Джо Байден ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың жесірі Юлия Навальнаямен және қызы Дарьямен кездесті. АҚШ президенті оларға шын жүректен көңіл айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Голос Америки басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: instagram.com/joebiden/yulia_navalnaya

Ақ үйдің мәліметінше, Калифорниядағы кездесу барысында Байден Навальныйдың "заң үстемдігі барлығына бірдей қолданылатын еркін және демократиялық Ресей үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес жолындағы ерекше батылдығына” таңданысын білдірді. 

Сондай-ақ Байден 23 ақпанда АҚШ Навальныйдың өліміне, ресейлік репрессия мен агрессияға қарсы және Путиннің Украинаға қарсы соғысына жауап ретінде Ресейге қарсы ауқымды жаңа санкциялар жариялайтынын растады.

Президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливанның мәлімдеуінше, санкциялар Ресей Федерациясының қорғаныс және өнеркәсіптік базасына, сондай-ақ Ресей экономикасындағы кіріс көздеріне бағытталады.

Рио-де-Жанейрода өткен “Үлкен жиырмалық” (G20) елдерінің сыртқы істер министрлерінің екі күндік отырысына қатысқан Мемлекеттік хатшы Антони Блинкен де ресейлік оппозиционер туралы айтты.

“Навальный өз өмірінде ғана емес, өз ісінде де нағыз қаһарман адам. Бірақ Владимир Путиннің бір адамды қудалап, аңдып, түрмеге тоғытуы Путиннің кезіндегі Ресейдің мықтылығын емес, керісінше, әлсіздігін көрсетеді”, – деді Антони Блинкен. 

Айта кетейік, бұған дейін Навальныйдің жақтастары жақындарының марқұмның денесін ала алмай жатқанын айтқан еді.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.