Ақтауда бюджеттен миллиардтаған қаражат бөлініп, бағдарлама арқылы берілген тұрғын үйдің сапасы сын көтермейді. Тұрғындар республикалық бюджет және "Өзенмұнайгаз" АҚ қаражаты есебінен салынған пәтерлерінің қабырғасы көгеріп, төбелері түсіп жатқанына шағымданып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Время” басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото “Время” басылымынан

Жаңаөзендіктерді облыс орталығына көшіру жөніндегі бағдарлама 2019 жылы қабылданған. 2012 жылы Жаңаөзеннің бас жоспарын әзірлеген кезде билік 2025 жылға қарай халық саны 150 мың адамға жетеді деп күткен. Алайда бұл көрсеткіш бес жылдан кейін туудың жоғары болуына байланысты өсе түскен. 

Мұнда билік қоныс аударушыға тұрғын үй, жұмыс, балабақша мен мектептерден орын беріп, барлық қажет әлеуметтік игілікпен қамтамасыз етті. Қоныс аудару аясында пәтер сатып алуға 4,5 мың жаңаөзендік кезекте тұрғанын ескерсек, жалпы 9,5 миллиард теңге бөлу жоспарланған.

Бұл бағдарламамен алғаш рет тұрғындар 2020 жылы Ақтаудың 30-шағын ауданындағы үйлердің біріне көшіп келген. Алайда қоныстанушылар жағдайдың бұлай болатынын болжамаса керек. 

“Біз жазда көшкендіктен, алғашында кемшіліктерді байқамадық. Алайда қыс келе салысымен үйдің жылымайтыны анықталды. Бәрімізге электр жылытқыштарды сатып алуға тура келді. Температураның күрт өзгеруіне байланысты пәтерлер мен кіреберістердің қабырғалары көгере бастады. Терезелерден су ағып линолеум асты көгеріп сең басты. Ылғалдан төбедегі сылақтар түсіп, кіреберістегі плита тақталардың барлығы құлады”, – деп шағымданады тұрғындар.

Бұл пәтерлер тұрғындарға бағдарлама шарты бойынша жалға берілген. Ай сайын адамдар пәтердің көлеміне байланысты 6-дан 9 мың теңгеге дейін төлейді. Одан бөлек іс жүзінде орнатылмаған жылуға арналған коммуналдық төлемдер де ай сайын келіп тұрады. Жылыту жүйесін орнату биыл ғана қолға алынған. Алайда құлаған қабырғалар мен көгерген еденді айтпағанда желдету желісі де жұмыс істемейтін көрінеді.

Фото “Время” басылымынан

Осынша шағымнан соң тұрғын үй инспекциясындағылар компания жалдап, техникалық тексеру жүргізу туралы шешім қабылдаған.

“Үйдің жағдайын анықтау үшін техникалық тексеріске конкурс жариялаймыз. Конкурстың нәтижесі дайын болған кезде тұрғындарға таныстырамыз. Егер күрделі жөндеу қажет болса, онда біз тұрғындарға оны "қайтарымды қаражат"  жаңғырту бағдарламасы бойынша пайдалануды ұсынамыз”, – деп түсіндірді Ақтау тұрғын үй инспекциясы.

Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Бақтияр Мақсатовтың айтуынша, үйдің сапасына тек құрылысты салушылар жауап береді. Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі кезекте тұрғандарға пәтер бөлумен және кілттерді табыстаумен айналысады екен. 

  • "Бірінші саман кірпіш пен тастан салынған нысандар қирайды": Алматыдағы үйлердің қайсысы жер сілкінісіне төзімді

  • "Қабырғаға сызат түсіп, төбесі көгерген": Петропавлдағы жетімдер мен ерекше жандарға берілген баспаналардың сапасы сын көтермейді

Ақтау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бұрынғы басшысы Асима Жарылғасова да осы тұста кейінгі жылдары мемлекеттік бағдарламалар аясында салынған үйлердің тұрғындарынан зең мен көгеруге қатысты шағым көп екенін растады. 

“Бұл құрылыс кезінде мердігерлер бетон маркасына, жылу оқшаулау мен желдету желісіне қаражатты үнемдегенін көрсетеді. Бұрын біз пайдалануға берілгенге дейін құрылыстың әр кезеңінде барлық материалды тексеретінбіз. Кейін бұл талаптарды алып тастады. Енді нәтижесі міне”, – деді Асима Жарылғасова.

Жағдайды түзету үшін құрылыс саласының сарапшылары үкіметке заңнамаға түзетулер енгізуді ұсынады. Мұнда мемлекеттік бағдарламалар бойынша үйлерді қабылдау кезінде комиссияларға мемлекеттік құрылымдар кіруге тиіс.

Алайда шенеуніктер кеткен қате мен жөндеу жасау неге тұрғындардың мойнында екенін айта алмады.


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.