Алматыда сериялық көлік ұрысы ұсталды. Оның атында үш жүзге жуық жаңа шетелдік көлік бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Almaty.tv арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: видеодан скриншот

Бұл туралы ұрының алдауына түсіп қалғандар әлеуметтік желіде жазды. Жүзге жуық азамат қымбат көліктерді несиеге алып, алаяқтарға алдандық деп дабыл қақты. Көліктерінің шетелге заңсыз қайта сатылуы мүмкін екенін де айтуда. Келтірілген шығын көлемі әзірге белгісіз, бірақ көптеген көліктер бизнес класқа жатады.

Алаяқтық жасады деген күдікті достарына көлікті жалға беру үшін несие алуды ұсынған. Ол несиені өзі төлейтінін, бірақ кірісті әділ бөлуге уәде берген. Алайда, екі айдан кейін арам пиғылын жүзеге асырған "бизнес-серіктес" көлікпен бірге жоғалып кеткен.

“Бас-басымызда кредит. Жетіп тұрса, қай қазақ соны алады? Мына тұрғанның бәрі — өзіміздің қаракөз балалар”,  – деді зардап шегуші Нұргүл Жүнісова.

Несиеге көлік алып, кейін темір тұлпардан да, ақшадан да айырылдық дегендер құзырлы орган өкілдерінен көмек сұрайды. Олар су жаңа Hyundai, Kia көліктерін несиеге алып өзге біреуге жалға береді. Келісім бойынша ай сайынғы несиені темір тұлпарды алған адам төлеп тұруы тиіс болған.

“Әр адамның басында ай сайын миллион 300-400  несие болып тұр. Көпбалалы әкемін. Бірінші балам мүмкіндігі шектеулі жан. Енді қалай төлейміз, білмеймін? Құзырлы органдардан көмек беруін сұраймыз. Бұл жалғыз Жандостың ғана қолынан келмейді. Бізді алдап отыр ма? Кепілге қойылған машина қалай шекара асып кетеді?” – деді зардап шегуші Нұрбол Алпамысұлы.

Алданғандар алғашында ақша уақытылы төленген соң, тағы да қарызға көлік алған. Кейбірі туысын тартып, сіңлісіне алғызыпты. Ал әлгі азамат лауазымды, елге танымал адамдардың арасында жиі жүретіндіктен, сеніп қалған. Жағдайдың бақылаудан шыққанын енді білген олар полицияға арыз қалдыруға мәжбүр болған.

“Арыз қабылдап жатырмыз. Адам ұсталды. Бүгін санкциясы болады. Қазір тергеу әрекеттерін жасаймыз“, – деді Жетісу ауданы полиция басқармасы бастығының орынбасары Азамат Бердіқожанов.

Бүгінгі таңда үш көлік қайтарылды.

“Бизнеске саламын деген сылтаумен азаматтардың автокөліктерін жинаған. Несиесін төлемеген. Жалға алған құнын төлемеген. Содан азаматтар алданып қалды. Қазір жоғалған көліктердің қай жерде екенін анықтауға  бағытталған шаралар жүріп жатыр“, – деді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Айта кетейік, мұндай қылмыс жасағаны үшін кінәлілердің мүлкі тәркіленіп, он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.