Шұбарқұдық елді мекеніндегі тұрғындары көпқабатты екі үйдің төбесі тесіліп қалғанын айтып шағымданды. Бесінші қабаттан аққан жауын мен қардың суы үшінші қабатқа дейін жеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Салдарынан пәтердің іші дымқыл тартып, қабырғалар мен төбе көгеріп, зең басып кеткен. Тұрғындар бұл мәселені қанша  көтеріп, шағым түсірсе де, әкімдіктегілер еш көмек көрсете алмайтынын айтқан.

Тұрғындардың бірі: “Мынау 43-ші пәтер. Су сорғалап ағып тұр. Мұнда әйел жалғыз тұрады. Бір күні мына төбе опырылып түседі”, – дейді үйдің қаншалықты мүшкіл жағдайда екенін көрсетіп.

Пәтер иесі өзінің осындай жағдайда тұрып жатқанынан ұялып, бет-әлпетін көрсетуден бас тартқан. Пәтер ішінде шелек пен шылапшыннан аяқ алып жүру мүмкін емес. Күні кеше ауа райы күрт жылынып, бес қабатты үйді су басқан. 

“Электр сымдары тұйықталады. Тұрғындар кейде бірнеше күн жарықсыз қалады. Электрші қонақ бөлмедегі жарықты мүлдем сөндіріп тастады. Бұл туралы өзім өтініш жасадым”, – дейді тұрғындардың бірі. 

Көрші пәтердегі зейнеткердің үйі мүлдем адам шошырлық жағдайда. Үйдің сылағы түсіп, түсқағаздары жыртылып кеткен. Қабырғаларды түгелдей заң басқан. Төбеден тоқтаусыз су сорғалап тұр. Айтуынша, жуынатын бөлменің төбесінен де су тоқтамайды. Жөндеу жұмыстары да көмектеспейтінін айтады. 

97 жастағы зейнеткер Мария Петровна мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Бар өмірін білім саласына арнаған. Ол үшін пәтерде кітаптардан қымбат ештеңе жоқ. Зейнеткер кітаптары су астында қалады ма деп қорқады. 

Қос үй де 40 жыл бұрын салынған. Әкімдіктің айтуынша, екі үйдің шатырын жөндеуге 80 миллион теңге қаражат қажет. Олар тұрғындарға модернизация бағдарламасы бойынша несие алуды ұсынды

“Сараптама жүргізіліп, шатырдың тозығы 61 пайызға жеткені анықталды. Осының негізінде аудан бюджетінен қаржы бөлініп, жоба-смета жасалған. Күрделі жөндеу жүргізу үшін қайтарымды, республикалық бюджеттен қайтарымды қаржысы негізінде 0,1 пайыз несиелеумен жүргізіледі”, – дейді Темір ауданы әкімінің міндетін атқарушы Жандәурен Қойшыбаев. 

Әкімдіктегілер демеушілерге сенудің қажеті жоқ дейді. Мүмкіндік болса жөндеу жұмыстары жасау үшін несие алуға кеңес береді.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.