Қазақстандықтар әлеуметтік желіде міндетті медициналық сақтандыру жүйесін жоюды талап ететін петиция жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: acatimes.com

Петиция авторларының айтуынша, сақтандыру үшін ақшаны мәжбүрлеп алу жүйесі дұрыс ұйымдастырылмаған және өз функцияларын орындамайды. Аталған петиция 6500 қол жинап үлгерді.

"Міндетті медициналық сақтандыруды төлеу кезінде негізгі медициналық көмек алу үшін уақыт пен жүйкені жұмсау қажет. Жыл сайын төлем жасасақ та, неге ол жиналмайды? Құйған ақшамыз күйіп кетеді, ал оның қайда кеткені туралы ешкім есеп бермейді", — делінген петицияда.

Сондай-ақ петиция авторлары жыл сайын міндетті медициналық сақтандыруды тұрақты төлеп тұрғанымен, дәрігерге көріне алмайтынына және тістерін емдей алмайтынына наразылығын білдірді.

"Бұрын табыс салығы бәріне жететін еді. Ал қазір табыс салығы да, міндетті медициналық сақтандыру да… Біз, адал салық төлеушілер, екі есе төлейміз", — делінген петицияларда.

Халық айлап күтетін тегін дәрі-дәрмекке қатысты да шағым түсті. Осыған байланысты авторлар табыс салығын толығымен алып тастауды немесе ай сайынғы жарна мөлшерін азайтуды талап етті.

"Ата Заңымыз бойынша азаматтың заңмен белгіленген медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін тегін алуға құқығы бар", — деп түйіндеді авторлар.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.