Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте журналистер министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияровтан ресейлік журналист Тина Канделакидің мәлімдемесіне Қазақстанның қалай қарайтынын сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: film.ru

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Канделакидің мәлімдемесі қоғамда қызу талқыланғанын атап өтті.

"Осындай мәлімдеме жасағандардың бәріне жауап қайтара берсек, өзімізді ұмытып кетеміз. Ішкі мәселеміз жетіп артылады, соған тоқталайық. Олардың әрқайсысына мән берсек, бізге уақыт жетпейді. Ең өкініштісі, бұл – көрші ел. Біздің достарымыз Қазақстан туралы жақсы білмейді. Өйткені олардың біз туралы ақпараттары дұрыс емес. Әлеуметтік желіде жанжалға түскенше, жұмысты жалғастырайық", – деді Айбек Смадияров.

  • Тина Канделаки қазақтарды "мәңгүрт" деп атап, Қаңтар оқиғасы кезінде Ресейдің көмекке келгенін еске салды
  • "Қысым жасалмауы керек": Депутаттар Тина Канделакидің Қазақстанға қатысты мәлімдемесіне жауап берді

Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Канделакиға Қазақстанға кіруге рұқсат етілмейтінін айтты. 

"Біреуді ұнатпасаң үйіңе кіргізбейсің. Біз де солай істейміз. Қажет болса шара қолданылады. Бүгін-ертең жасамады деп ренжімеңіздер. Мемлекет мұны ешқашан кешірмейді. Ол Қазақстанға келмейді, келсе де кірмейді", – деді Смадияров.

Айта кетейік, бұған дейін ресейлік журналист Тина Канделаки Telegram-арнасына жазба жариялап, “Қазақстан орыс тілін мемлекеттік деңгейде ығыстырып жатыр" деп айыптаған еді. Оның бұл айыптауына журналист Динара Сәтжан жауап берді. 


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.