Халық жазушысы Мұхтар Мағауин 30 жылға жуық билік тізгінін ұстаған Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатына баға берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Halyq Uni ютуб-арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Әдебиет өкілінің айтуынша, экс-президент кезінде қазақ халқы рухы мен иманынан айырылып қала жаздаған. 

“1993 жылдан бері Назарбаев жөнінде айтып келемін. Талай айтылып, баспасөзде жарияланды. 2003 жылы жарық көрген "Ұлтсыздану ұранында" бар. 2013 жылы “Қазақсыз Қазақстан” деген мақала жаздым. 1995 жылы кездесуде қатты айттым. Әлемде неше түрлі патша болды дедім. Данышпан патшалар болды, қолбасшы патшалар болды, саясаткер патшалар болды, ақымақ патшалар болды, психикалық ауру патшалар да болды. Бірақ халқын, елін жерімен қосып сатып жіберген патша бізге ғана бұйырыпты. Бұл – әуел бастағы көзқарасым менің. Президент болып отырғаннан кейін, басында үміт еттік. Сол кезде бірден байқадым, кездейсоқ келген адам екенін. Бұл – отарлық үкіметтің қойған адамы. Одан ары қарай отарлай беру үшін билік басына келді. Басқа кандидатуралар болды ғой. Әуелбеков болды. Мен айтам, Кәмелетдиновті қою керек еді, керек болса. Ол ақымақ, ұр да жық. Ал мынау әуел баста қойған кезде Горбачев деген зұлым адам ғой. Сол қазақты жаныштау үшін “Желтоқсан" көтерілісін ұйымдастырды. Басқаларға үлгі болсын деп қазақты сабап сескендірді. Әуел баста қазаққа қарсы жұмыс істеді. Ол әлі жемқорлық, жеу деген бір ғана нәрсе бар. Қазақтың рухын жаныштады, қазақты тоздырды, аздырды. Голощекин 1932 жылы қазақтың үштен екісін қырып тастаса, Назарбаев бүкіл қазақтың жан-дүниесін жоққа айналдырды. Өзімізден де бар. Асыра сілтеп, мақтап жібердік. Нұх пайғамбарға теңеп, тіпті артық кеттік. Баяғыдан бері келе жатқан жағымпаздық пен дарақылық, – деп күйінеді халық жазушысы. 

Айта кетейік, Мұхтар Мағауин жерді сатуға қол қойған кейбір қаламгерлердің есімдерін атағанын жазған болатынбыз.  


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.