Тјуелсіздік толєауы



бет2/4
Дата07.03.2018
өлшемі0.66 Mb.
#20308
1   2   3   4

Қайта оянған үміт
Қоскіндікті дүние жағдайындағы тым ұзаққа созылған текетіресте тізесі тәлтіректеген қызыл империя өз қолынан соққан Берлин қабырғасын өз қолымен күйретті. Үшінші дүниенің жарылқаушысы болмақ дәмесінен де күдер үзді. Шығыс Еуропадағы одақтастары өз тізгіндерін өз қолдарына ала бастады. Бұндай «індеттің» енді өз ішіне тарап кетпеу үшін құрамдастарын алдын ала керектер мен керек еместерге жіктей бастады. Керек еместерді әлгіндей әдіспен өз қолынан «ауғандандырып», керектерін қапы қалмай тұрып әбден тізеге басып алуды көздеді. Коммунизмнің соңғы көсемдері өз идеологиясын өздері мансұқтауға көшті. Олардың көрер көзге асқындаған саяси аярлықтары халықтың көзін аша бастады. Әсіресе, ұлттық аймақтар тез ес жиды. Шеттегілердің аймақтық сепаратизміне орталықтағылардың әлеуметтік сепаратизмі қосылды. Кремль әлемдегі ғана емес, өз еліндегі беделінен де көзапара айырыла бастады. Мұндай жағдайда ойда жоқ өрістеген демократиялану процесі тізгін бермес қарқын алды. Болашаққа сенбеу ең алдымен саяси басшылықтың ең жоғары қабатынан көрінді. Олар өз реформасын біреу түсініп, біреу түсінбейтіндей қылып жартылай астыртын жүргізді. Оның қайда апарып соғатынынан қуыстанған Саяси Бюро мен Орталық Комитет мүшелері өз өкілеттерінен өз еркімен бас тартатынды шығарды.

Тап сондай аса қобалжулы көктемде Бішкектегі бір кеш есіме түседі. Шыңғыс Айтматов ағамыз демалып жатқан жеріне шақырған-ды. Оңаша жолығысымыз ұзаққа созылды. Әңгімеміз, негізінен, жағдайдың бұл бетімен неге апарып тірейтіндігі жөнінде өрбіді. Менің: «Демократия адамдар арасымен тынбайды. Халықтар арасына да ықпал жүргізеді», – деген емеурінімді бірден түсінген Шықаң баққа шақырды. Біздегі жағдайды егжей-тегжейлі сұрастыра бастады. Қоғамдағы процестер бұл қалпымен кете берер болса, қай халық пен қай республика да өз тағдырын өзі мықтап ойлауға тура келгелі тұрғанын сөз еттік. Қоштасар жерде: «Өз төрінде өздері отырғандар бір амалын табар-ау. Бізді айтсаңызшы», – деп бас хатшымен бірге Пекинге жүргелі тұрған ағамызға біраз бопса айттық. Көп ұзамай КСРО халық депутаттарының съезі ашылды. Ана жолғы кеште бірге болған бір жігіт телефон соқты. «Әбеке, телевизорды ашыңызшы», – деді. Ашсам – Мәскеудегі съездер сарайының мінбесінде Шықаң сөйлеп тұр. «Қазақстанды бұдан әрі де бұрышқа тұрғызып қоюға тырысу – қиянат», – деді әйгілі азамат. Есіме анадағы әңгімеміз түсті. «Оң жамбасқа келсін де», – деп еді. «Келген екен ғой», – деп ойладым.

Расында да, сол жиын елдегі саяси бастамашылдықтың орталықтан шет аймақтарға, жоғарғы жақтан төменгі қабаттарға ауысқанын көрсетті. Қайта құрушылар баяғы арынынан айырылып қалыпты. Қазақстанның сол кездегі басшысы қашып құтылғандай болып, қуана-қуана Мәскеуде қалып қойды.

Халық депутаттарының құрылтайы кеңес қоғамының денесінде әлі өзегі алынбаған қанша бітеу жара бар екендігімен қоса, қоғамда қандай саяси күштер пісіп-жетіліп келе жатқанын да көрсетті. Күллі қауым мынау алмағайып заманда үміт артып, тізгін ұстатар жетекшілер іздей бастады. Ондай тұста саяси популизмнің де қапы қалмасы белгілі. Жаппай саяси кеудемсоқтық заманында да шын саяси талант көзге түспей қалмайды екен. Жұрт Қазақстан делегациясына қызыға қарап жүріпті.

Қазақстандағы басшылықтың өзгеруі – басқалар үшін әділеттің қалпына келуі болса, біз үшін өзгелер өз тағдырын өзі таңдап жатқанда өгей баладай өгей бұрышта жалғыз қалып қоймас па екенбіз деген күмәнімізді серпілткен алғашқы үміт сәулесі болды.

Жаңа басшының бірінші қолға алғаны – КОКП Орталық Комитетінің кезекті пленумында «қазақ ұлтшылдығы» жөніндегі тағылған айыпты алып тастауды талап етті. Сол жолда нақты шаралар қолға алынды. Мен дәл сол кезде Орталық Комитеттің ұлттық қатынастар бөліміне меңгерушілікке шақырылдым. Артынан ұлт саясаты жөніндегі парламент комитетін басқардым. Бұл бағыттағы процестердің қалай өрістегені көз алдымызда әлі тұр. Алдағы сайланатын Жоғарғы Кеңестің республика тағдырын шешетін парламент болатындығы алдын ала ескерілді. Депутат сайлаудың көп арналы жолы таңдалды. Өкілеттілік арасалмағы үмітті ақтайтындай болуына күш салынды. Ол зая кеткен жоқ. Жаңа Жоғарғы Кеңес ең алдымен Президенттік билікке көшуді заңдастырды. Елбасы сайланды. Саяси билікті мемлекеттік билік институттарына қайтарып беруге қам жасалды. Кезекті құрылтайда республика партия ұйымының жаңа жарғысы қабылданып, онда оның саяси дербестігі жарияланды. Бір жағынан, одақтық шартты жаңарту процесіне қатысатын өкілдер жіберілсе, екінші жағынан, егемендік туралы құжатты әзірлейтін жұмыс тобы құрылды. КОКП-ның кезекті құрылтайы өз насырын өзі қасыған жиын болды. Қызыл империяны құрып, оның ғұмырын ұзартуға мүдделі болуға тиісті коммунистік партия кеңес қоғамындағы саяси бөліне-жарылушылықты өзі бастап берді. Ел аман, жұрт тынышта, ең алдымен, өзі әлденеше бөлікке бөлшектеніп кетті.

Бұрынғы одақтас республикаларда бірінен соң бірі өз егемендіктерін жариялай бастады. Саяси демагогия мен авантюризм ақылға сыймастай дәрежеде асқындап кеткен елде одан әрі қол қусырып қарап отыру қай халық үшін де тарих алдында кешірілмес бейқамдық болар еді.

Соңғы төрт жыл ішінде талай соқталаңға түскен Қазақстан кемесі сең жүре бастаған уақыт мұхитында өзі көксеген бағытқа аса абайшылдықпен жүзіп келе жатты. Өйткені, өткен кезеңдер ол жүзіп келе жатқан шығанақты қопарылыс аймағына айналдыруға не керектің бәрін артығымен жасап үлгерген-ді. Сондай қатерлі кеңістікті мейлінше қауіпсіздендіріп, ортақ сенім мен үміт аймағына айналдыру қиынның қиыны еді.

Менде «Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы мәлімдеменің» дауысқа қойылған нұсқасы әлі бар. Онда әр баптың тұсына дауыс берудің нәтижелері көрсетілген. Соған қарап отырғанда, ондағы әр бапты қабылдаудың қаншалықты күшке түскені көз алдымызға келеді. Ең соңынан, мәлімдеме тұтастай дауысқа қойылғанда таблодағы жазуды көргендердің көпшілігінің көзі дымданып тұрды. Олардың арасында үміттің де, күдіктің де, ызаның да, «ендігі күніміз қандай болады» деген қобалжудың да, «бұл өзі не болып кетті» деп аңтарылудың да жасы бар еді.

Сөйткен 1990 жыл да артта қалды. Ол оңай болған жоқ. Ал, жаңа 1991 жыл басталмай жатып, дүрбелеңді көбейтті. Дәл сол кезде Шығыс Қазақстандағы жер сілкінісінен зардап шеккен аудандарға көмек жинайтын миссиямен Швейцария мен Лихтенштейнге баруға тура келді. Бізді қарсы алушылардың қатты қобалжып тұрғандарын байқадық. Егемен елдің өкілдері дейін десе, ол әлі ресми мойындалған жоқ. Кеңестер Одағының азаматтары ретінде қарайын десе, ол бұрынғысынан бетер түсініксіз елге айналды. Олай дейтініміз, біз алдында ғана, 1988 жылы дәл осындай «халық дипломатиясы» миссиясымен АҚШ-та болғанбыз. Бірнеше штаттарда әрқилы топтың өкілдерімен кездескенбіз. Тіпті жекелеген жанұяларында да бірнеше күн қонақтап жатып та көргенбіз. Сонда қайда барсақ та, кімге жолықсақ та, құшақ жая қарсы алған. «Совет адамдары» екенімізді естіген бойда, бәрімізге де ғарышқа барып қайтқандардай масаттана қараған. Ауыздарынан «перестройка», «гласность» деген сөздер түспеген. Қазақстаннан келіп тұрғанымызды біліп отырса да, Алматы оқиғалары жайында бір де бір сұрақ қоймаған. Өйткені, ол кездегі Батыс қайта құруға да, жариялылыққа да, Горбачевқа да үлкен үмітпен қарайтын. Кеңестер Одағында не болса да, дұрыс болып жатыр деп есептейтін. Бұл жолы біртүрлі абыржи қарайды. Парсы шығанағындағы соғысқа, Рига оқиғаларына қалай қарайтынымызды қайта-қайта тәптіштеп сұрай береді. Пікірімізді естіп алып, таңғалады. «Сіз бұлай дейсіз. Ал Горбачев неге басқаша айтады?» – дейді. Біз ол жақта жүргенде Павлов атақты «ақша реформасын» жасады. «Банкирлер елі» енді бізге бұрынғысынан бетер шошына қарады. Тек жас әртістеріміздің өнерін көргенде барып, жүректері жібіп, жадырап сала беретін. «Бис», «бис» деп қол ұратын.

Олар үшін Кеңестер Одағы, әсіресе, Горбачев, қайтадан «түсініксіз феноменге» айнала бастапты. Біз қайтқанша, Парсы шығанағындағы соғыс аяқталды. Ақпарат құралдары Ирактың да, Саддам Хұсейіннің де бастарын ауыртуды қойды. Енді ауыздарынан түспейтін «Горбачев», «Павлов», «рубль», «Рига»... Әсіресе, Рига оқиғалары Кеңестер Одағы қайта құру барысында демократияны, адам құқын, халықтар бостандығын қамтамасыз ететін қоғам құрады деген үмітті азайта түскендей еді. Жұрттың көңілінде үрей көбейіп еді.

Тап сол жылы жазда мамырдың аяғында Швейцарияға қайта бардық. КСРО делегациясының құрамында ОБСЕ-нің аз ұлттар мәселелері жайындағы халықаралық конференциясына қатыстық. Халықаралық ұйымдардың Женевадағы сарайының қолдан салқындатылған қоңыржай залдарында аққаптал дипломаттардың әбден өлшеп-пішілген әсем тіркестерін тыңдай отырып, дүниеде не болып, не қойып жатқанын дәл сол қалпында көзге елестете қою аса қиын еді. Алайда, басқа делегациялардың баяғы қайта құрудың бастапқы кезеңіндегідей құрақ ұша қоймайтынына қарап, біздерден біртүрлі торығып қалғандықты байқау қиын емес еді.

Мәжілістен қол бос кезде Женева көлінің жағасындағы мэрия үйіне қабылдауға бардық. Қабырғаға ілулі тұрған бір плакатқа көзіміз түсті. Көктемгі сең жүріп жатқан аласапыран кезде, жан-жаққа жапа-тармағай қашып жатқан мұздарды бытыратпаймын деп, үстеріне етпеттей жығылып, қол-аяғына ие бола алмай тырбаңдап жатқан Горбачев бейнеленіпті. Батыстың Кеңестер Одағына деген, қайта құруға деген көзқарасының қаншалықты күрт өзгеріп кеткендігін осыдан-ақ аңғара беруге болатындай еді.

Расында да, сонау 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан күндерінде тоталитаризмнің Арктикадағыдай мызғымайтындай боп еңірей қатқан мәңгілік мұзын ғайыптан пайда болған әлдеқандай ғарыш құйыны ойда жоқта тиісіп, қақырата тіліп өткендей болып еді. Артынша-ақ жер-жердегі ұлтаралық жанжалдар ондай жарықтарды одан сайын көбейте түскен-ді. 1988 жылғы Эстонияның тәуелсіздік жариялауы коммунистердің әліге дейін кіжіне айтатын егемендік шеруіне баршамызды сапқа тұруға шақырғандай болған. 1990 жылы одақтас республикалар түп-түгел өз егемендіктерін жариялағаны әлгі сапқа тұрудың аяқталғанын білдіріп еді. Енді уақыт сол салтанатты шерудің қашан басталатынын тыпырши тосып тұрғандай еді.



КОКП пен оның басшысы тарих әлдеқашан сапқа тұрғызып қойған шеруді кешіктіре түсу үшін сан қилы айлаға басып бақты. 1990 жылдың басында бүкілодақтық референдум жариялады. Оған одақтың керектігі жайында «иә» немесе «жоқ» деп жауап беретін жалғыз сұрақ ұсынылды. Бірақ, ол сұрақты әр республика өзінше өзгертіп, сол бойынша референдум өткізді. Қорытындысында «иә» деген жауап көп болғанмен, ұлттық республикалар түгел дерлік түбегейлі өзгеше қағидаға негізделген жаңа одақты талап еткен-ді. КСРО президенті аталмыш референдум қорытындыларына сүйене отырып, сол жылдың жазында жаңа Одақтық шарттың жобасын жасау жұмысына кірісіп кеткен-ді. Оған да жылдан асып бара жатқан. Нәтижесі әлі көріне қоймаған. Ахуал, расында да, әлгі плакатта бейнеленгендей еді.
Күрмеуі мол күрес
«Ново-Огарево процесі» атанып кеткен бұл жұмыстың соншама кешеуілдеуі тегін емес еді. Шарт жасасушы жақтардың жұмыс топтары өнбес іске кіріскендерін әзір
байқай қойған жоқ-ты. Тоталитарлық қоғамды бастапқы қағидаларды қалпында сақтай отырып, демократияландырамыз деп талай істің насырға шаптырылғаны белгілі. Жоспарлы-үлестірмелі экономиканы негізгі құрылымдық қағидаларын сақтай отырып, нарықтандырамыз деп, күнделікті нан-судан да қағыла бастағанбыз. Ал Кеңестер Одағын да бастапқы қалпын сақтай отырып, заманға лайықтап жаңартамыз деу де – оқ дәрісі алынбаған зымыранды қайта балқытып құямыз дегендей ақылға сыймас нәрсе еді.

Кеңестер Одағын коммунистер құрған, сол коммунистер енді оны қайта құра алады деп ойлау да – кезекті бір мәңгінің қиялы еді. Өйткені, ол одақ – тарихтың перзенті еді. Оның тағдырын тарих қана шеше алатын. Ал, ол өз үкімін оған дейін талай империяны таратқан кезде-ақ айтып қойған-ды. Оның да түп төркіні өзге империялар сияқты адамзаттық дамудағы сәйкессіздіктен туындайтын отаршылдыққа барып тірелетін. Соны эволюциялық мүмкіндіктерге біреудің қолы бұрын, біреудің қолы кеш жетеді. Содан барып біреу күшейеді, біреу әлсірейді. Әлсіздің теңдік дәметуі арманға, ал күштінің үстемдік құруы есептеспеуіңе болмайтын шындыққа айналғалы қай заман?! Көп тәңірді қойып, бір тәңірге табынуды, жұмыр бастының бәрін емес, айрықша туған бірегейлерін ардақтауды насихаттаған Заратустра сонысы арқылы космократиялық үстемдік құруға құқықтылығын да заңдастырып беріп еді. Ахеменидтердің әлемдік үстемдікке ұмтылуын кездейсоқтық деуге болмайтыны да сондықтан. Оны бір заңдылық орнатса, дәл сондай екінші бір заңдылық құлатты. Шамадан тыс ұлғайып кеткені өз тарапынан астамдықты, басқалар тарапынан дұшпандықты солғұрлым ұлғайтары хақ. Дәл сондай астамдықтан сақтандыруға тиісті Аристотель өркениеттің жаугершілік пен жабайылыққа үстемдігін заңдастырып беріп, Ескендір Зұлқарнайынды кезекті космократиялық астамдыққа – күллі әлемді эллинизм туы астына біріктіруге үндеді. Бұл сиқырдан ислам туы астына жер-жаһанды түгел жинағылары келген мұсылман халифтері де арыла алмады. Рим қаруы мен рим құқықтарының күшімен күллі әлемді тізеге басқысы келген әрекет те іштің наразылығына, сырттың жеккөрушілігіне жем болды. Бірақ, бәрінен де қорытынды шығарылмады. ХV ғасырда су жолдарының маңызы артып, өндірістік мәдениетке көшіп, техника жетістіктерін пайдаланып алға шыға бастаған Батыс Еуропа елдері басқа құрлықтарға аяқ сап, христиандық қағидаларды пір тұтатын жаңа әлемдік үстемдікке ұмтылды. Бұдан грек шіркеуі де құр қалғысы келмеді. Византия құлап православияның бірден бір тірегіне айналған Ресей батыс теңізшілерінен қалыспай, көршілес кеңістіктерге ашқарақтана бас салды. Әлемдік үстемдікке ие күштер отаршылдықты адамгершілік тұрғыдан ақтап бағуға тырысты. Әу бастағы бір нәсілдің екінші нәсілден үстем жаратылуы, кейбір халықтардың жаратушы иенің әлдебір ұлы пиғылын іске асырту үшін әдейі мақсатпен жаратылуы сияқты қисындарын былай қойғанда, олар өз әрекеттерін кенде қалған жұрттардың қамын ойлаушылық, оларды мәдениетке баулып, ел қатарына қосуға ұмтылушылық қылып көрсету жолында әрқилы айла-шарғылардан оянбады. Ал бір кездегі Ресей канцлері Горчаков Орта Азия мен Қазақстанды басып алуды күллі адамзат өркениетін жабайылықтан қорғап қалудың қамы деп дақпыртқаны белгілі. Екі дүниежүзілік соғыстың нәтижесінде Еуропа елдері түгел дерлік империялық мәртебеден бас тартқанда, бас тартпай қалған Ресей қырық жылдан астам уақытқа созылған қырғиқабақ соғыстың бірден бір нысанасына айналды. Бірінші дүниежүзілік соғыстан соң Ресейдің басына осындай қауіп төнгенде большевиктер аман алып қалып еді. Олар монархияны құлатқанмен, империяны құлатпаған. Бұрынғы православиялық космократиялық идеяны қай кезде де басым көпшілік болып келген кедей табының сойылын соққанситын таптық идеямен алмастырып, патшалық деспотияның орнына коммунистік деспотияны орнатқан. Сол үшін де Сталинді көп ұзамай бір кезде қызылдарға қарсы қолына қару алып күрескен монархияшылдар да, екінші дүниежүзілік соғыс тұсында герман, итальян фашизмімен ауыз жаласуға дейін барған эмиграциядағы орыс еуразияшылдары да, тіпті уақытша үкіметтің қуғындағы басшысы Керенский де марапаттап баққан. Ашықтан-ашық Ресей империясын сақтап қалды деп мақтаған, Батыс империяларындай Ресей де көпұлтты мемлекет еді. Бірақ, батыс империялары, мәселен, Австро-Венгрия әлуеттік жағынан бірдей мемлекеттерден тұратын. Ал Ресейде қалған ұлттардың бәрін қосқанда екі еседен асып түсетін басым ұлт бар еді. Сондықтан ол саяси құрылымын қайтып өзгертсең де, гомогенді (біртектес) космократиялық сипатын сақтап қала беретін. Коммунистер де өз кезіндегі заман үлгісін сақтаған болып, жаңа одаққа құрамалық сипат бергенсіді. 1922 жылғы келісімшарт бойынша КСРО-ға Финляндия мен Польшадан басқа, бұрынғы Ресей империясының халықтары түгел кірді. Ол құрамында 26 автономиялық құрылым бар, Ресей, Кавказ сырты федерациялары, Украина, Белоруссиядан тұрды. Жүз жиырма халықтан тұратын бұл құрама кейін халықтардың өзін өзі билеуі құқығына құлақ асылған болып көрінуі үшін, одақтас республикаларға, автономиялық республикаларға, автономиялық облыстар мен округтерге бөлінді. Тек одақтас республикаларға ғана бөлініп кету құқы берілді.

Бірақ, бұл шын мәнінде жүзеге аспайтын құқық еді. Өйткені, көзбояушы социалистік демократия либерал демократ Дж. Ст. Мильдің көпұлтты қоғамда демократия орнауы мүмкін емес деген қағидасынан өзінше қорытынды шығарды. КСРО-ның мемлекеттік құрылымы әншейін әшекей ғана еді. Ал, шын мәніндегі билікті 1917 жылы төңкеріс жолымен өкіметті алған Компартия уысынан шығарған жоқ еді. Ол егеменді партия ұйымы дегенді білмейтін. Сондықтан КСРО-дағы саяси өмір КСРО-ның Конституциясына емес, КОКП-ның Жарғысы мен бағдарламасына бағынды. КОКП-ның Орталық Комитеті қаулы алмай тұрып, Жоғарғы Кеңес, Заң, Министрлер Кеңесі шешім шығара алмайтын. КСРО-да мемлекет КОКП-ның шешімдеріне конституциялық заңдық құжат сипатын беруге ғана керек болды. КОКП ұлт мәселесіне де тарихи шындық тұрғысынан емес, саяси қажеттілік тұрғысынан келді. Ол өз этнологиясын жасады. Ол бойынша алғашқы қоғамда ру мен тайпа, феодализм мен құл иеленуші қоғамда халық, капиталистік қоғамда – ұлт шықты деп есептеді. Социализм байлар мен кедейлерді бір этникалық жиынтық деп қарастыратын буржуазиялық ұлтты мойындамады. Социалистік ұлт этникалық текке қарамайтын еңбекші таптың саяси жиынтығы болуы керек деп есептелді. Ал кез келген саяси жиынтықты саясат түзетін болғандықтан, КСРО-да социалистік ұлт этникалық тексізденген Кеңес халқын жасақтау басты тарихи мұрат деп саналды. Мұндай саяси этногенез ұлттардың өзара одақтасуы дегенді де жоққа шығарды. Орта Азия халықтарының саяси бірлесуін жақтаған Сұлтанғалиев пен Рысқұловқа Сталиннің өре түрегеліп, ұлттық межелеуді басты қағидаға айналдыруы да сондықтан еді. Сөйтіп, қазақ кедейі немесе тәжік кедейін сырттағы түрікшілдік немесе исламшылдық, іштегі ұлт дәулеттілерімен тіл табысатын ұлтшылдықтан «аман сақтап» қалуды көздеді. Осылайша орнығатын жаңа коммунистік космократияның «інжілі» мен «құраны» марксизм-ленинизм, латын мен араб тілдері сияқты киелі тілі – орыс тілі болды. Сондықтан, коммунистік шовинизмді ұлтшылдық шовинизммен шатыстырмау керек. Ол этникалық емес, әлеуметтік, өз тілі мен өз мәдениетін мойындамайтын бұралқылық шовинизмі болды. Бірақ, ол мазмұны жағынан марксизм-ленинизмнен, түрі жағынан самодержавиялық деспотиядан туындап


жататын. Бұратаналарды бұратана бюрократияға басқарту арқылы шет аймақтардың ішкі қайшылығын көбейтіп, орталықпен дүрдараздықты азайтуға, бөліне жарылушылықты өз қолдарымен жаныштап, ұлттық алауыздықты өз қолдарымен асқындата түсуге ұмтылды. Мұндай көпұлтты коммунистік шовинизм, түптеп келгенде, сан жағынан басым ұлт пен орталықтың сойылын соқты. Сондықтан да, бұрынғы «ақ патшалы» империяда да, кейінгі «қызыл генсекті» империяда да гомогенді космократиялық сипат үстемдік құрды. Басым ұлттың ықпалына жығып, жаңа халық жасау, сол әдіспен әлемдік үстемдікке жету – жақында ғана өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін мұртын балта шаппай келген саясат еді.

Қайта құрудың көсемдері осы сипатты сақтай отырып, нарық пен демократияға көшкен жаңа одақ жасағылары келді. Бірақ, ол мүлдем мүмкін емес еді. Нарық демократияға ұмтылмай, ал демократия идеологиялық деспотияны құлатпай тұра алмайды. Сондықтан 1991 жылы 1922 жылғыдай сыртқы бояуы өзгергенмен, ішкі мазмұны сол күйінде қалатын жаңа одақ жасау еш мүмкін емес еді. Бұрынғы империялық ауқымды қайткен күнде де сақтап қалуға тырысқандар жаңа кескіндемелер ұсынды. КСРО-ны бұрынғы ұлттық-территориялық бірлестік сипатынан айырып, бірыңғай территориялық мемлекетке айналдырып, Америка Құрама Штаттарының шығыстағы көшірмесін жасауға тырысқандар да болды. Академик А.Д.Сахаров тек он бес одақтас республикадан емес, барлық ұлттық-территориялық субъектілерден, 53 халықтық республикадан тұратын жаңа федерация «Европа мен Азия кеңестік республикалары Одағы Конституциясының» жобасын ұсынды. Оны қолдағандардың бірқатары бұлай күлбілтелемей-ақ, «Евразия Құрама Штаттары» деп атауды қолай көрді. Бұл жобаны мақұлдамайтындардың көпшілігі – 120 ұлттан тұратын елді 53 республикаға бөлгенмен, көп ұлт баяғысынша өз жерінде өзі азшылық болып қалатындығын тілге тиек етті. Ұлт мәселесімен шұғылданатын белгілі ғалымдар Л.Л.Тайван, А.М.Салмин, А.Б.Зубов таза ұлттық-мемлекеттік тұрғыдағы жаңа одақ құруды ұсынды. Оның мәнісі – ұлттық-территориялық мемлекеттерден бас тарту. Барлық ұлттарға қайда тұратынына қарамастан өзінің мәдени-әлеуметтік мүдделерін қамтамасыз ете алатын ұлттық кеңес құру арқылы ұлттық-мәдениеттік автономия беру. Бұл қай ұлттың да жаңа өзгерістерден күтіп отырған үмітімен қабыса қоймайтын еді. Осындай жағдайда келіссөз үстелінің басына жиналған Ново-Огарево процесіне қатысушылар ең басты мәселе – жаңа одақтың құқықтық субъектілері төңірегіндегі айтыс-таласқа көп уақыт жіберуге мәжбүр болды. 1990 жылдың қазанындағы жобада халықтардың өзін-өзі билеуі жөніндегі белгілі қағида негізгі тексте көрсетілсе, 1991 жылғы наурыздағы жобада кіріспе бөлікте жол-жөнекей атап өтілді. Тамыз айына дейін жасалған төрт жоба жаңа одақтың құқықтық субъектісін дәлдеп көрсете алмай көмескі күйде қалдырды. Жаңа шарт іштей ыңғайласқан республикалардың өзара келісімі болып есептелінетін болды. Республикалардың одағы болса, әлгіндей мәртебеге тек одақтас республикалар ғана емес, автономиялық республикалар да таласа алатын еді. Ұзақ таластан ештеңе шықпады. Осындай екіұшты шартқа «9+1» деген кескіндеме бойынша 1991 жылғы 20 тамызда қол қойылатын болды. Мұндай шарт ұлттық мүддені бәрібір көлкештеп қоя алмайтын еді. Шартқа қол қойған жақтар кейін өз ішіндегі ұлттық мәселелерді шешуге міндетті еді. Ол деген сөз одақтың өміршеңдігін біржолата қамтамасыз ете алатын шарт қолдан біржолата сусып шығып кетті деген сөз еді. Бұрынғы орталықтың енді етпеттей жығылып, бауырының астына тығатын ештеңесі қалмады. Жан-жаққа бытыраған мұздардың өзі одан әрі быт-шыт шашырауы мүмкін еді. Коммунистік орталық агонияға түсті. Ең басты қол қоятын адам шартқа қол қоярдың дәл алдында демалысқа кетті. Жұмыста қалған атқарушы билік өкілдері қол қоюға бір күн қалғанда, 1990 жылғы 19 тамызда мемлекеттік бүлік ұйымдастырды. Бұл – қызыл империяның өлім алдындағы ең соңғы тұяқ серіпкені еді.

Бұл одақтың тағдырын орталықтың уысынан біржола шығарған оқиға болды. Сол жылғы 12 маусымда сайланған Ресей Президенті Б.Н.Ельцин орталықтың демократияға қарсы төңкерісіне қарсы ереуілдеуге мәжбүр болды. Нәтижесінде коммунистік деспотия құлап тынды.

Сол бір дүрбелең күндері бұрынғы кеңес қоғамындағы реформаның ендігі тағдыры орталықтан одақтас республикалардың қолына біртіндеп көше бастады деп айтуға болады.

Арғы түбі аса шетін мәселеден өрбіген бұл алмағайып күндері көпұлтты Қазақстанға мейлінше ұстамдылық пен көрегендік керек болды. Елбасы 20 тамыздағы мәлімдемесінде Қазақстан аумағында төтенше жағдай енгізілмейтінін, елдегі өкімет билігі Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация мен Конституциясына сәйкес толығымен кеңес орындарының қолына көшетінін ерекше атап өтті. «Өткінші алауыздықтан бойды аулақ салу, ақыл-парасатты, халық алдындағы жауапкершілік сезімін басшылыққа алу, егеске жол бермеу өте маңызды», – деді. Бұл туралы ақын Ғафу Қайырбеков: «Республика халқының ендігі тірлік сөзін сол азаматынан, басшысынан күткен сәт еді. Ол кісінің сөзінен көкейдегі сұраққа жан дауасындай жауап таптық», – деп еді. («Егемен Қазақстан», 1991 жыл, 21 тамыз).

Сөйтіп, бір жыл бұрын үлкен айтыс-тартыспен жариялаған егемендігіміз тарих алдындағы үлкен парызын орындады. Әрқайсысы әр жақтан елеңдеп отырған көп құрамды қоғамымызды қиямет сағаттарында сабырға шақырып, сабаға түсірді. Орталықта болып жатқан аласапырандардың жетегінде жібермейтін пәрменді құқықтық тетік болып табылды. Екіұдай кезеңде екіұштылық пен әлеуметтік әуре-сарсаңдардың алдын алу үшін Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің төтенше пленумы шақырылды. Онда Орталық Комитет өз жұмысын тоқтатуға, бір айдан кейін төтенше құрылтай өткізуге, оны дайындайтын ұйымдастыру комитетін құруға шешім қабылдады. Бұл қазір айтуға оңай болғанмен, бастан кешкендерге қиындыққа түскен күндер мен сағаттар еді. Оған байланысты мына бір жәйт есімнен кетпейді. Әлгі пленумда залда тұрған үнкүшейгіден мен де сөз сөйледім. Көз алдымда бір апта бойы телеэкранның бетін бермеген қым-қиғаш көріністер тұрды. Ұзақ сөйлеу мүмкін емес еді. Бар айтқаным мынау болды. «Қанша ауыр болса да, ащы шындықты мойындауымыз қажет. Бәлкім, мұнда сіз бен біздей миллиондаған адамдардың тікелей кінәсі жоқ шығар. Бірақ, компартияға берілген сенім біржолата таусылды. Соңғы күндер оқиғасынан кейін онда ел бетіне қарар бет қалған жоқ. «Не істеу керек?» – дейтін үйреншікті сауалды ол енді қайтып ауызға алмауы керек. Енді қайтетінімізді әркім өзіміз ойлап, өзіміз шешуіміз қажет. Өз еркімізбен тарауымыз керек», – дедім. Иә, қоштаған, иә, қарсы шыққан сөз айтылған жоқ. Араға бірер күндер салып, қысқа демалысқа туған аулыма барсам, бір жаны ашыр ағам әлгі хабарды естіп қатты абыржып отыр екен. «Апырай, айналайын-ай, асыққан жоқсың ба? Ойласаң да, айтпай тұра тұрмадың ба?» – деді.

Уақыт, бірақ, мұрша берер емес еді. Артынша-ақ жеделхат қуып жетті. «Екінші қыркүйекте ашылатын КСРО халық депутаттары құрылтайына Қазақстанның парламент делегациясының құрамында қатысуыңыз керек», – депті. Демалысты доғарып, Мәскеуге ұшуға тура келді. КСРО және одақтас республикалардың басшыларының бірлескен мәлімдемесін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жариялады. Онда тамыздағы мемлекеттік төңкеріс салдарынан егемен мемлекеттердің арасындағы жаңа одақтық қатынастардың қалыптасу процесі бұзылды, мұның өзі елімізді апат шегіне әкеліп қойды деп бағаланды. Егеменді мемлекеттер Одағы туралы шартты әзірлеп, оған барлық тілек білдіруші республикалар қол қоюы қажет деп танылып, шұғыл түрде экономикалық одақ жасасу, азаматтардың ұлтына, тұрғылықты жеріне, партияға мүшелігіне және саяси көзқарастарына қарамастан олардың құқықтары мен бостандықтарының, сондай-ақ саны аз ұлттардың құқықтарына кепілдік беретін мәлімдеме қабылдау, өтпелі кезеңде одақтық мемлекеттік қызметті орындау үшін тең өкілеттілік қағидасы бойынша Мемлекеттік Кеңес, Халық Депутаттары Кеңесі және уақытша республикааралық экономикалық комитет құру ұсынылды. Біріккен Ұлттар Ұйымынан егемен республикаларды халықаралық құқық субъектісі деп тану жөнінде мәселе қарау сұралды. Бұл мәлімдемені талқылауға көп адам қатысты. Солардың қатарында академик А.Д.Сахаров та жоғарыда көрсетілген байыптамасын баяндап берді. Құрылтай Н.Ә.Назарбаев баяндаған мәлімдемені, негізінен, мақұлдады. Қабылданған қаулыда: «Егеменді мемлекеттер Одағы туралы шартты әзірлеу және оған қол қою жеделдетілсін, бұл Шартта олардың әрқайсысы өзінің Одаққа қатысуының түрін дербес айқындай алады. Жаңа Одақ мемлекеттердің тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы, адамдар мен халықтар құқықтарының сақталуы, әлеуметтік әділеттілік пен демократия қағидаларына негізделуі тиіс», – деп көрсетілді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©kzref.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет