Тобылов Қ. Т., Даулетбаев Б. Т. ҚАржылық бақылау және аудит


Тарау 3 Қаржылық бақылау мен аудиттің нормативтік-құқықтық және ақпараттық негіздері



жүктеу 1.4 Mb.
бет3/8
Дата22.09.2017
өлшемі1.4 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8

Тарау 3 Қаржылық бақылау мен аудиттің нормативтік-құқықтық және ақпараттық негіздері


Мақсаты: Қаржылық бақылау мен аудиттің нормативтік-құқықтық және ақпараттық негіздерімен танысу
Жоспар:

3.1 Қаржылық бақылау мен аудитті жүргізудің нормативтік-құқықтық негіздерінің мазмұны,мақсаттары мен оның классификациясы.

3.2 Қаржылық есеп берудің нысандары
3.1 Қаржылық бақылау мен аудитті жүргізудің нормативтік-құқықтық негіздерінің мазмұны,мақсаттары мен оның классификациясы
Қазақстандағы аудиторлық қызметтің мәселелерін жанама және тікелей реттейтін заңдар, заң актілері, Президент жарғысы, үкімет, ҚР-ның Қаржы министрлігі, ҚР-ның Ұлттық банкінің қаулылары сияқты біріншілік, жоғары деңгейдегі құжаттар саналады.

Аудиторлық қызметті реттудің нормативтік құжаттардың екінші деңгейі бақылау мен аудитті жоспарлаудан бастап аудиторлық қорытындыны құруға дейінгі аудиторлық қызметті жүзеге асырудың базалық принциптерін жалпылайтын ережелерден (стандарттар) құрылады: Бақылау мен аудитті жүргізу барысындағы нормативтік актілердің орындалуын тексеру, қызметтің тоқтатылмауына жол беруді қолдану, Аудиторлық дәлелдемелер, Аудиторлық сұрыптау, Аудиторлық тәуекел және мәнділік, Бақылау мен аудитті құжаттау, Сарапшының жұмысын қолдану, Бақылау және аудит барысында бухгалтерлік есеп жүйесі мен ішкі бақылауды бағалау және зерттеу, Бухгалтерлік есепте қателерді анықтаған кездегі аудитордың іс-әрекеті, Аналитикалық шаралар.



Үшінші деңгейге аудиторлық қызметін ұйымдастырудың мәселелері бойынша консультациондық (түсіндірушілік), нұсқаулы, ақпараттық сипаттамасы бар құжаттарды жатқызамыз. Бұларға ҚР үкіметінің, ҚР-ның Қаржы министрлігі, ҚР-ның Ұлттық банкінің барлық мүмкін нұсқаулары, жарлықтары, түсіндірмелері, хаттары, жеделхаттары жатқызылады.

Сөйтіп төртінші деңгейлік құжаттарға белгілі бір аудиторлық фирманың бақылау мен аудитті жүргізудің жалғыз жолын қамтамасыз ететін фирмаішілік аудиторлық стандарттарды жатқызамыз. Банктік аудитті жүзеге асыратын аудиторлық фирмалар үшін фирмаішілік стандартар қатарына аудиторлық бақылау жүргізу бойынша келесі қызметтік орындарды жатқызуға болады: аналитикалық және синтетикалық есептің жағдайын, банктің есептік саясатын, құжат айналымын, банкішілік бақылауды орнатуды, жеке банктік операцияларды жүзеге асырудың дұрыстығы және олардың бухгалтерлік есеп және есеп беруде көрініс табуын, шаруашылық операциялар есебінде дұрыс көрініс табуын, бухгалтерлік және салықтық есеп беруді құрастыруды және т.б.


3.2 Қаржылық есеп берудің нысандары
«Бухгалтерлік есеп туралы» ҚР –ның Президентінің жарғысына сәйкес қаржылық есеп беру құрамына келесі нысандар жатқызылады:

1) бухгалтерлік баланс

2) қаржылық – шаруашылық қызметінің нәтижелері бойынша есеп беру

3) ақша қаражаттарының қозғалысы бойынша есеп беру.

Сонымен қатар онда түсіндірме хаты болуы тиіс, ол қаржылық есеп берулерге негізделген немесе олардан алынған және олармен бірге оқылатын мәліметтермен толықтырылуы мүмкін.

Нарықтық экономика жағдайында қаржылық есеп беру кәсіпорынды қоғаммен және де субъектінің қызметі туралы ақпаратты пайдаланушы іскерлік әріптестермен байланыстыратын ақпараттық бөлік болып табылады. Ол шаруашылық жүргізуші субъектінің қызметі туралы қаржылық ақпараттың дара жүйелік көзіне, әртүрлі құқықтық-ұйымдастырушылық нысандағы шаруашылық жүргізуші субъектілердің негізгі қаражатына, басқарушылық шешімдерін қабылдауға қажетті келешек аналитикалық есеп берудің ақпараттық базасына айналады.

Қаржылық есеп беруді дайындау тек қана бухгалтерлердің ғана емес, кәсіпорындардың басқа да экономикалық және техникалық қызметінің міндеті, себебі есеп беруді құру кезінде субъектінің қызметінің барлық аспектілері қорытындыланады және бағаланады. Есеп беру ағымдағы есептің барлық түрлері негізінде құрылады, атап айтқанда: статистикалық, бухгалтерлік, оперативті-техникалық. Оның сандық сипаттамасымен қатар, сапалық сипаттамасы болуы тиіс және ол кәсіпорынның есеп беру кезеңдегі шаруашылық қызметінің жалпыланған және өзара байланысты көрсеткіштерінің кешені болып табылады. Оны мұқият зерттеу жақсы нәтижелерге жетудің жолдарын, шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметінің кемшіліктерін ашады, оның қызметін жетілдірудің жолдарын белгілеуге көмектеседі.

Қаржылық есеп беру жүйесінің басты ролін бухгалтерлік баланс атқарады. Ол маңызды функцияларды жүзеге асырады. Біріншіден бухгалтерлік баланс жеке меншік иеленушілерді, менеджерлерді басқарушылықпен, шаруашылық жүргізуші субъектілердің меншігінің жағдайымен таныстырады. Бухгалтерлік баланстан олар меншік иеленушінің немен иеленетіндігі, яғни меншік иеленушінің қолдана алатын материалдық қаражаттар қорларын сапалық, сандық қатынасындағы дәрежесін және бұл қорды құруда қатысушыларды біледі. Екіншіден, баланс арқылы жақын арада субъекттің нарықтық экономикада саны ұлғайып жатқан (акционерлер, инвесторлар, кредиторлар, сатып алушылар, сатушылар және т.б.) үшінші тұлғалар алдындағы өзіне жүктеген міндеттерін ақтай алатындығын анықтауға болады. Үшіншіден актив пен пассив баптарының мазмұны оны ішкі және сыртқы пайдаланушылардың қолдануына мүмкіндік береді. Есеп берудің орталық нысаны ретінде бухгалтерлік баланс есептік күнге субъект меншігінің құрамы мен құрылымын, ағымдағы активтердің өтімділігі мен айналымдылығын, меншікті капитал мен міндеттемелердің бар болуын, дебиторлық және кредиторлық берешегінің жағдайы мен динамикасын, кәсіпорынның несиеқабілеттілігін және төлемқабілеттілігін анықтауға мүмкіндік береді. Баланс мәліметтері субъект капиталын орналастырудың тиімділігін бағалауға, оның ағымдағы және алдағы уақыттағы шаруашылық қызметіндегі жеткіліктілігін бағалауға, қарыз көздерінің құрылысы мен көлемін және оларды тартудың тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен, бухгалтерлік баланс шаруашылық жүргізуші субъектінің қаржылық жағдайын талдауда және бағалауда ақпараттық нысан ретінде анықталады.

Баланс ақпаратының негізінде сыртқы пайдаланушылар әріптес ретінде белгілі бір шаруашылық жүргізуші субъектілермен іс жүргізудің шарты мен мақсатқа сайлылығы туралы шешім қабылдай алады: өз салымдарының тәуекелділігін бағалау, белгілі бір кәсіпорынның акциялар мен активтерін иемденудің пайдалылығы және басқа да шешімдер. Баланстың маңыздылығы сондай, қаржылық жағдайдың талдауын арнайы әдебиеттерде баланс талдауы деп те атайды, және де оның маңызды мақсаттары келесі:


  1. баланс өтімділігін талдау

  2. капиталдың тиімділігін бағалау

  3. субъектінің іскерлік (шаруашылық) белсенділігінің дәрежесін бағалау

  4. субъектінің төлемқабілеттілігін және нарықтық тұрақтылығын бағалау

Тұжырымдамалық негіздемеде қаржылық есеп беруді дайындау және тапсыру үшін қаржылық есептер бухгалтерлік есепті реттеудің екінші деңгейі және барлық шаруашылық жүргізуші субъектілердің орындалуы үшін міндетті нормативтік –құқықтық құжат болып табылатын бухгалтерлік есептің стандарттарымен анықталатындығы көрсетіледі.

Бухгалтерлік баланс негізгі есептік нысан ретінде «Бухгалтерлік баланс және қаржылық есеп берудегі негізгі ашылымдар» бухгалтерлік есеп стандарты арқылы анықталады. Ол активтердің , меншіктік капиталдың және міндеттемелердің мәні мен көрінісін анықтайды, қаржылық есепті тапсыру кезіндегі ашылуға тиісті ақпаратқа қойылған талаптарды қамтамасыз етеді.Ұзақ мерзімді және ағымдағы активтердің, меншікті капиталдың, ұзақ мерзімді және ағымдағы міндеттемелердің қорытынды соммасы баланста көрсетілуі тиіс. Баланста ағымдағы активтер мен міндеттемелердің анықталуы мен олардың қорытынды сомалардың айқындалуы қаржылық есеп берудің пайдаланушыларына субъектілердің қаржылық жағдайын дұрыс бағалауға және негізделген басқарушылық шешімдерді қабылдауға көмектеседі.


Бақылау сұрақтары:

  1. Аудиторлық қызметін нормативтік реттеу құжаттарының деңгейлері.

  2. Аудиторлық қызметті реттейтін нормативті-құқықтық актілердің негізгі талаптарының сипаттамасы.

  3. Қаржылық есеп берудің нысандары.


Өзін-өзі тексеру тест тапсырмасы:

1. Аудиторлық қызметті ұйымдастыру мәселелері бойынша консультациондық нұсқаулы ақпарат нешінші деңгейлі құжаттарға жатады?

А) бірінші

В) екінші

С) үшінші

D) төртінші

Е) бесінші
2 .Есеп беру, ағымдағы есептің қандай түрлері негізінде құрылады?

А) статистикалық,бухгалтерлік,оперативті-техникалық

В) аналитикалық,статистикалық,бухгалтерлік

С) бухгалтерлік,аналитикалық,оперативтік

D) оперативтік,аналитикалық,қаржылық

Е) қаржылық,шаруашылық,аналитикалық

3. Қаржылық есеп беру жүйесінің басты рөлін не атқарады?

А) ақша қаражаттары

В) бухгалтерлік есеп

С) қаржылық есеп

D) аудиторлық бақылау

Е) бухгалтерлік баланс


4. Белгілі бір аудиторлық фирманың бақылау мен аудитті жүргізудің жалғыз жолын қамтамасыз ететін фирмашілік аудиторлық стандарттар нешіші деңгейлі құжаттарға жатады?

А) бірінші

В) екінші

С) үшінші

D) төртінші

Е) бесінші


5. Бухгалтерлік есеп неше стандарт арқылы анықталады?

А) 1


В) 2

С) 3


D) 4

Е) 5
6. Қаржылық есеп беруде не болады?

А) түсіндірме хат

В) қаржылық есп

С) бухгалтерлік есеп

D) бухгалтерлік баланс

Е) барлығы дұрыс
7. Бухгалтерлік баланс қандай рөл атқарады?

А) қаржылық есеп беру жүйесінің

В) ақша қаражатының қозғалысы бойынша есеп беруі

С) қаржылық шаруашылық қызметінің нәтижелері бойынша есеп беруі

D) баланс өтімділігін талдау бойынша

Е) капиталдың тиімділігін бағалау бойынша


8. «Бухгалтерлік есеп туралы»ҚР-ның Президентінің жарғысына сәйкес қаржылық есеп беру құрамына қайсысы жатады?

А) түсіндірме хат

В) қаржылық есп

С) бухгалтерлік есеп

D) бухгалтерлік баланс

Е) барлығы дұрыс


9. «Бухгалтерлік есеп туралы» ҚР-ның Президентінің жарғысына сәйкес қаржылық есеп беру құрамы нешеге бөлінеді?

А) 1


В) 2

С) 3


D) 4

Е) 5
10. Түсіндірме хат қайда болады?

А) ақша қаражаттарында

В) бухгалтерлік есеп

С) қаржылық есеп беруде

D) аудиторлық бақылау

Е) бухгалтерлік баланс
11. Қазақстандағы аудиторлық қызметтің мәселелрін жанама және тікелей реттейтін заңдар,заң актілері, Президент жарғысы,үкімет, ҚР-ның қаржы министрлігі,ҚР-ның Ұлттық банкінің қаулылары нешінші деңгейлі құжаттарға жатады?

А) бірінші

В) екінші

С) үшінші

D) төртінші

Е) бесінші


12. Ұзақ мерзімді және ағымдағы активтің,меншікті капиталдың,ұзақ мерзімді және ағымдағы міндеттердің қортынды соммасы қайда көрсетіледі?

А) баланста

В) есепте

С) шотта


D) кестеде

Е) ақша қаражаттарында


13. Бухгалтерлік баланс шаруашылық жүргізуші субъектінің қаржылық жағдайын талдауда және бағалауда қандай нысан болып табылады?

А) қаржылық

В) бухгалтерлік

С) ақпараттық

D) құжаттық

Е) баланстық


14. Нарықтық зкономика жағдайында қаржылық есеп беру кәсіпорынды қоғаммен және де субъектінің қызметі туралы ақпаратты пайдаланушы іскерлік әріптестерімен байланыстыратын не?

А) қаржылық ақпарат

В) ақпараттық бөлік

С) қаржылық есеп

D) капитал тиімділігі

Е) баланс өтімділігі

15. ҚР-ң үкіметінің,ҚР-ң қаржы министрлігі,ҚР-ң Ұлттық банкінің барлық мүмкін нұсқаулары,жарлықтары,түсіндірмелері,хаттары,жедел хаттары нешінші деңгейлі құжаттарға жатады?

А) бірінші

В) екінші

С) үшінші

D) төртінші

Е) бесінші




Тарау 4 Қаржы – шаруашылық бақылауды ғылыми – әдістемелік қамсыздандыру


Мақсаты: қаржылық бақылаудың нормативті–құқықтық және ақпараттық негіздерімен танысу
Жоспар:

4.1.Қаржы – шаруашылық бақылау және аудиттің методологиялық негіздері

4.2.Аудиттік бақылау тексерісінің әдістері мен тәсілдері
4.1.Қаржы – шаруашылық бақылау және аудиттің методологиялық негіздері
Аудиторлық фирма (аудитор) өз бетінше аудиторлық бақылаудың нысандары мен әдістерін аудит мақсаттарына сай болатындай және аудиторлық қорытындыда барлық маңызды жағдайлар көрініс таба алатындай етіп анықтайды. Сонымен қатар аудиторлар аудиторлық қызметтің келесі стандарттарын қолданады: «Аудиторлық дәлелдемелер», «Аудиторлық сұрыптау», «Бухгалтерлік есепте қателерді анықтаған кездегі аудитордың іс-әрекеті», «Сарапшының жұмысын қолдану».

Жалпы аудитті ұйымдастырудың әдістері және аудиторлық тексеруді өткізудің әдістері бар. Жалпы аудитті ұйымдастырудың әдістері арасында келесілерді атап кетуге болады: жаппай тексеру, таңдамалы тексеру, құрама тексеру, құжаттық тексеру, фактілік тексеру. Тексеру кезіндегі бухгалтерлік мәліметтердің қамтылу көлеміне байланысты жаппай, таңдамалы және құрамалы тексеру түрлері, ал тексеруді өткізу орнына байланысты – құжаттық (камеральдық) және фактілік түрлері ажыратылады.

Жаппай тексеру біріншілік бухгалтерлік құжаттардың барлық жиынтығының, аналитикалық және синтетикалық есептің регистрлерінің, бухгалтерлік есеп берудің толық жете (детальное) зерттелуін болжамдайды. Сонымен бірге біріншілік құжаттар мәліметтері аналитикалық есеп (жеке шоттар) регистрлерінің мазмұнымен сәйкестендіріледі, содан кейін аналитикалық есеп мәліметтерінің синтетикалық шот бойынша айналымдар мен қалдықтарға сәйкестілігі қабылданады, баланстың сәйкес баптарындағы есеп беру уақытына синтетикалық шоттар бойынша қалдықтардың дұрыс көрініс табуы тексеріледі.

Таңдамалы тексеру ықтималдық теориясының заңдарына негізделген, оларға сәйкес тексеріліп жатқан жиынтық туралы жеткілікті дәл (белгілі бір критерий бойынша) мәліметтерді оның салыстырмалы аз бөлігінен алуға болады. Дегенмен, сұрыптау репрезентативті, яғни келісті (представительной) болуы тиіс.

Стандарттың репрезентативтілігін қамтамасыз ету үшін келесі әдістердің бірін қолдану ұсынылады:

- кездейсоқ сұрыптау – кездейсоқ сандар кестесі бойынша жүргізілуі мүмкін;
- жүйелік сұрыптау – элементтердің кездейсоқ таңдалған саннан бастап тұрақты интервал арқылы сұрыптауды айқындайды. Интервал жиынтық элементтерінің белгілі бір санында (мысалы, осы санаттың барлық құжаттарынан әрбір жиырмасыншы құжат зерттеледі), не құндық бағада (мысалы, элементтер құнының жиынтығында әрбір келесі миллион рубльге шағатын сальдоны немесе шот бойынша айналымды құрайтын элемент таңдалады) құрылады;

- құрамалы сұрыптау – кездейсоқ және жүйелік сұрыптаудың түрлі әдістерінің қиыстыруын сипаттайды.



Құрамалы тексеру жаппай және таңдамалы тексеру әдістерінің бірігуімен сипатталады. Бұл жалпы алғанда тексерудің тиімділігін жоғарлатуға, оны өткізу шығындарын төмендетуге және уақытты біршама ықшамдауға мүмкіндік береді.

Құжаттық тексеру бухгалтерлік есептің, бухгалтерлік және салықтық есеп берудің біріншілік және жиынтық құжаттарын зерделеумен шектеледі, тексеріліп жатқан экономикалық субъекттің жетекшілер және қызметкерлер құрамының ауызша сұрауын, инвентаризацияның жүргізілуін болжамайды.

Фактілік тексеру тексеру (аудирленетін) объектісіне шығу арқылы жүзеге асырылады. Аудиторлық тексеруді өткізудің төменде аталған әдістері тексерудің дәл осы түрлеріне жатады. Құжаттық тексеру де, фактілік тексеру де жаппай, таңдамалы немесе құрамалы болуы мүмкін.
4.2.Аудиттік бақылау тексерісінің әдістері мен тәсілдері
Аудиторлық бақылауды жүргізу әдістері аудиторлық дәлелдемелерді алу әдістері ретінде «Аудиторлық дәлелдемелер» стандартымен айқындалады.

Клиенттің арифметикалық есептерін тексеру (қайта есеп) құжаттардың қайнар көздері мен бухгалтерлік жазулардың арифметикалық дәлдігін тексеруге және тәуелсіз қайта есептерді орындауға негізделеді.

Инвентаризация – бұл экономикалық субъект меншігінің қолда бар болуы туралы дәл ақпаратты және сол меншіктің жағдайы мен құны туралы бағыттаушылық ақпаратты алуға мүмкіндік беретін тәсіл. Инвентаризацияға клиент мүлігі және оның қаржылық міндеттемелері жатады.

Жеке операциялар есебінің ережелерін қадағалануын тексеру – экономикалық субъекттің жеке операциялар бухгалтерлік есебінің стандарттарын (ережелерін) орындауға бақылауды қамтамасыз ететін аудиттің негізгі тәсілі. Растау (подтверждение) – ақша қаражаттары есебі, есеп беру, кредиторлық және дебиторлық берешек шоттарындағы қалдықтардың нақтылығы туралы ақпаратты алу үшін тексеру барысында аудитормен қолданылатын тәсіл.

Экономикалық субъекттің және дербес (үшінші) жақтың жетекшілер мен қызметкерлер құрамының ауызша сұрауы аудиторлық тексерудің барлық кезеңдерінде өткізіледі. Ауызша сұраулардың нәтижелері протокол немесе қысқаша конспект түрінде жазылып алынуы тиіс, онда сұрау жүргізген аудитордың аты-жөні, сонымен қатар сұралған тұлғалардың аты-жөндері мен жауаптары міндетті түрде көрсетілуі тиіс. Бұл жазбаша ақпарат аудиторлық тексерудің басқа да жұмыс құжаттарына тіркеледі.



Құжаттарды тексеру міндеті аудитордың белгілі бір құжаттың нақтылығына міндетті түрде көз жеткізуінен тұрады. Ол үшін бухгалтерлік есептегі белгілі бір жазуларды таңдау және есептегі операциялардың көрінісін осы операцияны орындаудың мақсатқа сай және нақтылығын растауды қажет ететін біріншілік құжатқа дейін қарастыру ұсынылады. Бұл тәсіл есепте құжатты түрде расталмаған операциялардың көріну жағдайларын анықтауға мүмкіндік береді.

Қадағалау - бұл шара барысында аудитор кейбір біріншілік құжаттарды тексереді, синтетикалық және аналитикалық есептердегі біріншілік құжаттар мәліметтерінің көрінісін тексереді, қорытынды корреспонденттік шоттарды табады және бухгалтерлік есепте сәйкес операциялардың дұрыс немесе қате көрініс табуына көз жеткізеді.

Баламалы (альтернативтік) балансты дайындау дайын өнімнің (орындалған жұмыстың, көрсетілген қызметтің) есептегі нақты және толық көрініс тапқаны туралы дәлелдемелерді алу үшін қолданылады. Ол үшін аудиторлық мекеме өнім бірлігіне шаққандағы шығындалған шикізаттар мен материалдардан және өнімнің фактілік шығуынан (жұмыс орындалу, қызмет көрсету) тұратын балансты құруы мүмкін.

Аналитикалық шаралар аудитормен алынған ақпаратты талдау мен бағалауды, бухгалтерлік есепте шаруашылық қызметтің қате және ерекше бейнеленген фактілерін айқындау мақсатымен тексеріліп жатқан экономикалық субъекттің маңызды қаржылық және экономикалық көрсеткіштерін зерттеуді, сонымен қатар осындай қателер мен бұрмалаушылықтар себептерін айқындауды тұспалдайды.

«Аналитикалық шаралар» стандартында оның келесі түрлері қарастырылған:

а) клиенттің жоспарлы көрсеткіштерімен сәйкес есеп беру кезеңінде бухгалтерлік көрсеткіштерді өзгертпегеніне көз жеткізу мақсатымен аудитормен жүргізілетін бухгалтерлік есептің фактілік көрсеткіштерін жоспарлық көрсеткіштермен салыстыру;

б) аудитордың өз бетінше анықтаған, бухгалтерлік есептің фактылық көрсеткіштерін болжамдық көрсеткіштермен салыстыру;

в) бухгалтерлік есеп көрсеткіштері және олармен байланысты қолданыстағы заңдылық немесе экономикалық субъекттің өзімен қабылданған нормативтік маңызы бар есеп беру кезеңінің салыстырмалы коэффициенттерін салыстыру;

г) бухгалтерлік есеп көрсеткіштерін орта салалық мәліметтермен салыстыру; ол тексеріліп жатқан экономикалық субъект қызметін дәлірек талдауға мүмкіндік береді:

д) бухгалтерлік есеп көрсеткіштерін бухгалтерлік емес мәліметтермен (бухгалтерлік есеп құрамына кірмейтін мәліметтер) салыстыру.

Аудит жүргізілетін экономикалық субъектінің ұйымдастырушылық құрылымының жеке ерекшеліктер есебі және тексеру талаптарынан шыға отырып, аудитор аудиторлық дәлелдемелерді жинау және аналитикалық шараларды жүргізудің нақты әдістерін өз бетінше қабылдайды.


Бақылау сұрақтары:

  1. Құжаттарды тексеру әдістері мен рәсімдерін ұйымдастыру технологиясы.

  2. Жаппай және таңдамалы тексеру.

  3. Көзбен шолып байқау қарама қарсы тексеру.

  4. Зерттеулердің дәстүрлі тәсілдері.

  5. Аудиторлық бақылауды жүргізудің негізгі әдістері.

  6. Аналитикалық шаралар түрлері.


Өзін-өзі тексеру тест тапсырмасы:

1) Жалпы аудитті ұйымның әдістеріне қайсысы жатады?

А) жаппай тексеру,аудиторлық тексеру,таңдмалы тексеру,құрама тексеру,фактілік тексеру

В) жаппай тексеру,таңдамалы тексеру,құрама тексеру,құжаттық тексеру,фактілік тексеру

C) жаппай тексеру,аудиторлық дәлелдеме,аудиторлық тексеру,құжаттық тексеру,фактілік тексеру

D) аудиторлық тексеру,фактілік тексеру,құжаттық тексеру,таңдамалы тексеру,құрама тексеру

Е) құрама тексеру,құжаттық тексеру,жаппай тексеру,аудиторлық тексеру,аудиторлық сұрыптау
2) Жалпы аудитті ұйымның неше әдісі бар?

А) 1


В) 2

C) 3


D) 4

Е) 5


3) Таңдамалы тексеру қандай теорияның заңнамасына негізделген?

А) сұрыптау

В) кездейсоқ

C) жүйелік

D) құрама

Е) ықтималдық


4) Құрамалы тексеру қандай әдістердің бірігуімен сипатталады?

А) аудиторлық және фактілік

В) жаппай және таңдамалы

C) құрама және құжаттық

D) құрама және фактілік

Е) жаппай және фактілік


5) Аудиторлық бақылауды жүргізу әдістері аудиторлық дәлелдемелерді алу әдістері ретінде қандай стандартпен айқындалады?

А) аудиторлық дәлелдемелер

В) құжаттық тексерулер

C) аудиторлық сұрыптау

D) таңдамалы тексерулер

Е) жаппай тексерулер


6) Экономикалық субъект меншігінің қолда бар болуы туралы дәл ақпаратты және сол меншіктің жағдайы мен құны туралы бағыттаушылық ақпаратты алуға мүмкіндік беретін тәсіл қалай аталады?

А) қадағалау

В) растау

C) аналитикалық шаралар

D) инвентаризация

Е) барлығы дұрыс


7) Инвентаризацияға қандай міндеттер жатады?

А) клиент мүлігі және оның қаржылық міндеттемелері

В) қызметтің қате және ерекше бейнеленген фактісін айқындау

C) клиенттің жоспарлы көрсеткішіне сәйкес есеп беру

D) дұрыс жауап көрсетілмеген

Е) барлық жауап дұрыс


8) Ақша қаражаттары есебі,есеп беру,кредиторлық және дебиторлық берешек шоттарындағы қалдықтарының нақтылығы туралы ақпаратты алу үшін тексеру барысында аудитормен қолданылатын тәсілді атаңыз?

А) қадағалау

В) растау

C) инвентаризация

D) аналитикалық шаралар

Е) фактілік тексеру


9) Стандарттың репрезентативтілігін қамтамасыз ету үшін қандай әдістер қолданылады?

А) кездейсоқ сұрыптау,жүйелік сұрыптау,құрамалы сұрыптау

В) құжаттық сұрыптау,фактілік сұрыптау,таңдамалы сұрыптау

C) кездейсоқ сұрыптау,құжаттық сұрыптау,жүйелік сұрыптау

D) құрамалы сұрыптау,таңдамалы сұрыптау,таңдамалы сұрыптау

Е) фактілік сұрыптау,құжаттық сұрыптау,құрамалы сұрыптау


10) Біріншілік құжаттар мәліметтері қандай есеп мазмұнымен сәйкестендіріледі?

А) аналитикалық есеп регистрлері

В) жеке операциялар есебінің ережелері

C) клиенттің арифметикалық есептерін тексеру

D) аналитикалық шаралар

Е) баламалаы балансты дайындау


11) Ауызша сұраулардың нәтижелері қандай түрде тапсырылады?

А) ауызша және қысқаша конспект

В) тест түрінде

C) протокол және қысқаша конспект

D) дұрыс жауап көрсетілмеген

Е) барлық жауап дұрыс


12) Тексеру кезіндегі бухгалтерлік мәліметтердің қамтылу көлеміне байланысты жаппай,таңдамалы және құрамалы тексеру түрлері ,ал тексеруді өткізу орнына байланысты қандай түрлерге бөлінеді?

А) құжаттық және фактілік

В) құрама және фактілік

C) жаппай және таңдамалы

D) жаппай және фактілік

Е) таңдамалы және фактілік


13) Кездейсоқ сұрыптау кестесі қандай түрде жүргізіледі?

А) жүйелік сұрыптау

В) кездейсоқ элементтер

C) құрама тексеру

D) таңдамалы тексеру

Е) кездейсоқ сандар


14) Кездейсоқ және жүйелік әдістердің қиыстыруын сипаттайтын сұрыптаудың бір түрі?

А) құрамалық сұрыптау

В) таңдамалы сұрыптау

C) құжаттық сұрыптау

D) фактілік сұрыптау

Е) жүйелік сұрыптау


15) Жүйелік сұрыптау дегеніміз не?

А) кездейсоқ және жүйелік сұрыптаудың түрлі әдістерініңқиыстыруын сипаттайды

В) кездейсоқ сандар кестесі бойынша жүргізілуі мүмкін

C) элементтердің кездейсоқ таңдалған саннан бастап тұрақты интервал арқылы сұрыптауды айқындайды

D) барлық жауап дұрыс

Е) дұрыс жауап көрсетілмеген





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет