Тоқсан би мен Құнанбай


Ұлтты ұлт ететін тағылымдар



жүктеу 380.61 Kb.
бет3/3
Дата19.09.2017
өлшемі380.61 Kb.
1   2   3

Ұлтты ұлт ететін тағылымдар

(Қ.Жұбанов тағылымы)


Ұлтты ұлт ететін, оның өрісін жайып, тығыз кіретін бірлігі, күш-қайраты болуы керек. Әр тілде сөйлейтін, әртүрлі мәдениеттер ықпалындағы бірнеше дінге бөліне бастаған қазақтың басын біріктіру - бүгінгі ұлт тіршілігіміздің басты мәселесі.

Қ.Жұбанов айтқандай, қазақ ұлтының этникалық азғындауы Ресейге қараған тұста ел билігі орыс үкіметінің қолына көшті, елдік, азаматтық сана кеміді. Өз малы мен өз басының қамынан басқа оған ойлайтын нәрсе қалған жоқ.

Қазақ халқының ар-намысы аяққа басылды. Бір кездегі кеудесі биік қазақ өз елінде өгей халге түсті. Қазақ ұлты бүгін тәуелсіздікке қол жеткізсе де, асқынып кеткен дерттен арыла алмай отыр. Еркін ел болу - оңай емес. Жұбановтың азаматтық сана туралы ой-тұжырымдары Абайдың "қазақтың арлылық, намыстылық, табандылық сияқты жақсы азаматтық мінезден айрылдық", - деп ызамен жазған ойларымен ұштасып жатыр.

Қ.Жұбанов тағылымы бүгінгі ұрпақты ұлтымыздың тарихына, мәдениетіне, жан-дүниесіне терең үңіле қарауға тәрбиелейді. Ұлттың биік мерейі, тіл намысы, азаматтық саналы іс-әрекеті, табандылықты рухани ізденістерді қалайды. 

Қазақ елінің түбегейлі мақсаты - ұлтымызды аман сақтап қалу. О.Сүлейменовтың сөзімен айтқанда "Кім ұтса - сол ұтсын, Қазақстан ұтылмасын!" (170 сөз)

("Ақтөбе" газетінен)

Үміт

Осы оқу жылы мен үшін бір белес асар жылым. Өйткені мен училищені бітіріп, бір басқыш аттаймын. Ілгері қарай оқуға мүмкіндік бола ма, жоқ па? Ол жағы әзір жұмбақ. Ал, мына училищені жақсы бітірсем, ілгері ұмтылуға жол ашық тәрізденеді. Бірақ, ілгері тарта берердей мүмкіндік алдымда аз елестейді. Өйткені, ауылда әкенің бар тапқан, таянғанын беріп, тілеп отырған ақ тілеуі бар. Осы жылға маған рұқсат бергенде, "Шырағым, жолыңды бөгемейін. Бірақ, біздің тілегімізді де ұмытпа" деген. Ол әшейін айтыла салған сөз емес, атаның, ананың ақ пейілінен, мейірбан жүрегінен айтылған сөз. Оны елемей кетер ойдан да аулақпын.

Осындай екі жақты ой талқысына теңселе училищені бітірдім. Жақсы бітірдім. Училище басқарушысы Яков Овсянников дейтін қазақша жақсы білетін ұстазымыз, бізді училищеден аттандырарда куәлік қағазды бере отырып:

- Кім, қайда барғысы келеді, оған біз жолдама жазып беріп, тілек қоямыз, - деді. Мен:

- Семинарға түссем, - деп тілек айттым.

- Онда, саған дайындығына түсуге тілек етіп қағаз жазамыз.

- Өз ұстазың Нұрғали Құлжанович та көмектеседі, - деп мені көңілдендіріп қойды. Училищені бітіріп, куәлігімді алып, Нұрекең мен Нәзипа жеңгейдің үйіне келдім. Еңбектерін ақтап, дұрыс оқу бітіргеніме ол кісілер де разы болып қуанысып қалды. (177 сөз)
Шілде


Жаз өтіп, шілде жетті. Шілдеде күн ұзын, түн қысқа, күннің ыстығы сонша күшті, тастар, құмдар қызып кетеді. Шілдеде піспеген шөп қалмайды. Мінілмеген, жұмысқа салынбаған мал семіріп, желідегі құлындар ғана жүдеген. Қымыз мол, қозы піскен. Ел жайлауда бірін-бірі қонақ қылып, қазақ салты өз алдына бір қызық. Қыз ұзатса, ұл туса, той болып, жұрт жиналып, ат шауып, күрес болады. Осы кезде қазақ бұрынғыдай алысқа көшпейді. Бұрын жердің еркін шағында жүз елу, екі жүз шақырым жерлерді жайлап кетеді екен. Үлкендер сол күндерін осы күні қатты сағынып, сөз қылысады. Шөп шабатын мезгіл де жетті. Бозбалалар жайлаудың қызығын қия алмай, ерініп әрең шығады. Қазақ шөпті бел орақпен шабады. Машина жаңа тарап келеді. Ондағы балалар да жаздай қымыз ішіп тынығып, енді сабаққа баратын күндерін санап жүр. (120 сөз)

(М.Дулатов)


Көз көрген

- Құтыбай, өлең айтшы, көңіл көтерші! - деді бір кезде, сөзден іш толды, құлақ сарсыды. Қақыраған қыста торғай екеш торғай да күнелтеді. Құдайым сол құрлы жаратқан шығар. Қазақтың босқаны бір бұл ма «Ақтабан шұбырындыдан» кейін де ел болдық. Әлі де болармыз.

- Әй, Жәмила-ай, Махамбетше атаның аруағымен, еркектігімен асып жүр-ау! Әйтпесе, нағыз би өзіңсің ғой, - деп Құтыбай қолына домбыра алғанша, Жәмила жауап қайырып үлгерді:

- Көпшікке зәру едім, өркенің өссін. Бірақ есіңе сақта, бақ шіркін қонарында әйел түгілі ақымақтың да басына қона салады. Қонбасында еркек түгіл ақылдының да басынан қашады. 

- Иә...-деді де, Кұтыбай домбыра шертті. Ән емес, күй емес, әлдеқандай бір сарын, айтып түсіндіру қиын. Әйтеуір бойды сергігіп, сезімді қоздырып барады. Жап-жаңа шұқанақ, батпақ көңіл жайнаған мынау көк майса даладай далиып сала береді. (119 сөз)

(Ғ.Мұстафин)


Айқас

Гонг сыңғыр ете қалды. Айқас басталды. Екеуінде де аянатын пиғыл жоқ.

Алғашқы бір-екі минут үсті-үстіне қойғыласумен өтті. Әуелгіде Мұрат Садыққа қарағанда сергек, пысық еді. Енді ол тағы да тез алқынып, біраздан соң шаршағандығы білініп қалады. Ал Садық болса әлі тың. Тығыршықтай денесі түйіліп алған күйінен айныр емес. Мұрат шабуылға шыққан сайын, зілдей қолдарымен оны қарсы төпеп, ұрып-ұрып жібереді де, түк сезбегендей болып, мойнын алқымына тыға түсіп, тағы да аңдыса қалады.

Біраздан соң Мұратты тер басып, бүкіл денесі еріп кеткендей, былғалаңдай бастады, шаршады. Қолдары өзіне бағынудан қалды. Енді Садық шабуылдай бастады. Мұрат досының жеңілейін дегені Шәкірге де батып барады. Бірақ амалы жоқ, не істейді? Нендей жәрдем көрсете алады? Стоп! -деп, команда берді ол. (115 сөз)

(Б.Сокпақбаев)


Балуан Шолақ


Балуан Шолақ цирктен шықса, түн тынық қараңғы екен. Дала араның ұясындай, ызыңдаған бір тұтас дауыс. Ол дауыстың кімдікі екенін, қараңғыда көзі үйренбеген Балуан Шолақ алғаш аңғара алмады.

- Бері жүр, Балуан - деген жолдасының таныс дауысы естілді оған.

- Қайда барамыз?

- Нең бар, қайда барғаныңда. Атқа мінуді біл, аржағын көре жатарсың.

Ызың қаққан қалың дауыстың арасын қақ жарып, жолдасының соңына ерген Балуан Шолақ атына жетті де, тез мінді. Сол кезде қараңғыға аздап үйренген көзі айналаны шолып еді, түнде толқыған теңіздің бетіндей, ұшы-қиыры жоқ тұтасқан бір қимыл.

- Қайда, Балуан Шолақ? - деген дауыс естілді.

Айналадағы қою қимылдың ішінен:

- Кім, мені іздеген? Мен мұнда, - деді Балуан Шолақ.

- Енді неге қарап тұрсыңдар. Тартыңдар, Балуан Шолақ шықса, - деген дауыс гу ете түсті.

- Ал, жөнелдік. (117 сөз)

(С.Мұқанов)


Ақырғы бәйге

Қанаты кең жазылған бәйгешілер, айыл-тұрмандарын ат үстінде отырып алып, айдаушының шаршы орамалына қарасты. Тықыршып, кісінеп, жер тарпыған сәйгүліктер көздері жайнап, ауыздықпен алысады.

Айдаушы орамалды көкке көтеріп тұрып, серпіп қалды. Өрт тигендей дүр етіп, бес жүз ат жұла тартқанда, аспан асты шайқалып, теңселіп кеткендей болды. Дүңк-дүңк еткен қара жер қозғалғандай дірілдеп, тербеліп, тып-тынық ауаны екі мың тұяқтан ұшқан шаң көміп кетті. Күздің аласапыран қою бұлты жерге аунап түскендей Ерейменге, Құсақ көліне қарай ұйытқып жөңкіле көшіп барады. Екі мың тұяқ жерді тасырлата шертіп, жалпақ түзді лекіткен дала күйіне бөлеп жіберді. Кемеріне сыймай лықылдап, буырқанып тұрған өзен арнасын ашып жібергендей, лақ етіп төгілген бұйра толқын кең жазықта айдаһардай бүктеліп, зымырап барады. (109 сөз)

(С.Жүнісов. «Ақан сері» романынан үзінді)


Тойда


Ел-жердің тұрмыс-тіршілігімен, жай-жағдайымен әбден таныспын. Қасым жырларын сүйіп оқып, құрметтеушілердің бірімін. Ежелден еңбекқор елдің еңсесі көтеріліп, Қасым сынды қасиетті ұлының мерейтойын осылайша тойлап, мерекелегеніне куә болғаныма қуаныштымын. Туған халқымен бірге өзінің талантты ұлы Қасым да мәңгілік жасай бермек, - деді Шер-ағаң.

Осы тойды көре жүріп, айналадағы табиғатқа мұнартып тұрған мынау тауларға қарап, менің ойыма Қасымның: «Жата алмас ем, топырағында тебіренбей, ақын болмай, тасың болсам мен егер», - деген сөзінің қасиетін енді түсінгендей болдым. Мынау қатар-қатар қаланған тау тастары кәрі тарих шежіресіндей. Бұл араның тасы да жыр жырлап, ән салып тұрғандай, - деп тебіренеді белгілі публицист-журналист, жазушы ағамыз Сарбас Ақтаев.

-Осынау ізгі тілек, ұлағатты ойлар Қасым тойына қатысқан әр адамның жүрегінде өзіндік үнімен, өзіндік лебізімен сайрап тұрғанына еріксіз көз жеткізіп, елжірей сүйсінесің.

Екі күн бойы жыры да, сыры да таусылмайтын қасиетті Қасым бейнесі бұрынғыдан бетер зорайып, тұлғалана түскендей. (137 сөз)


Күйші


Атақты күйші, композитор Дина Нұрпейісова 1861 жылы Орал облысы, Жаңақала ауданына қарасты Бекетай құмында дүниеге келген.

Динаның музыкаға деген зеректігі өте ерте байқалады. Ол жеті-сегіз жасында қолына домбыра ұстайды. Тоғыз жасында Құрманғазыны көреді.

Бұдан кейінгі жылдарда Дина өз заманының тамаша күйшілері Дәулеткерей, Түркеш, Ұзақ, Мәмен, Байжұмалардың күйлерін үйренді. Олардан тәлім-тәрбие алады. Өзі де күй шығара бастайды.

Құрманғазы, Дәулеткерей және басқа композиторлардың күйлерін біздің заманымызға жеткізгендердің бірі Дина болды. Динаның «Той бастар», «Әсем қоңыр», «Жеңіс», «Бұлбұл» күйлері қазақ халқымен бірге жасайтын асыл қазына. (84 сөз)


Ауыл тұрмысы


Ел жайлаудан тараған. Шөкен, Мақаш ауылдары қыстақта «Жамбас құдықта» отыр. Кешеден бері күн көзі көрінбейді. Аспан қалың бұлт, жел тынық. Анда-санда толасы бар. Ыбылжыған ақ жауын мазаны кетіріп тұр. Талай үйде отын жоқ, тезек су, панасыз нәрсенің бәрі су. Көп мінілген көлік, көп сауылған төл бүрсеңдеп, үй паналап немесе ықтай оттап жүр. Үйлердің түндігі шақтап ашылған, қайсыбірі қалпымен жабық. Түтін шыққан шаңырақтар некен-саяқ. Жаз бойы жайлауда жадыраған жан-жануар күздің бір лайсаңында-ақ кірбеңдеп қалды. Қараша үйлердің адамы кәдімгідей күйзелді. Киіз жыртық, отын жоқ. Отын болса, ішті жылытатын ас жоқ.

От жағылмаса да, Шәкен үйі бұл күндерді елемеді. Шәкен басына тысы қара барқыт, іші түлкі пұшпақ бөрік киіп, арқасына күрең сәтенмен тыстаған су жаңа түйе жүнді күпі жамылып отыр. (119 сөз)

(Ғ.Мүсірепов)


Ақбілек

Әкем айттырған Жаманбаланың шотпақ қара қызын менсінбей, Мамырбайдың Ақбілегін елден таңдап айттырып едім. Мал-жанды соққан екен, малымды түгел алмай, есік көрсетпеймін деп, көнбей қойды. Бойжеткен калыңдығым тұрғанда, қарап жатайын ба, «жасырын барам» - деп кісі жіберіп алып, «өзі біледі» деген соң, бүгін жолыққалы келе жатыр едім. Дулыға тастың бөктерінен жолымызды кесе қашқан ор қоянды өткізбеймін деп бірталай ат қинап, алданып қалғанымыз.

Әйтпесе мана келетін кісі ғой. Ауылға таяна бергенде, шулаған иттің дауысын естіп, тұра қалып едік, бір мезетте «апатайлаған» Ақбілектің, одан мылтықтың даусын, аттың дүбірін есіткен соң, дәтім шыдамай, не де болса қолында өлейін деп куып бердім.

Қараңдаған екі аттыға жаңа жете бергенде, оқ иығымнан кетті. Не болғанымды білмедім. Әй, жолдас шіркін, сондай жерде керек қой! Аттарын тежеп, қорқып шаппады ғой! Әйтпесе түсіріп алатын кісі едік. Есіл жарым, екі көзің жаудырап, орысқа қор боп кетті-ау. Жұртым-ау, менде не жазық бар? Ақбілекті жіберіп қойғандарың ба? Кеудеде шыбындарың болса, неге қимылдамайсыңдар! (150 сөз)


Жаңару


Өмір деген не? Жаңа туған адам дүниенің есігін қағып, бірінші баспалдаққа шығады. Оның алдында - бұраңы көп, мехнаты көп ұзақ жол - өмір жолы.

Адам бір жоғары көтеріліп, біресе төмен түседі, тағы да жоғары көтеріледі. Осы бұраң жолмен ол тез жүріп, асыға ұмтылып, алға басады. Ол - ширақ, ол - шат. Ол осы жолының бір жерге жетіп таусыларын да біледі. Бірақ одан ол қорықпайды. Оған қымбат - сол бұраңы көп ұзақ жол.

Мәңгілік өмір бір көшке бір көш жалғасып, ұрпақ ауысып, ел жаңарып отыратын сол ұзақ жолда.

Мен - жиырмадағы жас жігітпін. Мен өмір жолының біразын жүріп тастасам да, алдымда әлі талай қыр бар. Менің алтын жолым жиырмасыншы ғасырдың биік қырқасынан асып, алға қарай, жоғары қарай тартып барады. Ол жол менің Отанымның кең далаларынан өтеді. (120 сөз)

(Ғ.Мүсірепов)


Қабылан


Көктем шығуы-ақ мұң екен, Қабыланның барлық мінезі, жүріс-тұрысы, күнделікті әдеті, төңірекке көзқарасы, бәрі-бәрі де өзгеріп сала берді. Оның біздің есіктің алдына келгеніне, міне, төрт ай болды. Осы төрт айдың ішінде Қабылан көз алдымызда жүрсе де, бәрімізден ұрланып ержеткен секілді. Осы көктем шығып, наурыз торғай келгенге дейін ол көзі шыныдай жылт-жылт етіп, алдындағы адамға тек балалық қызығушылықпен басын қалт-құлт еткізіп қарап отыратын кіп-кішкене күшік еді.

Алды адамнан бастап өмірдегі тірі мақұлықтың бәрін белгілі дәрежеде есейтетін, ой қосатын тіпті барлық мінезінің күрт өзгеруіне тікелей әсер ететін үлкенді-кішілі кездесетін сол өмірдің уақиғалары ғой. Қабыланның да мінезіне күрт өзгеріс енгізген сондай бір уақиға болды. (110 сөз)


Ауылда


Көп ауылдың күзгі әдеті бойынша, Абай ауылы да жаз тігетін үйлерін жығып, жиып қойып, оның орнына қоңырқай, кішілеу үйлер тіккен. Әйгерім отауы да қазір басқаша.

Кішілеу, шағын үйдің ішіне текемет, тұскиіз, түкті кілем ұсталған. Биік төсек орнына, қалың салынған көрпесі, құс төсегі, жастық, бөстегі көп жерден төсек орнаған. Абай мен Әйгерім отырған төсек алды қалың жүнді арқар терісімен жабылған. Төрде отырған қонақ болса, олардың астында ұзын қара сеңсеңнен мол етіп құрап тіккен кең бөстек жайылған. Шағын үйдің ортасын қазан-ошақ алғандықтан, бұл күнде Абай кітабын дөңгелек үстел үстіне салып оқымайды. Көбіне жер төсек үстіне үйіле жиылған көрпе-жастыққа арқасын сүйеп, қолға ұстап отырып оқиды. Әйгерім көбіне кесте тігеді, ал қалғандары тоғыз құмалақ ойнайды. (111 сөз)

(М.Әуезов)


Табиғат аясында


Жаз ортасының қоңыр кеші. Ұлытаудың бөктерінде кештің қоңыр салқын желі еседі. Күн батып, ымырт жабылып барады. Күнбатысты қалың қара бұлт басқан, айналада күңгірт тартқан төбелер қоңырқай тартып, түн тыныштығына қарай бой ұсынған сияқты. Сондай жүдеп сарылған төбелердің арасымен үш салт атты келе жатыр еді. Бұлардың беті - қалың таудың іші. Күнбатыста, алыста жауын бар еді. Сол алыста күн күркіреп жатты. Анда-санда көкжиектің тұсында күн жарқылдап тұр. Бұлт қалың, жарқылдағы күшті еді. Қара барқан тартып, қараңғылана бастаған аспанда түксиіп қатал қабақ, құлазып жүдеген иесіздік білінгендей. Үлкен жарықтың өшер алдында сөніп, бір лап етіп жанғанындай, күнбатыста жарқ еткен нажағай жарығы мен күңгірт даланы әлденеге үміттендіріп тұрған сияқты. Тау бөктеріндегі қоңыр жел ақырындап бұрала соғып, салбыраған шерлі күйін қозғағандай болады. (118 сөз)


Құмға салған сурет


Әке-шешеден ерте айырылған Әбілхан тіршіліктің ауыртпалығын тартты. Қой соңында күндер өтті. Жұрттың баласы хат танығанда, мұның қолынан келетіні - тас бетіне, құмға сурет салу, тас пен ағаштан мүсін жасау. Ол машықтанып жүрген ісіне қарап ұстадан қолдау естіді. Білсем, үйренсем деген құштарлық арта түсті.

Ақыры ол аты шыққан шежіре қарт Сағымбекке барды. Шежіренің ақылымен Жаркентке келді. Бір сыныптық білімі жоқ суретшінің өмір жолы осылай басталды. Ата-баба айналысып көрмеген өнерге жол табу оңай болған жоқ. 1929 жылы атақты суретші Николай Хлудов өнерге талпынған бірінші қазақ жігітін қуана қарсы алды. Бос уақытында көркемсурет өнерінің әліппелік заңдарын үйретті. 

Сол бала Әбілханның қазақтың сурет өнерінің ең басында тұрып, атақты суретші Әбілхан Қастеев атанарын ешкім білмеді. Құмға сурет салудан басталған балалық талап үлкен өнерге осылайша жол салды. (121 сөз)


Туған ел


Туған ел! Бұл кішкентай үйіңнің табалдырығынан басталады. Содан шетсіз, шексіз қияға өрлеп кете барады. Оның жұпар атқан жусаны, жүректей болып желмен лүпілдей соққан қызыл гүлдері, кеудеңе құйылған мөлдір ауасы -осының бәрі-бәрі сенің туған еліңді құрайды.

Туған жерсіз адамның күші жоқ. Алыс кетсең, өз үйіңнің мұржасына дейін сағынасың. Туған жерің түсіңе енеді. Алыстан сені қол бұлғай шақырады.

Туған ел мағынасы тереңде жатыр. Балғын балалық шақ. Өзен үстінде үйіріліп ұшқан шағала. Кемеріне жайлап соққан көгілдір көл. Күннің қызғылт шанағына бөленген үйлер - осының бәрі тұтас тұрған туған ел. Ал, енді ананың бесікте жатқанда айтқан әлдиі, әженің тамылжыта төккен тамаша ертегілері, туғандарыңның мейірбанды күлкілері - осының бәрі туған еліңнің керемет сипаттары! Туған елдің тілі барша жанға түсінікті. (113 сөз)


Қамығу


Бәрімізді қайғының қалың бұлты басып, зар еңірейміз келіп. Көз жасымыз көл болды. Кімді кінәлаймыз. Сонда кімді? Бала-шағасынан, туыстарынан айрылған аналардың зарын өз құлағыммен естідім. Ақыры этапқа алынып Ақмоладан бір-ақ шықтық. Барған жерімізді "26-нүкте" дейді екен. Үш жылдан астам Ақмолада болдым, содан соң мені Нижний Тагиль қаласының маңындағы лагеріне ауыстырды. Мұнда да сол әйелдердің лагері. Ал, мен көрген күндерімді қайтып айтып жеткізсем екен? Әсіресе есімнен кетпейтіні Тұрар Рысқұловтың әйелі Әзиза Рысқұлова. Емшектегі баласымен көрмегенді көрді-ау, байғұс. Көз жасы көл болған Әзизаға қабырғам қайысатын. Шіркін-ай, күні кеше халқының қамын жеп шапқылап жүретін Темірбегімнен бір айрылып, інімнен бір айрылып, өзімнің айдалып кетуімді қалай ғана ұмытайын. Сөйтіп, 8 жыл көрмейтінді көріп, естімегенді естідік қой. Құдай басқа бермесін, ол күндерді. (117 сөз)

("Жан дауыс" кітабынан)


Әсем әлем


Таң сібірлеп ата бастағанда оянатын болып жүрмін. Арайлап атқан таңды қарсы алғым келеді.

Бәрінен де күн шығып келе жатқандағы түленуін айтсаңызшы. Көл беті баяу толқып, жыбырлап, өзінше тыныстап, кербез жатады. Осы көрініс әуелі қара күреңденіп, бірте-бірте сібірлеп, ашық түске ойысып, енді күннің алтын кірпік сансыз найзасы шаншылып, нұрланып, жылтылдап, інжу-маржан шашып тастағандай жалт-жұлт етіп, құбылып ойнайды. Бір сәт алаулап, өртеніп, жалын шашқандай. Осы кезде сонау көкжиектен астасқан тұстан қылаң етіп әлдене көзге шалынады. Ол ақ кеме. Ыссықкөлдің ұзына бойымен ақ кеме жүзіп бара жатады.

Осыдан кейін менің қалт жібермей бақылайтыным күннің батуы. Жайшылықта ешнәрсе емес, күн батар кездегі көрінісі тамаша. Күн дегеніңіз қан қызылданып, жақындап келіп, ай табақтанып жалқық атып, балқып барып қонады. (114 сөз)


Қалтарыс


Ержан демін ішіне тартты, он шақты секунд қалада қарап тұрды да, жұлып алғандай Раушанға бұрылды. Жолсейіт бүгін телефон арқылы үйімен хабарласты. Түзетпеп едім заманды, өзімді тым-ақ зор тұтып. Осы кезге дейін ол Раушанды сырты қызыл, іші шірік алмадай сезінуші еді. Ұзақты сөзден сүріндіре алмаған Әкпар ызаға булығып, осындай оңашада алқымынан біраз езіп алу үшін тұра ұмтылған. Сонан соң біраз кісілерді "сендер тосыңдар" деп, қайтарып жіберді де, қалғандарын қарулы күзетпен далаға алып шықты. Даладағы дабыр-дұбырды естіп, үйден Әділ мен Айгүл жүгіріп шықты. Нұрбек көптен иығына ілмеген тәуір костюмін киіп, мейрамдағыдай таранып-сыланып, Жасыбайдың үйіне қарай бет алды. Жанға жайлы жүрістің ырғағымен ыңылдап өлең айтқанмен тау қойнауынан шыққанда, ойдағы отырған ауыл-аймақ көрінген сайын көңілімді басқа бір жайлар жетелеп кетіп отыр. (125 сөз)
Каталог: sabaq-kz -> attachment
attachment -> 1 қыркүйек – Білім күніне арналған Сыңғырла, күміс қоңырау
attachment -> «А. Имановтың жастарды патриоттық және азаматтық тәрбиелеу негізі ретіндегі рөлі» Карашинова Алмагүл Серікбайқызы
attachment -> Б. С. Батешова, Т. Н. Малдыбаев
attachment -> Сабақтың тақырыбы: «Қауіпсіз ғаламтор»
attachment -> Сабақтың түрі: Жаңа білімді хабарлау Уақыты: 90 мин Сабақтың педагогикалық мақсаты
attachment -> Сабақтың тақырыбы: ежелгі тас дәуірі Сабақтың мақсаты
attachment -> Сабақтың атауы XX ғасырдағы қазақ әдебиеті жалпы шолу Мақсаты Күтілетін нәтиже
attachment -> Туєан жер, алтын бесіік
attachment -> Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Ибрагим Бегімхан Керімханұлы Қазақ әдебиеті, 9-сынып Тақырыбы: Қожа Ахмет Йасауи «Диуани хикмет»


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет