Ветеринариялық медицина кафедрасы



жүктеу 1.38 Mb.
бет3/7
Дата21.09.2017
өлшемі1.38 Mb.
1   2   3   4   5   6   7

Өтуі мен симптомдары. Жасырын кезеңі 1-5 күн. Клиникалық байкалуы белгілі дәрежеде әртүрлі стресс-факторлардың әсері мен қосалқы микробтарға байланысты. Ауру өте жіті, жіті, жітіден төмен және созылмалы түрде өтеді.

Өте жіті парагрипп 6 айға дейінгі бұзауларда кездеседі де, белгілері байқалған күні-ақ өліммен аяқталады. Өйткенменде ауру негізінен жіті -өтеді, ал инфекцияның солғын байқалған кезінде, қосалқы микробтар қабаттасып, жітіден төмен немесе созылмалы сипатталады. Негізгі белгілері: ауырған бұзаудың ыстығы 40-41,5° С-ге көтеріліп, бұл деңгейде алғашқы 2-4 күн бойы сақталады. Жануардың кетеуі кетіп, жүні сабалақтанып, ұйпаланады. 2 күннен кейін құрғақ жөтел пайда болып, тынысы сырылдап шығады. Танауынан бастапқыда кілегейлі, соңынан ірің араласқан сора ағады. Көп жағдайда ауру бұзаудың көзінен жас, аузынан сілекей ағады. Ауру сәтті өткенде аталған клиникалық белгілері 1-2 аптаның ішінде басылады.Парагрипп асқынған шақта өкпе мен оның пердесі зақымданады да, созылмалы бронхопневмонияға ұласады. Кейде энтериттің белгілері де байқалады.

Патологиялық-анатомиялық өзгерістер. Негізінен жоғарғы тыныс жолдарында кілегейлі қабықтарының катарлы қабынуы байқалады. Тыныс жолдарында созылмалы қоймалжың сұйық жиналады, кілегей қабықтарының кейбір тұстары ошарланып қанталайды. Жұткыншақ, жақасты, кеудеаралық сөл түйіндері ісініп, ылғалданып, қызарады. Өкпенің алдыңғы немесе ортаңғы, сирек жағдайда соңғы диафрагмалық бөлігі қабынады. Қабынған телімдер тығызданып, түрі күңгірттеніп, тілгенде бронха айналасындағы және бөлік аралық ұлпа қабынып, бронхалардың ішінде кілегейлі, немесе кілегейлі-ірінді экссудат болады. Крупозды қабыну болғанда өкпе ұлпасы тығызданып, кескенде аламыштанып тұрады, ал өкпе пердесінде көп жағдайда фибринді қабыршақ болады.

Балау. Диагноз қою үшін індеттанулық, клиникалық және патологиялық - анатомиялық деректер ескеріледі. Аурудың басты ерекшелігі 1-2 апта ішінде бейім жануарларды түгелдей дерлік қамтиды. Клиникалық және патологиялық-анатомиялық белгілері бойынша тек қана алдын ала болжам жасауға болады. Түбегейлі қорытындыға келу үшін міндетті түрде вирусологиялық жөне серологиялық зерттеулер жүргізу қажет.

Зертханалық тексеру төмендегі бағыттарда іске асырылады:



- ауырған малдан немесе өлекседен алынған патологиялық материалдан төсеніш шыныдағы жағындыда немесе кесіндіде иммунофлуоресценция реакциясы арқылы парагрипп антигенін айқындау;

  • патологиялық материалдан сиыр эмбрионының бүйрек немесе өкпе торшаларының өсінділерінде вирусты бөліп алып, гемадсорбдияны немесе гемагглютинацияны тежеу реакцияларында, иммунофлуоресценция реакциясында аныктау;

  • ауырған немесе аурып жазылған малдардың қанында
    парагрипп антиденелерін гемагглютинацияны немесе гемадсорбцияны тежеу, комплемент байланыстыру және бейтараптау реакцияларында айқындау. Антиденелер табылған кезде 1-2 аптадан кейін тексергенде, титры 4 есе немесе оданда артық жоғарылау керек.Сонымен қатар вирусологиялық зерттеулерге тауық эмбриондарына және сау шаруашылықтан әкелінген бұзауларға жұқтыру қолданылады. Тауық эмбрионнына жұктырғанда бірнеше пассаж жасауға тура келеді. Амниондык сұйыкты серологиялық әдістермен және торша өсіндісіне жұқтырып тексеруді қажет етеді. Бұзауға жұқтыру үшін пайдаланылатын жануардың қанында парагриптің антиденелері болмау керек. Жұктыру және одан кейінгі зерттеулер де көп еңбекті қажет етеді. Сондықтан бұл әдістер ерекше жағдайда ғана сирек қолданылады.

Ажыратып балау. Парагрипті жұкпалы ринотрахеиттен, вирустық диареядан, аденовирустық және респираторлық синцитиялық инфекциялардан ажырату қажет. Бұл аурулардың індеттанулық, клиникалық және патологоанатомиялық белгілері бір біріне ұқсас келеді. Сондықтан зертханалық зерттеулерді олардың барлығына қатар жүргізу керек.

Емі. Ең алдымен малдың күтімін жақсартьш, қораның микроклиматын қалыпты жағдайда ұстау қажет. Жас бұзауларға бұлшық етіне немесе көк тамырына аурып жазылған малдың қан сарысуын жібереді. Реконвалесценттің қан сарысуының дозасы 1 кг дене массасына 2 мл. Бактериялармен асқынуға жол бермеу үшін әр түрлі әсері кең спектрлі антибиотиктер, сульфаниламидтер және химиялық препараттар қолданылады. Ауырған малдың жай-күйіне байланысты симптоматикалық дәрілер /қақырық бөлетін, бронханың спазмасын жоятын, жүрек қызметін жақсартатын/ қолданылады. Дәрілер әр малға жеке-жеке немесе топтық, әдіспен колданылады. Топтық әдіс ретінде жануарларға антибиотиктер, сульфаниламидтер, қан сарысуы аэрозоль күйінде беріледі.

Дауалау және күресу шаралары. Парагриппке қарсы тірі және өлтірілген вакциналар ұсынылған. Бірақ өлтірілген вакциналардың иммуногендік әсері өте төмен. Тірі вакциналардың дауалық әсері айтарлықтай, оның үстіне интерферонның түзілуін қамтамасыз ету арқылы індет шыға салысымен қолданған жағдайда емдік нәтиже де береді. Бұл препараттардың ішінде қолданыс тапқандары: паравирусқа қарсы “Паравак”, парагрипп пен жұқпалы ринотрахеитке қарсы қос валентті препарат “Бивак”. Өлтірілген вакциналар да күн тәртібінен алынған жоқ. Аталған екі ауруға қосымша вирусты диареяға қарсы өлтірілген үш валенггі вакцина едәуір сенімге ие болып отыр. Бұл вакциналарды қолданғанда айрықша ескеретін бір жағдай - бұзаулардың қанындағы уыздан келген колостральдық антиденелер вакцинаға белсенді иммунитеттің қалыптасуына бөгет болады. Сондықтан бұзауларды интраназальдік әдіспен егу ұсынылып отыр. Сонын өзінде бұзауларды қайталап, екі мәрте егу керек. Бірінші рет кешендерге апарудан 2-3 апта бұрын 2-4 апталык кезінде, екінші рет кешенге әкелінген соң 1-2 ай өткен соң.Парагриппті дауалау үшін негізінен ветеринариялық-санитариялық, зоогигиеналық шаралардың маңызы зор. Кешендерге мал әкелгенде олардың сау шаруашылықтардан алынуын және тасымалдағанда стрес-факторлардың әсер етуіне жол бермеу үшін бұл шараларға мейлінше мұқият даярланып, аса бір ұқыптылықпен жүзеге асыру қажет. Малдарды топтастырғанда, орналастырғанда "бос-бос емес", "қораны демалдыру" шараларын мүлтіксіз орындап отыру керек. Аурудың алдын алу үшін витаминді және емдік премикстерді қолдану қажет. Микробтарға қарсы дәрмектер қосылған қоспаларды пайдалану,жалқы фармакопрофилактикалык шараларды жүзеге асыру - вирустық пневмоэнтериттер сияқты әр түрлі этиогиялык факторлардың бір-біріне қабаттасуы арқылы туындайтын инфекциялардың алдын алу үшін әзірше ең тиімді әдіс.

Бақылау сұрақтары

1. Сиырдың парагрипі ауруының тарихи деректері мен қоздырушысын мінездеп беріңіз.

2. Індеттік деректерімен дерттенуін сипаттап беріңіз. 3. Клиникалық белгілері мен патологоанатомиялық өзгерістері қандай болады?

4. Балау және ажырытып балауды айтып беріңіз.

5. Сиырдың парагрипі ауруына ем қолданама, қолданса қалай емдейді?

6. Даулау және күресу жолдарын айтып беріңіз.


5 тақырып ЖЫЛҚЫЛАРДЫҢ ЖҰҚПАЛЫ АНЕМИЯСЫ

Сабақтың мақсаты: Аурудың себебін, шығуын, клиникалық белгілері мен алдын алу шаралары және күресу жолдарын оқып игеру.

Жылқының жұқпалы анемиясы /орыс. инфекционная анемия лошадей, лат. Anemia infectiost equorum, ағыл. eguina infectious anemia / - қан түзу мүшелерінің закымдануы салдарынан қаназдыққа ұшырап, дененің қызуы тұрақты немесе аумалы-төклелі көтеріліп, дене қызынған кезде кілегейлі қабықтардың қанталап, жүрек-кан тамыр жүйесіннің қызметінің бұзылуымен ерекшеленетін жұқпалы ауру.

Тарихи деректер. Жұқпалы анемияны алғаш рет 1841 ж. Францияда Линье сипаттады. Оның қоздырушысының вирус екенін Карре мен Валле /1904/ дәлелдеді. Ауру 19-ғасырдың соңы мен 20-ғасырдың басында көптеген Европа, Азия, Америка елдерінде бар екендігі анықталды, ал 1 дүниежүзілік соғыс кезінде Франция, Германия, Ресей сияқты мемлекеттерде жаппай етек алды. Ол кездегі армиядағы жылқының маңыздылғына сәйкес бұрынғы Кеңестер Одағының қызыл әскерін аурудан сау жылқымен қамтамасыз ету үшін жан-жакты ғылыми зерттеулер жүргізіліп, оны Я.Е.Коляков басқарып, ғылымның бұл саласына зор үлес қосты. Соңғы жылдары жұқпалы анемия Батые Европа, Оңтүстік Америка елдерінде, АҚШ, Канада, Жапонияда тіркелді.

Қоздырушысы - Equine infectious anemia retrovirus аталатын Retroviridae тұқымдастығының Lentivirinae тұқымдас тармағына жататын РНҚ геномды вирус. Оның басты ерекшеліктері кері транскриптаза белсеңділігі және организмге енген соң бастапқы 4-6 сағат ішінде ДНҚ түзілуін тежеуші себепкерлерге сезімталдығы /бұл кезде провирустын екі орамды ДНҚ-сы түзіледі/.

Індеттік ерекшеліктері. Табиғи жағдайда жұқпалы анемиямен жылқы жасына, тұқымына қарамай ауырады. Ауруға шалдыккан кұлындар көбінесе өліп калады. Сонымен қатар пони, есек пен қашыр шалдығады. Есек пен қашыр жылқы мен пониға қарағанда төзімдірек келеді де, әдетте жітіден төмен немece созылмалы түрде ауырады.Ауру малдан cay малға вирус әдетте қан сорушы жәңдіктер арқылы беріледі. Вирустың берілуі бірқатар себептеріне байланысты. Ауру жіті өткен жағдайда жануардың қанында вирустың титрі өте жоғары болады. Мұндай малдың қанын 0,1 мл мөлшерде тері астына немесе көк тамырға жіберсе жылқы әсіресе құлын, жұқпалы анемияға шалдығады. Ремиссия кезінде қаңда вирустың титрі өте төмен болады немесе мүлде болмайды.

Ауру қоздырушысының негізгі тасымалдаушысы сона болып есептеледі. Бұл жәңдік вирустың механикалық тасымалдаушысына жатады. Маса мен шіркейдің анемия вирусын тасымалдаудағы маңызы оншама емес.Жұкпалы анемияның жіті өткен кезеңінде вирус сыртқы ортаға жануарлардың әртүрлі экскременттерімен бөлінеді. Соңдықтан ауру және сау жылқыларды бірге ұстағанда вирус қажалған немесе сызаттанған тері арқылы жұғуы мүмкін. Әйтседе аурудың жанасу арқылы берілу қаупі оншама емес.Жұқпалы анемия негізінен жаздың күні қан сорғыш жәндіктер шыққан мезгілде байқалады. Ал аурудың қысты күні байқалуы созылмалы өткен дерттің асқынуынан, немесе қан құю, вакцина егу сияқты әрекеттердің нәтижесіңде болады. Жылқылардың арасында симптомсыз анемия вирусын алып жүру кең тараған. Оңдай жануарлардың қанынан биопрепараттар /гипериммуңцы қан сарысуы., буаз биенің қан сарысуы/ даярлап, пайдалану індетгі таратуға себеп болады.

Өтуі мен симптомдары. Аурудың жасырын кезеңі орта есеппен 10 -30 күн, кейде 5 күннен аспауы немесе 3 айға дейін созылуы мүмкін. Жұқпалы анемияның негізгі белгілері: дененің қабынуы, гастроэнтерит, жүректің әлсіреуі және тыныстың бұзылуы. Белгілердің біліну ерекшеліктеріне және қарқынына қарай аурудың аса жіті, жіті, жітіден төмен, созылмалы және жасырын түрлері болады.

Аса жіті өтуі сирек байқалады. Аурудың бұл түріне диагноз қою қиынға соғады да, уланудан, жіті өтетін вирустық немесе бактериялық аурулардан ажырату мүмкін бола бермейді. Жұқпалы анемияның аса жіті өтуі іңдет алғаш байқалғанда кездеседі. Оның жасырын кезеңі қысқа, дененің қызуы үнемі жоғары деңгейде болып, жүректің қызметі нашарлап, тыныс жиілеп, геморрагиялык энтерит байкалады. Ауру бірнеше сағаттан екі тәулікке дейін созылып, өліммен аяқталады.

Жіті өткенде дененің қызуы көтеріліп 40-41° С-қа жетеді. Жануар күйзеліп, кейде аздап қозынады. Коньюнктиваны, танау мен ауыздың кілегейлі қабығын қан кернейді. Жүректің соғысы жиілеп, ауру өршіген кезде тамыр соғысы минутына 100-ге жетеді. Жүрек қызметінің бұзылуынан үйек тұсыңда, ұмасы мен сирақтарында сұйықтық іркіліп, домбығу байқалады. Ауырған жылқы басын төмен салып, күйзелісті жағдайда болады.

Аса ауыр жағдайда бүйрек зақымданып, несеп шамадан тыс бөлініп, түсі қоңыр-қошқылданып 5-10 %-ке дейін белок болады.Дененің қызуы үнемі жоғары больш, тек кейбір күңдері ғана төмендейді. Жіті өткен анемия 3-15 күнге, кейде бір айға дейін созылады.



Жітіден төмвн өтуінің белгілері аурудың жіті өткен түрінің жалғасы сипатты. Инфекция жіті өткенде бірнеше рет ұстамасы білінген соң, клиникалық белгілері өшкінденіп субклиникалық түрге ауысады. Дененің ыстығы қайтып, жүрек қызметі қалпына келіп, жануардың қоны көтеріле бастайды. Бұл кезең бірнеше күннен бірер аптаға дейін созылады да, одан кейін аурудың ұстамасы қайталайды.

Ремиссия кезінде жылқы сау болып көрінеді. Бірақ мұқият тексергенде жүрек қызметінің кемістігі, күш түскенде тез шаршайтыңдығы байқалады да, жануар тершең және сүріншек келеді. Ондай жылқыны емдеу немесе күту аурудың қайталауыиа әкеп соғады. 2-3 ай ішінде ауру 1-2-ден 10 ретке дейін қайталануы мүмкін.



Созылмалы өтуі көбінесе жұқпалы анемия ұзақ уақыт байқалған шаруашылықтарда кездеседі, кейде аурудың жаңадан шыққан жерінде де ұшырасады. Анемия созылмалы өткенде оқтын-оқтын дененің. ыстығы көтеріліп, арасында ремиссия ұзаққа созылады. Аурудың қайталануы мен оның арасындағы ремиссия бірнеше сағаттан 5-6 күнге, кейде 2-3 аптаға созылады. Дененің қызынуы таңертең немесе кешке ғана байқалуы мүмкін. Қызбаның ұстамасы кезінде жүректің қозынуы күшейіп, жылқы жүдеп, қан аздық байқалады, кейде тышқаншық тиіп, ішек-қарынның қызметі бұзылады.

Жануар әбден жүдеп барып, немесе аурудың ұстамасы байқалған кезде өледі.



Жасырын өтуі көп жылдар бойы жылқының симптомсыз вирус алып жүруінің нәтижесі. Аурудың ара-тұра рецидиві клиникалық белгілерінің көмескі білінуі салдарынан байқаусыз қалуы мүмкін.

Патологиялық-анатомиялык өзгерістер. Жұкпалы анемиядан өлген жылқыньң өлексесін сойғанда өлі тіюге тән өзгерістер байқалады. Ең алдымен кілегейлі және сірі қабықтарда, үлпершек мүшелерде, көптеген ноқатты, дақты, жолақты қанталаулар көзге түседі. Көздің, ауыздың, танаудың кілегейлі қабықтары, тері асты шелі бозғылт түсті, кейде сарғыш тартады. Сөл түйіндері, әсіресе көкбауыр мен бауырдың, ұлғайып, түсі қара-қошқылданып, болбырап, кескен жері бұдырмақтанып тұрады. Ауру созылмалы өткенде көк бауыр аздап ұлғайып, іріміктеніп, тілгенде ақшыл-сұрғылт бүртіктер көрінеді.

Бауыр анемия жіті өткеңде ұлғайып, шеті кернеліп тұрады. Ауру созылмалы өткенде көлемі қалылты, кейде аздап атрофияға шалдығып, бөліктері айқын көрінеді. Егер жылқы ауру асқынған кезде өлсе, бауыр өте ұлғайып, тілгенде мускат түсті болады /бөліктерінің шет жағы сұрғылт сары, ал ортасы қызыл қоныр/.

Жүрек әдетте оң қарыншаның кеңуінен ұлғаяды, қаны сұйылады

Балау. Жұқпалы анемияға диагноз індеттанулық, клиникалық, гемотологиялық, патоморфологиялық тексерулердің нәтижесінде қойылады. Соңғы жылдары серологиялық тәсіддер кеңінен қолданыла бастады.

Індеттік ахуалды анықтау үшін аймақта, нақтылы шаруашылықта бұрын жұқпалы анемияның болғандығы, ауру коздырушысының бастауының және берілу тетігінің болу мүмкіндіктері, маусымдылық және климаттық жағдайлар, қан сорғыш жәндіктердің кұрамы қарастырылады. Байқалған аурудың клиникалық ерекшеліктері, ауруға шалдығу және өлім көрсеткіштері ескеріледі, өткен жылдары жылқылардың ауру және өлу себептері аныкталады. Жұқпалы анемиямен жылкы жазда және күзде ғана жаппай ауырады, ал бірен-сараң жылдың кез келген маусымыңда байқалады. Ауру малдың жасына карамайды.



Гематологиялык тексеру кезінде гемоглобин анықталады, эритроциттер мен лейкоциттер саналады, эритроциттердің шөгу жылдамдығы өлшенеді. Сау жылқының эритроциттер саны 5-9 млн. болса, анемия кезінде 4 млн. төмен болады, гемоглобин саны Сали бірлігінен 30-18-ге төмендейді. Лейкоциттер саны өзгермейді, ал лимфоциттер 25-35 % орнына 60-75 % болады /6-7 айлық сау құлындарда да кейде 60 %-ке жетуі мүмкін/. Эритроциттердің шөгу жылдамдағы алғашқы 15 мин. 20 бөлікке, ал 1 сағат өткенде 80 бөлікке жетуі жұқпалы анемияға тән құбылыс деп есептеледі. Жұкпалы анемияға лабораториялық тексеру комплемент айланыстыру реакциясы /КБР/, иммунофлуоресценция реакциясы /ИФР/, диффузиялы преципитация реакциясы ДПР/, гемаглютинацияны тежеу реакциясы /ГАТР/ аркылы қоздырушы вирусқа қарсы антиденелерді анықтауға негізделген. Бұл әдістердің ішіндегі ең сенімдісі ДПР. Оның көмегімен антиденелер ауру жұққан соң 15-20 күн ішінде айқындалады. Экспортқа шығатын, халықаралық жарыстарға қатысатын жылқылар осы тәсілмен тексеріледі.Ерекше жағдайда жұқпалы анемияға биосынама қойылады. Ол үшін ауруға күдікті малдың қаның сау жылқыға, әдетте құлынға жіберіп, 90 күн бойы бакылайды. Егер ауруға тән клиникалық белгілер байқалса, немесе ДПР оң нәтиже берсе диагноз расталды деп есептелінеді.

Ажыратып балау. Жұқпалы анемияны қан паразит ауруларынан - нутталиоз бен пироплазмоздан ажырату қажет. Бұл аурулар қабаттасып өтуі де мүмкін. Ажыратып балау қан жағындысын микроскоппен тексеріп қан паразиттерін көруге негізделеді. Лептоспироз кезінде де диагнозды анықтау қажеттігі туады. Бұл ауру кезіндегі кілегейлі қабықтардьщ сарғаюы күшті, несепте қан болады. Өлген малдың ішкі мүшелерінде лептоспиралар табылады, ал ауру малдың қанында өзіне тән антиденелер болады. Вирустык аурулар /тұмау, жұғымтал ринопневмонония, вирустық артерит / жұқпалы анемияға қарағанда жұғымтал болады, жасырын кезеңі қысқа және әрқайсысына тән симптом комплекстері бар.

Емі. Емдік шараларды қолданбайды. Ауру малдарды сойысқа жібереді,

Дауалау және күресу шаралары. Жұқпалы анемияға қарсы сенімді вакцина жоқ. Вирустың антигеңдік варианттары өзгеріп отырады. Бір вариантына қарсы иммунитет баска вариантынан қорғамайды. Ауруға қарсы шаралар ветеринариялық бақылауға негізделген. Вирус алып жүретін жылкылар ДПР әдісімен анықталады. Шетке шығаратын жануарлар соңғы 30 күн ішінде осы реакциямен тексеріліп, нәтижесі сертификатта көрсетілуі керек.Реакция беретін жануар шыққан табынға шектеу койылып, оған шеттен жылқы әкелуге немесе әкетуге тиым салынады. 30-40 күн сайын серологиялық тексеру жүргізіп, реакция берген малды сояды. 2 рет қатарынан теріс нәтиже алынған соң 3 ай табынды бақылауда қалдырып, тағы да ДПР бойынша тексеріледі, нәтижесі теріс болса, тиісті ветеринариялық-сантариялық шараларды жүргізген соң шектеуді алады.

Бақылау сұрақтары:

1. Жылқылардың жұқпалы анемиясы ауруының тарихи деректері мен қоздырушысын айтып беріңіз. 2. Клиникалық белгілері мен патолого – анатомиялық өзгерістері қандай?

3. Балау мен ажыратып балауды түсіндіріңіз.

4. Алдын алу және күресу шараларына және еміне не қолданады ?


6 тақырып ЖЫЛҚЫЛАРДЫҢ ВИРУСТЫҚ АРТЕРИТІ

Сабақтың мақсаты: Аурудың себебін, шығуын, клиникалық белгілері мен алдын алу шаралары және күресу жолдарын оқып игеру.

Жылқылардың вирустық артериті /орыс. вирусный артерит лошадей, лат. Arteritis viralis equorum/ – дене қызуының көтерілуімен, коньюктивитпен, қабақтың ісінуімен, жарықта көзін аша алмаумен, кілегейлі қабықтардың қанталауымен, қарын мен сирақтың домбығуымен, жылқыларды іш тастаумен мінезделетін жіті өтетін аз зерттелген жұқпалы ауру.

Тарихи деректер. 1957 жылы Долл және қызметтестері Огайо штатының (АҚШ) бір шаруашылығында жылқыларда аурудың жіті өтіп жатқанын мінездеді. Олардың мәліметі бойынша 30 % жылқылар өліп, 50 % биелердің іш тастауы байқалды. Бұл ауруды олар жылқылардың вирустық артериті деп атады.

Қоздырушысы. Жылқылардың вирустық артеритінің вирусы Togaviridae тұқымына, Alfa, Flavi, Pestivirus туыстастығына жатады.

Індеттік деректер. вирустық артеритке тақтұяқты жануарлар бейімді. Табиғи жағдайда аэрогенді және жанасу арқылы жұғады. Алиментарлық жолменде жұғуы мүмкін. Індет қоздырушының бастауы – ауру жануарлар. Ауру жылқылар вирустың табиғи резервуары болып табылады. Зертханалық жануарлар ағзасына, тауық эмбрионына және гетерологиялық торша өсінділеріне егу мүмкіндігі сәтсіз аяқталды.

Вирусты біріншілік бөліп алу үшін жылқылардың мүшелерінен алынған торша өсінділері ғана жарамды. Басқа торша өсінділеріне өсіру кезінде вирус иммуногендігін сақтап, уыттылығы төмендеген. Сезімтал торша өсінділерінде цитпотикалық өзгерістерді шақырып вирус көбейеді. Вирус тасымалдаушының уақыты белгісіз. Өлген төлдің организміне қарап зерттегенде оның өкпесінде және көкбауырында көп вирус табылған.



Дерттенуі зерттелмеген. Вирус тамырлардың эндотелийіне енген соң, қабыну процесстерін, тарылу мен тромбоздың түзілуін шақырады. Вирустық артеритке организмнің барлық ұсақ артерийлерінің диссеминациялық бұзылулары, әсіресе тоқ ішек пен соқыр ішектің, өкпенің, бүйрекүсті капсулалардың, көкбауырдың және лимфа түйіндерінің бұзылулары мінезді. Дегенеративті өзгерістер ішкі мүшелердің, сирақтың және қарынның домбығуына әкеледі, сонымен қатар биелерді іш тастауға соқтырады.

Клиникалық белгілері. Жасырын кезеңі 1 – 5 күн. Табиғи жағдайда ауру жіті өтеді және жасына, жынысына қарамай барлық жануарларды зақымдайды. Жас төлдер өте сезімтал. Клиникалық белгілері дене қызуының көтерілуімен, тәбеті бұзылып, танау қуысы мен коньюктивиттің кілегейлі қабықтардың қанталауымен, жастың ағуымен, танаудан серозды бөлінулермен, қабақтың ісінуімен, қарын мен сирақтың домбығуымен, бұлшықеттердің әлсіреуімен, биенің іш тастауымен және өліммен мінезделеді. (Долл және басқалар., 1957) 10 – 35 күннен кейін жұқтырылған биелер іш тастайды.

Патологиялық-анатомиялық өзгерістер. Өлген жануарларды сойып қарағанда организмнің барлық ұсақ тамырларының қабынғаны, ауыз қуысының кілегейлі қабықтарда қанталаулар, өкпенің домбығуы, катаральды және катаральды – геморрагиялық қабынулар және тоқ ішектің қабынуы, көкбауырдың қанталауы және жансыздануы, бүйрек пен бауырда дегенеративті өзгерістер көрінеді. Гистологиялық зерттегенде артерияларда қанталаулар мен қабынуылар, өліеттенулер көрінеді. Ішектің кілегейлі қабықтардың астында тамырлардың тромбоздануы және жансыздануы көрінеді.

Коньюктивитте, танаудың, ауыздың, көздің, асқазанның, ішектің және іш тасталған төлдерде қанталаулар көрінеді. Плеврада және іш қуыстарында - ұсақ қанталаулар; аралық перде ұлпасы ісінген, ішкі плевралдық қуыстарында 50-ден 300 мл-ге дейін серозды мөлдір сұйықтық болады.



Балау. Бұрында ауруды балау клиникалық белгілеріне және патологиялық-анатомиялық өзгерістеріне қарап негізделген. Бірақ ол тұмау (инфлюенца) және жылқылардың ринопневмониясына ұқсас келеді, сондықтан ол қате болып табылады.

Қазіргі кезде ауруды зертханалық зерттеумен балайды. Торша өсіндісінде қоздырғышты өсіреді. Нейтрализация, компемент байланыстыру реакциясын және гистологиялық зерттеуді өткізіп, антиденелерді табу үшін ауырып жазылған жануарлардың қан сарысуын зерттейді. Ауырған және өлген жануарлардың мүшелеріне суспензия дайындап, жылқыларға жұқтырып, биосынама қояды. Індеттік деректертерге, клиникалық белгілеріне және патологиялық-анатомиялық өзгерістеріне қарап уақытша балау қояды. Вирусты оқшаулау үшін көкбауырдың, өкпенің, лимфа түйіндерінің, бүйректің, сонымен қатар танаудан аққан сораның және коньюктивит қапшығынан дайындалған суспензия пайдаланылады. Вирусты жылқының бүйрек торша өсіндісінен бөліп алады. Жылқылар мен понидан оң сарысуды алады да вакцина егеді, содан кейін уытты вируспен зақымдайды.Комплемент байланыстырушы реакциясы үшін антигендерді өкпенің экстрактынан және іш тасталған төлдердің бауырынан дайындауғы болады.



Ажыратып балау. Вирустық артеритті жылқылардың ринопневмониясынан (биелердің іш тастауы) және жылқылардың африкалық обасынан ажырату керек. Клиникалық және патологиялық-анатомиялық өзгерістерінің белгілеріне қарап бұл өте қиын және олардың кейбіреулері ұқсас келеді.

Вирустық артериттің вирусы вирустық ринопневмониясының вирусына қарағанда уыттылығы жоғары. Ішкі мүшелердің көптеген закымдарын және жануардың өлімін шақырады. Ринопневмония респираторлық індет сияқты жеңіл өтеді. Аурудың белгісі көптеген іш тастаулар байқалады. Өкпе ұлпаларының клеткаларында және төлдің бауырында ядро ішіндегі Каудри А типінің қосылымдарын табады.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет