Куәгерлер көліктердің монша, сауна, дәмхана мен мейрамхана тұрағына қойылғанын видеоға түсіріп алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі abainewskz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Абай облыстық мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаментінің хабарлауынша, кейінгі екі айда жеке және заңды тұлғалардан мемлекеттік орган қызметкерлерінің мемлекетке тиесілі қызметтік көлікті жұмыстан тыс уақытта жеке мақсатта пайдаланғаны туралы 10-нан астам арыз түскен. 

"Арыздарда қызметтік көліктер демалыс және мереке күндері Семей қаласы мен облыс аудандарына бару үшін жеке мақсатта пайдаланылды делінген. Куәгерлер бұл жайттарды видеоға түсіріп алып, олардың монша, сауна, дәмхана, мейрамхана және т.б. жерлерде тұраққа қойылғанын көрсеткен", — деп хабарлады ведомство. 

Автокөліктерді жұмыстан тыс уақытта қай мемлекеттік органдар пайдаланатынын анықтау үшін ведомство Абай облыстық полиция департаменті мен басқа да құзыретті органдарға сауал жолдады. 

"Арыздар қарастырылғаннан кейін департамент заңға сәйкес шешім қабылдайды. Айыпты лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапқа тарту мәселесі қаралады. Мемлекет меншігі тек мақсатты түрде пайдаланылуы керек. Мемлекеттік қызметкерлердің заңғы қайшы әрекеті қоғамның жағымсыз көзқарасын тудырып, билік органдарына деген сенім деңгейін төмендетеді", — деп толықтырды Абай облыстық МҚІАД. 

Айта кетсек, мемлекеттік қызметкерлердің жұмыстан тыс уақытта және мереке күндері қажеттілікке байланысты қызмет бабымен шығуы жұмыс берушінің келісімімен, акт толтыру арқылы ресми тіркеледі. 


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.