Тұлғалық қалыптасу мен дамудың қазіргі заманғы мәселелері



жүктеу 53.4 Kb.
Дата25.03.2019
өлшемі53.4 Kb.

Тұлғалық қалыптасу мен дамудың қазіргі заманғы мәселелері
Айтышева А.М., пс.ғ.к.,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің психология кафедрасының доценті

Адам психологиясының құпиясы мол, сыры терең екендігі қандай болса, тұлғалық қалыптасуы мен дамуына ықпал етуші себептері де соншалықты көп болатындығы түсінікті жәйт.

Адамның тұлғалық дамуындағы биологиялық, физиологиялық, психофизиологиялық өзгерістерінің барысында оның психологиялық мәртебесінде де өзгерістер пайда болады. Л.С.Выготский адамның жаңа психологиялық өңі (облик), яғни психологиялық жаңа өзгерістері оның бұрынғы әлеуметтік даму жағдайын бұзып, жаңа мүмкіндіктерге сай келетін басқа әлеуметтік жағдайдың қалыптасуына әкелетінін айтады [1]. Егер баланың, не үлкеннің айналасындағылар оларда пайда болған жаңа мүмкіндіктерді уақытында аңғарып, қарым-қатынасты сол деңгейде ұйымдастыратын болса, онда сол бала үшін де, үлкен үшін де дағдарыс тыныш, қиындықсыз, басқаларға білінбей өтер еді. Ал, керісінше болған жағдайда бала, не үлкен өздерін көрсету үшін, тәуелсіздігін қамтамасыз етуі үшін, әрі өз бетімен әрекет етуге мүмкіндік алуы үшін айналасындағыларға қарсылығын көрсете отырып, конфликтілік жағдайларға дейін барады.

Психологтар С.А. Рубинштейн, А.Н. Леонтьев, Б.Г. Ананьевтердiң зерттеулерiне сүйенсек, тұлғалық даму жолындағы адам өзiн танып-бiлумен бiрге өзiн өзгертуге де дайындығымен ерекшеленуi тиiс [2, 3, 4]. Ал, жаңа жерге қоныс аударған адамның өзін сол ортаға бейімдей алуға үйренуі - қажетті шарт.

Адамдар оқуға, тәрбиеге, немесе кәсіби тапсырмаларға байланысты басқаларға әсер еткісі келеді. Біреуге әсер ету әрбір адамның жеке басының қажеттілігіне, қолдау қолпаштауға, жақсы көретін топпен араласуына, тәуелсіздігіне, т.с.с. байланысты болады. Қарым-қатынас кезінде адам өзінің жеке басының қиындықтарын байқайды. Бұндай жалпы қиыншылықтардан күнделікті пікірлесу арқылы арылуға болады.

Мазмұнды сұрақ қою, пайдалы әңгіме дүкен құру арқылы кеңесіп тұрған адамды әңгімеге араластыруға және оны түсінуге мүмкіндік туады. Қарым-қатынастың интерактивті жағы – адам аралық қарым-қатынастардың адамдардың бір-бірімен әрекеттесуімен байланысты аспектілерін белгілеуге арналған шартты термин.

Тұлғааралық қатынастардың жүйесі достық, жолдастық, махаббат, жек көру, тағы сол сияқты категориялар арқылы көрінеді. Мұндай қатынастар тұлғаның топтағы, ұжымдағы алып отырған орнын көрсетеді. Олардың қалыптасуына байланысты адам өзін сол топтағы басқа адамдар арасында қалай сезінетінін байқауға болады.

Топтағы тұлғааралық қатынастар адамдардың бір-біріне сәйкес келушілігінен туындайды. Сәйкестік адамдардың тіл табысуына қажетті адам сапаларының оңтайлы жиынтығы. Сәйкестіктің негізгі төрт түрі бар: физикалық, психофизикалық, әлеуметтік психологиялық және әлеуметтік идеологиялық. Физикалық сәйкестік екі немесе бірнеше адамдардың әрекет жасауы кезінде физикалық қасиеттер жиынтығының сәйкес келуінен туындайды.

Сонымен бірге жаңа өмір жағдайы мен жаңа ортаға бейімделуші адам бұрынғы өмір жоспары мен стиліне де өзгерістер енгізуі керек болады. Ал, өмiрлiк стиль деп белгiлi бiр тұрақтылықпен сипатталатын мiнез-құлықтық жүйенi айтады. Тұлғаның өзiн басқаруы осындай стиль түрiнде қалыптаса отырып, саналы бақылаудан «босайды». Әрине, бұл жағдайды ерiк күшiнiң ролi мен маңыздылығын атап өтуiмiз қажет. Ерiк күшi тұлғада пайда болатын (iс-әрекеттiң немесе қарым-қатынастың мазмұнына қарай) түрлi түрткiлерге тәуелдi болады. Сондықтан да, өзiн сақтау және қоғамдық мiндетiн орындау сияқты түрткiлер арасындағы тартыста тез шешiм қабылдау тұлға үшiн оңай бола бермейдi.

Жаңа жерге бейімделу кез-келген адам үшін оңай бола бермейді. Өзiн өзгерту мен өзiн қайта тәрбиелеу мәселелерi де қалыптасқан әдеттердi күшпен өзгерту қажеттiлiгiне апарып соқтырады. Тұлға әдеттенген мiнез-құлығы үшiн энергияны аз жұмсайтыны анық, бiрақ онысы мотивациялық дәрежесi жағынан төмен болып шығады. Жоғары дәрежелi мотивацияға жету үшiн субъект өзiнiң бұрынғы өмiрiне қатысты мiнез-құлық әрекеттерiн түбiрiмен өзгертуге дайын болуы керек. Л.М. Рувинский өзін-өзі тәрбиелеудің өзін күштеу, өзін-өзі анықтау, өзіне-өзінің бағынуы, өзіне бұйрық беру, өзіне өзіінің еске салуы тәрізді тәсілдерін анықтаған [5]. Өмiрiндегi түрлi кедергiлер, өз жетiстiктерiне қанағаттанбаушылық кез-келген саналы адамды өзiн өзгертеуге, қайта тәрбиелеуге жетелейдi.

Өзiнiң потенциалды күшiн жұмсауына кейде мiнез-құлықтағы стереотип, сондай қалып пен тәртiпке дағдыланушылық тосқауыл болады да, адам өз мүмкiндiгiн мүлде шамалы пайдаланады. Стереотиптi жеңудың қиындығы туралы ұлы физиолог И.П. Павлов «Стереотип - сiрескен, көбiнесе өзгеруi өте қиын құбылыс» – деп айтқан [6]. Адам үйреншiктi дағдыда, бiржақты өмiрге бағынышты болғанда өзiн жан-жақты дамыту және қабiлетiн пайдалану жоспарын кейiнге қалдырады. Сөйтіп, көздеген мақсатына жете бермейді. Өзiн-өзi тәрбиелеудiң дербес мақсатының маңызы ерекше. Өйткенi деннiң саулығы, ақылды, сезiм мен ерiктi жетiлдiру адамның өзiне байланысты, яғни оның өз қолында. Сондықтан адам мақсатқа жетуге өзін-өзі көндіруі, иландыруы қажет.

Өзiн өзi иландыру механизмi - тежеу механизмiнiң артық ықпалының бiр бөлiгiн алып тастауы, ал оның әсерi ерiктiң әлсiздiгiнен, үрейленушiлiктен, көңiл күйiнiң жабырқаңқылығынан т.б. болуы мүмкiн. Сондықтан ерiк пен өзiн өзi иландыруды дамыту – өз қабiлетiн ашу жолы. Адам өзiнiң дайын мүмкiндiгiн ашып қана қоймай, одан әрi байыта алады. Бұған жоғары жүйке қызметiнiң ерекше икемдiлiгi көмектеседi. Мұндай жетiлдiрудiң негiзгi психологиялық жағдайы өзiне өзi риза болмау, жiберген қателiгi жөнiнде күйiну, жақсы болуға барынша талпыну. Өзiн өзi тәрбиелеу жолымен әр адам үздiк жетiстiкке жетпегенмен, адамның потенциалдық күшiнiң зор екендiгi соншалық, ол өз мүмкiндiгiн аша бiлген жағдайда елеулi өзгерiстер жасауға қабілетті болады.

Қарым-қатынастағы психофизикалық сәйкестік негізінен темперамент қасиеттеріне байланысты болатыны және оны өз тәжірибелерінде талдап көру, адамдардың өздерінің психологиялық ерекшеліктеріне қызығуын жоғарылата түседі.

Адамдардың жүйке жүйесі типтерінің ықпалына байланысты мінез құлықтарының сәйкес келуі, әдетте, екі бірдей емес темперамент тіл табыса алатыны (холерик пен флегматик, сангвиник пен меланхолик), ал екі бірдей темпераменттің (холерик пен холерик) тіл табысуы екіталай екендігіне тәжірибе жүзінде көз жеткізу жаңа ортаға тез бейімделуге көмектесері сөзсіз. Мұны адамдар топтарында жиі байқауға болады (жатақханада, не пәтерде бірге тұруда пайда болатын келіспеушіліктер). Әлеуметтік психологиялық сәйкестікке әлеуметтік жұмысты табысты орындай алатын тұлғалық қасиеті бар адамдар арасындағы қарым-қатынастардың сәйкес келуі жатады. Әлеуметтік идеологиялық сәйкестік бір қоғамда ортақ идеялардың үстемдігіне көнуден туындайды.

Кез-келген дамушы тұлға өзін тәрбиелеу арқылы өзiндiк сананың құрамына енетiн нормалар, идеалдар мен құндылықтарының мазмұнын толықтырады. Өйткенi бұлар мәнi жағынан қоғамдық болып табылатындықтан, тұлғаның жеке құндылықтары мен идеялары, нормалары дәрежесiне жету арқылы оны қоғамдық сананың бiр бөлшегiне айналдырады.

Сөйтiп, тұлға өзiнiң iс-әрекетi мен қарым-қатынасына қажеттi жеке стилiн қалыптастыратындығына мән берілді. Индивидтiң дене күшi мен психикалық жағынан неғұрлым аз мөлшерде энергия жұмсай отырып, көздеген мақсаттарына жетуiне көмектесетiн iс-қылық тәсiлдерiнiң жүйесi стиль болып табылатынын түсінудің нәтижесі тұлғаның күнделікті қалыптасқан әрекеттерін қайта қарастыруына ықпал етеді.

Қолданылған әдебиеттер:



  1. Выготский Л.С. Психология развития как феномен культу­ры. - М.,1986. – 420 с.

  2. Леонтьев А.Н. Становление психологии деятельности. Ранние работы. – М.: Смысл, 2003. - 439с.

  3. Рубинштейн С.Л. Основы общей психологии: В 2-х т. – М.: Педагогика, 1989. – Т.2. – 322 с.

  4. Ананьев Б.Г. О проблемах современного человекознания. – М.: Наука, 1977. – 380 с.

  5. Рувинский Л.И. Самовоспитание личности. - М.; 1984 – 140 с.

  6. Павлов И.П. Лекции о работе больших полушарий головного мозга. – М., 1952. – 288 с.



Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет