Сәтбаев қаласының бұрынғы әкімі 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: gov.kz

Сәтбаев қалалық сотында бұрынғы қала әкімімен пен жеке кәсіпкерге қатысты қылмыстық істі қарау аяқталды. 

"Тергеу органы күдікті Ә.-ні қомақты мөлшерде пара алды, ал сотталушы М (кәсіпкер) — қомақты мөлшерде пара берді деп айыптады. 2024 жылдың ақпан айында сотталушы Ә. қала әкімі бола тұра, Сәтбаев қаласының жолдарын күтіп ұстау жұмыстарын жүргізіп жатқан жеке кәсіпкер М-дан мемлекеттік сатып алу туралы шарттың сомасын ұлғайтуға және оның мерзімін ұзартуға көмектескені үшін 10 млн.теңге пара алған. Сотталушылардың кінәсі мойындауларымен және ұсынылған дәлелдемелердің жиынтығымен дәлелденді", – делінген сот хабарламасында.

Прокурор соттан сотталушыларды кінәлі деп танып, мемлекеттік қызметте лауазымды қызметтерді атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. 

"Сот жазаны тағайындау кезінде сотталушылардың кінәсін мойындауын, шын өкінуін және жас балалардың болуын қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Бұрынғы әкімнің берген антын бұзуы оның жауапкершілігі мен жазасын ауырлататын мән-жай деп танылды.

Сот үкімімен күдікті Ә. кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушы М. кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның 20 еселенген сомасында, яғни 200 миллион теңге айыппұл салынды", – делінген сот хабарламасында.

Еске салсақ, бұған дейін Сәтбаев қаласының әкімі пара алды деген күдікпен ұсталғаны туралы жазған едік. 


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.