Зәкәт әл-фитр (Пітір садақасы)



жүктеу 164.96 Kb.
Дата01.05.2019
өлшемі164.96 Kb.

Аса Қамқор, ерекше Мейіріміді Аллаһтың атымен!
Зәкәт әл-фитр

(Пітір садақасы)
Зәкәт әл-фитрды беру парыз болып табылатыны туралы
Ибн Умар былай деп айтқан: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) зәкәт әл-фитрды бір са азық-түлік ретінде таратуды бұйырды. Ол мұны мұсылмандардың қатарынан болған құл мен еркін адамға, еркек пен әйелге, кіші мен қартқа бұйырып, оны айт намазына шығарда беруді әмір етті». (әл-Бухари; 1503)

Имам әл-Хаттаби былай деді: «Бұл хадис зәкәт әл-фитрдың міндетті екенін көрсетіп тұр, әрі оның парыз екені ғалымдардың бірауызды пікірі болып табылады». (“Ма’алиму-Ссунан” 3/214)

Имам ән-Науауи: «Зәкәт әл-фитр әрбір мұсылманға парыз екенінде ғалымдардың барлығы бірауыздан келіскен», - деп айтқан. («әл-Маджму’» 6/106)

Зәкәт әл-фитрдың міндетті екеніне ғалымдардың барлығы бірауыздан келіскеніне, сондай-ақ, имам Ибн әл-Мунзир де нұсқаған. («әл-Иджма’» 34)


Зәкәт әл-фитр кім үшін міндетті болып табылады?
Зәкәт әл-фитр мүмкіншілігі бар әрбір мұсылманға міндетті болып табылады. Алайда ғалымдардың арасында мұсылман өзінің асырауындағы адамдар үшін де фитрды беруге міндетті ме, әлде әрқайсысы өзі үшін өзі беруі керек пе деген мәселеде келіспеушіліктер болған. Имам ән-Науауи былай деп айтқан: «Адам зәкәтті өзі үшін әрі мал-мүлкінен жұмсауға (асырауға) міндетті болған кісілері үшін, нақтылап айтқанда: әйелі, балалары және ата-аналары үшін беру парыз болып табылады». («әл-Маджму’» 6/128)

Адам өзі үшін, әрі асырауға міндетті болған кісілері үшін фитрды беру парыз деген пікірдің жақтастары Ибн `Умардан жеткен келесі хадиске сүйенеді: «Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: “Асырауға тиісті кісілерің үшін фитр беріңдер». (әд-Дарақутни 2/141, әл-Байһәқи 4/161)

Алайда бұл хадистің сенімділігі жөнінде ғалымдар арасында қарама-қайшылықтар бар. Ибн әл-‘Араби, әз-Заһаби, ән-Науауи және Ибн Хаджар секілді имамдар бұл хадисті әлсіз деген, ал Дарақутни: «Бұл сөздер Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) емес, Ибн `Умарға тиісті екендігі дұрыс болып табылады», - деді. Бірақ кейбір имамдар, олардың ішінде шейх әл-Әлбани, бұл хадиске сүйеніп, оның сенімділігін ұқсас мағынадағы хадистер арқылы күшейткен. (“Ируауль-ғалиль” 835)

Сондай-ақ, бұл пікірді Сауд Арабиясының пәтуалар және ғылыми зерттеулер бойынша тұрақты Комитетінің (әл-Ляжнатуд-даима) ғалымдары таңдаған. (“Фатауа әл-Ляджна” 9/367).

Ал имам Ибн Хазм анасының құрсағында жатқан бала үшін де фитр беру парыз деп есептеген. Алайда бұл пікір қате, әрі имамдардың ешқайсысы осыған ұқсас сөздер айтпаған. Имам Ибн әл-Мунзир былай деген: «Анасының құрсағында жатқан бала үшін фитр беру парыз емес екеніне ғалымдар бірауыздан келіскен». («әл-Иджма’»; 31).

Ал енді, `Усман ибн `Аффан өз отбасы үшін, әрі тіпті құрсақтағы бала үшін де фитр берген деп айтылған, Әбу Шайба келтірген, кең тараған әрі белгілі хабар туралы айтар болсақ, ол да әлсіз болып табылады. (“Ируауль-ғалиль” 3/330).

Бірақ бұл хабар сенімді болған күнде де, ол ары кеткенде құрсақтағы бала үшін фитр беру тек рұқсат екенін нұсқайтын еді, алайда парыз екенін еш нұсқамайды. Әбу Қиляба былай деп айтқан: «Саләфтар тіпті құрсақтағы балалар үшін де фитр беруді жақсы көрген». (Ибн Әбу Шайба 3/173, Абдур-Раззақ 5788. Иснады сахих).

Сондай-ақ, ғалымдар «әрбір мұсылман фитр беру керек пе, әлде тек ораза тұтқан адам ба?» деген мәселеде келіспеген. Көпшілік ғалымдар, ал олардың ішінде төрт мазһаб имамдары да науқас немесе қарт кісілер сияқты, ораза тұтпаған адамдар да фитр беру керек деп есептеген. Ал кейбір ғалымдар тек ораза тұтқан адам ғана фитр беруге міндетті деп санаған. Өйткені Ибн `Аббастың хадисінде былай айтылған: «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) зәкәт әл-фитрды, ауыз бекіткен адам үшін бос әңгімелерден тазару ретінде бұйырған». (Әбу Дауд 1609, Ибн Маджаһ 1827, әд-Дарақутни 2/138. Хадистің сенімділігін имам әл-Хаким, әз-Заһаби, имам ән-Науауи және шейх әл-Әлбани растаған).

Алайда бұл дәлелге жауап беру оңай. Бұған сүйенсек, сонда Рамазан айында бос әңгіме айтпаған адам фитрды бермеу керек пе? Әрине, беру керек. (“Фатхул-Бари” 3/364)

Еш күдіксіз, зәкәт әл-фитр оразада жіберілген қателерден тазартады, алайда күнәлардың бар болуы оны берудің шарты емес. Бұл аздай, Ибн `Умардан жеткен хадисте былай делінген: «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мұны мұсылмандардың құлы мен еркін адамына, еркегі мен әйеліне, кішісі мен қартына бұйырды». (әл-Бухари 1503)

«Кіші» сөзімен кішкентай бала меңзелген, ал бірақ бала ораза тұтуға міндетті емес екені белгілі.

Егер адам фитрды басқа біреудің атынан бергісі келсе, онда ол сол кісіге хабарлап қою керек, әрі бұны тек соның рұқсатымен істеу керек. Себебі зекет – бұл ниеттің болуын қажет ететін құлшылық.

Егер адамда зәкәт әл-фитрды беруге мүмкіншілігі болмаса, онда оған күнә жазылмайды, сол үшін ол қарызға ақша сұрап жүруі қажет емес. Аллаһ Тағала: «Аллаһ адамға шамасынан тыс нәрсені жүктемейді», - деді (әл-Бақара, 286). Ал Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Мен сендерге бұйырғандарымнан шамаларың келгенді істеңдер!» (әл-Бухари 1/234).

Имам Ибн әл-Мунзир былай айтқан: «Мүмкіншілігі жоқ кісі фитрды беруге міндетті емес екеніне ғалымдар бірауызды келіскен». («әл-Маджму’» 6/113).


Зәкәт әл-Фитрдың даналығы
Аллаһ Тағала Мұхаммедтің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) үмметіне, мұқтаждарды айт күндері тіленіп жүруден құтқару үшін және ораза кезінде жіберіп алған қателерден тазарту үшін, зәкәт әл-фитрды міндеттеді. Ибн `Аббас былай деп айтқан: «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ауыз бекіткен кісіні бос сөздерден тазарту үшін және кедейлерге тамақ ретінде зәкәт әл-Фитрды бұйырды. Кім оны айт намазына дейін берсе, қабыл болған зәкәт болады. Ал кім оны намаздан кейін берсе, онда ол тек садақа сияқты ғана болады». (Әбу Дауд 1609, Ибн Маджаһ 1827, әд-Дарақутни 2/138. Хадистің сенімділігін имам әл-Хаким, әз-Заһаби, имам ән-Науауи және шейх әл-Әлбани растаған).

Уаки’ ибн әл-Джаррах былай айтқан: «Рамазан айындағы зәкәт әл-фитр намаздағы саһуа сәжде секілді. Сәһуа сажде намаздың кемшіліктерін толтырғандай, зәкәт әл-фитр де оразаның кемшіліктерін толтырады». («әл-Маджму’» 6/321).

Ал енді: «Рамазан айы аспан мен жердің арасында тұрады. Әрі зәкәт әл-фитрден басқа ештеңе оны Аллаһқа көтермейді» (әд-Дайлями және Ибн Шахин), - деген хадиске келер болсақ, онда ол имам Ибн әл-Жаузи, хафиз әс-Суюти және шейх әл-Әлбани айтқандарындай әлсіз.

Шейх әл-Әлбани былай деген: «Егер де бұл хадис сахих болғанда, ол зәкәт әл-фитрсыз Рамазан оразасы қабыл болмайтынын нұсқайтын еді! Мен «зәкәт әл-фитрсыз ораза қабылданбайды» деген бірде–бір ғалымды білмеймін». (Қараңыз: “әс-Сильсиля әд-да’ифа” 1/118).


Зәкәт әл-фитр кімге беріледі?
Ғалымдардың көпшілігі зәкәт әл-фитр тура зәкәт сияқты, Құранда аталған сегіз санаттағы адамдарға үлестіріледі деп есептейді: «Шын мәнінде, садақалар (зекеттер) Аллаһ тарапынан бір парыз: қолы тар пақырларға, түгі жоқ міскіндерге, оны жинап, үлестірушілерге, көңілдері (Исламға қарай) аударылатындарға, құлды азат етуге, қарыздарларға, Аллаһ жолына және жолаушыларға беріледі. Аллаһ әр нәрсені Білуші, Дана». (Тәубә, 60)

Алайда бұл пікір қате, себебі бұлай салыстыру Ибн `Аббастың жоғарыда келген хадисіне қарама-қайшы келеді: «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) зәкәт әл-фитрды ауыз бекіткен адам үшін бос сөздерден тазару ретінде және кедейлерге тамақ ретінде бұйырған».

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия: «Зәкәт әл-фитрды кедейлерден басқа біреулерге беру рұқсат етілмейді», - деп айтты. (“Мажму`ул-Фатауа”, “Ихтияратуль-фиқһия” 102).

Тура осылай шейх Ибн әл-Қайим, имам әш-Шаукани және басқа да зерттеушілер айтқан. (Қараңыз: “Задуль-ма’ад” және “Сайлюль-джарар” 2/86).

Бір кедейге бірнеше адамның атынан зәкәт әл-фитр беруге болады немесе бір фитрды бірнеше кедейлерге үлестіруге болады. Мұны Малик, Ахмад, сондай-ақ шейхуль-Ислам Ибн-Таймия айтқан. Алайда фитрдың бір бөлігін ғана алған кедейге оның бір са` мөлшерінен кем алғанын ескерту керек, себебі ол зәкәт әл-фитр ретінде алғанын өз атынан басқаға беруі мүмкін. (Қараңыз: «Шархуль-Мумти’» 6/179).

Бір адам фитрды бір са` мөлшерінен артық көлемде бере алады, алайда бір са` мөлшерінен кем беруге рұқсат етілмейді, бұда қарама-қайшылық жоқ. (Қараңыз: “Мәджму’уль-Фатауа” 25/70).

Тұрақты комитет ғалымдарына: «Базарларда қайыр тілеп жүретіндерге зәкәт әл-Фитрды беруге болады ма, біз олардың шынайы жағдайын білмейміз ғой?» - деген сұрақ қойылды. Олар былай жауап берді: «Фитр кедей мұсылмандарға беріледі, тіпті егер олар күнәһар болса да, бірақ діннен шықпаған болса. Ол негізінде бай болып қалса да, біз оның сыртқы халіне қарауымыз керек. Алайда шама келгенше шынайы кедейлерді іздеу керек. Егер адам зекетінің жағдайы бар адамның қолына түскенін білсе, онда бұл оның зекетіне зиян тигізбейді».(“Фатауа әл-Ляджна” № 3055).
Зәкәт әл-фитрды кімге беруге тыйым салынған
Зәкәт әл-Фитрды кәпірлерге беруге болмайды, өйткені зекеттің парыз үкімдерінде оларға ештеңе тиесілі емес. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарды Исламға шақыру үшін, Му`азды Иеменге жібергенде, былай деген: «Егер олар саған бұл нәрседе (яғни, бірқұдайшылық пен намаз оқуда) бағынса, онда Аллаһ олардың байларына кедейлердің пайдасына зекет берулерін әмір еткенін оларға хабарла». (әл-Бухари 3/225, Муслим 19)

Хасан әл-Басри былай деген: «Мұсылмандардың жерінде тұратын кәпірлерге парыз зекеттен (кәдімгі зекет пен зәкәт әл-фитр) ештеңе тиесілі емес. Алайда егер адам қаласа, оларға нәфил (қосымша) садақа бере алады». (Әбу ‘Убайд 1/236).

Ал Әбу Майсара зәкәт әл-фитрды жинап, оны монахтардың арасында таратқан деген хабарға келер болсақ, ол сенімді хабар емес. (“Тамамуль-минна” 389).

Сондай-ақ, адам ата-анасы, балалары мен әйелі сияқты өзі асырауға міндетті кісілірге зәкәт әл-фитр берілмейді. Имам Малик: «Өзің асырауға міндетті, жақын туысқандарыңның қатарындағы кісілердің ешқайсысына зекет берме!» - деді. (Қараңыз: “әл-Мудауина” 1/344).

Имам әш-Шәфи`и былай деген: «Зекет әкеге де, анаға да, атаға да, әжеге де берілмейді». (Қараңыз “әл-Умм” 2/87)

Имам Ибн әл-Мунзир адам өзі асырауға міндетті кісілерге зекет берілмейтінінде ғалымдар арасында келіспеушілік болмағанын айтқан. (Қараңыз: «әл-Иджма’» 32)

Алайда әйел өз күйеуіне зекет бере алады, өйткені ол оны асырауға міндетті емес.

Шейх Ибн `Усаймин айтқандай, кәдімгі зекет пен зәкәт әл-фитрды өзі асырауға міндетті емес кедей туыс мұсылмандарға берген жақсырақ.

Сонымен қатар, зекет бай әрі күші бар, жұмысқа жарамды кісіге берілмейді. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай айтты: «Бай және тепсе, темір үзетін, жұмысқа жарамды кісіге зекет беруге рұқсат етілмейді». (Әбу Дауд 2/234, Ибн әл-Джаруд 363. Имам Әбу ‘Иса әт-Тирмизи, әл-Хаким, хафиз Ибн Хаджар және шейх әл-Әлбани хадистің сахихтығын растаған).

Имам Ибн Қудама: «Кедейлер мен міскіндерге арналған садақаны бай кісіге беруге болмайды, әрі бұл мәселеде ғалымдар арасында қарама-қайшылықтар жоқ». (Қараңыз: “әл-Муғни” 2/522).



Зәкәт әл-фитрдың мөлшері
Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Зәкәт әл-Фитрды бір са мөлшерінде азық-түлік ретінде беріңдер!» (Әбу Ну’айм 3/262, әл-Байһақи 4/167. Сахих хадис. Қараңыз: «Сахих әл-джами’» 282).

Зәкәт әл-Фитрды бір са` мөлшерінде азық-түлік ретінде беру керек. Бір са` төрт муддқа тең, ал бір мудд – орташа адамның қос алақанына сыятын көлем. (Қараңыз: “Маусу’атуль-фиқхия” 3/163).

Шейх Ибн Баз айтқандай, бір са` мөлшері шамамен күріштің 3 килограммына сәйкес. Азықтың түріне қарай, оның салмағы да өзгере береді. Мысалы, бір са` арпа 3 килограмнан аз болса, бір са` мөлшеріндегі күріш немесе сүзбе 3 кг артық болуы мүмкін. Фитрды дәл бір са` көлімінде бергісі келген адам, шейх Ибн `Усаймин «Шархуль-мумти`та» айтқанындай, 2,4 кг бидайдың салмағына тең азықтың мөлшерін анықтап алу керек.
Зәкәт әл-Фитрды немен беру керек
Әбу Са`ид әл-Худри: «Біз фитрді бір са’ тағаммен төлейтінбіз, немесе бір са` арпамен, немесе құрмамен, немесе сүзбемен, немесе мейізбен» , - деп айтқан. (әл-Бухари 1506).

Хадистерде аталған «та`ам» сөзінің мағынасы жайында ғалымдар әртүрлі пікір білдірген. Кейбіреулері «тағам» сөзімен бидай меңзеліп тұрғанын айтқан. Ал басқаларының айтуынша, тек хадисте аталған тағам түрімен ғана төлеуге болады. Шын мәніне келсек, хадистердегі «та`ам» сөзі жалпы, әрі өлшенетін тамақтың барлық түріне қатысты деп есептейтін ғалымдардың пікірі күштірек және дәлелдірек. Оған қоса, зәкәт әл-Фитрды сол аймақта негізгі тағам болып табылатын азық-түлікпен беру қажет. Бұған Әбу Са`идтің келесі хадисі нұсқайды: «Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тірі кезінде біз фитрді бір са’ тағаммен төлейтінбіз, ал ол кезде біз арпамен, мейізбен, кептірілген ірімшікпен және құрмамен тамақтанатынбыз». (әл-Бухари 1510)

Ашхаб былай деп айтқан: «Мен имам Маликтің: “Арпа оны жемейтінге берілмейді! Адамдар жеп жүрген нәрсені ғана беру керек”, - деп айтқанын естідім». (Қараңыз: “әл-Истизкар” 9/263).

Хафиз Ибн `Абдул-Барр былай деген: «Белгілі бір жердің негізгі тамағын ескеріп жүру барлық уақытта міндетті болып саналады». (Қараңыз: “әт-Тамхид” 7/127).

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай айтқан: «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бір са` құрма немесе бір са` арпамен зәкәт әл-фитр төлеуді парыз қылды, өйткені бұл Мадина тұрғындарының тамағы еді. Егер де Мадина тұрғындары олардан өзге тамақтарды қолданғанда, онда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларға қолданып жүрмеген тамақтарын төлеуді бұйырмас еді». (Қараңыз: “Маджму’уль-Фатауа” 25/68).

Шейх Ибн әл-Қайим былай деп жазған: «Хадистерде аталған азық-түлік Мадина тұрғындарының негізгі тамақтары еді. Егер белгілі бір жер тұрғындарының негізгі тамақтары ондай болмаса, онда олар фитрды қолданыстағы тағам түрлерімен беру керек, мәселен, жүгері, күріш, інжір және т.б. Ал егер олардың жейтін тағамдары сусымалы емес, есесіне ет немесе балық секілді тағамдар болса, онда олар нені болса да, әйтеуір өздері жеп жүрген нәрсені фитр ретінде берулері керек. Бұл көпшілік ғалымдардың пікірі, әрі ең дұрыс пікір болып табылады». (“И’лямуль-мууаққи’ин” 3/12.).

Шейх Ибн `Усаймин былай айтқан: «Егер сусымалы азық-түлік белгілі бір жердің негізгі тамағы болып саналмаса, бірақ керісінше олардың негізгі тамақтары, мысалы, ет болса, онда олар фитрды етпен беру керек. Дұрысы осы!» («Шархуль-мумти’» 6/182).

Ал Әбу Са`идтің, олар фитрды бір са` мөлшеріндегі ұнмен бергені тұралы айтылған хадисіне келер болсақ, онда ол, имам Әбу Дауд және басқалар айтқандай, әлсіз болып табылады (“Ируауль-ғалил” 848). Алайда бұл хадистің әлсіздігіне қарамастан, кейбір ғалымдар зәкәт әл-фитрды ұнмен беруді рұқсат еткен. Имам Ибн Қудама былай айтқан: «Фитрды ұнмен беруге болады, әрі бұл туралы имам Ахмад айтқан». (“әл-Муғни” 2/357).

Сондай-ақ, бұл пікірді имам Әбу Ханифа, шейхуль-Ислам Ибн Таймия, шейх Ибн әл-Қайим ұстанған, ал замандас ғалымдардың ішінде бұл пікірді шейх Ибн `Усаймин таңдаған.

Шейз Ибн `Усеймин: «фитрды макарондармен де, егер олар белгілі бір жердің негізгі тағамы болып есептелсе, беруге болады», - деді. («Шархул-мумти’» 6/191).

Сонымен, жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, фитрды кез-келген азық-түлікпен, ол макарон, күріш, бидай, ет және т.б. нәрсемен болсын, белгілі бір жерде негізгі болып табылатын азықпен беруге болады. Әрі адам, ең қымбат тамақпен фитрды беруге міндетті емес, ол өзі жеп жүрген орта бағадағы нәрсемен зекет бере алады.

Фитрды бұзылған және де тез бұзылатын тамақпен бермеу керек. Ибн әл-Қайим: «Нан және дайындалған тамақ туралы айтар болсақ, онда олардың кедейлер үшін пайдасы бар болса да, әрі ол уақыт пен еңбекті талап ететіндіктен, бәрібір сусымалы тағамдардың пайдасы көбірек, өйткені оларды ұзағырақ сақтауға болады. Ал нан мен пісірілген тамақ көп болса да, ол тез бұзылады әрі оны ұзақ сақтау мүмкін емес», - деп айтқан. (Қараңыз: “И’лямуль-муақи’ин” 3/18).

Сонымен қатар, фитрды қантпен, тұзбен және соған ұқсас нәрсемен беруге болмайды, себебі олардың барлығы тамақ емес, тек дәмдеуіштер ғана.

Ал Аллаһ Тағала былай деп айтқан: «Сүйікті нәрселеріңнен жұмсамайынша, сендер ешқашан игілікке жетпейсіңдер, ал сендер не жұмсасаңдар да, Аллаһ ол туралы біледі». (Әли ‘Имран, 92).



Зәкәт әл-фитрді ақшалай түрде беруге болады ма?

Зәкәт әл-фитрді не киіммен, не ақшамен, не тағамнан басқа да нәрсемен беруге болмайды, себебі бұл Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әміріне қайшы келеді. Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тек қана тағам түрінде беруді бұйырған. Алайда осыған қарамастан кейбір ғалымдар фитрді ақшалай беруді рұқсат еткен. Имам ан-Науауи былай деген: “Фақихтардың көбісі фитрді ақшамен беруді рұқсат етпеген, дегенмен Абу Ханифа рұқсат еткен. Хасан әл-Басри, Умар ибн Абдул-Азиз және Суфьян ас-Саури осылай етуді рұқсат еткенін Ибн әл-Мунзир жеткізген”. “Шарх сахих Муслим” 7/60.

Имам әл-Хаттаби Абу Са’идтің: “Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тірі кезінде біз фитрді бір са’ мөлшерінде тағаммен төлейтінбіз, ал ол кезде біз арпамен, мейізбен, кептірілген ірімшікпен және құрмамен тамақтанатынбыз”, - деген хадисін жеткізе отырып, былай деген: “Бұл хадисте фитрді ақша түрінде беруге болмайтынына дәлел бар, өйткені бұл жерде ақша емес, нақты азық-түлік туралы айтылған”. (“Ма’алиму-Ссунна” 2/44).

Динарлар мен дирхамдар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кезінде де болған, алайда шариғат фитрді ақшамен емес, тамақпен беруді бұйырған. Сол үшін біз осыда тоқтауымыз керек. Пайғамбарымыз Мухаммад (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде-кім біздің ісімізде (Аллаһтың кітабы менен оның пайғамбарының сүннетінде көрсетілмеген) бір амалды істесе, ол (амал) қайтарылады (қабылданбайды)». Муслим 1/236.


Имам Ахмадтан фитрді дирхаммен төлегісі келген адам туралы сұрағанда, ол былай деп жауап берген: “Оның бұл ісі Пайғамбардың Сүннетіне қарсы келгендікен, есептелмей қалады ма деп қорқамын!” Сондай-ақ, имам Ахмад: “Фитрді азық-түліктің орнына ақшамен беруге болмайды!”, - дегенде, оған: “Бұл жерде адамдар: «Умар ибн Абдул Азиз ақшамен берген», - деп жатыр ғой” – деген уәж айтылғаны хабарланады. Сонда имам: “Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөздерін жерге тастап: «Біреу солай айтты» - деп жатыр!” - деп жауап берді. (“әл-Муғни” 2/671).
Зәкәт-әл Фитрды қашан беру керек?
Умар ибн Абдул-Азиз бен Абуль-Алия, Аллаһ Тағаланың: «Тазарған, Раббысының атын еске алып, намаз оқыған (адам) табысқа жетті» (А`ля, 14-15), - деген сөздері жайлы былай деді: «Мұның мағынасы: зәкәт әл-Фитрды беріп, сосын айт намазына барды». (Қараңыз: “Ахкамуль-Қуран” 3/176).

Ибн Умар былай деді: «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) фитрды айт намазына шығардың алдында беруді әмір еткен». (әл-Бухари 1503)

Имам Ибн әт-Тин: «Фитр беру уақыты таң намазынан бастап айт намазына дейін жалғасады», - деген. (Қараңыз: “әл-Мутауари” 135, “Фатхуль-Бари” 3/478)

Кейбір ғалымдар фитр беру уақыты Рамазанның ақырғы күні аяқталып, күн батқан соң басталады да, айт намазына дейін жалғасады деп есептеген. Алайда оны айт намазына шықпас бұрын беру керек деген бірінші пікір күштірек, себебі ол тікелей хадиске сүйенген.

Ал фитрды Рамазанның басында да беруге болады деп санаған ғалымдардың пікірі жайында айтар болсақ, онда ол қате әрі ештеңеге негізделмеген пікір болып табылады. Одан қалса, фитрдың мәнісі айт күндері кедейлерді тамақтандыруда екені айтылған Ибн `Аббастан жеткен хабарға қайшы келеді. Имам Ибн Қудама былай деді: «Зәкәт әл-Фитрдың парыз болуының мағынасы – бұл Ораза айт». (Қараңыз: “әл-Муғни” 2/676).

Әш-Шаукани мен Шамсуль-Хаққ Азим Абади деген имамдар былай деген: «Ғалымдардың көпшілігі зәкәт әл-Фитрды айт намазына дейін беру – жай мустахаб, әрі оны айт күні аяқталғанша беруге болады деп есептеген. Алайда Ибн `Аббастың хадисі оларды теріске шығарады». («‘Аунуль-Ма’буд», “Найлюль-аутар” 4/255).

Шейх әл-Әлбаниге: «Зәкәт әл-фитрды айт намазынан бірнеше күн немесе бірнеше апта бұрын беруге рұқсат па?», - деген сауал қойылды. Оған шейх былай жауап берді: «Бұл рұқсат етілмейді, өйткені зәкәт әл-фитрдың мәнісі кедейлерді мейрамда тіленіп жүруден құтқаруды қамтиды. Егер сен одан бұрын фитрды беріп қойсаң, онда кедей оны айтқа дейін сақтай алмайтынында күмән жоқ». (Қараңыз: “әл-Һауи мин Фатауа шейх әл-Әлбани” 283).

Бірақ, егер адам фитрды айт намазына дейін беруге үлгермей қаламын деп қауіптенсе, онда оны айт намазына дейін бір-екі күн бұрын берсе болады. Бұл жалпы ережеден тыс жағдай болып табылады. Нафи` былай айтқан: «Ибн `Умар кейде зәкәт әл-фитрды айттан бір-екі күн бұрын беретін еді». (әл-Бухари 1511, Муслим 986).

Кейбір ғалымдардың айтуынша, Ибн `Умар фитрды бір-екі күн бұрын кедейлердің өзіне емес, фитрды жинауға тағайындалған кісіге беретін еді. Бұл мағлұматты басқа хабарлар растайды. Нафи`: «Ибн `Умар зәкәт әл-фитрды айттан бір-екі күн бұрын оны жинап жүрген адамға жіберетін», - деп айтқан. (Малик 1/285).

Айюбтан жеткен тағы бір хабарда «Ибн `Умар фитрды қашан беретін еді?» - деген сұраққа Нафи` былай жауап берген деп айтылған: «Жинаушы фитрды жинай бастағанда». Одан: «Ал жинаушы фитрды қашан жинай бастады?», - деп сұрағанда, ол: «Айттан бір-екі бұрын», - деп жауап берген. (Ибн Хузайма 4/83).

Алайда Ибн `Аббас: «Ал кім оны намаздан кейін берсе, онда ол кәдімгі садақа ретінде қарастырылады», - деп айтқандай, зәкәт әл-фитр айт намазынан кейін берілсе, ол есптелмейтінін ескерту маңызды болып табылады.

Тұрақты комитеттің ғалымдары былай деген: «Фитрды уақытында бермеген адам күнә жасады! Ол Фитр беруді кешіктіргені үшін тәубе етіп, бәрібір оны кедейлерге беруге тиіс».(Қараңыз: “Фатауа әл-Ляджна” 9/369). Бірақ білмеген адамның жағдайы басқа.

Зәкәт әл-Фитр төленді деп, тек кедейге берілген кезде ғана есептеледі. Ол кедейге немесе фитрды жинайтын сенімді кісіге уақытылы жету керек. Кедей адам өзіне тиесілі зекетті жинауды басқа біреуге тапсыруына болады. Сенімді кісіге зәкәттің уақытылы жеткені кедейдің оны алғанын білдіреді.

Алайда егер адам зәкәт әл-Фитрды беруге үлгермеген болса немесе оны ұмытқан болса, онда ол төлеуді талап ететін қарыз болып табылатындығына ғалымдар бірауыздан келіскен. (“әл-Муғни” 2/458, “Мәусу’әтул-фиқһия” 41/43).



Шейх Ибн `Усайминнен: «Мен Рамазан айының басында Мысырда болғанымда, зәкәт әл-фитрды беріп қойған едім, бірақ қазір мен Меккедемін. Фитрды қайта беру мен үшін міндетті болып табылады ма?», - деп сұраған. Шейх былай деп жауап берді: «Иә, сен фитрды қайта беруің керек, себебі оны уақытынан ерте беріп қойдың! Іс себебімен байланысты. Ал фитрдың себебі Ораза айт күні болып табылады әрі бұл уақыт аталмыш зекеттың уақыты болып саналады. Ораза айт күні тек Рамазанның соңында ғана болатынын жақсы білеміз. Фитр, Рамазанның ақырғы күні аяқталып, күн батқан соң ғана беріледі. Бірақ фитрды айт намазына дейін бір-екі күн бұрын беруге рұқсат екенінде жеңілдік бар. Бұл тек жеңілдік қана, өйткені бұл зекеттың шынайы уақыты Рамазанның ақырғы күнінің кешінен басталып, айт намазына дейін созылады. Ал егер мүмкіншілік болып жатса, онда фитрды таңертең, айт намазына дейін берген жөн болады». (“Фатауа Ибн ‘Усаймин” 18/180).
Әрі соңында әлемдердің Раббысы Аллаһқа мадақтар мен мақтаулар болсын!
Дереккөз: «саляф-форум»; қазақ тіліне аударған «www.al-hanifiya.kz» cайтының редакциясы


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет