2022 жылдың 24 ақпанында Ресей әскері Украина жеріне басып кірді. Киев, Харьков, Одесса сынды Украинаның ірі қалалары мен елдімекендері оқ астында қалды. Бүгінде кейбір аймақтардың жартысы басқыншылардың бақылауында. Жергілікті тұрғындырдың сөзіне сүйенсек, екі жыл уақытқа жуықтаған соғыс халықтың өмір сүру заңын өзгерткен. Stan.kz тілшісіне Харьков қаласының тұрғыны, этникалық қазақ Макка Қаражанова шаһардағы дәл қазіргі жағдай мен Украинадағы өмірі туралы айтып берді. 

Макка Қаражанова 1984 жылы Қазақстанның Орал қаласынан Украинаға көшіп кеткен. Қазір Украинаның Харьков қаласында тұрады. Ресейдегі Орынбор қаласында туған қандасымыз жеке кәсіппен айналысады. Бұдан бөлек қаладағы "Бірлік" атты этникалық қазақтар қауымдастығының төрағасы.

"Мен пацифистпін. Соғыс дегенді жек көремін. Соғыс атауын естігім де келмейді. Соғысты қай елде тұрғаны маңызды емес әр ақыл-есі дұрыс адам қолдамауы керек деп есептеймін. Біз күнделікті қақтығыстардан өмірімізді сақтап қалуға тырысудан, қорқудан шаршадық. Бірақ соғыс атаулысынан қорықсақ та, Ресейге берілгіміз келмейді", – деп бастады ол сөзін.

Макка Қаражанованың айтуынша, Украина қазақтары "бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып" жүр екен. Араларында алауыздық деген атымен жоқ.

"Барлығы да Ресейдің басқыншылығына қарсы. Олардың украиналықтардың, біздің өмірімізге қол сұғуына қақыcы жоқ. Бір абсурд нәрсе – Харьков, Днепропетровоск, Запорожье облыстарында мемлекеттік тілге қарағанда орыс тілі басымырақ. Соғыс басталысымен украин тілі басымдығын арттырып, сауда орталықтары мен ғаламтор жүйелері орыс тілінен бас тартты. Мұның барлығы да түсінікті жайт қой. Мемлекеттің тілі мен жүйесі ұнамаса, чемоданды жинастырып кету керек”, – дейді ол.  

“Бір сәтке де босаңсуға болмайды”

Этникалық қазақ қызы 1991 жылы Орал қаласында казактардың Ресейге қызмет еткендеріне 400 жыл толуын атап өтпек болғанын, бұған қазақтарымыз қарсы шыққанын еске алды. 

“Бұлар осындай әдеттерімен біреудің жеріне қол сұғудың жолын табады. 2014 жылы Украинадан ешбір соғыссыз Қырымды тартып алды. Луганск пен Донецк облыстарын айтпағанның өзінде, қаншама территорияны өзіне қаратты. Қырымда халық саны 8 миллионға дейін еді. Қырымнан жұрт үдере көшіп, аймақтың басым бөлігі босап қалды. Оған Ресейден адамдар әкеліп қоныстандырды. Мариуполь қаласына да Орта Азиядан жұмысшы адамдар әкелген дейді. Мұндағы мақсат – басып алған жерлерді қалайда өз территориясына айналдыру. Әрине, ешкім бұлай болғанын қаламайды", – дейді шетелдегі этникалық қазақ. 

Жат елде жүрсе де отандасымыз жерлестеріне бір сәтке де босансуға болмайды деп ескертті. 

"Телеграмдағы ресейлік пропаганда каналдарының ішінде “қазақтар құтырды” деп жазатындары бар. Украинаға қарсы насихаттары да осылай басталған. Бәрімізге бейбітшілік тілеймін. Бабаларымыз "жаман айтпай, жақсы жоқ" дейді ғой. Қазақ елінде ешқашан да соғыс болмасын. Соғыстың қандай қорқынышты екенін мына біз жақсы білеміз. Жаныңызға айықпайтын жара салатынын жеткізгім келеді", – дейді Макка.

Оның сөзінше, Украина билігі өз халқын қорғап жатыр. Ал Ресей шабуылдауын тоқтатар емес. 

“Қазіргі кезде Донецк, Харьков аймақтарында кескілескен ұрыстар жүріп жатыр. Батыр ұлдарымыз жан аямай жаумен күресіп жатыр. Қаламызда әскери әкімшілік, коменданттық сағат және ескерту дабылдары жұмыс істейді. Өзіміздің телеграм каналдарымыз бар. Одан бөлек, әуе шабуылы жайлы хабарлайтын ұялы телефондарымызға дыбыстық белгілерді орнатқанбыз. Барлығы да өз мүмкіндіктерінше қолынан келгенін жасап жатыр.

Эвакуация соғыстың алғашқы кезеңдерінде жүзеге асты. Қазақстан елшілігімен Харьковтағы отандастарымызды алып шықтық. Билік ел тұрғындарына да эвакуация жұмысын жүргізді. Ол кезде хаос сәттер болды. Кеткісі келгендер елден кетті. Ал қазір кеткен азаматтар оралып жатыр. Көбіне Донецк пен Луганск облыстарынан көшіп келді. Онда 6 миллионнан астам халық тұрған. Қателеспесем, қазір миллиондай ғана тұрғын қалыпты. Қалған бөлігі бізге, Киев, Днепропетровоск аймақтарына көшіп келді. Былтыр бізде 300 мыңға жуық халық қана қалған. Қазір 1,5 миллионға жуық адам бар. Менің де, басқа да жақындарымның туыстары оралды. Бәріміз де өз шаңырағымызда тұрғымыз келеді ғой", — дейді сұхбат беруші. 

“Бейбіт тұрғындарға шабуыл жасағанын түсіне алмадым”

Кейіпкеріміз Украинаның басқа қаларындай Харьков қаласының да жиі шабуылға ұшырайтынын айтады.

"Жақында екі зымыран Харьковке құлады. Түнде ирандық "Шахид" дрондары шабуылдады. 70-ке жуық бейбіт тұрғындардың үйі бүлінді. Өз көзіммен барлығын да көрдім. Бір зымыран біздің ауданымызға құлады. Қаңтардың 2-сі "Искандер-М" зымыраны тұрғын үйлердің ортасына түсті. Қаланың өте әдемі ауданы болатын. Даңғылдың бойында Харкьков атындағы медицина және экономика университеттері, жатақаханалары да орналасқан. Жастардың көп жүретін орны еді. Сталин заманындағы және заманауи үйлер мен инфрақұрылым да қалыптасқан. Совет сәулеті шеберлерінің қолтанбасы қалған тарихи ғимараттар да бар. "Искандер-М" зымыраны бәрін де бүлдірді. Жатақхана терезелеріне дейін сынды. Бір жақсысы студенттер болмаған екен. 

Автотұрақтағы барлық көлікке де зақым келді. Пәтерлердің ішіндегі жиһаздар да жарылыпты. Енді "Искандер-М" ядролық оқтұмсық санатына жатады. Жанып ұшқан жарықшақтары пәтерлерді де өртеген. Бірнеше пәтердің жанып жатқанын көрдім. Бейбіт тұрғындарға шабуыл жасағанын түсіне алмадым”, – дейді ол. 

“Бұл соғыс әйелінен ажырасқан күйеудің әрекеті сияқты”

Украинада тұрғанына 40 жыл болған қандасымыз Ресейдің соғыс тактикасына аса мән беру керек деп ойлайды. 

“Шешенстандағы соғыстарға назар салып көріңіздер. Олар Грозный қаласын да жермен-жексен қылды. Күштері жетпегеннен кейін тура бізге де атқылап жатыр. Бүгінде шағын қалаларымыз құрып бітті. Бұл да бір тактика болып саналады. Өзіме әйелінен ажырасқан күйеуін еріксіз еске түсіреді. Күйеуі әйелінен кетерде үйін қиратып, өртеп кететіндері бар ғой. Тура сондай нәрсе. Ешкімге ештеңе қалмасын дейді. Біз неге осы шынайы нәрсеге көз жұмамыз? 2008 жылы Ресейдің Грузияға басып кіргеніне де ойланып қалдым. Олардың саясаты мен соғысының тактикасына назар аудару керек", — дейді ол. 

Тұрғындар зымырандар атқылаған уақытта қайда тығылады?

Оның сөзінше ел халқының басым бөлігі зымырандардан қауіпсіз орындарға тығылмайды екен.

"Тұрғындар үйдегі дәліздің екі қабырғасына тығылады. Одан бөлек, жертөлені де паналап жатады.Әрқайсымызда үкілеген кішкене ғана үміт бар. Тұрғын үйлерді атқыламайды деп ойлаймыз. Бұл дегеніңіз халықаралық құқық пен соғыс режимін бұзу ғой. Әскери лагерь бар деп білім ошақтарын атқылаған кездері болды. Шетелдік жалдамалы әскерлер бар деп қонақүйді де атқылады. Шетелдіктердің өз таң қалатын ғимарат еді. Онда негізінен БҰҰ-ның, НАТО-ның лауазымды қызметкерлері келіп тұрақтайтын.

Бір ғимарат бүлінсе, көшелереміз күл-қоқысқа толып кетеді. Бір ғана мезетте барлығын қайта қалпына келтіреді. Бұл қала мэрлерінің өз жұмыстарын тиянақты атқарғаннан деп ойлаймын. Метро станцияларында төменгі сыныптар оқуда. Жаңа жылдық кештеріміз де сонда ұйымдастырылды. Шыршалар қойылып, мерекелік бұйымдармен безендірілді. Концерттік бағдарламалар да қызықты өтті. Бізде тамашалап, жаңа жыл кешіне қатысып қайттық. Метролар бізде басты қорғаныш панасы саналады. Біз үшін ең сенімді жер", — дейді ол.

“Ресей қалаларын атқылайтындай зымырандарымыз жоқ”

Қандасымыз Украина билігінің Ресейдің қалаларын атқылағаннан зымыран қоймаларының азайғандығын айтады. 

"Олардың бізді атқылайтын зымырандары Белгород қаласында орналасқан. Біздің елде Белгородты атқылайтындай үлкен көлемде зымырандар қоры жоқ. Оқ-дәрілер де азайып затыр. Атылған зымырандардың нақты нүктесі болады. Бейбіт тұрғын үйлерді жайдан жай ата салмайды ғой. Ресей әуе қорғаныс күштері біздің зымырандарымызды қағып түсіреді. Сол кезде зымырандардың жарықшақтары айналаға үлкен зардабын тигізеді. Олар қаланың үстінде қағып түсірген соң, тұрғын үйлерді де бүлдіреді. Бұл жағдайдан шаршадық. Бастысы жайымызға қалдырғанын қалаймыз", — дейді ол. 

Сондай-ақ “Қазақстанға көшіп келгіңіз келмей ме” деген сұрағымызға Макка Қадыржанова “Бүкіл жақындарым осында. Елді тастап кеткендей болғымыз келмейді. Әзірге көшу ойымда жоқ. Бірақ түбінде тарихи отаныма оралғым келеді” деп жауап берді. 

Қадырбек ӘУЛИЕАТА


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.