі ол 2020 жылы “орда бұзатын” отыз жасқа толмақ, 2030 жылы “қамал алатын” қырық жасқа жетіп, ел тізгінін өз қолдарына алмақ. Қазақ елі – социализмді көрмеген, жаны, рухы жара­ланбаған, біз көрген қиыншылықтардың бірін басынан өткермеген ұрпақтың қолына өтпек. Бұл қуанышты жағдай. Бұл кездегі өркениеттік, демократиялық үрдіс­тер де өзгешелеу бола бастамақ. Біздің қазіргі қайрат-жігеріміз, еңбегіміз сол заманға даярлықтар жасау, бір сөзбен айтқанда – ұрпақ қамы. Бұл дерексіз ұғым емес, сол ұрпақтың өкілдері әр отба­сында бүгінде бізбен бірге ғұмыр кешуде. Олар бізден, аға, ата ұрпақтан нелер алып, нелерді мансұқ етулері мүмкін. Бүгінде бұл мәселе туралы дәл айту қиын. Қазақ айтады “не ексең, соны орарсың” – деп, ендігі он жылда жастар бойында нендей қасиеттер болмақ дегенде айта­рым, оны көргің келсе, балабақ­шадағы тәрбиеленіп жатқан, отбасында өсіп келе жатқан бүлдіршіндерге назар сал. Осы тұста Елбасы сарабдалдығының бірі – “Балапан” бағдарламасын қабылдауы. “Балапан” бағдарламасы ұрпақтар сабақтастығының өзегі екенін естен шығармаған жөн. Ұрпақтар сабақтасты­ғын сақтайтын осы немере-ұрпақ.

Тарих, тарихи сана көп жағдайда ұр­пақ­тар алмасуымен өлшеніп қана қой­майды, ол ұрпақтардың сабақтастығы­ның өзекті арнасы болмақ. Бүгінде, қазіргі егеменді Қазақ елінде үш ұрпақтың өкілдері бас қосып, бірге ғұмыр кешуде. Олар ХХ ғасыр жүгін арқалаған, социа­лизмді көзімен ғана көрмей, оның да жүгін арқалаған аға ұрпақ, тәрбие, білім, ғылым, өмірлік тәжірибесі өткен ғасырда қалыптасып үлгерген орта буын және ғасырлар тоғысында Тәуелсіздік және Нарық заманында өмірге келіп, тәрбие, білімді жаңа дәуірде алған, желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақ.

Айтпағым, өмір осы жастардікі. Хакім Абай “жастарға жаппас жала жоқ”, – деп, жастар туралы жеңіл-желпі сөз айтудан сақтандырған. Жастар бойында өмірге деген құштарлық бар, мен оны даналық деймін, бірақ ол әлі сабырға түсіп, арнасын таппаған даналық, ол үшін өмір сүру тәжірибесі, ұрпақтар сабақтастығы керек. Бүгінгі егемендік болмыстың өзі кере­мет өнеге. Бұл заман қазақтың бұ­рын-соңды болып көрмеген Алтын ғасы­ры, оны біз, аға ұрпақ анық білеміз, енді оны жас ұрпақ жанымен сезінгені керек.

Ұрпақтар сабақтастығы дегенде, есіме Иван Сергеевич Тургеневтің “Әкелер мен балалар” деген романы түсіп отыр. Онда әкелер мен балалар арасынан ұрпақтар қақтығысын анықтап, соны әлеуметтік мәселе етіп көрсетіп еді, ол біздің қазақ қоғамына еніп, тәрбие ісінде кері әсер еткенін айтуым керек.

Қазақ тұрмысында әкелер мен балалар арасында ымыраға келмейтін қайшылық­тар болмаған. Әрине, түсінбестіктер бол­ған, ол шешімін тауып отырған. Қазақта балаға әке баға жетпес құндылық. Әке сөзі – орындалатын, көп талас тудырмайтын жай. Бала әкеге сыншы емес, аралары тым жақын. Ал ата мен немере арасы өзге өлшемді қажет етеді, себебі арада кемі 40 жыл, әрісі 50 жыл. Махмұт Қашқари “Түрік сөздігінде”: “Қырық жылда бай кедей болады, кедей бай болады”, – дейді. Қазақ “Елу жылда ел жаңа”, – дейді. Міне, ол ата мен немере арасы. Осы уақытта заман өзгереді, құндылықтар ауысады, саясат өзгереді, адамның күнкөріс тәсілі әрі тәртібі өзгереді, сол кезде бай кедей, кедей бай болмақ, елу жылда ел жаңа болмақ. Мұның бәрі Елбасы қабылдаған “Қазақстан-2030” Бағдарламасына қатысты туған ойлар.

* * *


Алдымызда тәуелсіздіктің жиырма жылдық мерейтойы тұр. Бұл айтулы оқиға болмақ. Арман болған шындықтың өзіне жиырма жыл толмақ. Бұл, әділін айтқан­да, тәуелсіздігімізге сын болған жылдар еді. Тәубе, сол сыннан ел болып, халық болып өтіп келеміз. Бұл істе, әрине, көш­басшы тұлғаның орны ерекше. Түркия елінде бір іссапармен болғанымда, ондағы ағайындар Елбасына сүйіспеншілігін білдіріп:

– Тұлға деген халықтың қуатын, ерік-жігерін, болашаққа ұмтылысын іске асыра алатын көшбасшы, ондай адам сіздерде бар, ол сіздердің тұңғыш Президенттеріңіз Нұрсұлтан Назарбаев, – деп еді.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы қай елде, қай жерде болмасын, естіген сөздерім осындай мазмұнды әрі мағыналы. Басқадай болуы да мүмкін емес, себебі жиырма жылға толғалы отырған тәуелсіздігіміздің, яғни Қазақ елінің тарихы мен Елбасының саяси қызметінің тарихы бір. Қазақ елінің жүріп өткен тарихының қай беттерін ашсаңыз да, одан Президенттің тұлғасын көресіз. Біз, қазақ халқы және қазақстандықтар, 1991 жылдан бастап жеңіл тұрмыс кеш­кеніміз жоқ. Бүгінде сол қиыншылықтар-дың дені ұмыт бола бастады. Ауыр күн­дер, ауыр жылдарды әрбір отбасы басы­нан кешірді, мен де көптің бірі болып оларды өз басымнан өткерген, сол заман­дағы қоғамдық өмірге өзімше араласқан жанның бірімін. Қазіргі самайлары қылаң тартқандардың бәрі осындай әлеуметтік тәжірибеден өтті. Алайда қазақтарды қиыншылықтар жеңе алмады, керісінше, қазақтар қиыншылықта шыңдалды, оны еңсеруді үйренді, осы істе халық өз көшбасшысы Елбасымен әманда бірге болды. Осы елдің болашағы қалай болар екен деген сырт көз болатыны белгілі. Социализм өзі кеткенімен, ауыр дертін қалдырды. Кезіндегі біртұтас кеңестік халық шаруашылығы күйреді, орталықтан басқару және игілікті бөліп беріп отыру жүйесі келмеске кетті. Қолында барларын арқалап, біршама жұрт өзге елдерге үдере көшті. Кеңестік идеология шешудің орнына, әбден ушықтырған ұлт мәселесі қалды. Желөкпе әлдекімдер ұлт мәселесін саудаға салып, елімізде “саяси театр” ашуға әрекеттенді, бірақ одан түк шық­пады. Осы тұста Президент екі саяси тари­хи шешімге келді, оларды сарабдал­дықпен сезіне біліп, іске оңтайлы асыр­ғанын бүгінгі шындық дәлелдеп отыр.

Біріншісі, ұлт мәселесін шешуде, әлемде жоқ үлгі – халық Ассамблеясын құрды. Ұлттық сезім – нәзік әрі кінәм­шіл. Әділеттілік бұзылған елде, ол бірден алға шыға келеді. Дер кезінде аңғарып, соған сай іс-шара жүргізілмесе, ол тобырлық психология арнасына түсіп кете бермек. Ондай жағдайлар адамзат тарихында талай орын алған, бүгінде кейбір әлем аймақтарында бұл мәселе ушығып тұрғанын естіп, көріп, біліп, оқып отырмыз. Ақпараттық қоғам жағдайында мұндай мәселелер мүлдем шиеленісіп, әлдекімдердің саяси ойын алаңына айналып шыға келуі таңғаларлық іс емес. Осындай қоғамда болатын ахуалды сарабдалдықпен сезінген Елбасы, ешбір елде болмаған қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, этносаралық қатынастарды жетілдіруде жемісті істерге толы іс бастады.

1991 жылғы Қазақ елінде Тәуелсіздік­тің жариялануы ұлт мәселесінің саяси шешімі болатын. Егемен ел атану, оны әлем елдері мойындауы, Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуы ұлт мәселесінің түп­кілікті шешімі еді. Енді ұлт мәселесі өзінің бұрынғы мән-мазмұнын жойды, ол өзге сапаға көшті. Қазақ халқы ұлттық дәуі­рінен елдік дәуіріне өтті, сөйтіп Қазақ елі атанды, өзге ұлттардың өкілдері де еге­мен елдің азаматтары ретінде бізбен бірге мемлекет құру ісіне кіріскені де шындық. Ендеше, Қазақ елінің азаматтары өзге этнос өкілдерімен қалай, қандай деңгейде бірге өмір сүруі керек еді, оның ше­ші­мі табылды, “бір ел – бір тағдыр” негізінде бірге этносаралық өмір сүру тә­жірибесін әрі мәдениетін қалыптастырдық. Бұл этносаралық келісім “Қазақстан хал­қы Ассамблеясы туралы” Заңда құқықтық негізге ие болды. Бұл тұжырым “Тәуел­сіздік орнығуының ең қиын жылдарында халықтың кемелдігі мен елдің Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қайраткерлігі нәтижесінде Қазақстанда этносаралық жанжал мен қоғамның бөлінуіне жол берілген жоқ”, – деп Қазақстанның ел бірлігі доктрина­сында орынды баяндалған.

Екіншісі – елдің солтүстік аймағын нығайтудағы Астана салу идеясы. Астана – жаңа Қазақстанның символы. Ол туралы Астананың он жылдық мереке­сінде Ресейдің Президенті Дмитрий Медведев былай деген еді:

“Астана қаласының тарихы біздің екі елдің тағдырымен тығыз байланысты екендігі жасырын емес. Ал қаланың болашағы ең ауқымды жобалар мен ең шабытты мақсаттарға ұмтылған. Бұл ұмтылыстардан біз көптеген ұқсас жолдар мен жаңа біріккен міндеттерді көреміз.

Осы жерде көз алдымызда елдің жаңа келбеті қалыптасып, оның жаңаша тарихы жазылуда. Астана өз мерекесін жоғары эко­номикалық даму қарқыны мен же­тіл­ген әлеуметтік саясатын көрсете отырып, тамаша жетістіктерімен қарсы алуда.

Осындай жоғары көрсеткіштердің ар­тында Қазақстан халқының және әрине, оның лидері, Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың зор еңбегі тұрғаны сөзсіз. Ол кісінің бұл қалаға жай еңбегін ғана емес, жанын салғанын бәріміз білеміз. Бүгінде, турасын айту керек, Астана – оның өз туған баласы, оның үлкен жетістігі және күмәнсіз мақтанышы”.

Ресей Президентінің сөзі, есіме Филипп Македонский мен Александр Македонский арасындағы әңгімені түсіріп отыр. Баласының әлемге көз салып, ересен билікке құмартқанын сезген әкесі Александрға:

– Ең алдымен Афина туралы ойла. Афина ел емес, қала емес, ол Идея. Егер Афинаны алсаң, дүниені билегенің, – деген екен.

Расында Александр Македонскийдің атағын әлемге Афина шығарды, себебі ол әке өсиетін орындап, Афинаны идея деп қабылдады.

Астанасыз бүгінде Қазақ елін, оның болашағын айту мүмкін емес. Астана – Қазақ елінің ұлттық идеясы! Астана Қазақ елінің экономикалық, әлеуметтік, рухани, демографиялық мәселелерін күрт әрі сапалы дәрежеге жеткізе өзгертті. Астана миллиондаған қазақтардың арманына айналды. Бұл қалада жаңа қазақстандық­тар қалыптасып өсіп келеді. Он жыл ішінде бұл өңірге жарты миллионнан аса адам көшіп келіп, қоныс теуіп, жаңа азаматтық, туыстық негізде бауырлас халық қалыптасты. Қала жастар қаласы, демек ол болашақ туралы таусылмас жыр. Мыңдаған жастар осы қалада бақытын тауып, армандарына жетіп жатқанын кім жоққа шығармақ?

Ал Астана арқылы еліміздің солтүстік іргесі мәңгілікке нығайды десем, ол да заман шындығы. Еліміздің астықты алтын аймағына көз тігушілік, бүгінде саяси ойынның күн тәртібінен түскені бар­шамызға аян.

Қазақ әр төбенің өз биігі бар дейді. Әділ сөз. Сөз айтудың да биігі бар, оны халық парасаттылық деп дәл айтқан. Парасаттылық өмір сүру тәжірибесінен шықпақ. Психологтар айтады, көсем адам көпшілік сөзімен жүрмейді, ол көпшілік­тің көңілін өзіне бұрғызады деп. Осы пси­хологиялық мінездеме Президент Нұрсұл­тан Назарбаевқа әбден келеді. Мысалы, қазіргі әрқилы сөз болып жатқан Кеден одағы туралы әңгіме. Бұл нарықтың өсіп-өніп, сапаның жетілуіне, елдің ширауына, ашық бәсекеге түсе білу қабілетін жетілдіру үшін жасалып отырған – алаң. Саяси жағынан мінсіз, ал оның мәселесі осы мүмкіндікті іске асыру технология­сында, ол үкіметтің жауапты қызметкері­нің сапалы түрде іске асыра алу қабі­леттілігінде. Мүмкіндікті шындыққа асы­ру осал шаруа емес, қоғамдағы күдіктің мәнісі осында. Сондықтан, Тұлғаны қа­дір­­леу, құрметтеу тек сөз емес, істі қажет етпек. Тұлға ұсынған сара бағытты жүргізе білу – Елбасына деген нағыз құрмет.

* * *


Қазақстан Республикасы – жаңғырған Ренессанстық мемлекет, оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – Ренессанстық Тұл­ға. Ренессанс заманы алыптарды туғы­за­тыны рас болса, сондай айрықша тұлға – Президент Нұрсұлтан Назарбаев. Ол деген сөз халық бойындағы асыл мұ­рат­тардың өркениеттердің тоғысу дәуірінде, информациялық қоғам заманында тарихи тұлғаға қажеттіліктен туған құбылыс. Сон­дықтан да бүгінгі егеменді Қазақстанның жағдайы нағыз Ренессанс заманы.

Ендігі жерде Қазақ елінің осы Ренессанс заманына, оның Болашағына сенім керек. Ондай сенім бар, ол – Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі сенетін туған халқы және халқының өзіне деген сенімі.



Ғарифолла ЕСІМ,  академик, сенатор.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет