Жақында "Хабар" телеарнасында көрерменге жол тартқан "Бірақ…" ток-шоуы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, сынға ұшырағаннан кейін жабылды. Редакция этикалық норманы сақтамай, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық пен арандатушылыққа жол берді және кейіпкерлерді көпшілік алдында қорлады деп айыпталды. Қазақ телевизиясында бұған дейін де осыған ұқсас, артынша дау-дамайға ұласқан хабарлар болыпты. Олардың қатарында "Кел, татуласайық!", "Өз ойым" бағдарламаларының шығарылымдары және бірқатар кино туындылары бар. Stan.kz тілшісі осындай телеөнімдерге шолу жасап көрді.

Фото: pixabay.com

"Күйеуіңіздің сізді ұруға себептері болды ма?"

"Хабар" арнасындағы "Бірақ…" ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел келді. Бағдарлама жүргізушілері оған күйеуінің тепкісін еске салғаны аздай, эфирде күйеуін кешіруге көндірмек болған.
Ток-шоудағы сорақылық туралы "Қорғау Астана" қорының жетекшісі әрі құқық қорғаушы Анна Рыль жазды. Арна журналистері оған хабарласып, кейіпкер тауып беруін сұраған.

Сөйтіп қор жетекшісі халық көмек қолын созар деген ниетпен өздерінде тұрып жатқан әйелді бағдарламаға жіберген. Алдын ала келісілген шарт бойынша әйел бетін көрсетпейді және шоуға бұрынғы күйеуі қатыспауға тиіс болған. Алайда журналистер "ортадағы балалардың қамын күйттейміз" деп, уәдесінен тайқып кеткен.

Шоу кезінде журналист әйелге "күйеуіңіздің сізді не себеппен ұрды?" деген сұрақ қойды. Дәл осы сәт әлеуметтік желіде таралып, қоғам белсенділері мен құқық қорғаушылар арасында қызу талқыланып, соңы үлкен резонанс тудырды. Бұдан соң "Хабар" агенттігінің басшысы Кемелбек Ойшыбаев жайтқа қатысқы түсініктеме беріп, көрермендерден кешірім сұрады. Алайда мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева дереу ресми мәлімдеме жасап, ток-шоудың жабылатынын айтты. 

Профессор, белгілі медиазерттеуші Молдияр Ергебек фейсбуктегі парақшасында бағдарламаны сынға алды.

"Мемлекеттік телеарналар және жалпы қоғамның салығы арқылы өмір сүретін кез келген медиа рейтинг қуалап, саржағал материалдар өндірмеуі керек (Соңғы кездері көптеген контент саржағалданып бара жатыр). Екіншіден мемлекеттік медиа, журналист этикасы мәселесін үнемі назарда ұстап отыруы керек. Мына бағдарламада журналист этикасы және заң тұрғысынан өрескел қателер кеткен. "Сізге қосыл деп отырған жоқпыз" деп алып, психологты айту нағыз "зорлықшы" әрекет!!! Психолог зорлықшыға керек! Қайырымды екенсіңдер, зорлықшыны психологқа жіберіңдер! Ал Рамазан айын желеулетіп зорлықшы мен құрбанды татуластыруға тырысу – барып тұрған надандық! Олардың балаларын ойлайды екенсіздер, олай болса неге ойламадыңыздар балаларын?" – деді медиазерттеуші.

Сонымен қатар ол еліміздегі журналистердің біліктілігі жоқ екенін атап өтті.

"Өкінішке қарай, елімізде журналистер өте сауатсыз. Журналист деп тек екі жүргізушіні айтып отырған жоқпын! Бұл бағдарламаның продюсері, редакторы, аналитиктері қайда қарап отыр?" – деп түйіндеді Молдияр Ергебек.

 

 
 

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

 
 
 

 
 

 
 
 

 
 

Публикация от Stan.kz ақпарат агенттігі (@_stan.kz)

Топпен зорланған Қызғалдақтың оқиғасы

Телебағдарламалардың қонақ-редакторлары қонақты студияға "алдап" шақыруы қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Телефонмен келіскенде басқа мәселені айтып, эфирге келгенде мүлдем бөлек тақырыпты талқылап жатқанда студия қонағының өзі түсінбей қалып жатады. Бұған мысал ретінде 2020 жылы жарыққа шыққан "Кел, татуласайық!" реалити-шоуын қарастырайық. Шоудың мақсаты – адамдарға бір-бірін кешіре білуді үйрету, өмірді өкпе-реніш пен дау-дамайға жұмсамай, жарастыру. Демек – ата-ана мен балалардың, бір туған бауырлардың, ғышықтар мен достардың бұрыннан келе жатқан тартысын шешіп беру болуы керек. Алайда редакция өз мақсатынан ауытқып, басқа арнаға бет бұрған секілді.

Мақсаты екі тарапты татауластыру болып саналатын ток-шоу барысында зорлық-зомбылық құрбанын кінәлі деп айыптай бастаған.

Бағдарламаға 18 жастағы Қызғалдақ Талғат есімді бойжеткен келді. Оны 14 жасында үш жігіт зорлаған. Оларды соттаған, алайда түрмеге қамамаған. Ал жәбірленуші бойжеткен сол оқиғадан кейін жүкті болып, ұл туды. Оқиғадан кейін екі жастағы баласымен жалғыз қалған. Ол жәбір көрсеткендердің тиісті жаза арқалағанын қалайды. Десе де студиядағы жүргізуші мен қатысушылар бір ауыз сөзбен "бала өз әкесімен аралассын, ұлға ер азаматтың тәрбиесі керек” деген әңгімені желеу етеді. Өзі көптен көмек сұрап келген қызға бұл, әрине, күтпеген жағдай болғаны анық.

Қызғалдақ тоғыз жасында анасынан айырылған, әкесі және ағасы бар. Бағдарлама жүргізушісі эфир барысында Райымбек ауданының прократурасына, сотына қажетті іс қағаздарды жіберіп, осы мәселені қайта көтеріп отырғанын айтты. Олар тіпті, баланың Дидар есімді болжалды әкесін іздеп ауылға барған. Алайда онымен танысу, сөйлесу мүмкін болмапты.

Бағдарламалардың бірінде әкесі эфир кезінде қоңырау шалып, қызының зорланғанына бойжеткеннің өзі кінәлі екенін айтқан. Себебі ол ауыл ішінде көп жүре берген, ал зорлаушылардың саны үш адамнан әлдеқайда көп болған көрінеді.

Фото ашық дереккөзден алынған

Келесі бір шығарылымда эфирге Қызғалдақтың туысқан әпкесі хабарласты. Ол жәбірленушінің әкесі зорлаушыларды кешіріп немесе олармен келісе отырып, сол кездегі кәмелетке толмаған қызының тағдырын шешкенін айтты. Оның сөзінше, туыстарының бәрі қыздың әкесімен сол оқиғадан кейін араласпай кетіпті.

Алайда 31-арна өкілдері түсірілімге түсініктеме берген. 

"Жоба барысында бір кездері зорлаушылармен мәмілеге келген және оларды кешірген қыздың әкесін Қызғалдақпен татуластырдық. Ал енді редакция күдіктілерді жазалау және алимент өндіріп, әділеттік орнатуға бар күшін салып жатыр. "Кел, татуласайық" бағдарламасының араласуынан кейін Алматы облыстық прокуратурасы 3 жыл бұрын жабылған қылмыстық істі қайта қозғады", – деді арнаның баспасөз қызметі.

БҰҰ қорының Қазақстандағы UNFPA халық саны саласындағы құрметті елшісі Ақмарал Күшербаева жоба жөнінде пікірін бөлісті.

"Қызғалдақ және оның тағдыры туралы тоқталсақ. Бағдарламаны бірден көре алмадым. Бірақ "Информбюро" репортажын қарап, осы шығарылымның астындағы пікірдерді оқып шықтым. Не айтуға болады? Телевизиялық шоу – ол шоу. Қалай айналдырып әкелсең де, телевизиялық шоудың мақсаты – көңіл көтеру. Шамасы, мұндай талқыға түскен тағдырлар көрермендердің назарын аударту үшін жасалған. Алайда мұндай ойын-сауық жобалар адам жанын жаралап, уайым-қайғыға батырады. Зорлаушыны жәбірленушімен татуластыру бойынша ойым өте айқын – қажеті жоқ. Ұйымдасқан зорлаудың жанында "Кел, татуласайық!" деп тұрмауы керек", – деп пікір білдірді қоғам белсендісі.

Осы орайда Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі №451 заңы еске түседі.

Мұнда "Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны жария ету, терроризмге қарсы операцияларды жүргізу кезеңінде олардың техникалық тәсілдері мен тактикасын ашатын ақпаратты тарату, есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды насихаттау, қатыгездік пен зорлық­-зомбылықты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық басымдықты үгіттеу немесе насихаттау, порнографиялық және арнайы жыныстық-эротикалық сипаттағы радио-телебағдарламаларды тарату, сонымен қатар кино және бейне­өнімдерді көрсету, осы Заңның 3-бабында, 10-бабының 6-тармағында көзделген талаптарды бұзу, сонымен бірге 14-бабының 31-­тармағының, 15 және 16-баптарының талаптарын бір жыл ішінде қайталап бұзу белгіленген тәртіппен бұқаралық ақпарат құралдарынан шығарылуын (эфирге шығуын) тоқтата тұруға негіз болады", – делінген.

Жоғарыда жазылған мысалдар мына заңда көрсетілген зорлық-­зомбылықты насихаттайтын, әлеуметтік және арнайы жыныстық-эротикалық сипаттағы бағдарлама тізіміне кіреді.

"Бұттың емес, ұлттың мәселесін көтеретін бағдарлама болса деймін"

Түрлі ток-шоу, жеңіл-желпі музыкалық бағдарламалар белең алып, онымен қоймай қазақша бағдарламаларға орыстілділерді қосу, жеңіл әуен, жартылай жалаңаштанған арзан шоулар мәселесін былай қойғанда, журналистер жұмысының өзі күйіп тұрған мәселеге айналды.

2019 жылы сотқа ұласқан осындай оқиға естеріңізде болар. Онда да мәселенің мән-жайына бармай, эфирге келіп "қыздығын саудалады деген" студент қыздың оқиғасын әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Алматыдағы Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің студенті Айнұр да – дәл осындай бағдарламаның "құрбаны". Жетінші арнадағы "Өз ойым" бағдарламасы қызды Алматыдан астанаға алдыртып алған соң ғана, тақырыпты басқа арнаға бұрған. Бағдарламаға қатысуды қызық көрген қыз қазір өзі білім алатын оқу орынан, жатақханадан шығарылған. Бойжеткен қазір жасаған ісіне өкінеді. Қыздың туған-туыстары қаралап, ата-анасы налыған.

"Бала-шағаңызбен түскі ас ішіп жатқан кезде қыздың қыздық пердесі туралы айтып жатса, тамақ іше аласыз ба? Ана жерде гейлер, трансвиститтер, біреудің 30 рет зорланғаны туралы айтады. Біреудің арын, ішін ақтарып, сыртқа шығарып жатқанын бала-шағаңмен көретін кезде беру дұрыс емес қой", –  деп, блогер бағдарламаны және оның телеарнада көрсетілетін уақытын сынға алды. 

"Өз ойымның" жабылуын қалайтын қара халықтың тілегі орындала ма деген сауалға келгенде, жүргізуші Нұрсұлтан Құрман мен Нұрболханның ойы бір жерден шықты. 

"Бұндай бағдарламалар жабылмайды. Кезінде "Қалаулымға" да қатысты осындай жағдайлар болды. Бірақ ол бағдарлама жабылмады. Осындай пікірталастардан кейін "Өз ойымның" тақырыбы жұмсаруы мүмкін. Егер жұмсарса, мен оған қуанамын. Бұттың емес, ұлттың мәселесін көтеретін бағдарлама болса деймін. Немесе қоғамдағы кез келген өзекті мәселені көтерсін. Ондай мәселелер көп қой", – деп ағынан жарылды Нұрболхан Шарапов.

Сонымен қатар ол мақсаты рейтинг үшін жанталасатын мұндай бағдарламалардың бағытын түзеу керек екенін аңғартты.

Ал "Өз ойым" ток-шоуының продюсері Жангелді Таңатбекұлы "бағдарлама жабылсын" деп шулағандарға жауап берді. Ол студиядағы қонақтардың ешқандай да әртіс емес екенін, оларға қаражат та төленбегенін айтып, тек қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғағанын жеткізді. Продюсер қыздығын сатқысы келетін қызды жарнамалап жатпағанын, керісінше кейіпкерді райынан қайтаруға тырысқандарын айтады.

Фото ашық дереккөзден алынған

Кейін уақыт өте келе, Нұрболхан Шарапов бағдарламаның жымысқы ойы туралы жаңа деректердің шыққанын айтты.

"Құрметтi Отандастар, мен қателескен екенмiн. Кешiрiм сұраймын! “Өз Ойым” мен ойлағандай емес екен. Мен жай бергi жағын ғана көрiп жүр екенмiн. Айтпағым мынау: Кешегi бағдарламада кейiпкер болған қыз, “Өз Ойымның” арғы жағын айтып бердi. Ол қыз туралы қысқаша ақпарат: Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студентi. Есiмi – Айнұр. Қазақ қызы қалайша арын аукционға салатындай дәрежеге түстi деп, ол қыздың ата-анасымен тiлдесу үшiн немесе өзiмен сөйлесу үшiн телефон номерiн iздестердiм. Таптым. Сөйлестiм. Сондағы бар шындық видеода (Толық көрiңiз)", – деп жазды Нұрболхан.

Бағдармаға түскен қыздың айтуынша, эфирді ұйымдастырушылар әуелі оған пәктікке байланысты пікір білдіресің дегенімен, кейін халықты шулату, дүрліктіру үшін "мен қыздығымды сатамын" деп айтасың деп түсіндірген. Бағдарламаның соңына дейін сатамын деп айтасың, сатпаймын деме деп үйреткен.

"Маған негізі мұның бәрін айтпа, ешкім білмесін деген. Енді маған бірдеңе бола ма деп қорқып тұрмын. Олар заң жүзінде қудалаймыз деген. "Өз ойым" бағдарламасының өтірік екенін айтпа деді. Бірақ менің сабағыма, өміріме кесірі тиіп отыр", – дейді бейнежазбада Айнұр Жәнібекова.

Нұрболхан Шарапов студент қызды оқу орнынан шығарған басшылыққа өтініш айтып, оның балалығын кешіруді сұрады.

"Құрметтi Айнұрдың туыстары, өз қыздарыңызға кешiрiммен қараңыздар. Ақ, қарасын ажыратып берiңiздер, жөнге салыңыздар. Қадiрлi, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетiнiң ректоры Тахир Оспанұлы, Айнұрдың балалығын, шалалығын кешiрiп, оқуын әрмен қарай жалғастырып, қайта қалпына келтiрiп беруiңiздi сұраймын. Сүрiнген қазақтың бiр қызына сүйеу болыңыз! Айналайын Айнұр қарындасым, жаңылған екенсiң, шекеңе тиген шығар. Хайпталам деп, айыпталып қалдың. Айтарым, арыңды сатпа, барыңды сақта!", – деген Нұрболхан Айнұрды кешіріп, көпшілікті оған қолдау білдіруге шақырады. 

Оқиғада белсенділік танытқан әзілкеш Нұрболхан Шарапов пен бағдарлама жүргізушісі Ләйлә Сұлтанқызының арасындағы дау халықтың көз алдында өршіп, іс сотқа дейін жетті. Істе әзілкеш жеңіп шықты.

"Әйел деген тілін қысқартып, еркекті сыйлау керек"

Сонымен қатар Хабар арнасында осыдан 1 жыл бұрын "Айнаline" бағларламасында "Тиран күйеуден қашқан жеті баланың анасы, ажырасуға кім кінәлі" тақырыбы көтеріледі. Студиядың басты кейіпкері – Ақсан Әбдіжаппарқызы. Ол күйеуінен 12 жыл бойы көріп келген қорлығын айтып, көз жасына ерік береді. 

Таяқтан көз ашпағанын айтқан кейіпкерге жүргізуші Нұрбигүл "Оған себеп бар ма?" деп сұрақ қояды. Әйелдің сөзінше, ұрыс-керіске, ұрып-соғуға бірден-бір себепкер енесі екен.

Келген қонақтардың қатарында дінтанушы, имам Нұрлан Байжігітұлы, қоғам белсендісі Роза Шәрапи және заңгер Тұрсын Төлеген бар. Дінтанушы мен заңгер бір ауыздан кейіпкердің оқиғасын талқыға салмай, керісінше, қандай көмек қолы керек екенін айтып түсіндіреді. Алайда сөзге ілесе кеткен қоғам белсендісі кезінде өзінің күйеуінен теперіш көргенін, одан жаман болып кетпегенін айтып татуластыруға тырысады. 

Фото видеокадрдан алынған

Журналист Роза Шәрапиға, "сіздердің кезіңізде ұрып соғу жиі болды ма?" деп сұрақ қояды. Егде тартқан әйел жас кезінде мұндай жағдайлардың сирек болғанын айтады. 

"Қалқам, сенің де айтқаның дұрыс шығар. Әйел – өте нәзік жан иесі. Әйел қырық жанды. Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен, ол – әйел. Сондықтан үйдің ұйытқысы да – әйел. Әйел деген тілін қысқартып, еркекті сыйлау керек. Жақсы көріп қосылмаса, 6-7 баланың анасы болмас еді. Солай сөйлеймін кешірерсіздер. Ал енді сол баланы дүниеге әкелген соң, ұрса, зорласа, екі немесе бір баласынан кейін тоқтап, айырылысып кетуі керек еді. Мен де 9 жасымда жетім қалдым. Онда тұрған ешнәрсе жоқ. Біздің кезімізде әкелерің келе жатыр, ұрсады, ұят болады деп өсірді. Қол көтеруді көрдім. Жасырмаймын. Мен де отағасымен 54 жыл тұрып келе жатырмын. Күйеуімнен артық адам жоқ. Бірақ өзім тілімнен тапқаным болды. Өйткені Райкомда істедім, завхоз болдым. Бізге қатындарға сол кезде де, қазір де көп билік беріп жіберді. Еркек қандай болса да, әйел екі саты төмен болуымыз керек. Еркектің қас-қабағына қарауымыз керек. Енем күйеуің 100 грамм ішіп келсе де, бір сөз айтпа дейтін", – деп қоғам белсендісі өз ойын түсіндіріп өтті.

"Сен еркекпен соғыста жеңілетініңді біліп, сәл тіліңе ие бол"

Хабар арнасындағы "Айнаline"-ның 4 ай бұрын шыққан бағдарламасында "Тұрмыстық зорлық-зомбылықты қалай тоқтатамыз?" тақырыбында эфир болады. Дәл содан бір күн бұрын 9 қарашада экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған еді. Эфирде психолог Сәулекүл Сали зорлықты болдыру немесе болдырмау әйелге байланысты екенін айтады. Алайда креативті продюсер Перизат Мырзахмет мұнда ер азаматтың кінәсі басым екенін және жазалау шараларын қатаңдату керек екенін баса айтты.

Эфир кезінде психолог ер адамдар психологиялық тұрғыдан әлсіз екенін және әйелдер оларды ашуландырған кезде физикалық күшке баратынын жеткізді. 

"Әйелдің сөзі еркектің сүйегінен өткен кезде олар өздерін ұстай алмайды. Сен еркекпен соғыста жеңілетініңді біліп, сәл тіліңе ие бол. Сәл ойлан. Ертең сен не істейсің? Мүгедек боласың. Балалар жетім қалады. Ажырасасың, кетесің. Ажырасудың көп болуы әйелдің тарапынан болады", – деді психолог.

Продюсер Перизат Мырзахмет психологтың сөзіне қарсы шығып, қай істе болсын әділдік керек екенін айтты. Оның айтуынша, ол тек әйелдер позициясын қорғамайды.

Фото видеокадрдан алынған

"Егер, шын мәнінде, әйелдер позициясын ғана қорғасақ, мына мысалдарды айтуға болады. Күйеуін өлтірген әйелдер, баласын ұрып-соққан әйелдер, ауру баланы ұрып-соғып, түрмеге қамаған әйелдер болды. Біз оларды қолдадық па?! Біз оларды ақтадық па?! Бір ретте болсын айттық па? Е, ол әйел адам, оны кешіріңдер. Әйелді түрмеге қамауға болмайды деп айттық па? Қашанда әйелдердің құқығын қорғап жүрген адвокат, психолог, блогер болсын – барлығы тек әділдікті жақтады. Ойбай біз соған "ойбай довели", "біреу тілімен жеткізіпті, бүйтіпті" деп айтқан жоқпыз. Ал еркек өлтірсе?.. Міне, кеше ғана Бишімбаевтің астындағы комментарийді оқыңыз. Бәрі "измена" деп жазып жатыр. Көзіне шөп салса, әйелді өлтіру керек пе? Әйелінің көзіне шөп салғандардың бәрін өлтіре берсек, онда Қазақстанда еркек қалмайды", – деді Перизат.

Бұдан бөлек, әңгіме барысында зорлық-зомбылықтың болуына, күш қолданған ер адамдар кінәлі екенін атап өтті. Ал мұндай пікірге келіспеген психолог онда ер адамдардың бәрін түрмеге отырғызайық деп қарсы шықты.

"Онда ер адамдардың бәрін түрмеге қамайық. Ату жазасына бұйырайық. Қырайық. Не істейміз, ал? Әйел өзінің тілін шығару үшін себеп табады. Ол енесімен қырылады. Қайын-жұртпен ұрысады. Мысалы, ең көп кездесетін классикалық себебі, ол былай еркек тыңдай білсе, әйел дұрыс нәрсені қалайды. Еркек неге тыңдамайды? Әйел мұндайда менің сөйлемеуім дұрыс болмай тұр деп ойлану керек. Әйелдің "запросы" дұрыс болмағаннан кейін еркек оны тыңдамайды", – деп жауап берді психолог.

"Ұрып жібергені былай тұрсын, енесімен жұлысатындар бар ғой өмірде"

Бұған дейін актриса Дариға Бадықова "Келінжан" сериалын сомдауға қиын түскен сахнасы туралы баяндап берді. Ол Айсараның образын ашу үшін үлкен кісіге қол көтеруге мәжбүр болғанын айтып, елден Айсараны жек көрмеуді өтінді. 

"Осы сахна қиын болды. Біраз дубль жасалды. Жаңа көріп отырып, жүрегім ауырды. Жақсы адамды ойнау оп-оңай. Жалмауызды ойнау қиын. Жеткізу үшін неше түрлі сезімді бересің. Өз жадыңнан шығу үшін, сөзді туғызып сөйлейсің. Өзім сеніп қалдым, бұндай товары құрсын деп. Бұны сабақ деп қабылдаңыздар. Бұндай іске жоламаңыздар. Мен қарсылық білдірдім, үлкен кісіні бұлай ұрып жібермейді, ұят болады деп. Режиссер "ұрып жібергені былай тұрсын, енесімен жұлысатындар бар ғой өмірде" деді. Режиссер солай көріп тұрса, қарсы шыға алмайсың! Айсараны жек көрудің қажеті жоқ! Осы образбен алданған әйелдердің жанталасын, тығырыққа тірелгенін, басының дауға қалғанын көрсетті. Өмірде болған жағдай", – деп Бадықова ағынан жарылды.

Қоғамдағы дәл мұндай виктимблэймингтің көрінісін осы телеөнімдер де көрсетіп, дәріптеп жүр. Виктимблэйминг сөзі қайдан шықты? Victim – зардап шегуші және blaming – кінәлау деген сөздерден құралған, және айтылуы күрделі сөз. Алайда оны айтудан гөрі, қабылдау қиын. Логикаға симайтын нәрселер бар. Зардап шеккен адам қалай ғана кінәлі болады? Егер солай болса, неліктен біз зорлыққа тап болған адамды жиі кінәлаймыз? "Тым ашық киінді", "Жүріс-тұрысы дұрыс болмады", "Қатты күлді", және басқа да осындай айыптаулар. Оның ашық киінгені басқаларға хайуанша әрекет етуге рұқсат бере ме? деген сұрақтар көкейде жүргені қашан?!

Ал заңгер, продюсер Айсәуле Әбілданың айтуынша, адам зорлықтың құрбаны болғанда оның миының кең ойлануға, өзін қорғауға шамасы келе бермейді.

"Қоғамның ит боп таяқ жеген келіншекті “әйел өзі кінәлі деп” виктимблейминг жасай салатыны тағы бар. Қылмыс әлемінде ешқашан зәбір көруші, жәбірленуші кінәлі болмайды. Ол соншалықты сөз ұқпайтын әйел заты болса да, ешкімнің оны иттей қып сабауға хақы жоқ. Мейлі мың отар қалың мал беріп алған күйеуі болса да", – деді Айсәуле Әбілда.

Бұдан бөлек ол әрбір әйел өзінің заңды құқығын білгенін талап етіп отыр.

"Негізі мен заңгер ретінде 100% демократия болмайтынын үнемі айтамын, бір адамның құқығы мен міндеті біткен жерден басқанікі басталады. Сондықтан әрбір ата-ана балаға жеке бас шекарасын қорғауды үйретуі керек деп ойлаймын. Осындай қиындықта жүрген әрбір келіншек өзі және балалары үшін көмек сұрауы керек, ал айналасындағылар барынша көмек көрсетуге тырысуы керек. Себебі өз отына өзі жылына алмай қалатын жағдайлар бар өмірде. Бәріміз бір-біріміздің отымызға жылына алатындай жағдай жасап, көмек көрсете алмасақ, біз несіне қоғамбыз?! Ешкім ешкімнен қорлық көруге жаралған жоқ, әр адам өзінің бақыты мен жайлы өмірі үшін күресуге құқылы. Абьюзерден қорқу арқылы оларға басымдық сыйлаймыз, сондықтан құқықтарыңызды біліңіздер, қорғаныңыздар, қорғаңыздар қажетсіз техникалардың орнына арасында заңды да ашып қойыңыздар дегім келеді", – деп продюсер ойын білдірді.

 

 
 

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

 
 
 

 
 

 
 
 

 
 

Публикация от Дариға Бадыкова (@dariga_badykova)

"Бір "сабап" алатын"

Елімізге танымал кино және театр әртісі Лидия Кәден "Қазақстан" арнасындағы "Таңшолпан" бағдарламасында Әмина Өмірзақовамен өткізген жылдардағы естелігін бөлісті. Ол өз естелігінде аға буынның жастарды бір ұрсып, керек десе сабап алғанын айтты.

"Оның күлкісі сондай жарқын еді. Бірақ Әмина апай мінезді кісі болды. Бізді бір "сабап" алатын. Театрдағы қыз-жігіттермен әзілдесіп жүретін. Сол уақытта мен театрға енді келген 22-дегі қызбын. Маған ерсі көрінетін. Қазір жасым 70-тен асты, ұжыммен өзім де әзілдесемін. Бір ұжымда елу жылға жуық уақыт жұмыс істеп келемін. Ол кісілердің орны бөлек еді", – дейді актриса.

Өзі де жас буынмен қалжыңдасатын айтып, күліп алды.

 Фото видеокадрдан алынған

"Мына қазіргі балалармен қалжыңдаймыз, әзілдейміз. Не түрлісін айтамыз. Баламызды да, күйеуімізді де ойнайды. Жігітімізді де ойнайды. Сондықтан қазір ойлаймын. Ол қатты да ерсі емес екен ғой. Бізден кейінгі буындар сөйтіп ерсі көретін шығар", – деп жауап берді Лидия Кәден.

Ал психолог Жанар Оспанова "ешкім біліп туған жоқ" немесе "бәріміз де оңбай таяқ жегенбіз. Жаман адам болмадық" дейтіндерге қатысты ойын айтты.

"Онда тұрған ештеңе жоқ" деп мән бермейтіндердің өзі – агрессор. Ол үшін кезінде өзін ұрып-соққандай баласын ұрып-соғу – норма. Бұл қорғаныс механизмі", – дейді психолог.

@qazaqstan.tv_
♬ оригинальный звук — «Qazaqstan» телеарнасы

Жоғарыдағыдай бағдарламалар жасап, қонақты алдап шақыру, ұлт мәселесін ушықтыру, бір адамның тағдырын бір эфирмен "шешу" – бәрі де жүрдім-бардым қарайтын мәселеге айналды. Бұдан кейін билік пен халық арасында алтын көпір болатын нағыз журналистерге деген сенім азаяды. Өйткені жолдан қосылған, сөздің қадірі мен ұлттың рухын сезінбейтін, тілге жаны ашымайтын, тек еңбегінің ақысын алсам болды деп жұмыс істейтін тілшілердің қатары көбейді. Бұдан кейін қазақ халқы жиі айтып жүрген "ел болам десең, бесігіңді түзе" деген тәмсілді "ел болам десең, эфиріңді түзе" деп айту қажет болып отыр.

Былтыр әлеуметтік желіде белгілі журналист Меруерт Әйтенованың "Көреміз" ток-шоуында айтқан сөздері тарап кетті. Ажырасқан әйелдер жайлы айтқан сөздерін қолдағандар да, қарсы келгендер де бар. "Бәріміз өз бетімізше күйеуді тыңдамай кетсек не болады" деп отбасыны ұстап қалу тақырыбында өткір сөздер айтты. 

"Бақытсыз әйелсің, бақытсыз анасың, бақыт көрмеген әйелсің, отырсың міне, әлемге жылап. Ей, ана төрт баланы тапқызып, тәтті төсектің дәмін сездірген еркекпен неге жабысып, сомен жабысып өмір сүрмейсің. Егер бәріміз де жеңіл өмірді қалап, күйеуімізге көнбей, миымыз ағып кете беретін болсақ… Сендер мына ажыраған әйелдер – қоғамның сорысыңдар. Біз жек көреміз. Мысалы, мен жеке өзім ажырасқан әйелдерді жек көрем. Отырғым келмейді олардың қасында. Мен сияқты миллиондаған әйелдер бар. Отбасын ұстап, қандай болса да көніп отқан әйелдер бар. Солар ажырасқан әйелдермен бір дастарханда отырғысы келмейді", – дейді Меруерт Әйтенова.

Ажырасқан әйелдерді қоқысқа теңегені үшін НеМолчиKZ қорының басшысы, қоғам белсендісі Дина Таңсәрі оны сотқа беруге шақырды.

Дина Таңсәрі әйелдерді қорлаған журналистің сөзіне шамданды.

“Бұл ханымның көздері ашу мен кекке толы, ал қарама-қарсы жақта көзінде оты жоқ, өмірден қажыған қыздар отыр. Бұл әйел келіп, мұндай айыптаулармен оларды одан сайын өшіруде”, – деді қоғам белсендісі.  


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.